Абдулразақ ГУРНА: ӨЗІМДІ СОРЛЫ СЕЗІНГЕН СӘТТЕН БАСТАП ЖАЗА БАСТАДЫМ
23.08.2022
755
0

Абдулразақ Гурна 2021 жылы Нобель сыйлығын алған африкалық жазушы. Занзибардағы революция салдарынан қуғынға ұшырап, Ұлыбританияға қоныс аударған. Туған еліне тек 17 жылдан кейін оралған. Жазушы – 10 романның авторы. Қаламгер көбіне мигранттардың өмірі, мәдениетаралық қақтығыс, расизм туралы жазады. Бұл сұхбатында қалай жазушы болғаны, мигранттардың өмірі, тарихи сана туралы сөз қозғайды.

Аудармашыдан

Оның қудалау және жоғалту туралы лирикалық романдарын сыншылар мойын­даса да, жаппай сатылмайды. Бүгінде Гурна Занзибардан шыққан әлемге танымал екінші адам (Бұл жерде Qween тобының солисті Ф.Меркьюри туралы айтып тұр – Аудармашы.) және 840 мың еуро алған қаламгер. Жазушы Британиядағы қоғамдық көліктегі нәсілшілдік, Прити Пател және кітаптар адамның көңіл күйіне не үшін әсер ету керек екені туралы әңгімелейді.
Абдулразақ Гурна бір сәтте әлемдік БАҚ-тың назары ауған адамға ұқсамайды, керісінше, сабырлы қалпынан таймаған. Көңіл-күйін сұрағанымда: «Өте тамаша. Қарбаласпын. Қанша адаммен кездесіп, сөйлесуім керек. Бірақ бұған шара бар ма? Көңіл күйім өте жақсы», – деп жауап берді. Кеше ғана Нобель лауреаты болған жазушымен мен Лондондағы агентінің кеңсесінде, кітаптар тізілген жерде кездестім. Жүзіне қарап 73-ке келген қария деп айтуға аузың бармайды. Ақ басқан шашы жинақы сәнделген, маңғаз сөйлейді. Толқып тұрғаны байқалмайды, әлде байқатпай ма? Ол жағымды жаңалықты естіген соң аласапыран күйді бастан кешті ме, жоқ па ол да белгісіз. Тіпті су жаңа Нобель лауреаты ұйқысы қашқан адамға мүлде ұқсамайды.
Абдулразақ Гурна небәрі 24 сағат бұрын сыншылар мойындаған 10 романның авторы, Кент университетінде ағылшын тілінің профессоры қызметінде ұзақ жылдар қызмет еткеннен кейін зейнетке шығып, көшіп барған Кентерберидегі үйінің ас бөлмесінде отырған қарапайым жазушы еді. Қазір оның атағы жер-жаһанға жайылды. Швед академиясы бұл кісіге «Мәдениет және континент аралық колонализм салдары мен босқындардың тағдырын жазуда табандылық және жанашырлық танытқаны үшін» деген баға беріпті. Басқа әдебиетшілер Гурна шығармашылығының лирикасы, жұмбақтығы мен тереңдігі туралы көп айтады.
Бұл жаңалыққа жазушы мүлде сенбегенге ұқсайды. «Маған жарнама бойынша хабарласып тұр деп ойладым. Сондықтан тұтқаны көтерген соң күтуден басқа амалым қалмады. Осының бәрі рас па? Содан соң сыпайы нәзік дауыспен біреу:
– Гурна мырзаға хабарласып тұрмын ба? Сізге жаңа ғана Нобель сыйлығы берілді, – деді.

– Тоқта! Не айтып тұрсыз? – деппін».
Академия сайтына шыққан хабарландыруды оқыған соң ғана күмәні сейілген сияқты. «Мен әйелім Денизге хабарласуға тырыстым. Ол немеремізбен бірге хайуанаттар бағында жүр еді. Әйеліме қоңырау шалған соң маған ВВС-тен хабарласып, ақпарат алмақшы болды».
Бұл жеңіс – елеулі оқиға. Гурна 120 жылдық тарихы бар сыйлықты алған бар-жоғы төртінші қара нәсілді адам. «Ол – көзі тірі африкалық жазушылардың ішіндегі ең ұлыларының бірі. Бірақ осыған дейін оны ешкім көзге ілмегеніне таңым бар», – деді көп жылдар бойы редакторы болған Александра Прингл. Жаппай мойындалмағанына (1994 жылы Букер сыйлығының қысқа тізіміне енген) күйінген сәті болды ма деп сұрағанымда: «Александра менің көп оқырманы бар жазушы болуға лайықты деп айтқысы келген шығар. Себебі мен ешқашан шетте қалып, мойындалмай жүрмін деп ойлаған емеспін. Бар аудиторияға көңілім толады, әрине, оқырманым бұдан да көп болса тіпті, қатып кетер еді».
Гурна 1950-1960 жылдары Танзанияның жағалауындағы Занзибарда өскен. 1890 жылдан бастап аралдағы мемлекет Британия протекторатында болды және осы статусты лорд Сэлисбери «Арзан, қара­пайым­­ және өз құныңды түсірмейтін статус» деп бағалапты-мыс. Занзибар – ғасырлар бойы, әсіресе араб әлемінің сауда жасайтын орталығының бірі болды. Гурнаның шығармашылығында бұл туралы жақсы баяндалады. Ол мұсылман отбасында тәрбиеленді (Ал Фредди Меркьюри Гуд­жараттан шыққан отбасында тәрбиеленіп, зорастризм сенімінде болған).
1963 жылы Занзибар егемендік алғаны сол еді, келесі жылы Сұлтан Джамшидті тақтан құлатты. Гурна 2001 жылы сол оқиға туралы былай деп жазады: «Революция кезінде мыңдаған адамды аяусыз өлтірді, топ-тобымен қудаланып, жүздеген адам түрмеге жабылды. Қирандылар мен қуғындаудан кейін ізін жалғастырушы, жазалаушы террор біздің өмірімізді басқарды». Осынау аласапыранда жазушы бауырымен бірге Британияға қашқан.
Ол бірнеше романында адамдардың үйін тастап қашқаны, тәртіпсіздік пен қудалау хақында жазған. «Мүлгіген тыныштықта» баяндаушы отбасымен бірге Англияда жаңа өмір бастаса да, өзін не ағылшын, не занзибарлық сезінбейтіні туралы айтылады. Гурна әлі күнге дейін өткенімен қоштаса алмай жүр ме?
«Мұнда «өткенімнен қашу» сөзін қолдану – жағдайды мелодраматизациялау», – дейді ол. Солай болса да қаламгер туған жерін тастап келген адамдардың өміріне бейжай қарай алмайды және бұл тақырып өзектілігін ешқашан жоғалтқан емес. «Бұл – біздің заманның және туған жерінен алшақ өңірде бейімделіп, жаңа өмір бастап жатқан адамдардың шытырман оқиғасы, тарихы. Түрлі өлшемге салып пайымдауға болады. Мысалы, олар неге бәрін есте сақтап қалады? Сол естелікпен қалай өмір сүреді? Жаңа нәрсеге қалай бейімделеді және оны қалай қабылдайды?».
1960 жылдары Британияда Гурнаны құшақ жая қарсы алған жан баласы болмады десек те артық айтқанымыз емес. «Мен бұл жерде жастайымнан жүрмін. Адамдар біз қазір оғаш, намысқа тиетін деп санайтын сөздерді ол кезде бетке айтып кете беретін. Мұндай қарым-қатынас барлық жерде болды. Автобуста өзгелерден сескенбей отыратындай еркінси алмайтынбыз. Ашықтан-ашық, өз сөзінің растығына анық сенетін расизм бүгінде жоқтың қасы, бірақ босқындарға деген көзқарас өзгере қойған жоқ. Бұл жағынан прогресс тек иллюзия ғана.
Жағдай өзгергендей болып көрінеді, бірақ бізде босқындар мен баспана іздегендерді ұстауға арналған жаңа ережелер бар. Сол ережелер мүлде ақылға сыймайды, барып тұрған қылмыс дерсің. Үкімет оларды қолдап, қорғайды. Бұрын қалай болса, әлі де солай, алыс кете қойған жоқпыз». Мигранттарға деген жеккөрініштік реф­лекстің тамыры тереңге кеткен сияқты.
Мен осы іске жауапты ұйымдардың бірін басқаратын Ішкі істер министрі Прити Пател туралы айтып ауыз жиғанша қаламгер алдымды орап кетті. «Осы пр­оцеске басшылық етіп отырған адамның өзі мигрант болса, не оның отбасы мүшелері босқын болса, мұндай қарым-қатынасқа қарсы болар еді». Жазушы министрмен дәл қазір кездессе не дер еді? «Мен оған: сәл жанашырлық танытсаңыз жаман болмас еді дер едім. Шыны керек, Прити Пателмен әңгіме-дүкен құрғым келмейді».
Ондаған жыл бұрын Кариб теңізінен Британияға келген мыңдаған адам депортацияға ұшырау қаупіне тап болған Windrush кемесіндегі жанжал туралы не ойлайды? «Бұл жерде біз күтпеген ештеңе болмады. Сөзбен жағдайды жеңілдете алмасымыз анық. Тірі адамдардың басынан өткен оқиға болған соң детальдар да тұрақты емес. Бірақ оқиғаның өзін алдын ала болжауға болар еді. Тіпті болашақта тағы қайталанады деп ойлаймын. Дәл қазір екеуміз сөйлесіп отырған кезде де болып жатқан сияқты», – деді ол жабырқау.
Гурна қайта айналып Занзибарға соққанға дейін Британияда 17 жыл тұрды. Сол аралықта оның шығармашылық әлеуе­ті біршама өсті. «Жазушылыққа кездейсоқ келдім десем болады. Қаламгер боламын деп немесе сол сияқты тағы бірдеңені ойлап армандаған емеспін». Дегенмен шығармашылықпен айналысуға қолайлы орта болды. «Мен кедейліктен, туған жерді сағынудан, басқа ештеңеге машықтанбағандықтан, білімнің жоқтығынан, бір сөзбен айтқанда мен тап болған қиындықтардан жазушыға айналдым. Өзімді сорлы сезінген сәттен бастап мен бәрін жаза бастадым. Роман жазып жатырмын деп айта алмайтынмын. Бірақ бірте-бірте сол ой санамда орнығып алды. Кейін бұл әрекетім расымен «жазушылыққа» айналып кетті, себебі мен құрылымын, формасын және басқа бөліктерін ойластыра бастадым».
Туған жерге алғашқы саяхаты қалай өтті? «Өте нашар. 17 жыл тым ұзақ уақыт. Көбі үйін тастап, көшіп кетіпті. Мен туралы кімнің не ойлайтынын да, қабылдайтынын, не өзектен тебетінін білмедім және сол уақыт аралығында өзгеріп кеттім, «солардың бірі» емеспін деген ой да мазалады. Алайда бұлардың бірі де болмады. Ұшақтан түскенде мені көргеніне мәз болған жұртты көрдім, болды».
Гурна өзін әлі күнге дейін екі мәдениет арасында қамалып қалғандай сезіне ме? «Мен олай ойламаймын. Мысалы, Дүниежүзілік сауда орталығына жасалған шабуылдан кейін ислам дініне және мұсылмандарға қатаң жауап қайтарылды… Менің айтқым келгені, егер сіз зұлым топтың кесірінен өзге тарапты жауыздыққа итермелесеңіз, онда сіз әлгіндей мәдениетаралық бөліністі сезінуіңіз мүмкін. Сонда барып сіз кездесіп жүрген адамның түпкі мақсаты не деп ойлайсыз?»

Занзибардың әр тұрғыны Британия туралы біледі. Әйтсе де Гурнаның британдық әріптестері Нобель сыйлығы лауреатының туған жері туралы естігенде «ол қай жер?» деп сұрауы да мүмкін. Занзибардың шағын мемлекет (ол елде бар-жоғы 1,5 миллион адам тұрады) екенін ескерсек, белгілі бір дәрежеде бұл жағдайды түсінуге болады. Гурна британдықтар өзге елдердің әсері туралы үстірт болсын біледі деп ойлай ма? «Жоқ, – деді ол бірден. – Өздері білгісі келетін нәрсені ғана біледі. Мысалы, Үндістан туралы. Империя кезіндегі Үндістанмен сүйіспеншілік оқиғасы сияқты бірдеңелері бар. Сондай жарқын, есте қалатын оқиға болмаса, қалғаны оларға қызық емес деп ойлаймын. Тіпті сондағы жағымсыз нәрселерді көз ала бере ұмытып, білгісі де келмейді.
Дегенмен жазушы бұған олар кінәлі емес деп санайды. «Бұлай болатын себебі, оларға колонизация туралы жақ ашпайды. Сол үшін де осы әсерді, салдары мен жауыздықты терең зерттейтін гуманитарлық ғылымдар бар. Екіншіден, сананы, естеліктерді қалыптастыратын жауыр болған пікірталастар да бар». Жазушылар тарихты айтуда альтернативті әдістерді пайдаланып, осы олқылықтың орнын толтыра ала ма? «Менің түсінігімде көркем әдебиет – осы айтылғандар арасындағы, яғни терең ғылым мен халыққа таралған жауыр тақырыптар арасындағы көпір. Сол үшін де сіз бұл туралы көркем әдебиеттен де оқи аласыз. Оқырман «Мен бұл туралы білмеппін» немесе «Осы оқиға туралы оқып білейін» деген пікірде болады деп үміттенемін».
Өз кітаптарын да солай қабылдағанын қалай ма? «Енді, – деді ол масыл* жазушылар деңгейінде болғысы келмейтіндей бұл – прозаның діттеген мақсаты емес. Оған қоса жұмысың қуаныш пен ләззат сыйлауы үшін оқырман тарапынан да жауап күтесің. Өз шығармаңды барынша терең, қызықты әрі әдемі қылуға тырысасың. Жазғаныңның бір бөлігі оқырман тартуға арналады, бірақ ондағы мақсатым – оқырманға: «Сенің қолыңдағы кітап қызықты, өйткені бұл өзіңді танумен, адамдарды түсінумен және олардың қиындықпен күресу машықтарымен байланысты», – деп айту. Бір сөзбен айтқанда, іс-әрекет бір жерде болғанмен, ондағы тәжірибе бәріне ортақ, әмбебап».
Гурна Нобель сыйлығын алғаны үшін түсетін 840 мың фунтты қайда жұмсарын білмейтінін айтты. «Бірнеше адам сұрады. Әлі не істерімді білмеймін. Бірдеңесі болар». Мұндай мәселеге бас қатырудың өзі рахат екеніне келісеміз. Ары қарай мен Фредди Меркьюриден кейін Занзибардың ең танымал адамы ретінде өзін қалай сезінетінін сұрадым. «Әлбетте, Фредди Меркьюри өте атақты адам. Бірақ оны Занзибарда ешкім тани бермейді. Әрине, туристерден дәме еткендер оның атын пайдаланатыны рас. Менің бір туысым «Меркьюри» деген бар. Алайда көшеде кетіп бара жатқан біреуді ұстап алып, «Фредди Меркьюри деген кім?» десең ол жауап бере алмасы анық. Оған көңіл аудармай-ақ қойыңыз, – деп күлді ол. – Олар мені де танымайды».
Бұрын солай болған да шығар, дегенмен қазір отыз жылдан астам уақытта алғаш рет қара нәсілді африкалық жазушы премия алған сәтте, Занзибар және күллі әлем оған назар аударары сөзсіз.

*Ағылшын тілінде бұл сөз «eat your greens writer» деп жазылады. Мағынасын дөп басып айту қиынға соғады. Жобамен Гурна міндетті бағдарламаға енген, шығармаларын оқуға күштеп міндеттейтін жазушылар қатарында болғысы келмегенін айтып тұрған сияқты. Eat your greens – «өз көкөнісіңді же» деп аударылады. Мағынасы: алдымен маңызды әрі пайдалы нәрсе істеу керек (яғни дәмді болмаса да пайдалы көкөністерді жеу керек), содан соң қалғанына қолың жетеді (мысалы, десерт).

Әңгімелескен – Дэвид Шариатмадари (David Shariatmadari). 
THE GUARDIAN
Аударған Абзал СҮЛЕЙМЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір