Еркін ЖАППАСҰЛЫ. ҚЫРШЫН КЕТКЕН ҚАЗАҚТЫҢ  ҚАЙРАН ЖАСТАРЫ-АЙ!..
14.09.2021
1035
1

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жұртты ұлардай шулатып, намыстыларды тулатқан 1986 жылғы 16 желтоқсандағы бар-жоғы 18-ақ минутта сол кездегі Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тағдырын шешкен қарғыс атқыр Пленумы болған күні  біз Алматыдағы Ленин даңғылы (қазіргі «Достық» даңғылы) мен Абай даңғылының  қиылысындағы (төменгі жағы) саясат үйінің үлкен залында Республикалық кітапқұмарлар қоғамының жиналысында отырғанбыз. Мәжіліс алаңсыз өтіп жатқан. Сағат он жарым шамасында төралқа столында отырғандар бір-бірімен сыбырласып, дабырласып, қозғалақтасты да кетті. Залдағылардың арасынан:

– Бұларыңыз не құпия, бізді де құлақтандырыңыздаршы! – деген дауыстар  естілді. Аз-кем кідірістен соң Республикалық Кітапқұмарлар қоғамының төрағасы Жекен Қалиев орнынан көтеріліп, қазір ғана Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кезектен тыс Пленумы өткенін, онда Д.Қонаевты орнынан босатып, Орталық Комитеттің бірінші хатшысы қызметіне Г.В.Колбин сайланғанын хабарлады. Лықа толы зал ішіндегілер – орыс-қазағы (орыстары басымдау) гуілдесе қозғалақтасып барып, орталарынан бірен-сараны қол көтеріп: бұл жиынның енді мәні бола қоймайтынын айтып, «мәжілісті таратсақ» деген талап-тілек қойды. Жиын тоқтатылып, біз екі-үш адам И.Брежнев алаңына қарай (қазіргі Республика алаңы) аяңдадық. Алаңдағы трибунаның арғы жақ, бергі жағына қара-құрасы мол тобыр-тобыр адамдар жиналып қалыпты. Бір тобырдың ортасында дауыс күшейткіш құралмен:

         – Әр ұлттың өз басшысы, өз көсемі болуы керек. Оны кезінде Күн көсеміміз Лениннің өзі де айтып кеткен. КОКП Орталық Комитетінен барлығымыз жабылып, соны талап етуіміз қажет. Барлығымыз бір адамдай жұмылайық! – деп малақайын баса киіп ұрандап тұрған сол кездегі студент жігіт, қазіргі Қазақстан Республикасының Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновты байқап қалдым.

         Ішек-қарынның жағдайын жасаған соң алаңға қайтып оралдық. Қасымда ҚазМУ-дың география факультетінің  2-курс студенті – құда балам Бағдолла Смағұлов бар. Адамдар бағанағыдан да көп жиналыпты. Орталық Комитет ғимараты жақтағылардың арасынан өнер қайраткерлері – Әзірбайжан Мәмбетов пен Тұңғышбай Жаманқұловтарды көзіміз шалып қалды. Ана тұс, мына тұстан жастар ағылып келіп жатыр. «Лениндік ұлт саясаты жасасын!» – деген ұранды әлсін-әлсін айқайлап айтушылар  да, қызыл матаға үлкен ғып жазып алып бірнеше адамнан  керіп ұстап жүргендер де бар.

         Бұл кезде резіңке шоқпар ұстаған милициялар да алаңда көбейе бастаған. Күн суықта қашанғы жүреміз. Үйге қайттық. Дегенмен көңілімізде сол жұртшылық жиналған жаққа алаңдау басым. Сағат кешкі ондар шамасында тағы бардық. Алаң адамдарға толған. Әр бұрышқа үлкен-үлкен прожекторлар орнатып тастапты. Басқа жарықтар да айқыш-ұйқыш тілгілейді. Ақын-жазушылар да, өнер саңлақтары да жүр. Бәрінің айтатыны:

         – Қонаев халыққа не жамандық істеп еді? Оны орнынан себептен-себепсіз неге босатты? Ал жарайды, оны орнынан босатқанның өзінде Қазақстанды басқаратын  басқа қазақ табылмағаны ма? Со-о-нау Ресейдің бір бұрышынан алып келген  Колбин деген кім? Мына  саясат қазақ ұлтын көзбе-көз басыну ғой. КОКП Орталық Комитетінің бұл шешімі ұлтымыздың сүйегіне таңба ғой.

         – Қазақ  тіліне бұғау салып, қазақ мектептерін көбейтуге мүмкіндік бермей отырғандары аз болғандай, ұлттық кадрларға ауыз салғандары не масқара? Ел басқаратын ағаларымыз да, жастарымыз да баршылық қой. Бұл – қазақты басыну. Оған көнбеуіміз керек, – дейді анау бір шаштарын желкелеріне түйіп алған қыздар. Сөйтіп, ерсілі-қарсылы жүргенімізде ботасынан айырылған інгендей аңырай боздап, самай шаштары басына байлаған орамалынан жалбырап шығып кеткен бір апа келді. Жастар қоршап алды. «Әр ұлттың өз көсемі болуы керек», –  деп айқайлаған баласын милициялар ұстап алып, соққылап өлтіріп,  үйлеріне кіре беріске апарып тастапты.

         – Баламды қыршынынан қиятындай оның не жазығы бар? Енді  қайттім-ау!.. – деп аңырайды сай-сүйекті сырқыратып. Жастар орталық мінберге көтеріп шығарды. Қолына дыбыс күшейткіш берді.

         – Жазықсыз баламның өліміне кім жауап береді? Мыналардан сақтаныңдар, қарақтарым. Мал екеш малдың да сұрауы болмаушы ма еді?.. Қайттім-ау, қайтейін!..

         Алаңды кесіп өтпек болған жеңіл машиналарды жігіттер жағы «тәртіпке» келтіріп жатты. Тоңған соң қайттық.

         Ертеңінде жұмысқа баруын барғанмен байыз тауып отыра алмадым. Ақыры кеттім. Алаңды милициялар қоршап алыпты. Ана жақтан, мына жақтан ағылып келіп құйылып жатқан қыз-жігіттерде сан жоқ. Көше-көшелердің бойында милициялардың бақылауларымен сап түзеп жүргендер де мол. Қолдарында – ұран.

         – Бойларыңда қазақтық намыстарың бар болса, алаңға жиналыңдар. Қазақстанды басқаруға қазақ басшысын қоюды талап етеміз, – деп айқайлады жас қыздар.

         Алаң адамға лық толған. Сыртынан қарасаң, бейне бір толқыған теңіз дерсіз. «Сүңгідік» біз де соған келіп. Милициялар Орталық Комитетінің ғимаратына  әртүрлі талап-тілектермен барамыз деген көптеген қайраткерлердің, зиялы қауым өкілдерінің  жолын кесіпті. «Жастардың көкейіндегі ойларын жеткізуге бармақшы болған Кеңестер Одағының Халық артисі, көрнекті режиссер, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі Әзірбайжан Мәмбетов пен Республика халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтың  «милиция-қорғаның» дейтіндер  бастарын жарып, соққыға жығыпты» деген дақпырт бұрынғы «Коммунизм елесіндей» алаңдағыларды кезіп жүр. Милициялар қол ұстасып шынжыр (цеп)  жасаудан қолтықтасып шынжыр жасауға көшкен. Қабақтарынан қар жауады, Жақындап кетсең, ауыздарында боқтық. Қысқасы… саяси билік пен халық – жиналған жастар арасына жік түсіп қана қоймай, жарқабақ пайда болғандай. Орталық мінберге шығып, жиналғандарды «ақыл» айтып, беттерінен қайтарғысы келгендер болған екен, оларды биліктегілерге өз сөздерін тыңдата алмай ашынғандар мінберден тас лақтырып қуалап шығыпты. Резіңке шоқпарлылар қарсыласқандарды қолдарындағыларымен аямай салып қалады. Алаңға жақын маңдағы Ауылшараушылығы институты мен Зоо-малдәрігерлік институтының жатақханаларындағы студенттерді есік, терезелерінен шығармай, қамап тастапты. Жатақхана кіреберістеріне декандары бастаған  ұстаздардан кезекшілік қойылған. Сол күні кешкісін милициялардың қозғалмалы пункт машиналары мен тағы да басқа жабық, перезент қорапты машиналар алаңның шетқақпайындағы, соған жақындау көшелер бойындағы қыз-жігіттерді ұстап, тиеп алып, «тәртіп бұзды» деген сылтаумен милиция пунктеріне апарып қамай бастаған.

         Ертеңінде таңертең қызмет орнына басымды бір көрсетіп қойып, тағы да Брежнев алаңына тарттым. Абай даңғылымен автобуспен келіп, Күләш Бейсейітова көшесімен жоғары көтерілгеннен-ақ құлаққа айқай-шу естілді. Бір-біріне ұқсас, ансамбль құрып тұрған он алты қабатты биік  екі ғимараттың қақ ортасымен келіп, Фурманов көшесі жағындағы ғимараттың алдында болып жатқан апай-топай шайқастың үстінен шықтым. Кешегі милициялар шебін мұздай қаруланған, қолдарында темір қалқандары, бастарында темір каскалары бар солдаттар ауыстырыпты.  Одан ары БТР әскери машиналары ұңғыларын халық жүрген жаққа қаратып, үрей шашып, қаз-қатар тізілген. Біз келердің алдында алаңдағы жастарға су тасымалдайтын машинаның шлангасымен су шашып кетіпті. Қыз-жігіттердің үстеріндегі киімдері мұзқұрсауланып, шаштары сүңгілене қатып қалған. Жер беті – көк мұз. Биік ғимараттың қабырғаларындағы граниттерді жұлып-жұлып алады да көк мұзды тағандарға ұрып-ұрып сындырып, сынықтарын солдаттарға жапа-тармағай  атады. Олар  шегіне қашады да, таспен ату саябырсығанда ұл-қыздарға қарай қол шоқпарларымен лап қояды. Су тасушы машиналардың бір-екеуі алаңның әр тұсында өртеніп жатыр. Палаткалы машиналар мен қозғалмалы милиция машиналары қара маскалы, қара киінген солдаттардың көмегімен жолдарында кездескендерді ұрып-соғып тиеп алуға ашық кіріскен. Алаңда композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндерін шырқай  жүріп:

         – Біз – қазақтың қыздарымыз. Қазақстанды қазақ басқаруы керек. Ұлтымыз үшін, ұлтымыздың Рухы үшін жанымыз пида! – деп қайрат көрсетіп жүргендердің басым көпшілігі – он сегіз бен жиырма үш жас аралығындағы қыздар. Алған беттерінен қайтпайтын қайсар, тұла бойларын мұз құрсап, қатал аяз сорып жүрсе де олардың тартынбайтын сіріжанды екендерін бірінші рет көруім. Сүйсіндім де, екінші жағынан аядым. Бәрі де сөз тыңдаудан қалған. Тек ішкі жан-дүниелеріндегі бұлқыныстан туған тілектерін орындамай тынбауға бекінген. Қол жетер биіктіктегі гранит тақталарды жұлып, сындыруға мен де кірісіп кеттім. Арамызда өзге ұлттың өкілдері де жүр.

         – Жігіттер, безбүйректік танытсаңдар, өздеріңді де таптап кетеміз, – деп  айқайлады қыздар. Қолымда көнетоздау бес саусақты қолғабым бар еді, беті,  қолы домбығып кеткен бір бойжеткенге бердім. Қалқанды солдаттармен  шайқасымыз біраз уақытқа жалғасты. Түске таяу қайта-қайта тексеру жүргізіп жатқан қызмет орныма бас көрсетіп қайтуға асықтым. Келсем, қыз-жігіттерді қара маскалы, қара киімділер соққыға жығуды бастапты.

         Түстікке қайттым… Кабинетте де көңіл-күйіміз аласапыран. Аралас ұлтты болғандікі ме, бір-бірімізге күдіктене қарайтын секілдіміз. Қазақтар бір-бірімізбен сөйлесе бастасақ, орыстар байқатпай құлақ түреді. Бұл ортаға да жік түскен. Бәріміз де кешкі сағат алтыны тағатсыздана күтудеміз.

         Қызметтен шыға сала алаңға келсем, жақындатар емес. Ойбайлап, құлын да құлыны шыға шыңғырған қыз-жігіттердің даусы. Оған  абалаған қасқыр иттердің арсылы қосылған. Алаң айналасы қып-қызыл қан. Бірінің соңынан бірі қатарласқан перзент бүркеулі машиналардың үстінде де соғыс. Қасымдағы құда балам Бағдолла екеуміз Абай даңғылын жоғарылай қаштық. Тұра қуған милициялар өздері бір-бірілерімен соғылысып, тайғанап жығылмағанда, күніміздің не боларын бір Құдайымның өзі білсін. Сейфуллин даңғылы болуы керек, бір көшемен Сәтбаев көшесіне қайта жақындап едік, алдыңғы жағы әйнекті азық-түлік дүкені  қиратылған екен. шегіне қаштық. Оның арғы жағындағы көшемен  Сәтбаев көшесіне тағы шықсақ, жан сауғалап тым-тырақай қашып жүргендер баршылық екен.  Қай албастының  иектегенін білмеймін, Сәтбаев көшесімен құлдилай жан ұшыра безектедік. Төңкеріліп жанып жатқан бір-екі жеңіл машинаның жанынан өттік. Жоғарыдан келіп тоқтай қалған жабық машиналар артқы есіктерін ашып, қасқыр иттерді тағы жіберді. Жанымыз  зәр түбіне  жетті. Сәтбаев пен Мир (қазіргі Желтоқсан) көшесінің қиылысындағы телевидениенің ескі ғимаратының жоғарғы  жағындағы алып ағаштың қалтарыс түбіне құшақтаса құладық. Жүрегім аузыма тығылды. Зар еңіреп, сүрініп-қабынғандардың дауыстары қорқынышқа қорқыныш қосады. Тасыр-тұсыр аяқтар дыбысы, шынжырларын сүйреткен ит арсылы тым-тым жақындап қалған. Қос борбайдан жұлқи сүйрелеп абалағандар да жетті, міне. Үніміз өшіп, көзден жас қана парлайды. Әншейінде қадірін білмейтін, қу жан, қандай ғана тәтті едің!.. Көз алдындағыларды өкшелесе керек, ит арсылы тал түбінен жанап өтті. Құшақтасып құлап жатқан бізде қимыл да жоқ… Абалағандар алыстай берді.  Аяқтар тасыры да солармен ілесіп барады. Көзімді сығырайта қимылсыз ашсам, қардың үсті қан. Қанның  үстінде біз. Қорқыныштан денем қалшылдап барады. Көз жасым одан әрмен  парлады.  Дәрмен жоқ… Сәлден соң ес жиғандай болдық. Құда баламыз екеуміз Мир көшесімен төмен қарай аяғымыз аяғымызға тимей зымырай жөнелдік.  Көшенің оң жақ жол үстінде бір ақ «Волга», бір «Жигули» машинасы аударылып  жатыр. Құдай оңдағанда тәртіп сақшыларынан ешкім қарсы жолыға қоймады.

         Пәтерге бас сұққаным сол,  «Ауылшаруашылығы институтының (СХИ) дайындық курсында оқитын екі інім Бауыржан Смағұлов пен Қайрат Кіршібаев қамалып қалыпты», – деген «суық хабар» алдымнан қарсы шықты. Такси ұстап Фрунзе аудандық милиция бөліміне  тарттым. Зар жылап біраз адамдар жүр. Милициядағылар танауларын көкке көтеріп, жауап берер емес. Жалынып-жалбарынуға тура келді. Іздеген бауырларымды таптым. Декандары доцент Қайырбек Сабантайұлы Жаңабаев та солармен бірге болып шықты. Ол кісінің партиялық билеті қалтасында екен. Сол партбилеттің «шапағатымен», тағы басқа да қолдан келген әрекеттерді жасай жүріп, түнгі сағат үштерде екеуін де  қамаудан шығарып алдық.

         Жағдай былай болған екен:

         СХИ-дың жатақханалары көтеріліс өтіп жатқан орталық Брежнев алаңына тым жақын орналасқан.  Қара киімділер мен қара маскалылар жатақханалардағы күзетші мұғалімдерге күш берместен басып кіріп, балаларды зәбірлеп, қыздарға тиісе бергендіктен институт әкімшілігі ақылдаса келіп, барлық жатақханаларға «есік, терезелеріңді мықтап бекітіп алыңдар да, бөлмелеріңдегі электрошайнектеріңді токқа қосып, қайнатып қойып, бұзақылық көрсеткен қаракиімділерге аямай шаша беріңдер» деген астыртын кеңес беріпті. Сол «қамауда» екі күн шыдаған студенттер үшінші күні ашыға бастайды. Оларды аштықтан құтқарудың жолын ойлаған Қайырбек Сабантайұлы іштеріндегі ересек деген Бауыржан мен Қайратты ертіп алып, Абай даңғылы мен Ленин даңғылы қиылысына  жақын «Самал» гастрономынан екі қап нан сатып алып, оны екеуіне арқалатып қайтып жатақханаға жақындай бергенде жабық машинамен жүрген милициялар үшеуін де ұстап, шоқпарларымен ұрып-ұрып машиналарына тиеп алып, апарып, милиция бөліміндегі бұзақыларға қосып, қамаған да тастаған. Қайрекең  партбилетін қолтықтап, партия комитетіндегілерге ағынан жарыла арызданып жүріп өзін-өзі құтқарды. Екі студентті оқудан шығарды.

         Арада екі күн өткен соң Ауылшаруашылығы институтының сол кездегі ректоры Б.П.Шахқа бардым. Қасымда, әрине, Қайырбек Жаңабаев және Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің екі бірдей өкілі бар (КГБ жансыздары мені бұрыннан аңдуда ұстайтын). Өтініш-арызымды көңіл қоя тыңдады. Қайсыбір тұстарын Қайрекеңнен де қайталап сұрады. Көтерілісшілер арасында өзімнің де болғанымды жасырмадым. Қоғам тарапынан болған, өз көзіммен көрген әділетсіздіктерді де жасырмай айттым. Басын шайқап отырып тыңдады. Хатшы қызын шақырып, дәліздегі «Хабарландыру» тақтасында ілулі  тұрған студенттер Қайрат Кіршібаев пен Бауыржан Смағұловты «бұзақылықтары» үшін оқудан шығарған бұйрығын алдырып, көз алдымызда қаққа бөле жыртып, оқудан заңсыз шығарылғанын айтып, ертеңнен бастап оқуға қайта қабылданатыны  туралы бұйрық жазып әкелуін көмекшісін шақырып, мұқяиттап тапсырды. Екі бауырым оқуларын қайта жалғастырды. Қазір ол екеуі де – жұртшылық құрметіне бөленген қызметкерлер.

         Ректор Б.П.Шах бір айдың ішінде институттың көтерілісті көздерімен   көрген басшы, ұстаздарының талаптарымен қазақтың көптеген  қыз-жігіттерін  «бұзақылықтарынан» ақтап, оқуға қайта қабылдағанын інішектерім айтты.

         Бұл  Желтоқсан ызғырығы кезінде қазақ  жастарына  аз да болса себілген шуақ сәулесі еді.  

         …Мені студенттік  кездің екінші курсынан бастап, үш әріптің (КГБ)  өкілдері «шырмап» алған еді.  Әрі өздері бір жарым, екі жыл сайын ауысып, келесілеріне табыстап кетеді. Бір қызығы, олар менің қай жерде, қай уақытта (сағат, минутына дейін) кіммен не деп сөйлескенімді, түнде қай жерде жатқанымды, әжетқанаға неше рет барып, үлкен дәрет кезінде қалай күшенгенімді  де біліп тұрады. Алматы қаласының  Әуезов аудандық әскери бөлімшесінің 2-құпия істері бөліміне шақыртып алып, сол жерден «Қазақстан» қонақ үйінің жоғарғы қабатындағы люкс бөлмесіне  апарып «құрметтеп» отырғызып қойып, әдебиеттің, мәдениеттің, өнердің, тарихтың не бір мықты майталмандары туралы жағымсыз арыздар жазуға итермелейді. Бас тартамын. Байқап жүруім қажеттігін ескертіп, сақтандырады. Егер олармен келісімге келіп, дегендеріне көнсем, «алтын балық» қолымда болады екен. Ақысыз, пұлсыз, еш кедергісіз барып, қайсыбір шетелдегі әдебиет, мәдениет өкілдері туралы да «жазуыма» жол ашылатын көрінеді.

         Тағы да сол «қамқоршыларымның» қолына мықтап түстім. Алаңда түсірілген фотосуреттер «сөйлейді». Мен сол көріністер туралы  жазып беруге тиіс екенмін. Қасымдағылардың «бұзақылықтарын» айғақтауым қажет. Бұл әрекет менің «адалдығымды» дәріптейді. Осы «тәрбие» мені 1991 жылға дейін «әлпештеген» еді.

***

         Арада шамамен бір жыл өткенде жоғарыда айтылған Саясат үйінің кіші залында Желтоқсан көтерілісі кезінде әділет саласындағы билік басында болған «шонжарлармен» кездесу өтті. Көпшілік арасына «сіңіп» барып кірген едік. Орталарында Республика прокуроры Елемесов отырды. Мен оған құда баламның атынан: «Сіз  Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ жастарын қолдаудың орнына, керісінше, олардың «бұзақылықтарын» «дәлелдеуге» неге күш салдыңыз? Өзіңізде жас-өскін ұл-қыз жоқ па еді?» деген қолхатты залда жүрген жандайшаптар арқылы  бүктеме қағаздың сыртына «Елемесовке» деп жазып жібердік. Бақылап, қарап отырмыз. Дереу апарып, қолына ұстатты. Жазбамен танысқан ол қап-қара болып түтігіп аз-кем отырды да, жауап берместен президиумнан шығып кетті.

         Қыршын кеткен қазақтың қайран жастары-ай!..

ПІКІРЛЕР1
Аноним 21.09.2023 | 21:52

Автор ол жиынды қонаевшылдар ұйымдастырғанын білмейді екен. Қонаевты Горбачев брежевтік кадрлардан құтыла бастағанда Қонаевқа пенсияға шығуы керегін айтып, өтінішін жаздырып алып, орнына кімді ұсынатынын сұрғанда ол: Лайықты ешкім жоқ, өздеріңіз біліңіздер, депті. Пленум болар күннің кешінде, тәуелсіз гәзеттер жазғандай, ақ, қара «Волга» мінгендер студенттердің, жұмысшылардың жатақханаларынг аралап, ертең таңертең алаңға келуді тапсырған. Қонаев та, оның шәкірті Олжас Сүлейменв та жастардың алдында ақыл айта сөйлеуден бас бас тартқан, ал кейін «Сөз бермеді» деп сайрады. Бұл жайды Назарбаев та біледі. Сүлейменов Одақ үйінің есіктерін жауы тастатып, араша тілей келген жастардың тобын кіргіздірмей қойғанын автор-жазушы Е.Жаппасұлы неге жазбады? Жастар кінәлі емес, сұрқиялықты ұйымдастырған бетпақтар кінәлі!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір