Жалынға оранған жастық шақ
29.05.2023
268
0

Базарбай Мәметов – XX ғасырдың алғашқы ширегінде қазақтың прогрессивті саяси ойының шиыршық атқан тұсында оқыған, ерте оянып, ел ісіне араласқан тұлға. Ол Ақпан төңкерісінен соң Алаш қозғалысының қатарына қосылып, 1917 жылғы шілде айындағы Жалпықазақтық съезде Жетісу облысынан бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылып және бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне (Шоро-и-Исламға) өкіл болып сайланады. Базарбай Мәметов Семейде 1918 жылы 1 Алаш полкін жасақтауға және Жетісу жерінде қазақ жігіттерінен Алаш сарбаздарын ұйымдастырып, Жетісуда
С.Аманжоловпен бірге аштыққа ұшыраған елге көмек комитетін құрады. Бұл – Базарбай Мәметов туралы аз-кем дерек. Төменде Базарбайдың жалынға оранған жастық шағы – оқуға ұмтылған талапкер кезі баяндалады.

Редакция

XX ғасырдың алғашқы ширегінде Жетісуда кең қанат жайған Алаш қозғалысының белгілі қайраткерлері Мұхамеджан Тынышбаев, Иса Тергеу­сізов, Ибрагим Жайнақов, Сатылған Сабатаев сынды өкілдерімен иық тіресе, Алаш автономиясының құрылуын көксеп қана қоймай, сол бір қатерлі жолда бел шеше қызмет атқарған қазақтан шыққан алғашқы заңгерлердің бірі Базарбай Маметовтың есімі өз дәрежесінде ұлықталып, туған халқына терең таныстырылмай келе жатқаны ащы шындық.
Алаш ардақтысының өмірі, қоғамдық-саяси қызметі жайлы зерттеу еңбектері, ғылыми жинақтар мен ғаламтордағы ақпараттар тым аз әрі жеткіліксіз. Ол деректердегі Мәметовтің өмірге келу уақыты да қайшылықты пікір тудырады. Осы мәліметтерге жүгінсек, Мәметовтің жер жәннаты Жетісуда жиделер бүршік жарып, Жер Ананың өзі дел-сал болып бусанып жатқан 1888 жылдың 20 мамырында дүние есігін ашқандығы баяндалады.
Ал сарғайған архив құжаттарында жоғары білімді заңгердің өз қолымен жазылған өмірбаяндық құжатында: «1888 жылы тамыз айында Жетісу губерниясы, Лепсі уезі, қазіргі Көктерек болысы (бұрынғы Балқаш-Лепсі болысы) Шілікті жайлауында руы Садыр, Асипов Мәметтің кедей отбасында дүниеге келдім» – деп тайға таңба басқандай анық көрсетіліп тұр.
Шілікті мекені қазіргі Жетісу облысы Алакөл ауданының Қызыл қайың (бұрынғы Саратовка) ауылынан Балқаш көліне қарай бет алғандағы қара жолдың Сарқан ауданына қарасты Көктерек ауылымен шекарасындағы құла дала, құба жонында көсіліп жатыр. Бірақ көңіл аударатын бір жайт – бұл жерлер ешқашан жайлау болған емес, теңіз деңгейінен 740 метр биіктікте орналасқан Қысқаш тау массивтерінің шығыс бетіндегі Қаратау жоталарына қарай жалғасқан аңғардағы қырлы жазық дала болып келеді.
Сонымен бірге архив деректерінде сақталған 1898 жылы август айындағы №319 нөмірлі Семиречье облысы Лепсі уезінің басшысына жергілікті жердің уезд дәрігері Закатальский мен учаскелік дәрігері Галиновтардың берген анықтамасында: «Выдано сіе вслъдствіе отношенія г-на Лепсинскаго Уъзднаго Начальника за №2825 отъ 24 августа 1898 года въ томъ, что представленный на освидътельствованія киргизъ Махить-Асановь Базарбай оказывается здоровъм правильнаго тълосложенія, на видь льть 8 и ему успъшно была привита предохранительная оспа» деген құжат бар. Міне, осы жерден Базарбай Мәметовтің алғашқы фамилиясы Махит-Асанов болып жазылғанын көреміз.
1909 жылғы ноябрь айында Лепсі уезі басшысы берген куәлікте Балқаш –Лепсі болыстығы управителінің сол жылғы 2 ноябрьдегі №462 донесениесі сай Базарбайдың Мәмет Асановтың ұлы екендігі жайлы жазылған.
Дегенмен 1911 жылы 2 маусымда Верный ерлер гимназиясын аяқтағаны жөніндегі Оқу ағарту министрлігі берген кейіпкеріміздің №1807 нөмірлі кәмелет­тік аттестатында оның аты-жөні Базарбай Мәметов болып жазылып, қалған ғұмырында Алаш ардақтысы осылай аталып өтті.
Алаш тарихында ойып алар орны бар азамат 1898 жылы он жасына толғанда білім алу мақсатында құжаттарын Верный қаласындағы ерлер гимназиясына тапсырады. Бұл орта оқу орнының тарихы 1876 жылдан бастау алады, алғашқыда гуманитарлы-филологиялық бағытта ашылып, бір жыл өткен соң оның жанынан Верный пансионы ұйымдастырылды. Қазына қаржысының негізінде жасақталған осы атақты пансионда өткен ғасырдың басында тәлім алған 42 жеткіншектің бірі Базарбай Мәметовтің өмірінде гимназияның алатын орны ерекше.
Ол жайлы өз биографиясында: «1898 жылы жасым онға толғанда мені ата-анам Верный ерлер гимназиясының пансионына қазына қаржысы арқылы білім алуға тапсырды. 1900 жылы пансионның дайындық курсынан соң емтиханнан өтіп, гимназияның төменгі әзірлік класына қабылдандым», – деп жазады.
Ашылғаннан кейін араға бес жыл салып Верный ерлер гимназиясы оқытатын негізгі пәндерімен бірге ежелгі грек, латын, неміс, француз тілдерін қоса үйрететін толық классикалық гимназияға айналып үлгерді. Жоғары оқу орындарына түсуге дайындайтын бұл мекеменің сегізжылдық толық курсын 1911 жылы 30 мамырда үлгілі тәртіппен ойдағыдай аяқтаған Мәметов білімін толықтырмақ мақсатта Семиречье әскери губернаторынан стипендия тағайындауын өтінеді.
Алайда, өтініші қолдау таппаған соң, маусым айында Ташкент қаласына жол тартып, Түркістан генерал-губернаторына өтінішпен кірсе де, жолы болмай тағы да тауы шағылады: «Білімімді ары қарай жалғастыра алмай және туған ел-жұрттан жырақта, ешбір таныссыз күнкөрістің өзі қиындыққа соқты. Енді амалдап нан тауып жеудің қамын ғана ойлап бір қызметке орналасуды ойластырдым. Осы мақсатпен жүргенде кездейсоқ Ташкент қаласына келе қалған танысым, азамат Тынышбаевқа жолықтым. Ол өз тарапынан Ұлы князь Константин Константиновтың канцелярия меңгерушісі – сол тұста Ташкенде айдауда жүрген полковник Беловпен таныстырып, одан көмек өтініп, егер мүмкіндік болса, жұмыс тауып беруін сұрады. Менің жағдайыммен танысқан соң ол Ұлы князға материалдық көмек сұрап жолыққанымды жөн көріп, өзі де қолқабыс көрсететінін айтты. Ұлы княздің жеке қабылдауында болып, өтінішім өтіп, маған бір жыл көлемінде айына 20 рубль стипендия тағайындады. Бірақ бір жыл өткен соң баяғы таршылыққа қайта тап болдым. Бұл тығырықтан шығуға Түркістан студенттер жерлестігі мен азамат Тынышбаев қол ұшын берген еді. Жаз маусымында қызмет жасап ақша таптым, сонымен қатар қыс айларында жалданып сабақ беріп, соның арқасында университет төлемақысы мен күнкөрісімді де айырдым», – деген жолдардан оның білім жолын қуған алғашқы жылдарында біршама қиындықтарға тап болғанын аңғарамыз.
Сонымен бірге бұл жазбалардан біз қазақтың ірі мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш Орда үкіметі төрағасының орынбасары Мұхамеджан Тынышбаевтың өзінің жерлесіне жат жерде таршылықта жүргенде қол ұшын беріп, қатарына тартқанын байқаймыз.
Базарбай Мәметов гимназиядағы оқуын ойдағыдай аяқтаған соң, әскери іспен айналысуды армандады. Осы мақсат­та Москва қаласындағы Алексеев әскери училищесіне барып, сынақ емтихандарын тапсыруды жоспарлайды.
Верный ерлер гимназиясының директоры В.Дейнеко 1911 жылғы 2 маусымда қол қойған №1833 куәлік те мұны растайды:
«Удостоверение
Дана сие Базарбаеву Маметову сыну киргиза, родившемуся 20 мая 1888 года, магометанского вероисповедания, в том что он, Маметов в 1910-1911 учебном году окончил курс в Верненской мужской гимназии и для дальнейшего своего образования, заявил желание поступить в Московское Алексеевское Военное Училище».
Алайда, біріншіден, оның тұрғылықты мекені 1804 жылдан бастап Казань оқу округіне қарайтын болғандықтан, екіншіден, сол кездегі Ресей империясының Әскери бағыныштылық жайлы Уставының 42-ші бабына сай бұратана халық өкілдері әскери қызметке шақырылмайтын болғандықтан, оқуын Қазан қаласында жалғастыруды жөн санады.
Татарстан Республикасының Ұлттық архивінің «Казанский императорский университет» деп аталатын 977-ші қорында 1911 жылдың 31 тамызында басталған «Дело о принятии в число студентов Казанского Университета Базарбая Маметовича Маметова» атты 28 беттен тұратын № 39903 іс тіркелген. Осы тарихи құжат Мәметов Базарбайдың аталмыш университеттің заң факультетіне студент болып қабылданғанын куәландырады. Университет қабырғасында жүріп қыр баласы оқытушы-профессорлар, доцент Завадскийден «Гражданское судопроизводство», Миролюбовтан «Уголовное судопроизводство», Доманжодан «Торговое право», Ульяницкийден «Международное право», Пионтковскийдан «Уголовное право», Симолиннан «Гражданское право», Соколовтан «Церковное право», Зальскийден «История философии права» мен «Энциклопедия права», Ивановскийден «История русского права» мен «Государственное право», Колотинскийден «История римского права», Никольскийден «Политическая экономия» мен «Финансовое право», Матвеевтен «Полицейское право», Дормидонтовтан «Система римского право», Овчинниковтан «Статистика» пәндерін оқып, әрқайсының мағыналы дәрістерін тыңдап, емтихан сынақтарын ойдағыдай тапсырады.
Сөз арасында, 1887 жылы сол кездегі Ресей империясының алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі саналатын осы Қазан университетінің заң факультетінде большевиктер партиясының негізін қалаушы, Қазан төңкерісін ұйымдастырып, Кеңес билігін орнатқан Владимир Лениннің (Ульянов) де 1 курста оқығанын айта кетуге болады.
Алғашқы жылдары қаражат тап­шылығын көріп, қатты қиналған Мәметов өзінің Семиречье облысы Әскери губернаторына стипендия тағайындау жөніндегі жазған өтінішіне 1912 жылдың 9 апрелінде генерал-майор М.А.Фольбаумнан оған стипендия тағайындай алмайтыны, осы Қазан университетін бітірген Аманжоловқа беріліп отырған шәкіртақы енді басқа бір студентке төленетіні жөнінде № 4915 жауап алады. Дегенмен одан кейінгі уақыттардағы сауатты жас студенттің әртүрлі инстанцияларға үзбей жазған өтініштері аяқсыз қалмайды. Мұны 1914 жылдың желтоқсан айындағы Лепсі уезінің басшысы полковник Авдиев өзінің кеңсе іс жүргізушісі Н.Шебалиев арқылы Қазан университетінің ректорының атына «Мәметов мырзаға январь, февраль, март айлары үшін 120 рубль ақша аударғаны жайлы №5263 түбіртекті» жолдаған хабарламасынан байқаймыз.
Базарбай Мәметов университетте заңдарды жетік меңгеріп, құқық саласы бойынша іргелі де тиянақты білім алуымен қатар, үлгілі тәртібін байқатады. Ол жайлы университет басшылығы студент құжатында ерекше атап өткен. Осы жылдары қыр баласы Базарбай алғаш рет жоғары оқу орны мен қаланың қоғамдық істеріне де белсене араласа бастайды.
Тарихи құжаттардан XIX ғасырдың соңында Ресей астанасы Санкт-Петербургте, сонымен бірге басқа да ірі қалалардың жоғары оқу орындарында «Землячество» деп аталатын астыртын ұйымдардың кеңінен қанат жайып, көптеп құрыла бастағанын білеміз. Отанынан жырақта жүрген жерлестердің басын қосатын мұндай ұйым құрудың негізгі мақсаты – бір өлкеден шыққан студент жастардың бір-бірімен етене жақын араласуы, өзара қолдауы мен мұқтаждарына материалдық көмек көрсетуі болатын.
Осындай «Жерлестер» ұйымының жиналыстарында қазақ жастары революциялық мазмұндағы листовкаларды талдады. Олар демократиялық сипаттағы теңдік пен билік, қазақ даласында орынға бастаған отаршылдық пен әділетсіздік, күрмеуі қиын жер даулары, көшпелі халықты сауаттылыққа шақыру, мәдени-ағартушылықпен айналысудың қажеттілігі ең негізгі әрі өзекті мәселе ретінде жиі көтеретін.
Заңгер болуды армандаған Базарбай Мәметовте Қазан қаласындағы мұндай жерлестер жиындарына жиі қатысып, Ресейдегі мұсылман студенттерінің басын біріктіретін съезд өткізу идеясын бар жан-тәнімен жақтап, жас жігерін жаныды. Мәметовтің саяси көзқарасының қалыптасуы Ресейдегі аласапыран заманға сай келді, мұндағы алғашқы партиялардың құрылуы, олардың өзара бәсекелестігі, таптар күресінің шиеленісуі, қоғамдық қозғалыстардың асқынып, билік үшін тайталастың қайнап тұрған ортасында өтті. Ол осы оқиғалардың тікелей куәгері болып, қоғамдық белсенділік пен саяси күрестің тамаша тәжірибесін жинақтады.
Қазан университетіндегі профессорлардың арасында прогрессивті социал-демократиялық құндылықты көксеуден бастап, радикалды революциялық идеяларға дейінгі аралықты қамтитын түрліше ой айтып, пікірталастыратын, студенттердің санасын сергітетін нағыз ағартушылар да көптеп кездесетін. Еуропа мәдениетінің өнегесін көріп, ғылымның озық үлгілеріне қаныққан зиялы қауым өкілдері студенттерді өздерінің құнды еңбектерімен таныстырып, терең білім нәрімен сусындатты.
Саналуан көзқарасты ұстаздардан тәлім мен тәрбие алып, Ресейдің қайнаған саяси-қоғамдық өміріне етене араласқан жас Базарбайдың саяси санасы ерте оянды. Жат жерде жүріп алғаш рет туған ұлтының тағдыры үшін алаңдап, қалың қазақтың аянышты хәліне жаны ашыды. Оның шарасыздығына қатты налып, елін отаршылдық езгіден құтқарудың жолын іздеді.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында тек Қазан университеті ғана емес, сонымен бірге Қазан ветеринариялық институтында жоғары білім алған ат төбеліндей қазақ студенттері Ахмет Бірімжанов, Садық Аманжолов, Әбубәкір Алдияров, Уәлитхан Танашев, Махмұд Шолтыров, Мұхамеджан Қарабаев, Мұхаммед-Қазы Шотаев, Шафкат Бекмұхамедовтар кейін мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, белгілі ғалымдарға айналды. Қазақстанның ғылыми, мәдени және қоғамдық-саяси өмірінде айтарлықтай із қалдырған аталмыш зиялы азаматтармен қоян-қолтық араласқан Базарбай Маметов олармен бірге елінің болашағы жайлы көкейкесті мәселелерді талқылады, туған халқын өркениет көшіне ілестіруді армандады.
1886 жылы Ресей университеттерінде енгізілген жаңа Устав оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер үшін тым қатал талаптар енгізіп, бұрын жоғары оқу орындарында үрдіс болып қалыптасқан демократиялық дәстүрлерді қыспаққа алған еді. Соған қарамастан, Қазандағы астыртын жұмыс жасайтын әртүрлі саяси ұйымдар мен кружоктар қатарларына қазақ студент жастарын тартып, өз идеяларымен еліктіретін. Елінің бостандығын аңсаған Базарбайдың либералдық-демократиялық көзқарастары осы жерде қалыптасты деуге толық негіз бар.
1916 жылғы 22 апрельде Қазан университеті заң факультетінің 4 курс студенті Базарбай Мәметов оқу орнының басшысына төмендегідей өтініш жазады:

«Его Превосходительству господину Ректору

Императорского Казаньского
Университета

Прощение

Имею честь просить Ваше Превосходительство выдать мне, прослушавшему все семестры и выполнившему все зачеты юридического факультета вверенного Вам Университета, надлежащее выпускное свидетельство и документы для предоставления в комиссию государственного экзаменов».
Өтінішінің соңына Верный ерлер гимназиясының толық курсын аяқтағаны жөніндегі №1807 аттестат, тәртібі жөніндегі №1966 анықтама, туу жөніндегі №3499 анықтама қағаз (метриканың орнына), денсаулығы және шешек ауруына қарсы егілгендігі жөніндегі №319 куәліктер тіркеледі.
Үш күн өткен соң, яғни 1916 жылы 25 апрель күні ол арнайы куәлік алып, мемлекеттік сынақтар тапсыру үшін комиссияға жолданды. Олардың бәрінен сәтті өткен жас маман қолына көптен армандаған дипломын алды.
Сол заманға сай алдыңғы қатарлы классикалық университеттік білімді игеріп, Жетісуға жеткен Мәметовтің өміріне Қазан қаласы айтарлықтай ықпал еткені анық. Болашақ алашордашыл мұндағы ғылым ордасында саяси мәдениетті азамат болып қалыптасу жолынан өтті. Дәл осы жерде Алаш ардақтысының елінің ертеңі мен егемендігі үшін басталғалы тұрған аяусыз саяси күресінің негізі қаланды.
Жас заңгер Базарбайдың атамекеніне оралған кезі бүкіл Қазақстанды шарпыған 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың басталуымен тұспа-тұс келді.
Жастық шағын от жалынға орап, елі үшін басын бәйгеге тіккен Базарбай Мәметов өзінің алдағы ғұмырында оны саяси күрестің туын желбіреткен жеңісті жылдары мен адам төзбес санқилы азабы күтіп тұрғанын, әрине білген жоқ еді…

Есенай Іңкәрбаев,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті,
саяси ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір