Көтерілістен кейінгі кездесу
12.07.2024
35
0

1986 жылдың 31-желтоқсан күні Қазақстан Жазушылар одағы аяқ астынан әбігерге түсті. Өз-өзінен шала бүлініп жүргендер қатардағы хатшылар, әйтпесе сонша жанығатындай «бас жарылып, көз шыққан» дәнеңе жоқ. Бұл – өрттің лаулап жанып бітіп, ел-жұрт күйіктің иісімен дем алған дәрменсіз күндер еді.

Дүбірлеп желтоқсан көтерілісі өтті. Төрткүл дүниенің жұртын өзіне жалт қаратқан атышулы оқиғадан соң 13-ші күні Қазақстан Жазушылар одағы партия ұйымының ашық жиналысына «қаңғып келген шүрегей» Колбин қатыспақшы екен. Мен ол кезде «Жұлдыздың» проза бөлімінде істеймін әрі бастауыш партия ұйымының хатшысымын. Іссапар кезінде сыртымнан қолдау білдіріп, сайлатып жіберген Жарасхан мен Шөмішбай ағаларымның аманатын орындап, аяғымның ұшымен жүрмін. Бас редактор Бекежан Тілегенов жиналысқа кірерде бәрімізді жиып алып: «Тыныш отырыңдар, артық сөз болмасын»,– деп соңғы рет ескерту жасады.
Жиналыс төріне Колбин шықты. Қасында Олжас Сүлейменов. Ду қол шапалақ. Олжас оң қолын жаңа басшының иығына салып тұрып: «Біздің Қазақстан Жазушылар Одағына осындай деңгейдегі партия қызметкері бірінші рет келіп отыр»,– деді кең залға қарап көзін қысып.
Шыбынның ызыңы естілердей өлі тыныштық орнады. Әжетхана, бильярд залы, «Қаламгер» кафесі, тағы да басқа қуыс-қуыстар алдын-ала мұқият тексеруден өткен. Залда түр-түсі бөлек адамдар отыр. Құдай біледі, «үш әріптің» адамдары.
Одақтың бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов кездесуді ашты. «Қазақстанның идеологиялық термометрі нөлді көрсетіп тұр»,– деп қатар отырған Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Закаш Камалиденовті бір түйреп өтті. Ол суық жымиды.
Жазушылар жарыссөзге шықты. Әуелі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлжаппар Әбішев сөйледі. «Біз сіздей басшыны жиырма бес жыл күттік»,– деп аяқтады сөзін ол. Білетіндер: «Қонаев Төлебаев көшесіне көшкенде ескі үйін атын атап тұрып, осы кісіге тастап кетіп еді, – деп күбірлеп сол жерде сөз қылды.
Мінбеге Жұбан Молдағалиев көтерілді. Ол жазып алған сөзін оқып берді. Алабұртып, қайта-қайта тұтығып, қан қысымы көтерілген қобалжу кейпі көзге ұрып тұрды.
– Мен кешегі қанқұйлы соғыста кеудемді оққа тосып, кең-байтақ советтік Отанымды қорғадым. Сіз неге менің қаршадай ұл-қыздарымды қорғамадыңыз?!– дегенде Колбин көзілдірігі салбырап, төмен қарады.
Ол сөйлеп тұр.
– Қақаған аязда балаларды көк мұзға жатқызып, өрт сөндіргіш машинамен үсті-басына суық су құйған деген не сұмдық! Қыздарды итке талатып, тепкілеген деген не сұмдық! Осыны көргенше, сол соғыста мен неге өліп кетпедім,– деп сөзін аяқтап, қап-қара боп түтігіп, төрдегі орнына келіп отырды. Сосын қайта-қайта қалтасын қармалап, бір түйір дәріні бір жұтым сумен қылғытып жіберді.
Кезек бойынша Сафуан Шаймерденов мінбеге шықты. Ол қағазға қарамай сөйледі. Әр сөзді іздеп, орысша қинала тіл қатты.
– Құрметті Геннадий Васильевич,– деп сөзін бастаған қаламгерге Колбин иығымен бұрылып, күлімсірей қарады. – Осы Хайдер деген Ақ үйдің алдында үш ай бойы аштық жариялап жатқанда, бір американдық полицей қол ұшын тигізген жоқ…
Бірінші хатшы иығы селкілдей күлді. Әрине, күлкіге күлкі қосылды.
– Демократия деген осы емес пе? Біздің балаларымызға да тимей-ақ қоюға болмас па еді…
Жұбанның сөзі ыза мен кекке толы болды.
Сафуан сарказммен сөйледі.
Мінбеге Колбин шықты. Ә дегеннен-ақ жиналысты жаулап алғаны шовинизм шылқыған кейпінен анық көрініп тұр, әр сөзін абайлап айтып, көптің сауалына түртінектеп жауап іздеді. «Біздің жастарға жеңілдік бола ма?» деген сауалға өзінің Грузияда екінші хатшы болғанын, сонда құқық қорғау саласының ісіне ешқандай қол сұқпағанын жеткізіп, «бұл мәселені солар шешеді», – деп түйіндеді. Сүттен ақ, судан таза большевик боп көрініп, бәле атаулыдан басын алып қашып, бәрін басқаларға жаба сөйледі.
Қаланың тәртібі туралы сөз қозғады. «Алматыдағы нашақорлар мен маскүнемдерді үш күнде басқа жаққа аттандырып, жер аударамыз» дегенде, зал ду қол соқты. Бізді құртқан да осы құрғақ қол соғу ғой. Сол «маскүнемдер мен нашақорлар» өз перзенттеріміз емес пе еді?
Колбин көп сөйледі. Жаңалығы жоқ жадағай сөз. Бірақ, әр сөзі қол шапалақпен қошеметтеле берді.
Бірінші қатардың сол жағынан санағанда ең бірінші «меншікті» орнын иемденген Қалмұқан Исабаев бір мезет мінбеге қарай көтеріліп бара жатты. Ол кісі үстелдің үстінде тұрған «Сарыағаш» суын қырлы стаканға лекілдете құйып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысына құрмет көрсетті. Бірінші басшы бас изеп, рақмет айтпады. Судан дәм татпады. «Су емес, у құю керек еді» деген танымал ақынның даусы естілді. Біреулер күлді, біреулер үнсіз қалды. Ойлап отырсам, Колбин – Ульяновскіден салаң етіп келе салған көлденең біреу екен ғой. Алтын асықтай азаматтарымыздың бірін алдын-ала дайындап, ел билігіне әкелгенде осылай өзге ұлттың өтірік сөзіне бас шұлғып, қол шапалақтап отырмас едік. Осыған кімді кінәлаймыз? «Кілт болмаса, құлыпты кім ашады?»
«Үш әріп» өкілдерінің асқан қырағылығының арқасында біздің «аузын ашса, көмекейі көрінетін» қызметкеріміз – Төлен Қаупынбай аға жиналыс біткенше әжетханада қамалып тұрды. Ол апақ-сапақта ішке кіргенде қырағылар сарт еткізіп есікті құлыптапты. Сыртқа шыққанда қатар-құрбылары: «Төке, Желтоқсан туралы бір хикаят жазып бітірдің бе?» – деп қағытты.
Жұбанның билікті аттап өтіп, аңызға айналған рухты сөзі осы күні айтылып, Ульяновскіден келген түрі бөтен, тірлігі де бөтен «қонақты» селк еткізген еді.
Әйтсе де Колбин Жазушылар Одағының есігінен басын төмен иіп кіріп, төбесі көк тіреп, қайқайып шықты. Оның басын көкке жеткізген кеңпейіл, дархандығы даладай кең халықтың дүркін-дүркін қол шапалағы еді.
Осы ду қол шапалаққа әлі күнге тыйым жоқ, қазақша сөзді де, орысша сөзді де қол шапалақпен көмкеріп отырамыз.
Жиналыс хаттамасын түзу маған тапсырылды. «Жұбанның сөзін жұмсартып жаз» деушілер болды. «Қолымнан келмейді», – деп нақты жауап бердім. Ұзамай «парторг болуға қабілеті жетпейді» деген желеумен мені босатып, үш сағат «тұтқында» отырған Төлен Қаупынбай сайланды. Сыртымнан ұсыныс жасаған Жарасхан мен Шөмішбай ағаларым да «дер кезінде құтылдың» деп арқамнан қақты.
Көтерілістен кейінгі осы кездесу әркімнің есінде. Колбинді ұзақ жыл күткендер де, бетін тіліп сөйлегендер де қазір өмірде жоқ. Бірақ сондағы жалған сөзге соғылған ду қол шапалақ әлі құлағымнан кетпейді. Алақанның обалы кімге? «Атам десең, атыңдар!» деп сотта соңғы сөзін айтқан Қайрат пен жазықсыз жаза арқалаған желтоқсаншы боздақтардың обалы ше? Көтерілістен кейін соғылған қол шапалақ қандай ащы еді. Оған айқара ашылған қызыл есік пен көне зал куә болып қалды…

Р.S. Жоғарыда баяндалған оқиға, яғни, «қаңғып келген шүрегей» – Колбиннің қаламгерлердің құтханасына бас сұғуы Жазушылар одағының аталып өтіп жатқан 90 жылдық мерейтойына орай жадымызда жаңғырған соң, қолымызға қалам алып, әдеби апталықтың бүгінгі оқырманына жеткізуді жөн көрдік.

Қуандық Түменбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір