Шығыс жұрты көркем сөздің шеберін еске алды
31.08.2023
442
0

Биыл қазақ әдебие­тінің аса көрнекті өкілі, қабырғалы қаламгер, драма­тург, Мемлекет­тік сыйлықтың иегері Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толып отыр. Есімі тек елімізде ғана емес, сонымен бірге, алыс-жақын шет­елде де танымал жазушының мерейтойын атап өтуге арналған қоғамдық-мәдени іс-шаралар легі
25 тамызда өзінің туған жерінен басталды. 

Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы аясында Катонқарағай ауданында бірсыпыра ілкімді істер қолға алынып, жүзеге асырылды. Жазушы мерейтойына дайындық жұмыстары жыл басынан бері жоғары деңгейде жүргізілді.
Айтулы шара Катонқарағай ауылындағы Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған сквердің ашылуынан басталды. Айта кетерлігі, осыдан он жыл бұрын, яки қаламгердің 70 жылдық мерейтойында оған бұрын-соңды болмаған еңселі ескерткіш қойылып, аумағы абат­тандырылып, көпшілік келіп демалатын көрікті орынға айналған еді. Жазушының биылғы мерейтойында ескерткіш орнынан жылжытылып, арқасымен Алтайға, жүзі орталық көшеге бұрылып қойылды.
Айшықты шараның шымылдығы жергілікті домбырашылар оркестрінің күмбірлеген күйі­мен ашылды. Алғашқы құт­тықтау сөзді алған аудан әкімі Ділдар Қалиқан жиылған жұрт­ты дүбірлі тоймен құт­тықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Бұдан кейін көпшілікті жазушының қарындасы Ғалия Бөкей, ақын, жазушы Жәнібек Қызыр құт­тықтап, ақжолтай лебіздерін білдірді, арнау өлеңдерін оқыды. Ғалия Бөкей өз сөзінде Астана қаласындағы көшелердің біріне атақты жазушының есімі берілгенін қуана жеткізді. Жиынға қатысқан басқа да құрмет­ті қонақтар қаламгер жайлы естеліктерімен бөлісті. Салтанат­ты шара соңы меймандардың Оралхан Бөкейдің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен аяқталды.


Мерейтой әрмен қарай белгіленген бағдарламаға сәйкес Шыңғыстай ауылында жалғасты. Атап өтерлік жайт, жазушы мерейтойы шеңберінде атқарылған маңызды істердің бірі – қаламгердің туып-өскен жері Шыңғыстай ауылында Оралхан Бөкей музей-үйі­нің ашылуы. Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту Қорының құрылтайшысы, елімізге белгілі кәсіпкер Серік Толықпаевтың демеу­шілігімен 10 млн теңгеге Оралхан Бөкей тұрған қара шаңырақ сатып алынып, мұражай ретінде қайтадан жөндеуден өтіп, жасақталды. Демеушілер бұл мұражайдың туристер арасында драматург шығармашылығын насихат­тап қана қоймай, жалпы өңірдің туристік әлеуетін арт­тыруға үлес қосатынына сенімді.
Осы күні Катонқарағай ауылында Оралхан Бөкей мен Бошай Кітапбаев ақсақалдың рухына арналып Құран бағышталып, ас берілді. Ас кезінде мерейтойға қатысқан бірқатар құрмет­ті меймандарға аудан басшылығы «Оралхан Бөкейге – 80 жыл» ат­ты мерейтойлық төсбелгісін табыстады.
Түс әлетінде көпшілік қауым Катонқарағай ауылындағы орталық атшабардағы тұлпарлар додасына асыға жетіп, үздік шабандоздарды анықтады. Құнан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс, аламан бәйге сынды бәйге түрлеріне Шығыс Қазақ­стан мен Абай, Алматы облыстарының сәйгүліктері қатысты. Бәйге түрлері бойынша жеңімпаз атанған тұлпар иелері, бапкерлері мен жас шабандоздар ұйым­дастырушылар атынан арнайы диплом, медаль мен кубок, ең бастысы, көлемді қаржылай сыйақыларға ие болды. Ұлт­тық спорт түрлерінен өткен жарыс нәтижелері бойынша анықталған жеңімпаздар да бағалы жүлделерді еншіледі.
Мерейтойлық шара кешкісін облыс және аудан өнерпаздарының қатысуымен болған мәні мен сәні жарасқан галаконцертпен тәмамдалды.
Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар тек республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де атап өтіледі деп жоспарлануда.

Т.СЕРІКХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір