«Енді бұл жерге келмейікші», – деп айтқан едім
02.09.2021
486
0

Хава Ашаханова – шешен ұлтының қызы. Қазақ елінде дүниеге келген ол  тарихи Отанын жақсы көретінін айтады. Кішкентай кезінен қазақ тілінде еркін сөйлеп өскен Хава сұхбат барысында  тіл үйренудің аса қиын болмағанын да тілге тиек етті.

 –  Хава, шешен ұлтынан екенсіз. Туған еліңіз, туған жеріңіз жайлы айтып берсеңіз?

– Иә, ұлтым – шешен, брақ туған жерім, елім – Қазақстан.  Қазақстанда дүниеге келдім, Чечняны бес жасымда барып көргенмін, содан бері 15 жыл өтіпті.  Сол себепті Чечня жайлы ештеңе білмеймін десем болады, ол жерде, мен барғанда, соғыс аяқталып, елдің  енді-енді ғана еңсе тіктеп  жатқан кезі еді. Кішкентай болғандықтан, сол тұста көргендерімнен  шошыған едім,  құлаған ғимараттарды, сынған көліктерді  көріп анама:  «Енді бұл жерге келмейікші», – деп айтқан едім,  ал қазір туған  елге бару арман болды. Естуім бойынша, ол жер бүгінде күннен-күнге дамып, туристік жерлердің  біріне айналуда.  Әрі «адамдары өте қонақжай» деседі.

–  Қазақ тілінде жақсы сөйлейтініңізді байқадық.  Жалпы, қазақ тілінің қандай өзгешелігі бар деп ойлайсыз? Бұл тілде сөйлеу, тілді үйрену қиын емес пе?

– Қазақ тілін  мектеп қабырғасынан  үйрене бастадым, бастауыш сыныпта оқып жүрген кезден қазақ тіліне деген ықыласым зор болды десем, артық айтқаным емес. Сыныптастарымның  бәрі – қазақ, солармен араласу арқылы тілді тез әрі оңай үйрендім. Жолымның болғаны, қасымда тек қазақша сөйлейтін  қыз отыратын,  кейіннен ол менің ең  жақын құрбыма айналды. Сонымен ойнап тілімді дамыттым және көп кітап оқып, қазақша кино көрдім. Осылайша, қазақша еркін сөйлей алатын деңгейге жеттім.  Мүмкін кішкентай кезімнен осы тілде сөйлеуге талпынғандығымнан әрі  ортам таза қазақ тілінде сөйлегендіктен  шығар, мен үшін қиын болмады. Айтып кететін  жайт,  қазақ тіліндегі кейбір сөздер біздің тілімізде де бар. Мысалы, қазақ тіліндегі «ет» сөзі шешен тілінде  «сиыр» деген мағынаны,   «шөп» сөзі «көбік» деген ұғымды  білдіреді. Ал кейбір әріптеріміздің айтылуы ұқсас  болғанымен,  жазылуы басқа. Мысалы, «қ» әріпі шешенше «къ»  деп жазылады.  

Ата-анаңыз да қазақ тілінде жақсы сөйлей ме?

– Әкем негізі мен сияқты Қазақстанда өмірге келген. Бірақ,  өзіңіз де білесіз ғой, ол кезде  барлық мектеп, интернаттар орыс тілінде болды. Әкем қазақ тілін тәуелсіздік алғаннан кейін үйрене бастады. Сол себепті ол қазақ тілін  орташа деңгейде біледі әрі акцентпен сөйлейді.

 Анам Чечняда туғандықтан, оңай, күнде естіп жүрген сөздерден хабардар болғаны болмаса,  қазақ тілін аса жақсы білмейді. Ал ағам қазақ тілінде жақсы сөйлейді, ол да мен оқыған қазақ мектебін бітірді.

– Қандай оқу орнында оқисыз?

– Мен қазір  Қазақ-Америка университетінің  4-курс студентімін. Мамамдығым –  халықаралық қатынастар. Негізі орыс факультетіне түстім. 11 жыл қазақша оқып,  орыс тілді ортада оқу алғашқы кезде қиын болды. Уақыт өте үйреніп қалдым. Басында группамда қазақша сөйлегенде,  сабақты қазақша айтып жүргенде  бәрі таң қалатын.  Қайдан,  қалай үйренгенімді сұрайтын.  

Қазір оқудан бөлек, сән саласында   жұмыс істеймін. Жұмыста  көпшілікпен  қазақша сөйлескенде  бәрі таңданып, мақтап жатады. Мақтау сөз  естіген өзіме   ұнайды әрі мұндай мәндегі сөздер өте жағымды естіледі (күліп).

 

–  Қазақ тіліндегі көркем шығармаларды оқып тұрасыз ба? Қандай ақын-жазушылар, қандай туындылар ұнайды?

 

– Шыны керек, оқушы кезімде қазақ қаламгерлерін жиі оқитынмын.   Қазір уақыт бола бермейді.  Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын, Абай Құнанбаевтың  қара сөздерін, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқығанды жақсы көремін.   

М.Әуезовтің «Абай жолы» – тәрбиелік мәні зор  кітап. «Абай жолы»  арқылы  қазақ прозасы күллі дүние жүзі бойынша әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. Әуезов өзінің төрт томдық роман-эпопеясы   арқылы бүкіл дүние жүзіне, қала берді, өз отандастарына қазақ дегеннің кім екенін танытты.  Абайдың қара сөздері білім алуға, мәдениетке, өнерге ұмтылуға шақырады. Мұқағали Мақатаевтың жырлары кез келген жанның жандүниесімен үндеседі.  

–  Қазақ ұлты мен шешен ұлтының болмысында, әдет-ғұрпында ұқсастықтар бар ма?

– Ұқсастықтарымыз бар.  Екі халық та айт, құрбан айт, байрам, яғни діни мерекелерді  тойлайды. Ал айырмашылығымыз көп. Мысалы, той, туған күн т.б. мерекелік  шараларды  біз басқаша тойлаймыз. Бізде  тойда  күйеу жігіт және қыз жақтан туысқандар болмайды. Туған күнді тек туысқандармен ғана үйде тыныш тойлаймыз, қыздарымыз ұзын көйлек киіп, бастарына орамал салады.

– Алдағы уақытқа  қандай жоспарларыңыз бар?

Алдымен  оқуды  бітіріп диплом алу әрі жұмыстан айырылып қалмау. Ал  қалғанын  көре жатармын, алдын ала айту қиын.

– Сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір