ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ АҒЫМДАР ЖӘНЕ ЖАСТЫҚ МАКСИМАЛИЗМ
02.09.2021
2173
0

Жастарды діни ағымдар шырмауынан арашалау керек

Газетіміздің өткен санында жас қаламгерлерден жастардың радикалды діни ағымдарға үйірсектігінің себебін сұрадық. Олар оқу-тәрбие ісіндегі кемшіліктер мен өнердің әлсіреуі жастарды діни ағымдарға итермелейді деген пікірді ортаға салды. Шынында да, Құдайды «қолдан соққан» теріс ниеттілер буыны бекімеген жастарды ата дәстүрден, оқу-білімнен, мәдениет пен әдебиеттен, өз ортасынан жырақтатып, үйіріне қосуға бар күшін салып жатыр. Бұл – жастардың кей замандастарына қарап түйгені.

Жас қаламгерлерге жолдаған сауалды арнаулы мамандарға да қойған едік. Пікір иелері – ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаев, әлеуметтанушы Эльмира Отар.

 КЕЗ КЕЛГЕН ДІНИ АҒЫМНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫНДА САЯСИ АСТАР БАР

 «Қ.Ә»: Жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың қармағына ерікті түрде тұтылуына не себеп? Бұған қандай факторлар әсер етеді?

 Эльмира Отар: Әрине, қазіргі таңда Орта Азияда болып жатқан жағдайлар еліміздегі көп мәселені жан-жақты қарауға мәжбүрлеп отыр. Мысалы, АҚШ-тың өзі Ауғанстанға қаншама ақша құйды, бірақ оны сол елдің билігінде отырған адамдар талан-таражға салып, я денсаулық саласын, я білім саласын  дамыта алмады. Құлқын-саусақтар қалтаның қамы үшін халықты құрбан қылуда. Ауғанстан – саяси ойындардың ошағы екенін ескеруіміз керек, ал бізде – жағдай басқаша. Біз посткеңестік елдердің қатарына кіреміз.

Біздің жастар неге осындай ағымдарға үйір? Бірінші себеп – халықтың Кеңес Одағының дәуірлеп тұрған шағында «дінге, рухани мәселелерге қатысты дүниелерді мүлдем айтуға болмайды» деген қысымға бағынуы. Адамзатқа рухани байлық керек. Бұл мәселе, әуелі, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы тиіс болған рухани мұраны бойға сіңірмеуден туындап отыр. Екіншіден, жастар – максималист. Яғни, 29 жасқа дейінгі жастардың ортасы жаңашылдықты, сонымен қоса тәуекелді жақсы көреді. Романтизм, қаһарман болып көріну – жастардың сол уақыт аралығындағы қажеттілігі. Мұның бәрін, жастардың психологиясын терең меңгерген, «жағымды жолмен» идеяларын өткізе алатын дәстүрлі емес діни экстремистік бағыттар өз мүдделеріне пайдаланып отыр. Үшіншіден, жастар шетелге шыққысы, басқа елде оқығысы келеді. Египеттің өзінде жақсы діни оқу орындары бар, дегенмен солардың ішінен экстремистерді тану да оңай емес. Жастардың діни сауатын тереңдетуі үшін барып, елге радикалданып келгендері де аз емес. Келесі себебі – әлеуметтік мәселе. Адам қоғаммен бірге жасайды, жалғыз өмір сүре алмайды. Қоғамның мүшесі болғысы келеді. Ал экстремистік топтар мен ұйымдар қоғамнан өз орнын таппаған жастарды белгілі бір діни ағымға қызықтыру үшін қаржылай, діни қолдау көрсетеді. Қарапайым тілмен айтсақ, жамағат бір-біріне «рухани» және ақшалай көмектеседі, сондай-ақ, жамағат тойыңды жасап береді деген сияқты. Мұндай жағдайда қай жамағат дұрыс бағытта, қай жамағат бұрыс бағытта екенін анықтау қиынға соғады. Жастардың дәстүрлі емес діни ағымдар тастаған қармаққа өз еріктерімен барып тұтылуының бір себебі осы деп білемін.

Осы ойлардың негізгі түйіні мынаған тіреледі: біздің халықтың әлеуметтік-саяси жағынан психологиялық травмасы бар. 90-жылдардағы экономикалық тоқырау ұрпақ тәрбиесіне мойын бұруға мұрша бермеді. Руханиятқа көңіл бөлінбеді. Отбасы институты қирады. Ал ол кеудедегі кішкентай қуыстың ауқымын кеңейтіп, бос кеңістікке айналдырды. Әлеуметтік-саяси дағдарыстар туындады. Сондықтан қазіргі ұлттың, халықтың әлеуметтік психологиясында көптеген ақау бар. Сол салдарлардың себебін анықтап, нені аңсап, неге ұмтылатынымызды меңгерген әккілер кей жастардың кеудесіндегі бос кеңістікті өз идеяларымен толтырып жатыр. Әлеуметтанушы ретіндегі алғашқы сұраққа берер жауабым осы.

Қанат АЛШЫНБАЕВ: Кез келген діни ағымның пайда болуында саяси астар бар. Тарихқа үңілсек, Ислам дініндегі ағымдардың бәрі белгілі бір саяси оқиға негізінде пайда болды. Ал сол ағымдарға жастардың еріп кетуінің негізі деп көптеген факторларды атауға болады. Жастық шақтың өзін негізгі фактор десек, қателеспейміз. Алланың елшісі (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде харижиттерді (мұсылмандар арасында пайда болған топ) сипаттағанда  жастық шақты атап өткен. Себебі, осы уақытта күш-қуаттары тасып тұрады, білгісі келетіні көп болады. Жастар не айтылса да, шөл далада кенезесі кепкен, у қосылған су берсе де ішуге дайын адам секілді, соны сіңіріп алатыны сөзсіз. Бұны «юношеский максимализм» деп түсіндіріп жатамыз.

Келесі бір фактор ретінде – жастардың білімсіздігін атауға болады. Мәселен, дінінің негізін білмеген жастар жат ағымдардың идеологиясына еріп, құндылықтардың орнын ауыстырып алды. Шариғаттағы қосымша, негізгі емес мәселелер негізгіге айналды. Дәлірек айтқанда, сүннет парыз орнын басты, парыз орындамаған «діннен шықты». Одан қалды елінің, жұртының, дінінің тарихын білмеген жастар тағы да сол жат ағым идеологтарының сандырағына алданып, қазақ даласына ақиқат дін ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында келді деп шатасты. Бұған қоса, дәстүрін, әдет-ғұрпының мән-мағынасын жете түсінбеген жастар ата мұрасына қарсы шықты. Сан ғасырлар бойы жасалып келген жоралғыларымыз бұрыс болып шығыпты-мыс. Діннің негізінде не жататынын білген, тарихын білген, әдет-ғұрпын қастерлеген жастар жат ағымдар идеологисының жетегінде кетпейтіні анық.

Қоғамдағы әділетсіздік пен коррупцияның етек жаюы да өзінің әсерін тигізбей қоймады. Дін тарихын, діни тұлғалар туралы оқыған жастар, қазіргі қоғам да сондай болса екен деп армандайды. Жат діни ағымдар осы олқылықтарды береміз деп алдап, арбайды. Жастар соларға алданады.

 

 ДЕСТРУКИВТІ АҒЫМДАРҒА КЕТІП ЖАТҚАНДАРДЫҢ КӨБІ – ОРЫС ТІЛДІ АЗАМАТТАР

 «Қ.Ә»: Жат діни ағым өкілдері қатарларын толықтыруда қандай амалдарға жүгінеді? Наным-сенімдерін кеңірек насихаттаудың құралы ретінде қандай методикаларды қолданады? Олардан сақтанудың жолы қайсы?

Қанат АЛШЫНБАЕВ: Жас буында, әсіресе, дін мәселелерінде дұрыс түсінік қалыптаса қоймайды. Сол түсінігін кеңітеміз деп олар әлеуметтік желілерге жүгінеді. Әлеуметтік желілердегі жағдайды өзіңіз де білесіз. Кез келген ағым өзінің идеологиясын насихаттау үшін осы жолды барынша пайдаланады. Осы әлеуметтік желіде әртүрлі айлалармен, технологияның даму жетістіктерін пайдалану арқылы «рекруттік» шараларын кеңінен іске асырады. Ол жерде олар каналдар, топтар ашып, үгіт-насихатын жүргізеді. Құзырлы орындар оларды құрықтау үшін барын салып, каналдар мен топтарды бұғаттап жатса да, олар басқасын ашып үлгереді. Бұл тұста әлеуметтік желілердегі каналдар мен топтарды жабу процесі ұзақ та, ал қайта ашу процесі оңай екенін атай кету орынды.

Әлеуметтік желідегі жұмысқа қоса, жер-жерде арнайы орталықтар ашылып, қыруар жұмыстар жүргізілуде. Оған қаражат белгісіз бір жолдармен сырттан келетіні сөзсіз. Осындай орталықтарда кезінде араб тілін оқытамыз деп, қанша жастарымызды арбады. Діни әдебиеттерді аударып, тегін таратты.

Жастардың діни көзқарасына олардың ата-анасы әсер ететінін естен шығармауымыз керек. Көп жағдайда солай болады. Ата-ана бір көзқараста, бала басқа көзқараста болу – өте сирек кездесетін жағдай. Сондықтан жат діни ағымдар өкілдерінің санының артуының бір себебін осыдан көруге болады.

Жастарымызды ондай жат идеологиядан сақтауымыз үшін олардың бойында иммунитет қалыптастыруымыз қажет. Мұндайды біз қоғамда профилактикалық, яғни алдын алу жұмыстары деп жатамыз. Міне, осы жұмыс барысында қоғамға, әсірессе, жамағатқа, оның ішінде жастарға дәстүрлі дін принциптерін насихаттауымыз, түсіндіруіміз қажет. Діннің негіздеріне не жатады, дініміздің елге келу тарихы қандай, ата-баба ұстанған жол қандай болғанын кеңінен баяндауымыз керек. Одан қалды әдет-ғұрыптарымыз, салт-дәстүріміз қайдан бастау алады, негізі қайда екенін көрсетуіміз ләзім. Кейін жат діни идеологиялардың пиғылын анықтап көрсетіп, олардың бұрыстығын баяндап беруіміз керек. Оларды осылайша сақтандыра аламыз.

Эьмира ОТАР: Дәстүрлі дінді насихаттаушылар мен дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттаушылардың айырмашылығы – деструктивті діни ағымдардың заманауи технологияны жақсы қолдануында. Мысалы, қазіргі технологиялардың , әлеуметтік желілердің пайда болмаған кезінде, яғни 90-жылдары салафиттік ағымдар тапсырыс беріп, кітаптарын Ресейден алдыратын. Себебі, КСРО кезінде кітап оқу сәнге айналды, ал 90 жылдары газет пен кітап жұмыссыз халықтың ермегі болды. Сондай деструктивті  ағымдар кейін экранға ауыз салды. Түрлі әлеуметтік желілерге, ғаламтор беттеріне жігерлендіретін видеороликтер жібереді, пабликтерге қатысады. Қызықтырып әкететін контенттермен санаға ене бастайды. Алғашында қабылдауға жеңіл ақпараттар ұсынады, содан соң тақырыптары сатылап өсіп, ақыр аяғы «ата-анаңмен бірге тамақ ішпе, ол – кәпір» деген сынды қатерлі идеялогияларын емін-еркін жүргізе береді.

Ал енді дәстүрлі ислам дініндегі мұсылмандардың саны барынша көп болғанымен, салыстырып қарасақ, олардың қазіргі заманауи технологияларға бейімделу процесі баяу жүруде. Мысал үшін Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ресми сайтын алып қарастырайық. Контенттері бірден қабылдауға, түсінуге қиын тілде жазылған. Тағы бір кемшілігі – ақпараттың 90%-і қазақ тілінде ғана. Деструктивті діни ағымдарға кетіп жатқан кімдер? Олардың көбі – орыс тілді азаматтар. Заманауи технологияларды дұрыс қолдана алмау, ақпараттың жеткілікті дәрежеде таратылмауы, дәстүрлі емес діни ағымдардың  өз «өнімін» бос нарыққа оңай сатуына жағдай тудырып отыр. Бұл – дәстүрлі діни ұйымдардың ғана емес, біздің мемлекетіміздің бейімделмеуінен. Яғни, мәселенің салдарымен күреседі, ал оның алдын алатын шаралар баяу жүргізіліп, кейде қағаз жүзінде қалып қойып та жатыр. Сол себепті алдын ала бәрін жан-жақты қарау керек.

 

МЕМЛЕКЕТТІК АРНАЛАРДА ДІН ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ ҚОЗҒАЛМАҒАНЫ ДҰРЫС

 «Қ.Ә.»: Телеарналар мен әлеуметтік желілердегі уағыздардың шектен тыс көптігі дәстүрлі дінге теріс көзқарас қалыптастырмай ма?

Эльмира ОТАР: Ақпараттың берілуі қызықтыра алмауы, түсінуге ауыр болуы, ал діни арналарды халықтың көп бөлігі қарамауы дәстүрлі діндерге теріс көзқарас қалыптастыруға әсер етпейді деп ойлаймын. Әлеуметтік желілерде де дәстүрлі дін туралы керемет ақпаратты көрмедім. Мемлекеттік арналарда дін туралы әңгіме қозғалмағаны дұрыс. Себебі бұл біршама халықтың діни сауаты төмен болғанының кесірінен кері әсерін беруі мүмкін. Бұл ретте «Қандай кері әсері болуы мүмкін?» деген заңды сұрақ туады. Мысалы, тақырып бір көрерменді қызықтырды делік. Бірақ сол көрермен қызыққан тақырыбы туралы ғаламтор беттерінен іздеп, деструктивті діни ағымдардың уағызына ұрынуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік арналарда ұлттық, халықтық салт-дәстүрлерді, құндылықтарды, әдет-ғұрыптарды түсіндіріп көрсеткен, діннен гөрі бабалар жолын көбірек дәріптеген дұрыс.

Қанат АЛШЫНБАЕВ: Теріс көзқарас қалыптасуда уағыз-насихаттың көптігі емес, оның мазмұны негізгі роль атқарады. Қайта сол телеарналар мен әлеуметтік желіде дәстүрлі дін принциптерін насихаттайтын туындылар аздау болып тұр. Оның ішінде, орыс тілінде насихат өте аз деп айта аламыз. Осы аталған себептер кесірінен қазақ тілін білмейтін жастарымыз шетелдің орыс тіліне аударылған туындыларын тыңдап, соларға еріп кетті. Сол үшін діни насихат ешқашан көптік етпейді. Керісінше, барынша көбейтуіміз  қажет.

Дайындаған Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір