ӨЗІМДІ ЖАЗУШЫ СЕЗІНЕ БАСТАДЫМ
17.09.2021
1591
0

Жазушы Б. Сәрмекова

Қазақ әдебиеті, қазақ оқырмандары  үлкен қуанышқа кенеліп отыр. Жас жазушы Бақытгүл Сәрмекованың туындылары ағылшын тіліне тәржімаланып, 2022 pen/heim translation fund grant-ын ұтып алды. Шығармаларды ағылшынша сөйлеткен – Миргүл Қали. Жазушымен тілдесе отырып, байқаудың өту барысы, ережелері турасында сұрап көрдік.

 – Бақытгүл, шығармаларыңыздың ағылшынша аудармасымен  2022 pen/heim translation fund grant-ын ұтып алдыңыз. Құттықтаймыз! Осындай қуаныш сәтіндегі көңіл күйіңіз қалай?

– Дәл қазір менде – эйфория. Өз шығармашылығынан ләззат алу – жазушының ең бақытты сәті. Сондай көңіл-күйде отырмын. Осыған дейін әдеби білімімнің жеткіліксіздігі, дайындығымның аз екені, жазуға салғырт қарайтыным жөнінде түрлі  пікірлерді естіп, жазушы екеніме күмәнмен қарайтын едім. «Әлі толыққанды жазушы емеспін, жазу – мен үшін хобби», – деп сылтауратып, жауапкершіліктен қашып жүргендей болдым. Жазу үшін, әдебиет үшін құрбандыққа бара алмадым, жұмысбасты болып кеттім деп қынжылып та жүретін едім. Дәл қазір бойымда сенімділік орнады, аз жазсам да, салақ жазсам да, мен кәдімгі жазушы екенмін.

– Бұл конкурсқа қалай қатыстыңыз? Байқаудың талаптары қандай? Жалпы, байқау қандай форматта өткізілді?
– Бұл конкурсқа  мен емес, АҚШ-та тұратын әдеби аудармашы Миргүл Қали қатысты. Аударма сәтсіз болса, жазушының жазғаны да түкке тұрмай қалуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде Миргүлдің еңбегі зор, аударма жұмысы – үлкен шеберлікті, сезімді талап етеді. Шығарманың жанын жоғалтып алмай, көркемдігін жеткізе білу оңай емес.

Жыл сайын ағылшын тіліне аударылған он шығармаға грант бөлінеді екен. PEN/Heim аударма қоры 2003 жылы құрылған. Мақсаты –  туындыларды ағылшын тіліне аударуға гранттар беру арқылы жазушылардың әлем әдебиетіне қосылуына мүмкіндік жасау.
Миргүл Қали «Кейіпкер» кітабымнан 3 шығарманы ағылшыншаға аударып, байқауға өткізді. Қазылар алқасы кітаптың ары қарай аударылуына қызығушылық танытып отыр.

–  Аудармашы Миргүл Қали туындыларыңызды қалай таңдады? Тәржімалау процесі қалай жүрді? (Қанша уақытта аударылды?)
– Миргүл – шетте жүрсе де елге елеңдеп, қазақ әдебиетіне жанашырлық танытып жүрген адам. Бізде әдеби аудармашылар аз, сондықтан біздің жазушыларымыздың әлем әдебиетіне шығуы қиындау болып тұр. Әдеби агенттерге, халықаралық деңгейдегі әдеби менеджерлерге шығуға біздің көп жазушыларымыздың қалтасы көтермейді. Өз қазанымызда ғана қайнап жатқан кезде Миргүл Қали менің бағыма жолыққан адам шығар. Ол кісі менің шығармашылығыма елең етіп, ағылшыншаға аударуға кірісті. Әрі  о бастан грант ұтатынына сенімді болды. Мен алғашында: «Егер жүлде ала алмай қалсаңыз аудармаға кеткен еңбегіңіз рәсуа болады-ау!» – деп алаңдағанмын. Алайда ол кісі: «Шығармалардың ұсақ, қарапайым детальдарында  бір тұтастық бар. Америкалықтардың  бағалайтынына сенімдімін. Егер грант ала алмай қалған жағдайда да демеуші тауып, кітап бәрібір ағылшын тілінде басылып шығады», –  деді.

Аударма процесі өте қызықты болды. Кейбір қазақ  ұғымдарының  ағылшын тіліне келе бермейтін тұстары да кездесті. Мысалы,  «Қарагер тай» әңгімесінде «сыйлыққа берген жылқының жынысы қандай болды?» деген сұрақ туындады. Біз жалпы «жылқы тұқымы» деп атай саламыз ғой, ағылшын тілінде оны анықтап көрсету керек екен. Ойлана келе, қазақтар ұрғашы малды тұқымдыққа алып қалады, сондықтан оны сыйға бере бермейді. Демек, сыйға тартылған тайдың жынысы еркек, яғни «colt» болады деп шештік.

– Туындыларыңыздың бір ерекшелігі – шығармаларыңызда батыл сөйлейсіз. Күтпеген шешімдер мен тосын түйіндер жасайсыз. Мұндай батылдық сізге қалай біткен?
– Батылдық барлық адамда бар, менің ойымша. Бірақ сыртқа шығаруға біреулердің, сырт көздің пікірінен ығысамыз көбіне. Мен жазуға келгенде ешкімнің алдында міндетті я тәуелді емеспін, сондықтан еркін жазамын. Өз ойларыма, пікіріме келгенде адалдық танытамын. Ойым басқа, сөзім басқа болып тұрса – өзіме деген құрметсіздік, өзімді тұлға ретінде сыйламау болар еді. Батылдық өзіме жанашырлықтан, құрметтен туады.

– Шығармашылық машығыңыз туралы айтып берсеңіз. Қандай сәттерде жазасыз? Жазып отырғанда қандай күйде боласыз?
– Көңіл күйім құбылмалы адаммын. Бір күні жазушы болу үшін бәріне қол сілтеп, шабытым тасып отырғандай болады. Келесі күні ондай  жағдайым ұмытылып, қайнаған тұрмыс-тіршіліктің адамы болып кетемін. Қай уақытта жаза алатынымды өзім білмеймін. Шығармаларымның дені төрт-бес жыл бұрын жазылған екен, ол кезде де жұмысбасты болдым, мемлекеттік қызметкер едім. Жазуыма не түрткі болғанын өзім де білмеймін.

Жазу процесін ойласам, жазғым келмей қалады, қиын. Жазып шыққаным көңілімнен шықпаса, тіпті қиналып кетемін.
Ал кейде жазғаным сәтті болса, көп мақтау естісем, дәл қазіргі күйімдей бақытты адамға айналып шыға келемін, өз жазғанымды өзім оқып рахаттанатын сәттер болады.

– Сізді жазушы ретінде не толғандырады?
– Аса толғандыратындай, қоғамның мен дұрыстауға, тәрбиелеуге  тиіс тұстарын көріп тұрған жоқпын. Миссиям – көркем шығармалар жазу, оқырманға көркем сезім сыйлау.

«Болашақта  алаңсыз жазумен рахаттана отырып шұғылдану үшін қаржы жинап алайыншы» деген жоспарларым да болған. Сол себепті дәл қазіргі энергиям, шабытым тұрмыс бағытына кетіп жатыр. Алдағы уақытта қаржы жинап, төрт құбыламды сайлап алғаннан кейін жазуға ынтызарлығым жойылып кете ме, бойымдағы жазушылық қуатымды жойып аламын ба, жазудың маған керегі болмай қала ма деген алаңдаушылық бар. Тұрмыс мені жеп қоя ма деп те ойлап қоямын.
– Жоспарларыңыз сәтімен жүзеге аса берсін. Әңгімеңізге көп рақмет!

 Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір