ОҚУШЫ ҮШІН «АЛТЫН ҮШТІКТІҢ» МАҢЫЗЫ ЗОР
14.09.2021
646
0

Елімізде жекеменшік оқу орталықтары жыл сайын көбейіп келеді. Ата-аналар балаларын бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі, логика, математика курстарына, спорт, өнер үйірмелеріне беруге құлшынады. Сұранысқа сай, оқу орталықтары да көбейіп келеді. Елімізден ғана емес, әлемнің барлық елінде баланың білімі мен тәрбиесін, өнерін жетілдіретін орталықтар көп. Дегенмен, саны бар, сапасы төмен, жүйесі жетілмеген, заманауи білім беру ісінен кенде қалған оқу орталықтары да аз емес. Дәстүрлі білім ордаларынан жеке оқу орталықтарының өзгешелігі неде? Ата-аналар балаларын оқу курстарына не үшін береді? Мемлекеттік мектептерге заманауи өзгеріс керек пе? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде «Zerdeli» ақыл-ой дамыту орталығының негізін қалаушы, Ұлттық білім Академиясының аға ғылыми қызметкері, халықаралық олимпиада жеңімпаздарының жетекшісі, математик Рысбек Мәуіт мырзамен сұхбаттасқан едік.

 – «Зерделі» оқу орталығының шәкірттері биыл қатарынан бес жыл бойы Назарбаев зияткерлік мектептеріне тапсырған тесттен ең жоғарғы балл жинапты. ҰБТ-дан да жоғары нәтиже алған түлектер көп екен. Әуелі осы жетістіктердің сыры – оқыту үрдісінің тұрақты, жүйелілігінде ме, әлде бұдан өзге де жаңа методикалық тәсілдеріңіз бар ма?

– «Зерделінің» үлкен жетістіктерге жетуінің ең басты құпиясы – «Зерделі» оқытушыларының біліктітілігінде. Оқу орталығы алғаш ашылғанда математикадан 10 шақты мұғалім сабақ берсе, қазіргі таңда тек осы пәннен Нұр-Сұлтан қаласында 50-ден аса мұғалім жұмыс жасайды. Біздің командада мықты оқытушылар өте көп. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған, Назарбаев университетінде оқыған PhD докторлар да бар. Кәсіби мамандардан құралған ұжымның жетістікке жетуі заңдылық. Біз тек өз мамандығының білгірлерін ғана жинамаймыз, оқытушының педагогикалық қабілетіне, оқушысын өзіне тартатын мәнеріне, методикалық ерекшелігіне, заманауи білім беруді меңгергендігіне назар аударамыз.

Екіншіден, өзіңіз айтқандай, тұрақтылық, жүйелілік және өзіндік методика деп айтуға болады. Бастауыш сынып математикасы, олимпиадалық  дайындық, ағылшын тілі бойынша арнайы  әдістемелермен жазылған авторлық кітаптарымыз бар. Соның аясында біз өз материалдарымыз бен әдістемелерімізді жалпыластырып,  тек балаларға ғана емес, мұғалімдерге де тәжірибе бөлісу мақсатында бүкіл Республика көлемінде семинарлар өткізіп жүрміз. Былтырғы көктемгі демалыстың өзінде Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Алматы облыстарында жасалған меморандум аясында 3000-нан астам мұғалімнің біліктілігін арттыруға өз үлесімізді қостық.

Баланың логикасын дамыту мақсатында ең алғаш рет 100 баллдық бағалау жүйесін енгіздім. Қазір сол жүйе бойынша онлайн платформа дайындадық. Жыл сайын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірігіп, бастауыш мұғалімдеріне арналған «Алтын Тұғыр» олимпиадасын ұйымдастырамыз.

Біздің соңғы жетістіктеріміздің бірегейі деп онлайн платформа құрастырғанымызды айтуға болады. Бүгінде ағылшын тілі мен математикадан видеосабақтары бар оқу кітаптарын жасап жатырмыз. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша жоғары технологиямен жабдықталған онлайн студия құрдық. Біздің оқытушылар осы студияны пайдалана отырып, бүкіл Республика балаларын қашықтан оқытып жатыр.

Біз оқушыларға мотивация беру мақсатында түрлі оқу гранттарын тағайындаймыз. Оның өзі екіге бөлінеді. Біріншісі, оқу барысында ең жоғары ұпай алғандарға 100%-дық, 50%-дық жеңілдіктерді береміз. Екіншісі, прогресстік мотивация. Егер білімгердің деңгейі ай сайын өсіп отырса, оған да жеңілдіктер жасаймыз.  Орталық мұғалімдері балаларға Zitfonss-тарды  үлестіріп отырады. Олар Zitfonss-тарды жинау арқылы түрлі оқулықтарды, тіпті Iphon телефонын да ұтып ала алады. Сондай-ақ, олимпиадаларға аса қатты назар аударамыз. Қалалық 3-6 сыныптарға арналған  «Алтын сақа» олимпиадасын мегаполис олимпиадасына айналдыра алдық. 10-сыныптар «Алтын түлек» олимпиадасына қатыса алады. Зерделі жетістіктерінің сыры, міне, осында.

– Біз әдетте оқушыларды белгілі бір пәндерге бейіміне қарай бөлу керек деп жатамыз. Баланың зейінін ашу, зердесін ұштау, өзінің қалаған мамандығын ерте бастан таңдау үшін ұстаз – ата-ана – мектеп бірлестігі қалай жұмыс атқарғаны жөн?

– Ойыңыз өте орынды. Педагогикада бұл «Алтын үштік» деп аталады. Ата-ана, ұстаз, мектеп байланысы оқушының тұлға болып қалыптасуына өте маңызды рөл атқарады. Бізде көп жағдайда ата-ана мұғалімді, мұғалім ата-ананы кінәлап, бір-бірінен кемшілік іздеп жатады. Ата-ана мен ұстаз тығыз байланыс орнатып, баланың тұлға болып қалыптасуына ерте бастан көңіл аудару керек. Бізге осы бірлестік жетіңкіремейді.

Ұстаздар сабақтарына аса үлкен жауапкершілікпен қарап, баланы білімге қызықтыра алса,  ата-ана бала тәрбиесіне уақыт бөліп, білімнің маңыздылығын түсіндіре алса, баланың зейіні ашылып, білімге деген құштарлығы артады.

Ұстаздар оқушыға дұрыс бағыт-бағдар берсе, ата-ана қолдау көрсетсе, мектеп дамуға мүмкіндік тудырса және қоғам өзіндік үлесін қосса, бала болашағы мен ел болашағының жарқын болары анық.

Қазір  жекеменшік оқу орталықтары жылдан жылға көбейіп барады. Бір жағынан, сұранысқа ие бизнес секілді көрінеді. Интернетте оқу

көрініс емес. Жекеменшік оқу орталықтары бүкіл әлемде бар деуге болады. Сол орталықтар қоғам алдындағы жауапкершілікті бәрі бірдей сезіне ме? Жекеменшік оқу орталықтарына мемлекет тарапынан қолдау мен қадағалаудың болғаны жөн бе?

Жекеменшік оқу орталықтары бүкіл әлемде бар. Әсіресе, азиялық елдерде бұл жалпыбеттік үрдіске айналған. Заманауи құрал-жабдықпен қамтылған, жан-жақты толымды мектеп балаға қажетті білімді берсе де,  балаларын қосымшаға беріп, ұрпағының көштің соңында қалмауын тілеп жатады. Мысалы, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытайда балаларды қосымша оқытатын білім орталықтары өте көп. Мектептің дұрыс болмағандығынан оқу орталықтары көбейіп жатыр деген кереғар пікірдегілер де бар. Меніңше, ол біржақтылы көзқарас.

Жекеменшік білім орталықтарына бизнес ретінде қарайтындар да, тәрбиелік маңызын біліп қолданып жатқандар да бар. Қазір мемлекет тарапынан жекеменшік мектеп ашуға мүмкіндік жасап, қолдау көрсетіп, жұмыс жасалып жатыр. Бірақ қосымша білім беретін орталықтарға ешқандай талап қойылып отырған жоқ, тек қана салық комитетінде жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ретінде тіркеліп, жұмыс жүргізе береді. Орталықтарға қойылатын ортақ талаптардың болғаны дұрыс шығар. Мемлекет тарапынан әрбір орталыққа зерттеу, сараптама жұмыстары жүргізілсе, онда тіпті жақсы болатын еді. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Қазіргі таңда білім беру орталықтарының саны көп. Тиімді оқыту жағынан болсын, олимпиада ұшқырларын дайындау жағынан болсын, көптеген мектептен жақсы нәтиже көрсететін оқу орталықтары көп.

– «Мемлекеттік мектептердегі оқу сапасы көңілдегідей болмағандықтан, ата-аналар балаларын жеке оқу орталықтарына беруге мәжбүр» деген көзқарас бар. Мұнымен келісесіз бе? Мемлекеттік, дәстүрлі мектептерге заманауи өзгеріс керек деп жатамыз. Сіз қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Мен жоғарыда айтып өткендей, мектепте білім сапасы төмен болғандықтан ата-аналар балаларын оқу орталықтарына ғана беріп жатыр деп айтуға болмайды. Мектептердің сапасы керемет болса да, өз баласының білімі жоғары болғанын қалайтын ата-ана балаларын білім беру орталықтарына жетелеп апаруы мүмкін. Пандемия кезінде де осы орталықтардың білім саласындағы олқылықтарды толтырудағы оң рөлін байқадық. Халық қазір білімнің заманы екенін, дүниенің бәрін сатып алса да, бойындағы білімін сатып ала алмайтынын түсініп келеді. Балаларын жеке білім беру орталықтарынан оқытуға қаржылай мүмкінділігі жетпейтін отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні жайлы айтылып жатыр. Соның нақты жүйесін тапса, құптарлық жайт.

Мектептерге заманауи өзгерістердің керек екені шындық. Сол деңгейге барлық шарт-жағдайы толымды мектептер жоқ емес, бар. Баланың білім алуына, еркін өсіп-жетілуіне мүмкіндік жасайтындай орта қалыптастыру қазіргі заманның талабы деп айтуға болады. Мектептерді де сол деңгейге жеткізуге күш салу керек. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп директорларынан білім сапасын жаңа деңгейге көтеруді талап етіпотыр. Айтылық, екі көрші мектепті салыстырсақ, біреуінің нәтижесі жақсы, екіншісінікі төмен болуы мектеп басшысына байланысты, мектеп басшылығында менеджменттік қасиет болу керек. Заманауи білім беру үшін мектептердің құрылымына өзгеріс керек.

– Жеке меншік оқу орталықтарының дені ірі қалаларда орналасқан. Шағын ауылдарда, кенттерде, тіпті аудан орталықтарының өзінде аз, болған күннің өзінде жүйелі оқу үрдісі қалыптаспаған. Бұл олқылықтың орнын қалай толтыруға болады?

– Жеке орталықтардың көбі Алматы, Астана сынды ірі қалаларда көбірек орналасқан. Бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін, оффлайн оқу жүйесіне жақындатылған онлайн оқу жүйесін қолдану керек деп ойлаймын. Біз бұл тәжірибені бастап кеттік. Өткен жылдан бері онлайн оқу жүйесімен 1000-нан аса ауыл балаларын оқыттық. Бізде балалардың оқуына өте ыңғайлы, мұғалімнің тақтада жазып тұрғанын көретін, мұғалім мен оқушы бір-бірімен жүйелі байланыста болатын, оқушыны тікелей қадағалай алатын, озық технологиямен жабдықталған Zerdeli студиясы бар. Студиямыз ауыл балаларына да қолжетімді болатын мүмкіндіктер жасады. Атқарылған жұмыстардың жоғарғы нәтижелерін көрдік, осы технология арқасында ауыл балалары ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап, Назарбаев зияткерлік мектептеріне жақсы нәтижелермен түсіп жатты. Қарағанды қалалық білім басқармасының  «Сарыарқа дарыны» орталығымен бірлесіп, ауыл балаларына арналған «Жас математик» жобасы аясында 400-ден аса оқушыны тегін оқыттық. Осы жоба арқылы жақсы нәтижеге жетіп, олимпиадалардан орын алып жатқан оқушыларымыз да бар. Жоба өз жалғасын табады деп көздеп отырмыз. Бұрынғыдай емес, онлайн оқуға үйреніп қалдық. Біздің тәжірибемізден өткен бұл оқу жүйесі ауыл балаларының білім деңгейін көтеруге айтарлықтай үлес қосуда.

Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедұлы атындағы университетпен бірлесіп, педагогика мамандығын таңдап отырған 100-ден аса студентке онлайн форматта білім бердік. Алдағы таңда бұдан да жоғары деңгейде жұмыс жасауға құлшынып отырмыз..

– Балаларын оқу орталықтарына беру үшін ата-ананың қаржылай мүмкіндігі болуы керек. Кейбір талантты, ізденімпаз балалар жеке дайындалуға, оқу орталықтарынан қосымша білім алуға экономикалық мүмкіндігі жоғын айтып жатады. Жалпыға ортақ, бағасы қолжетімді орталықтар құруға бола ма?

 – Орталықтардың білім жолында қосып жатқан үлестері мол екені шындық. Әйткенмен, мемлекет тарапынан қолдау болса дұрыс болар еді. Білім алушыларға қолына арнайы сертификаттар беріліп, ата-анамен оқушы баратын үйірме, қосымша білім беру орталықтарын өзі таңдауға мүмкіндіктер туғызса деген ойым болған, бұл ойымды министрге де айтып, ұсынған болатынмын. Соңғы бір жарым жыл ішіндегі онлайн оқудың әсерінен білім деңгейінің төмендеуі, сондай-ақ, қоғамдағы математика және ағылшын тілін меңгерудің жалпыбеттік үрдіс алуы оқу орталықтарына сұраныстың артуына себеп болып отыр. Елімізде спорт, өнер секілді кейбір үйірмелерге түрлі жеңілдікпен немесе тегін қатысуға мүмкіндіктер жасалады. Дәл сондай мүмкіндік білім саласында да болса, халық үшін үлкен көмек болар еді.

– Бізде математика, физика, химия, жалпы жаратылыстану пәндері қиын деген стереотип ел арасында жиі айтылады. Осы келеңсіз ойды қалай жоюға болады?

– Әйгілі математик Асқар Жұмаділдаев ағамыз қазақ технократ ұлтқа айналмай, көштен озбайтынын жиі айтады. Қазақ жастары өте зерек. Технократ ұлт боламыз десек, жаратылыстану саласын меңгерген жастар көп болуы тиіс. Онсыз болмайды. Ең бастысы – балаларды қызықтыру керек. Жаратылыстану пәндерін қиын дейтін жағдайлар көп кездеседі. Бірақ әр сабақты жеңіл тәсілмен түсіндіретін, өмірмен байланыстыратын, қолданысы көрсетілген методикалар керек. Математика араласпайтын ғылым саласы жоқ екенін ұғындыру маңызды. Балалар жаңа технологияға қызығады. Қолындағы смартфондарды мысалға келтіріп, сондай дүние жасау үшін математика, физика, химия пәндері керек екенін нақты дәйекпен түсіндірсеңіз, балалар ойланады, қызығады. Мектептегі оқулықтар оқушыға ұғынықты, жеңіл тілде жазылуы керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан Қ.ӨСКЕНБАЙ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір