ҚАЗАҚСТАННЫҢ «ДЖОАН РОБИНСОНЫ»
Жалпы түрік (түркі) әлемінде, оның аясында қазақ халқының, белгілі ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» көпғасырлық аумалы-төкпелі тарихында өзінің елі мен жұртының атын айға аспандатып, оларды әлемге паш ете білген талай даңқты дала арулары – аналарымыз бен апаларымыз: ел билеушілері (патшалар, ханшалар, сұлтаншалар, ру-тайпа басшылары), батырлар, ақындар, әншілер, сирек болса да, күйші-композиторлар болған. Олар біздің тот баспас алтын қорымыз, өшпес рухани байлығымыз болып қала бермек! Сонымен қатар олар, әрине, негізінен дәстүрлі қоғамның дүниетанымының, өркениеттік коды (культурный код) мен құндылықтарының айтулы жаршылары болды. Ал соңғы кездердегі модерн (заманауи) мен қазіргі постмодерн дәуірінде әлемдік және халықаралық аяда әсіресе музыка мен спорт, сирек болса да, білім-ғылым бойынша тарихи алаңға (аренаға) көптеген қазақ әйелдері, тіпті жас қыздар шығып, айырықша бой көрсете бастады. Бұл – аса қуанышты да мақтанарлық жайт! Менің осы қысқаша очеркім білім-ғылым саласының осындай бірегей өкіліне арналмақ.
Негізгі білімім бойынша қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия-экономика факультетінің түлегі ретінде және теориялық экономика, ғылымтану мен эпистемология (білімтану) саласындағы ұзақ жылдар бойы жүргізген оқытушылық-зерттеушілік қызметімнің нәтижесінде, мен әртүрлі дәуірлерде, әртүрлі елдерде экономика ғылымымен кәсіби түрде айналысып, оның тарихында белгілі із қалдырған үш әйел-экономисті білемін.
Ол – атақты ағылшын әйел-экономисі Джоан Вайолет Робинсон (1903–1983) «Жетілмеген бәсекелестіктің экономикалық теориясы» атты әйгілі монографияның авторы (Экономическая теория несовершенной конкуренци. М.: «Прогресс», 1986; Joan Robinson. The economics of imperfect competition. 1933). Егер де жалпы ғылым әлемінде «ғылымдағы әйел символы мен синонимы» екі дүркін Нобель сыйлығының иегері (физика және химия бойынша) атақты Мария Кюри болса, Джоан Робинсон сөзсіз, экономика ғылымындағы әйелдердің айшықты символы мен синонимы болып табылады! Оның ғылыми шығармашылығының танымалдығы соншалықты, оған атақты америкалық экономист Бен Селигменнің «Қазіргі заманғы экономикалық ойдың негізгі ағымдары» (Основные течения современной экономической мысли . М.: «Прогресс», 1968; Ben Seligman. Main currents in modern economics. 1963) атты классикалық тарихи-экономикалық монографиясында бірнеше бет арналған. Ол, менің пайымдауымша, тіпті экономика ғылымы тарихында Нобель сыйлығына толық лайықты, бірақ оны ала алмаған жалғыз әйел болды және де бұл жайт, тағы да менің ойымша, «идеологиялық» себептермен байланысты оның
К.Маркстің экономикалық іліміне деген ерекше қызығушылығы Нобель комитетінің қолдауына ие болмаған сыңайлы.
Ол – ресейлік әйел-экономист Мариям Семеновна Атлас (1912–2006), Мәскеу қаржы-экономика институтының саяси экономия кафедрасының меңгерушісі. Ол XX ғасырдың 60–80- жылдарында халықаралық және бүкілодақтық ғылыми форумдарда профессор Николай Александрович Цаголовпен
(27 жыл бойы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі №1 саяси экономия кафедрасын басқарған) тең дәрежеде пікірталасқа түсті. Айта кетейін, ол Қазақстанның Маңғыстау облысы, Жетібай ауылында туып-өскен (әкесі қуғындалған) және қазақ халқына деген аса ризашылығын білдірмек оймен, кейінірек өзінің институтының диссертациялық кеңесінде оның кафедрасында оқыған және көбінесе өзінің ғылыми жетекшілігімен дайындаған оншақты қазақстандық жас зерттеушілерге кандидаттық диссертацияларын қорғауға барынша көмектескен болатын. Бұл болса, «бір күн дәм татқан жерге – қырық күн сәлем» деген халқымыздың даналығына сай өте асыл да әділ әрекет екені даусыз!
Ол – біздің отандасымыз, менің эссемнің кейіпкері Әлида Түймебайқызы Әшімбаева, өкінішке қарай, ол ерте қайтыс болды (1955–2014). Ортамызда жүрген болса, биыл жетпіс жасқа толар еді.
Егер де профессор М.С. Атлас өзінің ғылыми еңбектерінен басқа, керемет теориялық эрудициясын әрдайым ашық түрде дәрістері мен пікірталастарда көрсетсе (жалаң мақтаныш үшін емес, шынайы да орынды), онда Дж. Робинсон да, Ә. Әшімбаева да өздерінің ерекше дарындылығын, зеректігін және мамандығына деген сүйіспеншілігін айқайламай-шуламай, аса тиянақтылықпен, ұқыптылықпен және мұқияттылықпен көрсете білді. Соңғы екеуі өз өмірінде басқа бір ережені басшылыққа алған сыңайлы: «Әйел адам, әдетте, еркекке қарағанда ақылдырақ, бірақ ол өзінің ақылын алдымен оны еркек сезбеу үшін жұмсайды» (Мэри Маккартни, американ жазушысы). Олардың, бұл жерде сөз болып отырған Әлида Түймебайқызының, бұл қасиеттері өздерінің негізгі монографиялары мен ғылыми мақалаларында, сондай-ақ көптеген терең ойлы және өте жауапты ауызекі сөздерінде, дәрістерінде, баяндамаларында, мемлекет органдарына жолдаған баянхаттарында айқын көрінді. Осы экономика ғылымы әлемінің аталмыш бірегей тұлғаларын салыстыру маған кезінде біздің отандық зерттеушімізді, нағыз ғалым-экономист Әлида Әшімбаеваны «экономика ғылымындағы қазақстандық Джоан Робинсон» деп атауға толық мүмкіндік берді және ол біздің еліміздің риясыз мақтан тұтуға барынша лайықты тұлғасы. Бұл әсте негізсіз емес тұжырымды әрі қарай ашып тарқатпақпын. Нақты айтсам, әңгіме кейіпкерімнің адами да шығармашылық болмыс-бейнесі туралы болмақ.
Осыдан бес жыл бұрын «Тұран» университеті Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері Әлида Әшімбаеваның 65 жылдығына арналған дөңгелек үстел өткізді. Онда оның терең де жан-жақты зерттеген ғылыми мәселелері мен жұмыстары талқыланды. Сол форумда оның бай шығармашылық мұрасына қалам тарту, талдау, зерделеу жұмыстары басталып та кеткен болатын. Кейін бұл оң үрдіс жалғасын табуда, болашақта да солай болары хақ деген ойдамын.
Әлида Түймебайқызын жоғалтқан сол жылдардан соң уақыт өте келе, оның қайталанбас болмысы мен бейнесі біздің жадымызда және жүрегімізде айқынырақ сезіле бастады. Бұған басты себеп, менің ойымша, кезінде Әлиданың докторлық диссертациясында, басқа да ғылыми мақалаларында терең де, жан-жақты зерттеп-зерделеген ел экономикасының өзекті мәселелерінің бүгінгі күнге дейін оңтайлы шешілмей отырғаны. Өкінішті-ақ! Бұл жайт біздің ата-бабаларымыздың «тау қашықтаған сайын биіктей түседі» деген даналығын тағы да растағандай, яғни
Ә. Әшімбаеваның мол ғылыми мұрасының бүгінгі күннің «жыртығын жамауға» аса қажет екенін баса айтпақпын. Олай болса, осы жерде өз-өзінен мынадай сұрақтар туындайды: қазақстандық экономика ғылымы аясындағы «Әшімбаева феноменінің» («Әшімбаева құбылысының») түп тамыры неде, бастауы қайда жатыр, бұл феномен (құбылыс) қалай қалыптасты және ол неден көрініс тапты? Енді осы сұрақтарға авторлық тұлғатану әдісімен қысқаша жауап беруге кірісейін.
Алдымен, мен Әлида Әшімбаеваның адами портретіне (болмыс-бейнесіне) тоқталмақпын. Кез келген адам баласының екі негізі, күретамыры, бастауы – жаратылыс табиғаты (табиғи жаратылысы) мен әлеуметтік ортасының «өнімі» болып табылатыны әу бастан белгілі. Табиғи жаратылысынан адам биологиялық кодты – гендер)-ді мұралайды да әлеуметтік ортадан өркениеттік кодты (культурный код) – мем(дер)ді (ежелгі грек тілінен «мимема» – еліктеу) мұралайды. Айта кетейін, «мем» терминін (атауын) өткен ғасырдың 70-жылдарында ағылшын ғалымы Ричард Докинз «ген» терминіне (атауына) ұқсас ретінде ғылыми айналымға енгізген болатын. Адам болмысының осы екі негіз-бастауына мен тағы бір жайтты (факторды) – адамның жеке өмір сүру салтын (стилін) қосамын.
Адамның гені, генетикасы ата-бабаларынан табиғи (биологиялық) жолмен қалыптасады және оның тән ерекшеліктерін түзейді: бойы, дене тұрқысы, жүріс-тұрысы, бет пішіні, психо-физиологиялық темпераменті (қызуқандылығы) – табиғи мінез-құлығы. Адамның мемі, меметикасы оның өркениеттік-адамгершілік-рухани ортасының әсер-ықпалымен қалыптасады: отбасылық тәрбиеден бастап, оның дүниетанымынан, құндылықтар дүниесінен және жалпы күнделікті әлеуметтік мінез-құлық мәдениетінен көрініс табады. Осы екі негізгі бастамадан адамның бірегей жеке өмір салты (стилі) қалыптасады. Баса айта кетейін, бұл үш фактор диалектикалық-полилектикалық бірлікте, менің пайымдауымша, жеке адамның адами болмысын, әлеуметтік мазмұны мен мәнін құрайды. Біраздан бері мен бұл авторлық формуламды, яғни «ген-мем-өмір салты» бірлігін «адамның үш тұғырлы тектілік формуласы» деп атап жүрмін. Бұл – өз алдына бөлек автордық теория, оған осы жерде арнайы тоқталмаймын. Тек ендігі жерде осы «адам тектілігі формуласының» айшықты көрінісі очерк кейіпкерімнің адами және шығармашылық бейнесінен орын алғаны жайлы айтпақпын.
Сонымен, қырық жыл бойы менің танып-білгенімше, Әшімбаева Әлидаға өзінің гені (генетикасы) бойынша ата-бабаларының (әсіресе әкесі Түймебай мен анасы Рашиданың) ең жақсы табиғи қасиеттері көбірек берілген: мықты да қуатты және бойшаң да оқтаудай тіке дене бітімі, жарасымды бет пішіні және жалпы сыртқы сымбаттылығы оған айрықша сұлулық пен әсемдік береді! Сонымен қатар, оның табиғи мінезінде флегматик пен сангвиниктің ең жақсы қасиеттері болған. Флегматиктен – сабырлылық, тыныштық, сенімділік, ойланғыштық, баяулық (сырттай қарағанда). Сангвиниктен – салмақтылық, байсалдылық, табандылық, іскерлілік. Оған холериктің сырттай «айқай-шулы» емес, ішкі мақсат-мұратына бағытталған қуаттылығы мен қайсарлығы, ал меланхоликтен – сезімнің тереңдігі мен ұзақтығы тән болды.
Өзінің мемі (меметикасы), яғни өркениеттік коды бойынша, Әлида Түймебайқызы тәрбиелілік, адамгершілік, әділеттілік, қарапайымдылық, шынайылық, игіліктілік, ізгіліктілік, адалдық, еркіндік, ұқыптылық сияқты қасиеттерімен белгілі болды. Мен бұл жерде Әлиданың ең басты энтелехиялық қасиетін (ежелгі грек тілінде «энтелехия» – биік мақсат-мұратқа бағытталған қозғаушы белсенді күш – адамның ерен жігер күші) ерекше атап өткім келеді. Ол оның, әсіресе өмірінің соңғы жылдары жазылмас ауруына қарамастан, өзінің саяси экономиялық жаухарларын (шедеврлерін) жасауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ол үй тіршілігінде де шеберлік пен ерекше аспаздық қабілеттерге ие болды, оны ол өзінің сүйікті әжесі мен анасы Рашида Оспанқызынан үйренді. Өз кезегінде, осы екі негіз (генетика мен меметика) үйлесімді түрде бір-бірін толықтырып, Әлида Түймебайқызының салауатты және рухани бай өмір салтының іргетасын құрады және бұл жағдаят оның жекебасына ғана емес, сонымен қатар жұбайы Рахман Алшанұлымен (экономика ғылымының докторы, профессор, «Тұран» университетінің негізін қалаушысы және ректоры, қоғам қайраткері) құрған отбасына, өздерінен өрбіген ұрпақтарына тән ортақ құндылық болды.
Енді Әлида Түймебайқызы Әшімбаеваның шығармашылық болмыс-бейнесіне тоқталайын.
Жалпы, кез келген өнер-ғылым адамының шығармашылық болмыс-бейнесі (образы, портреті), меніңше, екі құрамдас бөліктен (компоненттен) құралады: оның білімдік және кәсібилік деңгейінен. Өз кезегінде, адамның білімдік болмыс-бейнесінің өзі екі құрамдас бөліктен тұрады: оның жалпы білім деңгейі және арнайы білім деңгейі. Әлиданың жалпы білім дайындығына келетін болсақ, ол орта мектепті үздік бітірді, жалпы сауаттылығы (кітап оқу, жазу, сөйлеу), әсіресе әлем әдебиетіне деген құштарлығы зор болып, таңғаларлық жадқа ие болды.
Әлиданың арнайы білім дайындығының өте жоғары болуына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия-экономика факультетін үздік бітіріп, «Экономист. Саяси экономия пәнінің оқытушысы» мамандығын алуы, аспирантурада оқып, кандидаттық диссертациясын үздік қорғауы, кейінірек докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғауы айқын дәлел. Нәтижесінде, ол негізінен, арнайы саяси экономиялық білімге және кең эрудицияға ие болды.
Енді Әлида Түймебайқызының кәсіби болмыс-бейнесін қысқаша ашайын. Менің пайымдауымша, білім-ғылым адамының бұл портреті де екі компоненттен құралады: оның кәсіби ойлау ерекшелігі (стилі) және өзінің атқаратын рөлдік қызметі бойынша кәсіби мінез-құлығы. Кәсіби ойлау стилі бойынша Әлида Түймебайқызын ақылдылық, іргелілік (теориялылық, тұжырымдамалылық), кешенділік, жүйелілік, құрылымдылық, қисындылық, сыншылдық, әдістемелілік, салыстырмалылық (салыстырмалы талдау) қабілеттері және бай белсенді сөздік (ұғымдық-категориялық) қорға ие болуы сияқты қасиеттері ерекшелендірді.
Кәсіби рөлдік қызметтері аясындағы кәсіби мінез-құлығына келсек, Әлида Түймебайқызы – эрудит, сыншы, тиянақты, ұқыпты, тәуелсіз, дәлелділік пен дәйектілікке ұмтылушы, баяндамашы, диагностик, сарапшы, бір қалыпты модератор (модератор – баяндаманың, ғылыми шығармалардың әлсіз, осал жақтарына назар аударатын адам), бір қалыпты аниматор (аниматор – баяндаманың, ғылыми шығармалардың оң жетістіктері мен күшті жақтарына назар аударатын адам).
Әлида Әшімбаеваның адами және шығармашылық (білімдік және кәсіби) болмыс-бейнесін қорытындылай келе, оның негізінен, интроверттік типтегі адам екенін, бірақ сонымен бірге оның бойында кейбір экстраверттік элементтердің де бар болғанын айтамын және ол өзінің айтарлықтай (доминантты) интроверттік қасиетін, ең алдымен, ғылыми-зерттеу қызметіне сәтті де нәтижелі бағыттады, ал салыстырмалы түрде аздау экстраверттік қасиетін, негізінен, педагогикалық және оқытушылық қызметіне бағыттады; олар, өз кезегінде, әртүрлі формаларда көрініс тапты.
Очерк соңында Әлида Әшімбаеваның шығармашылық, ұстаздық және қоғамдық жұмыстарының басты бағыттары мен қол жеткізген нәтижелеріне тоқталмақпын. Оның зор шығармашылық әлеуеті өмірінің әртүрлі кезеңдерінде сәтті жүзеге асып, жасампаздық жолмен өзінің шығармашылық капиталына айналды. Ол келесі зияткерлік-ғылыми және әлеуметтік-рухани формаларда көрініс тапты.
Социализмнің экономикалық мәселелері бойынша (КСРО және ҚазКСР) жазған ғылыми еңбектері;
Еліміздің егемендік кезеңіндегі өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жазған ғылыми мақалалары мен ҚР мемлекеттік органдарына жолдаған көптеген сараптамалық есептері мен баянхаттары;
ҚР ұлттық экономикасының қөпжылдық құрылымдық өзгерістері мен тиімділігі мәселелері бойынша жазған іргелі де қолданбалы мақалалары;
Қазақстанның әлемдік экономикадағы орны мен рөлі туралы жазған еңбектері;
Қазақстан мен Қытай: мемлекетаралық экономикалық қатынастар мәселелері бойынша жазған жұмыстары;
Ұлттық табыс және экономикалық қорлану заңының әрекеті мәселелері бойынша кандидаттық диссертациясы (1983);
«Экономикадағы құрылымдық өзгерістер: теория, әдіснама және реттеу тәжірибесі» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясы (2000);
Докторлық диссертациясы негізінде жазған және Қытай, Вьетнам, «БРИК елдері…» экономикасы туралы бес ғылыми монографиясы;
«Тұран» университетінің «Әлемдік экономика институтының» директоры ретіндегі қызметі;
Кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңестердің мүшесі ретіндегі белсенді қызметі (Алматы қ.).
Республиканың бірқатар жетекші жоғары оқу орындарында (Абай атындағы АҚПУ, «Тұран» университеті) сәтті педагогикалық және оқытушылық қызметі. Осы орайда Әлида Әшімбаеваның көптеген шәкірттері мен әріптестері өздерінің ұлағатты ұстазы мен ардақты замандасын әлі күнге дейін жылы еске алады.
Мінеки, құрметті оқырман, біз нақты авторлық тұлғатану әдісімен Әлида Әшімбаеваның «синергиялық эффектісін» таба білдік, аша білдік деп ойлаймын. Жоғарыда, менің ойымша, біршама негізделген Әлида Түймебайқызы Әшімбаеваның жалпы адами және арнайы шығармашылық болмыс-бейнесі маған оны бір кездері «биік самғап ұшқан зерттеуші» немесе «қазақстандық Джоан Робинсон» деп атауға толық мүмкіндік берген болатын. Қазіргі заманғы өлшемдер бойынша салыстырмалы түрде қысқа өмір сүргеніне қарамастан, Әлида Әшімбаева – жапондарша айтсам, өзінің ИКИГАЙ-ын, яғни өмірдің мағынасын, құндылықтарын, өзін-өзі жүзеге асырудағы қозғаушы күшін және өмірге деген қуанышын таба білген қайталанбас тұлға!
Біз, оны жақыннан білгендер, оның икигайымен шын жүректен мақтанамыыз.
Орақ АЛИЕВ,
«Тұран-Астана»
университетінің профессоры