РЕСЕЙДЕ ЖҮРІП, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АТЫНАН КҮРЕСУДІ АРМАНДАДЫМ!
20.08.2021
542
0

Грек-рим мен еркін күрестен Қазақстан Олимп шыңын бағындырмағанына да ширек ғасыр болды. Мельниченко 1996 жылы Атланта олимпиадасында өзін мойындатқалы бері бұл асу біз үшін тағы да алынбайтын қамалға айналған-ды. Кешегі Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыхановтардың қалай атой салғанын көрген аға буынның қазіргі жас буыннан да сондай жүлде дәмететіні сөзсіз.

Биыл Күншығыс елінде өткен байрақты бәсекеде ел Нұрислам Санаевқа үміт артты. Осыған дейін 2018 және 2019 жылғы әлем чемпионатында күміс пен қола медальға қол жеткізген Санаевтан алтын күтуіміз де заңдылық еді.

Бірақ арманның бәрі орындала берсе, оның несі арман? Токио бозкілемінде қоланы қанағат қылған Нұрислам елге келген соң ерекше мәрттігімен жұртты тәнті етті. Токиода жүлдегер атанған спортшыға мемлекет әдеттегідей сыйақы тағайындаған. Мемлекет берген осы 75 мың АҚШ долларын ол жетім-жесір мен көп балалы аналарға, науқас балаларға бөліп беретінін мәлімдеді.

Нұрисламның о бастағы аты-жөні Артас Сана. Ол 2016 жылы Қазақстан азаматтығын алып, ислам дінін қабылдап, есім-сойын Нұрислам Санаев деп өзгертті. Токио олимпиадасынан кейін Нұрислам Санаев туралы алып-қашпа әңгімелер әлеуметтік желіде басылмады. «Ол қазақтың ақшасы үшін ғана келген легионер. Қазақты қайтсін?» деп жазғандар да, «Өз елімізден жүлде алатын бір қазақ шықпады ма?» деп жазғырғандар да жетеді. Бірақ, Нұрисламның «Мемлекет берген сыйақының бір тиынын да өзімде қалдырмай қайырымдылыққа жұмсаймын» дегені көп ауызға құм құйған секілді. Мұндай мәрттік қазақ күресінің тарихында әлі күнге болмаған. Біз жомарт көңіл иесімен көзбе-көз сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Нұрислам, өзіңнің туып-өскен жерің, отбасың туралы қысқаша мәлімет бере кетсең.

– Менің туып-өскен жерім – Ресей Федерациясының құрамындағы Тыва республикасының Чадан қаласы. Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың туған қаласы. Мен де осы қалада 1991 жылы дүниеге келдім. Атам мен әжемнің қолында өстім. Олар шаруашылықпен айналысты. Соған байланысты үнемі көшіп-қонып жүретін. Өз әке-шешем де қарапайым шаруашылықпен айналысқан адамдар. Туған апайым бар. Тұрмыста. Екі баланың анасы. Соңымнан ерген жалғыз бауырым бар. Ол да жеке шаңырақ көтерген. Бір баланың әкесі. Өзім де отбасылымын. Екі балам бар. Үлкені 5 жаста. Аты Хамза.  Кішісі осы күзде үшке келеді. Есімі Әли. Әйелім педиатр-дәрігер. Томдағы медицина университетін бітірген.

– Күреспен неше жасыңнан бастап айналыстың?

– Күреске қалай барғаным әлі көз алдымда. Ол күнді ұмытпайсың ғой. Төртінші сыныпта оқып жүргенімде бір күні денешынықтыру сабағына бір жігіт келіп, «Күрес секциясына жазылғысы келетіндер бар ма?» деді. Мен ойланбастан жазылдым. Біздің сыныптың балаларының бәрі күреске жазылды. Сөйтіп мен сыныптастарыммен күреске бірге барып, дайындалып жүрдім. Маған күрестің әліппесін үйреткен ең алғашқы ұстазым Артур Кууларович болатын. Мен сол кісіден күрестің қыр-сырын үйрендім. Яғни, күрестегі іргетасымды сол Артур Кууларович қалап берді.

– Қазақстанға қалай келдің?

– Красноярскіде күресіп жүргенімде Қазақстан ұлттық құрамасының киімдеріне қызығатынмын. Бізге оқу-жаттығу жиындарына Қазақстаннан палуандар келетін. Киімдерінің дизайндары көз тартардай керемет. Сол жігіттермен сөйлесіп, әңгімелескен маған ұнайтын. Әлем біріншіліктерінде, Олимпиадада қазақ спортшылары мінбеде тұрғанын көргенде қызыға да қызғана қарайтынмын. Ішімнен осы спорттық киімді киіп, мен де көк туды көтеріп шықсам ғой деп армандайтынмын. Сол кезде, Красноярскіде дайындалып жүргенімде мен Қазақстан азаматтығын алмай тұрып, Қазақстанның ұлттық құрамасының спорттық киімдерін киіп, олимпиада мінберінде тұрғанымды елестетіп содан шабыт алатынмын. Тәубә, Көк байрақты көтеріп, Қазақстанның атынан байрақты бәсекелерде күресу бақыты бұйырды. Арманым орындалды!

Мені Ресейден Қазақстанға шақыртқан үлкен жүректі азамат, меценат, елінің патриоты, бір жақсы аға болатын. Ол кісі 2014 жылы менімен кездесіп, «Артас, сен олимпиаданы ұта аласың ба?» деп сұрады. Мен ойланбастан «ұта аламын» дедім. Ал менің бапкерлерімнің ешқайсысы маған сенбеді. Сол кезде мені шақырған аға: «Бұл түбінде олимпиаданы ұтады. Мен оған сенемін!» – деп, мендегі үміт отын үрледі. Маған сенген жалғыз адам осы аға ғана еді. Сол үшін оған көп рахмет! Ол кісінің сенімі болмаса мен осындай атақ-дәрежеге жете алар ма едім? Жете алмас па едім?. Кім біледі…

– Олимпиада демекші, Токио кілеміне оралсақ. Жартылай финалда үнді палуаны Рави Кумармен болған күресіңіз күрес әлемінде біраз дау тудырды. Үндістан жағы қазақ палуаны Санаев біздің палуанды тістеп алды деп мәлімдеді…

– Жартылай финалда мен оны жеңуім керек деп шықтым. Шынымды айтсам, мендегі оны жеңу керек деген сол кездегі құлшынысты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен Рави Кумармен осыған дейін екі рет кездесіп, екеуінде де жеңіліп қалған болатынмын. Ал Токиодағы жартылай финалға келсек мен оны жеңіп жатқам. Бірақ сол жағдайдың қалай болғанын өзім де түсінбей қалдым. Эмоцияға қатты беріліп кетсем керек. Тістеп алғанымды да білмеймін. Автоматты түрде тістеп алған шығармын. Дәл сол сәтте, дәл сол күні білген жоқпын. Ертеңінде бір-ақ білдім. Оның өзінде досым фото жібергеннен кейін бір-ақ білдім.

– Болашағыңды осы елмен байланыстырасың ба?

– Әрине. Маған Қазақстанда тұрған ұнайды. Әсіресе, Ақтөбеде. Өте керемет, ғажайып қала! Халқы менің жүрегімнен орын алды. Қанымен де, жанымен ерекше жақын маған. Қазақстан – менің екінші үйім, Отаным! Осы елде менің қаншама аға-бауырларым, достарым тұрады.

Менің ендігі арманым, өзімнің жеке күрес мектебімді ашып, қазақ балаларын күреске дайындау. Ауыл-ауылдан, жер-жерден көзінде оты бар, жанып тұрған балаларды жинап әкеліп, мектеп-интернат сияқты бір жерде жаттықтырсам деймін. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен, қолы қысқа отбасылардың спортқа икемі бар балаларын қанатымның астына алсам деймін. Бассейні бар, заманауи жабдықталған мектеп ашсам, өзімнің күрестегі тәжірибемді соларға үйретсем. Бәрі бір жерде оқып, бірге тамақтанып, бірге ұйықтап, бірге дайындалатын, бір отбасының балаларындай орталық жасағым келеді. Жеңіске шөлдеп жүрген жас балалардан нәтиже шығады. «Аш қасқыр жақсы қасқыр» демей ме?..

–  «Мемлекет берген сыйақының бәрін науқас балалар мен жетім-жесірге аударамын», – деген мәлімдемең әлеуметтік желіні шарлап кетті. Мұндай мәлімдеме жасауыңа не себеп болды?

– Бұл менің бала күнгі арманым болатын. Мен ес білгелі қиыншылықты, жоқшылықты көріп өстім. Сол кездегі бала арман мені биік белестерге жетеледі. Ең алғаш спортқа қадам басқанда олимпиадада топ жарып, мұқтаж жандарға көмектесу басты арманым болатын. Бүгінде сол арманыма қол жеткізіп отырмын. Мемлекет тарапынан маған берілетін қомақты сыйақыны мұқтаж отбасылар мен науқас балалардың еміне жұмсамақпын. Елімізде бақытты отбасылардың саны көп болсын деп тілеймін. Қаржы маған әлі түскен жоқ. Министрлік бір айдың ішінде түседі деді. Біз қазір осы ақшаға мұқтаж жандарды анықтап жатырмыз. Хабарласып, көмек сұрап жатқан қайырымдылық қорлары да көп. Біз бірақ бұл ақшаның шын мұқтаж адамдардың қолына тапсырылғанын қалаймыз. Мен маңдай теріммен тапқан ақшамның танымайтын қорларға аударылуына қарсымын. Бұл қаржының науқас, жәрдем керек балаларға жетуін өзім қадағалаймын. Бұл жұмыстармен менің қасымдағы ағам Дәурен Жапасов айналысатын болады. Қазір Дәурен ағам тізімін жасап, мұқтаж балаларды анықтап жатыр. Менің көмегімнің арқасында бір бала болсын жазылып шықса сол мен үшін бақыт, мен үшін үлкен абырой!

– Артас Сана деген аты-жөніңді өзгертіп, Қазақстанға көшемін дегеніңді үй-ішің қалай қабылдады?

– 2016 жылы Бразилиядағы олимпиаданың алдында мен Нұрислам Санаев деп аты-жөнімді өзгерттім. Өйткені, олимпиадаға Қазақстанның атынан қатысып отырғандықтан қазақша атпен шыққым келді. Мені Тывада бәрі Артас Сана дейді. Қазақстандағы достарым Нұрислам десе, кейбірі Артас дейді. Ал, үй-ішіме келетін болсақ бұл менің отбасыммен бірге ақылдасып жасалған шешім еді. Ешкім қарсылық білдірмеді.

– Қазақ тілін үйрену саған қиындық тудырған жоқ па? Қанша айда үйрендің?

– Мен бұрын қазақша білмейтінмін. Қасымдағы қазақтардың не айтып жатқаны өзіме де қызық болды. Сосын ойландым, мен ҚР азаматымын. Қазақстан азаматы қазақша білмесе бұл өте ұят жағдай ғой. Интернеттен репетитор жалдадым да, содан оқыдым. Қазір менің өзіме де жаман болған жоқ. Қазақша білемін, сөйлей аламын. Әлі де дами түсу үшін үздіксіз оқып жатырмын. Мен ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарында жүргенімде бір кітаптан мынадай дүние оқыдым, сол кітапта Бауыржан Момышұлы атамыз: «Мен үш нәрседен қорқамын. Біріншіден, балаларына бесік жырын айта алмайтын аналардан қорқамын. Екіншіден, немерелеріне ертегі айта алмайтын аталардан қорқамын. Үшіншіден, бір-бірімен қазақша сөйлеспейтін қазақтардан қорқамын» деп жазыпты. Осы үш сөз маған қатты ұнады. Өсіп келе жатқан кейінгі жастарға айтарым Қазақстанда тұрасыңдар ма? Қазақ тілін білуге тиіссіңдер!

– Тывалықтар мен қазақтардың салт-дәстүрінің арасында айырмашылық бар ма?

– Қазақ пен Тыва екеуі кезінде бір халық болған. Тағдырдың тәлкегімен, тарихтың соқпағымен жолдары екіге бөлінді. Тывалықтар да, қазақтар да көшпенді халықтар. Екі халықтың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Екі халықтың ортақ дәстүрлері көп. Өте көп. Мысалы, қазақтар Наурыз тойласа Тывада да тура сондай мереке бар. Шаға деп аталады. Тываның жаңа жылы. Тывада да Қазақстандағыдай тарыны тары, құртты құрт, қаймақты қаймақ деп атайды.

– Болашақта қайырымдылық қорын құрып, қайырымдылықпен айналысу ойыңда бар ма?

– Болашақта жоспарымда бар. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен науқас балаларға көмектесіп, қолымнан келгенін жасасам деймін. Шынымен де ақшаға мұқтаж, баласын емдеу үшін басын тау мен тасқа соғып жүрген ата-аналар қаншама? Соларға көмектессем мен үшін одан асқан қандай бақыт болмақ?

– Алдағы олимпиадаға қатысасың ба? Биыл қандай жарыстарда бақ сынамақсың?

– Иә, алдағы олимиадаға үш-ақ жыл қалды. Соған дайындалып жатырмын. Жеңіл салмақтағы жастар тез өседі. Бәсекелестік өте жоғары. Мықты жастар өсіп келеді. Солардан жеңісті жұлып алу да оңай емес. Мен жастарға үлгі болғым келеді. Спорт дегеніміз ол мейірімділік, ол достық, ол денсаулық! Қазақ жастары спортпен көптеп айналысып салауатты өмір салтын ұстанса! Өздерін өздері спортпен тәрбиелесе деймін. Ең бастысы, жастар мынаны түсінсе екен: Чемпион ол ылғи ұта беретін адам емес. Ұтылса да өз мақсатынан бас тартпай соған жеткен адам чемпион!

–  Әңгімеңе көп рақмет! Арман-мұратыңа жет!

 Арнайы «Қазақ әдебиеті» үшін сұхбат жасаған Оңғар ҚАБДЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір