Серік Нұғыман. Шөл
15.09.2021
167
0

Серік Нұғыман

Төрге қарай озып, қабырғаға жанастыра қойылған былғары тысты сары диванға барып бөксе басқаны жаңа болатын. Шіліңгір ыстықта етіне жабысып, маза бермеген соң шешіп тастамаққа көлбіреген мол етегін көтеріп, ұзын байпақтың қара санға ілінген қонышын шығарып алып, ыра төмен сырып, қолы тізесінің тұсынан өте бергені сол еді, кенет…

Кенет… шыққыр көзі тағы түсіп кетті де, бойы түршігіп үлгермей алтынмен аптағандай сәнге бөленіп, жайнап тұрған төрт кереге там тосын серпіліп, кері шегініп, сол күйі барып ғайыпқа сіңіп, қас қағым сәтте аңырап айдалада қалды. Шақырайған шаңқан құм. Аңқасы кепкен иесіз шөл. Табаға айналған таз тақырдың ми қайнатқан аптабы төбесін тесіп, шыжғырып барады.

Жалқын ұрып, әпшісі қуыралған шағыл үстінен толқындап әуір көтеріледі. Алыс айнала – көлкіген көк мұнар. Одан ары – түпсіз тұңғиық. Түкпірін көрсетпес меңіреу түз. Жақын барсаң, жалмап, жұтып қояр жайқын жылым.

Бұрын да бір келген сияқты. Бойын құрсаған сұрқай сезімді ептеп шырамытқанмен, қашан, қай жерде бастан кешкенін дәл басып, айыра алмады. Күңгірт, бұлыңғыр. Өшкін бір елесі санасына кеп ұрылды да, лып етіп қайта сөнді.

Құлазыған қу медиен. Етегін кең жіберген енсіз жазық. Шетінің қайда екені белгісіз болғанмен, өзінің осы бір көл-көсір дүниенің кіндік тұсына ала, анталаған көп қатердің өтінде тұрғанын түйсінді. Маңай тым-тырыс. Меңірейген өлі тыныштық адамды естен тандыратын секілді, әлденеден ығыр болып, зыта жөнелгісі келгенмен, орнынан қозғала алмады. Қайсы бір ояу түйсігімен анық шамалады, оған ырқы жоқ екен. Өмір, тіршілік өзінікі болғанмен, кісі баласына, сірә, аса көп таңдау берілмеген. Әлдекімге кіріптар. Неге олай?.. Ойлап жете алмады. Тек пенде шіркіннің соны парықтамай, әлінен асып, айға шауып, мерт болатынын ептеп аңғарғандай болды. Соны ертерек пайымдағанда ғой… мына тығырыққа кеп тірелмес пе еді, қайтер еді…  

Аңырып төбеге қарады. Аспан – ашық. Және өзі күнде көріп жүрген көгілдір көктен ешбір айырғысыз. Бірақ, жалын бүріккен ыстық. Содан болар, әуе айналып жерге түскендей боп, жүрегі көтерілді. Әлдеқайдан бойды запы қылар қапырық леп үрлейді. Табына қақтап, сүйегімен қоса балқытып жіберердей. Дәрменімен бірге дегбірін де қашырып барады.

Құтылуға болар ма бұл тозақтан? Келген жолын білмейтін қу тақырдың шығар аузын қайдан таппақ? Жылмиып жатқан бедерсіз бетбаққа өзінен басқа әлі ешкім із салмағандай. Ештеңенің белгісі, дерегі байқалмайды. Бар құпиясын астарына алып, сазарып жатыр.

Құм жайлаған далада құлан жорытпайды. Құзғын ұшпайды. Бар-жоғы белгісіз күннің ащы шуағы қаталаған жалтыр тастаққа сіңіп кете алмай, шағылып, сынып ұшады. Жаңғырған дыбыстай дірілдеп кері қайтады. Ілесе көтерілген маздақ леп тозаң аралас шаңдақ ауаны айдаһар тіліндей талмап жалайды. Тыныс тарылған, дәрмен кеміген сүреңсіз орта тірсек майыстырып, тізерлетпей тынбастай, еңсені басып, езіп барады.

Түк таппаған соң сипақтап жан-жағына қарады. Сексеуіл не жыңғыл болар деді, андайдан тырбық бұтаның бұлдыр сұлбасы барандады. Әлдеқашан қурап қалған жалаңаш діңі мен қу бұтақтарынан басқа дымы жоқ. Онсыз да бойға жарып, нілге кенеліп көрмеген неме қайырсыз қиянда қараусыз қалып, саудасы бітіпті. Таяқ тастамнан қалқайып, сүлдер көтереді. Біреуге пана болмақ тұрмақ, құлап қалардай қалтырай ділілдеп, қарая телміреді.

Қарыма аптап іле ішіне өткендей, қолқасы қобалжып, басындағы күйден әбден зәтте болды. Ерқашты қылған аңқасы кепкен шөл емес, басқа бірдеңе сияқты. Кенет… әлденеге зарығып, қаталап тұрғанын сезді. Дегбірін алған дерексіз хал әлдеқайда асықтырып, дігірлеп барады. Соған жетпей зарығы басылмастай.  

Не болды екен ол? Шаужайынан алып, неге сонша сілкілейді?  

Анық жауабын таба алмады. Әл-әзір таптыратын да емес. Асығыс-үсігіс алысқа көз тастады. Тағы да сол іркілдеген мұнар, одан беріде дірілдеген әуір. Тек… енді ғана есіне келді, астыңғы жағы бейбіт, мамыражай секілді. Кілт іркілді. Қалай сонда?.. Неге тым салқын, жайлы?..

Назарын алып табан астына аударған… Манадан бері дәл осы етек жаққа қарағысы келмей, тайсақтап еді, сол бекер емес екен. Қарашығы кербез бойындағы өтіп бара жатқан өмірін, келіп қалған жасын еріксіз есіне салатын жалғыз мүше – уағынан бұрын солып, салбырап кеткен, терісін терең әжімдер басқан көн-шандыр балтырына барып қадалғанда, шырт ұйқыдан оянғандай өз-өзіне келіп, ақылын жиды. Сол сәт дігірлеп алып бара жатқан бейтаныс дірілді де сезді бойынан.

Орнында екен. Әлгінде келіп тізе бүккен жерінде – былғары тысты сары диванның үстінде. Қимылсыз қалыпты. Өзге бір халде, басқа бір күйге тұншығып. «Не болды маған, қандай ахуалға тап болдым?» деп ойлады ізінше. Сонда барып өзінің нендей соққыға ұшырап, ненің тырнағынан сытылып шыққанын шамалады. «Ойбай, ол – ауыру ғой! Ол деген – дерт! Дауасы кем рухани кесел! «Күйзеліс» пе еді, «торығу» ма еді атың өшкірдің есімі? Енді қайттім… енді? Енді қайда барам сүлдерімді сүйреп?!.. О, Құданың құдіреті, кім ойлаған, өзі ана неге… ШӨЛге ұқсайды екен… аңыраған құмды ШӨЛге…».   

Ақылын аударып кеткен сұрапылдың зор күшін сезгені сол, жүрегі шоршып, аузына тығылды. Шошып кетті. «Қалай… қалай?» деген жауапсыз сұрақ ілінді тіл ұшына апаш-қапашта.  

Арада аз өтіп, сабасына түскен соң барып, ілкіде… бір, жоқ, бірнеше рет… жер бетінде өзін жалғыз қалғандай сезініп, жаман құлазығанын… сондай бір сойқан сезімді бастан кешкенін есіне алды. Сірә, сол – осы сұмдықтың басы… не істемек енді?!

Сонда… рахат өмірге енді қолым жетті деп, дырдиып жүргенде бәрінің бір-ақ күнде селге кетіп, сазға сіңгені ме? Қалай болғаны? Обал, сауап деген қайда? Қанша асылын тәрк етпеді осының жолына! Сонда… соның бәрінің… түгелдей… ештеңеге сеп болмай желге ұшқыны ма?!.

Керемет салтанатты той өтті Алматының төрінде. Бұрын-соңды болмаған бір қуаныштың алауы өрлеп барып зорға басылды! Басқасын айтпағанда, оған шақырылудың өзі биік мәртебе екен! Жұрт солай деді. Көптен ұмтылып, армандап жүрген зор дәрежеге аяқасты қолы жетіп, бағасы артық қонақтармен бірге болды. Иықтасып қатар отырды. Қандай бақыт! Әлгілер өтірік айтпаса, енді… бұдан былай тасы өрге домаламақ. Өйткені, қатарға қосылған деген – осы! Байдың байға, сайдың сайға құятыны рас болса, бүгіннен соң барша бұлақ бұрылып, бұған қарай шапқыламақ.  

Су жаңа джиппен келіп есік алдына тоқтағанда әлі де аласатқан күйде еді. Көңілі шалқып, ән салып тұрды. Есікті ашып, ішке кіргенде де басылмады сол лепірік. Кіреберістен орын алған биік, кең айнаға қалпы бұзылмаған күйі келіп қарағанда, өзінің тіпті де құлпырып кеткенін байқады. Енді-ше! Қайда барып, қайдан келгені көкейінде сайрап тұрса, не істемек! Бұрылып, келесі беттегі тұтас қабырғаны иелеген киім ілгішке сыртқы, ауа көк жеңіл пәлтесін іліп, кері оралып, қайта қарағанда, сымбатының әлі де сыртқа теуіп, қылаулап тұрғанын көрді. Соны тамашалып тағы біраз бөгелді. Қу іші біледі, басқасы болмаса, сұлулықта, келбетте ешкімге есе жібермейді. Бұдан көп бұрын, жас күнінде… жоқ, қазір де жас қой, дегенмен, қазіргіден гөрі балғын шағында тіпті де көрікті болатын. Бірақ, амал қайсы, кедей болсаң, көп нәрсең көміліп, жыртық көйлек пен жамау тонның астында қалады екен. Ешкім байқамады, бағаламады. 

Жатын бөлмеге еніп, аяғындағы өкшесі кере қарыс қызыл туфлиін басағаға тастағанда, аласарған бойына ілесіп, еңсесі де сәл пәс тартты. Майда, тегіс, қымбат тақтайдың табанынан өткен рахат салқынынан ләззат ала жүріп қалқып келіп, қабырғаға сүйеп қойылған былғары тысты сары диванға бөксе басқанда… иә, сонда келіп отырғанда… бойы шамалы байсал тапты. Келесіде санын қысып, жайсыздандырған ұзын байпағын… жоғары, тақыр шапқа әкеп ілген байпағының қонышын шығарып алып, ыра төмен сырып… қолы құрғыр тізесінің тұсынан өте бергенде… шыққыр көзі бетіндегі жұқа перде алынып, астынан арса-арса боп шыға келген, жанарына тікен боп қадалған сояу сирағын… солып, суалып, қожыраған желіндей салбырап, салақтап қалған әжімді балтыр етін көргенде, онсыз да пәсейіп, бірте-бірте басыла түскен көткеншек халі біржола құлап, ылдилай бере… шөлде қалғандай құлазып, мүлде күйреп тынды. Өзге емес өзінен де жасыратын, назары түскен сайын қорланып, азапға түсетін құпия «жарасы» солай қарағына күйік боп басылғанда, сұрапыл соққы боп тиіп, сол замат есеңгіреп кетіпті. Ендігәрі құтыла алмас болған пәленің алғашқы қармағынан өлгенде әрең сытылып, ес жиғаны сол, қатты тарығып, әлденеден зарезеп боп тұрғанын сезді.

Ақыл тауып, өзіне келгенмен, былайғы дүние керек болмай қалыпты.  Бар нәрседен уаз кештірген бір ығыр сезім уысына алып, нық ұстапты. Бұрын да бір ұрып, жұртта қалғандай еткен, елемеген сойқанының одан сайын күшейіп, омыраулап өткенін аңдағанда, тақа таусылды. Өйткені, бұл жолғы пәрмені тым қатты еді. Есі екеу, түсі төртеу болған жайынан соққының аса жеңіл тимегенін шамалады. Мәңіріп ұзақ отырды. Жиыла-жиыла соқтаға айланып, сағаты соққанда алып ұратын сырқат қана осылай болар еді. Еңсесін қайта тіктей алмады.

Қайда екенін білді. Бірақ, одан не пайда? Дәл осылай жаннан безіп, тіршіліктен түңілгенде ұмтылып келіп қол ұшын бермеген байлық шіркіннен не қайыр, не үміт?!. Осы боқ дүние емес пе еді, екшімге кіріптар болмай, бардам өмір сүрейін деп, маңындағының бәрінен қашып, жолына жастығын құрбан еткені. Сұрамсақ дос, қиыншылығы қалың туысты тәрк етті. Жақыннан жеріп, жамағаттан безді. Сонда тапқаны осы дәулет болатын. Осы болғанда, үй ғой баяғы, көлемі үш жүз шаршы, қос қабат коттедж. Қабырғалары қымбат жиһазбен сықалған. Едені – тақтай. Үсті – самала жарық. Көздің жауын алады. Сырттағы су жаңа шеттелдік көлік тағы бар. Қанша уақыты кетті осылар бодауына?!

Үй алуға жағдайы келмеген соң, бір бөлмелі жатақхана жалдады он неше жылдың алдында. Жаңа оқу тауысқан студент еді. Сонда ғой жұрттың көзге ілмей, намысына тигені. Ақшасы болмаса, адамның қор екенін сонда білді. Тәуірлеу жұмыс тауып істеп, тірнектеп тиын жинады. Оған да қарап қалмай, түнгі ұйқыдан кешіп, дәретхана жуып, еден тазалады. Есесіне қалтасы қалыңдады. Келесіде шағындап кәсіп ашты. Әлгі сұрамсақтардың көбейетіні – сол тұс. Дым тамызбады. Мен боққа малынып, сідікке сүрініп жүргенде қайда едіңдер деді. Бір жігіт көз салып, айлаңқастап еді, ыңғай бермеді. Межелі жерге жетсем, сендейлерді бөрікпен ұрып алам деді. Ойын-күлкіге зауқы да, уақыты да болған жоқ. Заманы туады, сонда көр менің қандай тамаша бастайтынымды деді.  

Айтқанындай болды. Табандылығының, қажыр-қайратының арқасында бәрі орнына келді. Жылыстаған мезгіл есебінен. Бірақ, артынан сезді, рахымсыз уақыт басқа да бірдеңелерді ұрлап, ұшырып әкетіпті. Оны ойласа, жүрегі қан жылайды. Солай болар деп ілкіде бір қаперіне алсашы! Енді, міне…   

Мағынасыз жанармен жаздың күні аяз боп аңыраған кең бөлменің қабырғаларын шолып өтті. Бейтаныс қана емес, тастай суық еді. Осы сезім осы үйге алғаш кірген сәтте бір шарпып өтіп еді, есінде екен әлі. Бірақ, пенде шіркінді қойсаңшы, жаңа дүниені жатырқағаннан туған әрі-сәрілік болар деп жайында қалдырған. Бақса, айлаңқастап, үйіріле бастаған әлгі сұмдықтың басы екен. Соны байыптамай, жалбақпайбардың қолпашына алданып жүре беріпті. Көріңіз енді бұл ақымақшылықты?!.   

Анық аңдады, бәрі бекершілік екен. Одан беріде қаншама уақыт өтті, күткен нәрселер төбе көрсете қоймады. Ең бастысы, ешкімді әлі бөрікпен ұрып алған жоқ. Өзі іздеп келген олар да болмады. Соған қарағанда, бәрінің ақшаға тіреліп тұрғаны – өтірік. Мұны білгенде, бұл жолға ешқашан түспес еді. Болған жайды енді бағамдап, қайғысы қалыңдап отырғаны. Не істесе екен енді?

Ой соңы созылып, тағы да құлазуға ұласты. ШӨЛ. Құба түсті қу дала. Сопайып сонда жалғыз қалыпты. Бақса, кісі халінің кейде табиғат мінезіне ұқсап кететін тұстары бар екен. 

Төзімі тастай берік еді, болмады, босап барып, егіле еңіреді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір