«Қаһардан» кейінгі қазақтың қара жұрты
Ел болып етек жапқанын орақ пен балға ұстауды меңгерген кезбен ғана өлшейтін, бұрынғысын бұлдыр елес күйінде ғана там-тұм сезінетін жалпақ қазақ «Көшпенділерді» оқыған соң тарихқа құрметпен қарауды үйренді. Бұрынырақта мәдениет пен өркениеттен кенде қалған «жабайылықтың» анықтамасы болған «көшпенді» деген сөзден енді жауынгерлік рух есіп тұратын болды. Қазақ көшпенді болғанын мақтанышпен айта бастады.
Қазақта Есенберлиндей көп таралған жазушы жоқ. Жазудан гөрі жазғанын жарыққа шығаруға, жарыққа шығарған соң оны тағылған айып-шағымдар мен жалалы сындардан арашалауға көп уақыт жұмсап өткен жазушы ешкімнің абырой, беделіне қарап жатпай, өзін, шығармасын қорғауда аянып қалмапты. Жиналыстарда сөйлеген сөзі, баяндамалары, күнделіктері – ашынған жанның жанайқайын алдыңа тартады да тұрады. «Аялайтын адамын аялайтын, аямайтын жерінде аямайтын» (Қ.Мырза-Әли) асау жан дарынды ізбасарларының жолын ашуда да айналасымен аз тартыспапты.
Руханият сахнасында Есенберлин белсенген кезең әдебиеті – көненің жаңарып, жабықтың ашылып жатқан кезі болатын.
Ілияс Есенберлин бір сөзінде Горький айтқан «Өзінің кішкентай перзенттерін ұлы етіп көрсете алатын ұлы халық бар. Сондай-ақ, өзінің кішкентай халқын ұлы етіп көрсететін ұлы перзенттер де болады» деген қағиданы мысалға алатын. Оның қазақтың руханияты мен көркем әдебиеті ғана емес, қоғамдық тарихындағы ролі осы сөзбен астасады. Ол – қазақ деген ұлттың тарихи-көркем бейнесін алдымен қазақтың өзіне танытқан жазушы. Керей мен Жәнібектен басталған ұлы көш пен Кенесарының көшіне дейінгі аралықтағы ұлы дәуірдің картинасына өзгеден бұрын өзіміз таң-тамаша қарап, тұрып қалғанбыз…
Алмас Нүсіп