Өңірлік ЖОО дамытудың маңызы
ХХІ ғасырда мемлекеттер арасында күш емес білім сайысының дәуірі жүріп тұр. Оны мына геосаяси жағдайдан да көре аламыз. Қазіргінің қарулы қақтығысының өзі қара күшке емес, технологиялардың жаңалығына арқа сүйейді. Одан бөлек, күннен күнге ауылшаруашылығында, мал шаруашылығындағы қиындықтар көбейіп келеді. Климаттың өзгеруі, тұщы судың азаюы секілді күрделі мәселелер астық өсіруде, азық-түлік өндіруде қиындық тудырары сөзсіз.
Бұл түйткілді шешу үшін білімді мамандар керек-ақ. Сол секілді қазір әр салада жаңалыққа құмар білімді жастар керек. Әсіресе өңірлерге баратын, сонда жұмыс істейтін, өндіріске, әлеуметтік салаларда жұмыс істейтін мамандардың қажет екені бесенеден белгілі. Ол үшін не істемек керек? Өңірлік ЖОО дамуы талапқа сай болуы үшін жағдай жасау қажет. Себебі өңірден шыққан жастар көбіне ірі қалалардағы ЖОО-ға барып, бірі грант аздығынан, бірі жағдайы келмегеннен оқудан шығып қалып жатады. Жол алыстығы тағы бар. Өңірлік ЖОО дамыту – алдымен сол өңірдегі жастардың сапалы білім алуына сеп болады. Оған қоса сол өңірге қажетті мамандықтарды оқытып, өңір нарығына керек мамандарды даярлайды.
Жалпы университеттің бірінші және екінші міндеті білім мен ғылымды дамыту болса, үшіншісі – қоғам дамуына ықпал ету. Қоғамның дамуын іске асыру шеңберінде университет маңызды мәселелерді шешуге тікелей қатысады, экономикалық өркендеуге, оң әлеуметтік өзгерістерге және мәдени өсуге септігін тигізеді.
Одан бөлек үздіксіз білім беруді, әлеуметтік және мәдени дамуды, цифрландыруды, түлектерді жұмыспен қамтуды және жастар бастамаларын жүзеге асыруға жәрдемдесуді қамтиды. Университет қоғам өміріндегі өзгерістердің индикаторы ретінде әрекет етуі тиіс.
Заман талабына сай маман даярлау әр университеттің негізгі міндеті. Ал өңірлік университет сол аймақтың негізгі проблемаларының шешу жолдарын тауып, сұранысты қанағаттандыруы тиіс.
Өткен жылы ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек өңірлік оқу орындарын дамытуға басымдық беріледі деді.
«Бүгінде экономикалық және инвестициялық саясатқа емес, өңірлерге баса назар аударылады және жоғары білім беру жүйесі осы трендтермен үйлестірілуі керек. Сондықтан қазіргі кезде Ғылым және жоғары білім министрлігі бірінші кезекте өңірлік жоғары оқу орындарын жаңғыртуға, олардың әлеуетін арттыруға және өңірлерді дамытудағы рөліне басымдық береді. Өйткені күшті университет – бұл жергілікті экономика мен индустрияның дамуына байланысты болатын күшті кадрлар», – деді С. Нұрбек.
«Оны жүзеге асырудың нақты құралы бар – өңірлік Мамандықтар атласын дайындау. Идеясы өте қарапайым: өңірдің жоғары оқу орындарында кадрлар даярлау жүйесі белгілі бір саладағы экономика құрылымына сәйкес келуі керек. Мысалы, Ақмола облысы. Бұл – индустриалды-аграрлық өңір. Астық өндіру, етті және сүтті ірі қара мал өсірумен және азық-түлік өндірумен қатар, облыста уранды байыту, алтын өңдеу және машина жасау салалары дамыған. Туризм саласында айтарлықтай өсім байқалады», — деді министр.
Сонымен қатар өңірлік ЖОО-ларға квоталық гранттар беру де қолға алынған.
Олардың игеру жауапкершілігі жоғары оқу орындарының өздеріне жүктеледі.
2022 жылы батыс өңірлерге бөлінген 10 мың оқу грантының 2500-і ғана игерілген. Осыған орай биылдан бастап әр өңірдегі жоғары оқу орнына квоталық гранттар беріледі. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты.
«Ақпараттық жұмыс шынымен әлсіз. Биыл әр ауданға барып, қандай гранттар бар екенін халыққа түсіндіріп жатырмыз. Енді жыл сайын өңірдегі оқу орындарына гранттар бөлініп, оларға сол оқу орны жауапты болады. Яғни өздері түлектермен жұмыс істеп, гранттарды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді» – деді Саясат Нұрбек.
Министр өңірлердегі университеттердің дамуы үшін жасалған қадамдарды тізбектеп шықты. Дегенмен бұл сол өңірдің тумаларына жетпей жатқандай көрінеді. Жалпы өңірлік оқу орындары аты айтып тұрғандай өңірлік жастарға арналған, сол аймаққа қажетті мамандарды даярлауға жұмыс істеуі тиіс. Тіпті болашақта пайда болатын, өңірдің даму бағытын жоспарлап, келешекте пайда болуы мүмкін жұмыс орындарына сай мамандықтарға студент қабылдағаны абзал. Біздің білуімізше қазірдің өзінде қажетті мамандықтардың тізімі даярланып жатыр. Бұл іс абыроймен аяқталып, нақты әрі керек салалардың шеберлері оқиды деген үміттеміз. Аймақтық университет инновациялық өсудің орталығы болуы тиіс. Яғни, өңірде қолға алынатын тың жобалардың басы-қасында болу әрі оны жүзеге асыруда оқытушылар мен мамандар күш салуы керек.
Қорыта айтқанда, әлгінде айтқанымыздай, бұл ғасыр – білімділер ғасыры. Жоғары мінберден білімді дамыту, ғылымға көңіл бөлу секілді мәселелер жиі көтеріледі. Енді атқарылатын іс өңірлер мен ірі қалаларда бірыңғай болғаны абзал. Себебі сапалы білім алу үшін алыс жол жүрмей, өз топырағында өсіп-өнетіндей жағдай жасалуы тиіс. Әсіресе, өңірлік маңызы бар, ауылшаруашылық мамандарын, білікті инженерлер мен құрылысшылар, мұғалімдер мен әлеуметтік мамандарды даярлау қазір ауадай қажет. Ірі қалаларға шоғырланып, жұмыссыз сандалған, дипломы сандық түбінде шаң басып, білімі тозып қалған жастар қаншама. Солардың күйін кешпеу үшін нағыз керек мамандықтарды оқытуды қолға алады деп үміттенеміз. Бағдарлама бар, жүйе бар, тек істі соңына дейін жеткізіп, абыроймен атқарып шықса, бұл үдерістің нәтижесі көп күттірмейді. Өңірлік даму, экономикалық дүмпу пайда болғанда ғана халықтың әлеуметтік жағдайын бағамдауға болады. Әр өңірде өз халқына жұмыс табылса, білімді ұрпақ болса, ол жердегі тұралап қалған салалар да қарыштап дамитыны анық. Тек кел де жұмыс істе. Бүгінде жалтақтамай жұмыс істейтін тәуелсіз елдің ұландары елге керек-ақ. Ал сол ұрпақ бүгін білімсіз сенделмейтіндей жағдай жасалса, ертең-ақ жаңа серпін пайда болады десек, артық айтқандық емес.
А.Әбитұлы