ЗАЙСАНДАҒЫ «АЛТЫН АДАМНЫҢ» ЖЕТІМСІРЕГЕН ЖҰРТЫ
14.06.2024
185
0

Еліміздің қиыр шетінде тұрған Зайсан қаласы біз үшін ерекше құт­ты мекен болып қала беретініне дәлелдің қажеті шамалы. Алыста жүрсек те туған жерімізді бір сәтке есімізден шығарған емеспіз. «Елде не жағдай болып жатыр», – деп алаңдайтынымызды да жасырмаймын.

Міне, жолым түсіп тағы да ауылды бетке алдым. Кешкі 18-00-де Алматыдан шыққан автобус орнынан қозғалды. Көлік іші толып, жолаушылар орналасып та үлгеріпті. Бір қалыпта жүріп отырып, Аягөзге жет­тік. Одан ке­йінгі жол әлі де дұрыс жөнделмепті. Егер де жол дұрыс жөнделген болса, бұдан тезірек жетуге мүмкіндік бар екені байқалды. Сонымен не керек, сексеуіл тиеп алғандай селкілдеген автобуспен арып-ашып Зайсанға да келдік. Бұрын Зайсаннан Алматыға «ЯК-40» ұшағы қатынайтын. Қазіргі кез­де ол тоқтаған. Алматыдан алыста жатқан елді мекенге әртүрлі жұмыс бабымен келіп-кететін адамдар да аз емес екені анық. Алдағы уақыт­та осы әуе қатынасы қалпына келтірілсе деген де ойымыз болды.
Сонымен шаршап-шалдығып Зайсанға жет­тік. Бір жақсысы, ауыл-аймақ амандықта, ел-жұрт күнделікті тірліктерін істеп жүр екен. Өзім ойлап келген негізгі жұмысым біршама ыңғайланған соң аудандық мәдениет үйіне бас сұқтым. Кезінде бұл мәдениет үйі аудан тұрғындарының қызықты, думанды ортасы болғаны көпшілікке мәлім. Осы ауданның атағын Мәскеуге де­йін жеткізген атақты «Айнакөл» ансамблі халыққа өнер көрсетіп, көпшілік құрметіне бөленген. Өзіміз де мектепте оқып жүргенде ауылға концерт келіпті десе клубқа жиналатынбыз.
Міне, сол өнер ордасына айналған мәдениет үйінің қазіргі жағдайын білу үшін директоры Елдос Дәулетханұлына жолықтым. Бұйырса келесі жылы осы аты аңызға айналған «Айнакөл» ансамблінің құрылғанына 50 жыл толатынын естіп, көңіліміз көтеріліп қалды. Өткенді еске алсақ, осы өнер ордасында ерлі-зайып­ты марқұм Ораз, Күлзипа Кәкеевтер, Қанағат Мұқанов, Минутбек Шілдерин, Төлеубек Мұқанғалиев секілді өнер саңлақтары жемісті қызмет етіп еді. Бұдан ке­йінгі келесі буын өкілдері танымал әнші Ж.Дуанханов, А.Солтанов, М.Далабаев, М.Донбаевтар келіп, өнер жолын жалғастырған болатын. Өкінішке қарай, осы өнерлі толқын легінің де жастары жетіп, еңбек демалысына шығып үлгеріпті. Өнер жолы – киелі десек те, алдағы күнде дәстүрлі өнерді кімдер жалғастырмақ деген қамырықты ой көкейімізден кетер емес. Осы сұрауымызды аудандық мәдениет үйінің директоры Елдос Дәулетханұлына қойған едік. Ол да өз өкінішін жасыра алмады. «Қазіргі мәдениет үйінде қызмет етіп жүргендерге көңілім толмайды. Табиғи дауыспен өлең айтып, аспаптарда еркін ойнайтын өнерпаздарымыз жоқтың қасы», – деді ол өз сөзінде.
– Өкінішке қарай, осы салада қызмет­те болған ағаларымыз бірде-бір шәкірт тәрбиелеп кетпеді. Зайсан қала мәртебесіне ие болғандықтан біз «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен жас мамандарды шақыра алмаймыз. Өз күшімізбен ауылдардан талапкерлерді шақырып, жұмыс істеуге ғана мүмкіндігіміз болып тұр, – дейді Елдос.
Елдос бауырымыз осы салада 5 жылға жуық жемісті еңбек етіп, біраз ауылдық мәдениет үйлерінің жөнделуіне себепкер болыпты. Ендігі күнде ол өзінің бұрынғы, яғни директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметіне қайта ауысыпты. Мәдениет үйіне жас маман Мейірхат Тұрғанбаев басшылық қызметке келіпті.
– «Өзіміз бала күннен өнерін тамашалап өскен «Айнакөл» ансамблін Алматыға бір апарсам» деп Зайсаннан шыққан белгілі тұлғаларға айтып көріп едім, олардың тарапынан нақты қолдау болмады, – деп Мейірхат көңіліндегі ренішін білдірді. Шымкент­тік бауырларымыз Алматының өнер ордаларында жиі-жиі кеш өткізіп жатқанда біз маңдайымызға біткен жарық жұлдыздың жолына демеуші бола алмағанымыз ба? Мәдениет саласында жүрген ағайындарымыз осындай өнер ордасына қырын қарамай, жете көңіл бөлсе деген ойымды құлаққағыс еткім келеді. Айтпақшы, кезінде бүкіл Одақ елдеріне танымал болған «Айнакөл» ансамблі алғаш құрылған күнінен бастап, өмірінің соңына де­йін қызмет еткен Мәдениет үйіне ардагер ағамыз Ораз Кәкеевтің есімі берілсе деген ұсыныс тілек әлі де қабылданбапты. Алайда өнерсүйер қауымның өтініш-тілегі аяқсыз қалмайды деп сенемін.
Келесі күні «Алтын адам» табылған ауыл – Жалшиге бардым. Біздің ауданда тарихи оқиғалардың көп болғаны белгілі. Бірақ әлі де сол тарихи оқиғалардың құпия-сырының ашылмай жатқаны жанымызға қат­ты бататынын қалай жасырайын. Басқасын айтпағанның өзінде, осынау Зайсан ауданына қарасты Шілікті елді мекенінен тарихтағы екінші «Алтын адам» табылғаны көпшілікке белгілі.
Одан бері де біраз жыл өтіпті. Ойлап қарасаңыз, бүкіл әлемнің қай елінен осындай құнды жәдігер қос-қостан шығыпты?! Алғашқы «Алтын адам» Алматы облысының Есік қаласынан табылған болатын. Міне, Шілікті жазығындағы, Жалши ауылынан да «Алтын адамның» денесі табылып, әлемде теңдесі жоқ жаңалық болып есімізде қалды.
1990 жылы Зайсанда алапат жер сілкінісі болғанда ауылымызға көмек беруге бір топ студент жастар жиналып барып, Кемпірбұлақ ауылынан 2 отбасына қызыл кірпіштен үй салған­быз… Осы жолы сол үйімізді көрсем деп әдейілеп келгенмін. Зайсандық жеке кәсіпкер Күләш Әбижанова апайымыз арнайы автобус шығарыпты. Баратын адам да жеткілікті екен. Автобус уақытында орнынан қозғалды. Тасбастауға жүреді деген көлігіміз «Алтын адам» жатқан жердегі Жалшы ауылына тура барады екен. Мұны білген соң сол ауылға барып бір-ақ тоқтадым. Бұл ауылға бұрын келіп көрмесем де, жолым болды. Зейнеткер Нұрмұхамед Саматұлы Оспановтың үйіне түсіппін. Ол кісі мені алғашында салқын қарсы алғаны рас. Бұрын көрмеген, танымайтын адаммен ашылып сөйлесе қоймады. Алматыдан әдейілеп осы «Алтын адамды» көруге келгенімді, бұл ауылдан ешкімді де танымайтынымды айт­қаннан ке­йін сөйлесе бастадық. «Үйдегі апайың (Бақытгүл Айтмұқашова) қазір келеді», – деді. Осы ауылдағы шекарашы мектебінің бастауыш сыныбында мұғалім болып 40 жыл еңбек етіпті. Көп ұзамай апайымыз да келді. Бұрыннан таныс адамдай жылы амандасты. Тіл табысып, әңгімеміз де жарасып кет­ті. Заманның кең уақытында бұл ауылда 100-ден аса отбасы тұрыпты.
– Қазір елудей-ақ үй қалды. Таза су, жарық бар, шаруашылыққа өте қолайлы. Мектебі бар ауылдан адамдарымыз неге кетеді, оқушыларымыздың саны азайып қалды, – деді ауылдастарына ренішін жасыра алмаған Бақытгүл Қанағатқызы.
Расында да еңбек етемін деген адамға мүмкіндік мол. Интернет желісі істеп тұр. Нұрмұхамед аға мен Бақытгүл замандасымыз шынайы қонақжайлық таныт­ты. Ертеңінде Нұрмұхамед аға «Алтын адам» жатқан жерді көрсетіп, жол сілтеп жіберді. Қорым ауылдан онша алыс та емес екен. Біз таяп барғанда, Ақылбек деген азамат жотадан қойларын қарап тұр екен.
– «Алтын адам» ана дөңде жатыр, – деді Ақылбек.
Жақындап келдім. Дөң үйіліп жатыр. Басқа ештеңе жоқ. Шетін тор темірмен қоршап қойыпты. Елеусіз, «Алтын адам» табылған жер дегенге мүлдем ұқсамайды. Міне, осындай «Алтын адам» табылған жерге алтыннан болмаса да жылтыраған сары темірден ескерткіш ретінде мүсінін жасап қоюға болатын еді ғой. Шет елдерден саяхатшылар да көптеп келеді екен. Бұл біздің қазақ елі үшін зор мақтаныш болар еді ғой. Барымызды бағалай алмасақ біз кім болғанымыз?! Тіпті басына шағын бір үй салып қойса да болар еді. Алыстан келген қонақтар шай-суын ішіп, тізе бүгіп демалар ма еді? Несін айтайын, алыстан ат сабылтып іздеп келгендегі көңіл күйім су сепкендей басылып, ауылдың шетіндегі үйге келдік. Кешкісін сол үйден жеңіл машинамен Зайсанға қайт­тым. Зайсан халқының тұрмыс-жағдайы жаман емес екен. Сол көңілге демеу болды.
Зайсандағы шаруам ертерек бітіп, жолға шықтық. Зайсаннан 60 шақырым ұзағанда, жолда автобустың алдыңғы дөңгелегі жарылып, бұзылып қалды. Тұғылдың бұрылысына екі шақырымдай-ақ жер қалған екен. Жергілікті адамдар сол жерде балық сататын. Автобус жөнделсе келер деген оймен жаяулатып сол жерге бардық. Тұғыл ауылы 3 шақырым жерде көрініп тұр. Сол ауыл осы жерде болса ғой деп армандадым. Жолаушылар шай-пәй ішер еді. Анығында, бұл жерге жолаушылар тоқтағанда ыстық ас ішетін шайхана салынуы керек еді. Бұл енді Омбы-Майқапшағай жолының бойы болғандықтан да ары-бері өтетін жолаушы да аз емес екені анық. Түнделетіп те жүреді. Не болмаса көлік жөндейтін бір орталық та жоқ. Көлік жүргізушілеріміз де автобусты жөндей алмай, әбден қиналды. 4-5 сағат уақытымыз зая кет­ті. Амалсыздан екінші автобус алдырып, жолға сонымен шықтық-ау. Қарап отырсам, анау Ақсуат­ты айналып, одан әрі далаға лағып, Аягөзге соғып, жер-көкті айналып Алматыға бір тәулік жүріп келеді екенбіз. Аягөзге де­йінгі жол әлі де толық жөнделіп бітпеген. Жол бойында бір елді мекен жоқ. Құлан жортпас қу медиен дала. Егер де көлігің сынып жолда қалсаң, қол ұшын берер тірі жан жоқ.
Сонымен сәрсенбінің сәт­ті күні Зайсандағы әуежайға келдім. Бір жақсысы, Зайсан әуежайының директоры Ермек Әйбекұлы Тұрсынов жұмыс орнында екен. Арнайы келген шаруамды айт­тым. Әуежай 1980 жылдары салыныпты. Бүгінгі күнде Зайсаннан Өскеменге 48 адамдық «АН-24» ұшағы дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері қатынайды екен. Билет бағасы 15 мың теңге. Мұнда Алматыдан Зайсанға ұшақ қатынауға мүмкіндіктің шектеулі екенін жасырмады. «Мұнда жанармай құю бекеті жоқ. Ұшу алаңы 1500 метр ғана», – деді ол өз сөзінде. Егер жанармай құю бекеті салынса, мұнда әуе қатынасына жол ашылады екен. Енді Қарабұлақ елді мекенінің жанында орналасқан Сәтбайдағы әскери әуежайды қалпына келтіруге шешім шығыпты. «Жалпы, Зайсан халқына сол Зайсандағы әуежайды кеңейтсе тиімді болатын еді», – дейді жергілікті тұрғындар. Көңілімізге демеу болғаны әуежай қалыпты жұмыс істеп тұр. Енді соның ұшу алаңы кеңейтіліп, күрделі жөндеуден өтсе, Зайсан – Алматы бағыты бойынша әуе қатынасының жұмысына жан біте­йін деп тұрғаны анық.
«Осы жобаны тездетіп іске асыратын болса, жолымыз қысқарар еді», – дейді қала тұрғындары.

Төлеухан БІДІРӘЛІ,
ардагер журналист
Зайсан қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір