Абай ілімінің қазіргі руханияттағы маңызы
16.08.2024
428
0

2024 жылдың 9 тамызында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен ұлы ойшылдың туған күніне орай әрі ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында «Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы және ілімі» атты бесінші халықаралық ғылыми конференция өтті.

Конференцияға қазақстандық және шетелдік әдебиеттанушы ғалымдар, ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, докторанттар, магистранттар және БАҚ өкілдері қатысты. Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың шығармашылық мұрасы мен ілімін заманауи парадигмалар тұрғысынан қарастыруды мақсат еткен жиында хакім еңбектерінің концептуалды жүйесі талданып, шығармашылық мұрасы мен ілімінің қазіргі руханияттағы маңызы айшықталды.
Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебайұлы жиын шымылдығын ашқаннан кейін, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Сәбит Суатай құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебізін білдірді. Жиын барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы «Абайға абай болайық», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Қанипаш Мәдібай «Абайдың ақындық кітапханасын зерттеу: осы заманғы өзектілік» мәселелеріне ерекше тоқталса, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісімақова ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының цифрландыру жүйесінің жетістіктеріне жоғары баға берді. Конференция модераторы Абай ғылыми-зерттеу институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ләйла Жұматайқызы болды.
Сондай-ақ аталмыш конференцияға қазақстандық және Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей сынды көршілес мемлекеттерден де бірнеше ғалым мен ғылыми қызметкерлер қатысып, мазмұнды әрі мағыналы баяндамаларын жасады. Қазіргі қазақ әдебиетінің даму үрдісіндегі Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен тыңдаушы тұлғаның жіпсіз байланысының өзекті екенін алға тартқан конференция көздеген мақсатына жетті.

Бибігүл ДАУТОВА,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ жанындағы
Абай ғылыми-зерттеу
институтының аға оқытушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір