Қазақ философия ғылымының бәйтерегі
Халқымызда сирек талант иелері қадау-қадау. Соның бірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі Досмұхамед Кішібеков.
ХХ ғасырдың басында (1925 жылы) дүниеге келген ғалым сол уақыттың барлық қуанышы мен қасіретін жан-тәнімен сезінді. Ата-анасынан ерте айырылып, туған-туыстарының көмегімен өсіп, оқып жетілді. Орта мектепті аяқтаған соң тағдырдың қалауымен ол А.К.Серов атындағы Батай әскери авиациялық ұшқыштар училищесінде ұшу өнерін игерді. Училищеде өте жақсы оқыған олар сталиндік сұңқарлар деген атақ алып, туған елді, жерді қорғау ісіне дайындалып жатқан еді. Сол тұста Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталып, бұларды бейбіт өмірге бастаған еді.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Досекең елге мұғалім ретінде қайтып келді. Елге оралған соң Досмұхамед Кішібекұлы бар мүмкіндігін оқу ісіне арнады.
Еңбектене жүріп алған білімін ғылыммен ұштастырған ол таяу жылдар ішінде Мәскеуде философия ғылымы бойынша кандидаттық, араға жылдар салып докторлық диссертация қорғады. Инемен құдық қазғандай қиындықтарға белді бекем байлаған ол Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі ғылымдағы тынымсыз еңбегінің арқасында болып сайланды.
Ғылым академиясында кіші, аға ғылыми қызметкер сатыларынан өтіп, философия кафедрасының меңгерушісі болды. Академия аспиранттарына сабақ берді, сол кафедрада Жабайхан Әбділдин, Ағын Қасымжанов, Герасим Югай, Мамия Баканизде, Қасым Бейсембаевтар қатарлы еңбек етті.
1964 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті Досмұхамед Кішібекұлын Қазақ политехникалық институтына маркстік-лениндік философия кафедрасын басқаруға жіберді. 32 жыл бойы осы қызметті абыроймен атқарды. КСРО Жоғарғы оқу орындарындағы қоғамдық ғылымдар кафедра меңгерушілерінің Бүкілодақтық жиналысына алты рет қатысып, жиналыс Президиумына сайланды, Үлкен Кремль Сарайы мінберінен Қазақстандағы философия ғылымы және білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама оқыды.
Тәжірибелі оқытушы ретінде оны бірнеше рет шет елдерге шығатын делегация құрамына кіргізді. Ол Италия, АҚШ, Жапония, Франция, Түркия және т.б. елдерде болды.
1975 жылы Вашингтонда Юта штатынан шыққан Конгрессмен Хоудың арнайы шақырылуымен ұйымдастырылған кездесуде әр түрлі әлеуметтік-саяси тақырыптар саласында 45 минутқа созылған сұхбат болды. Аудармашы АҚШ-тағы Кеңес Одағы елшілігінің қызметкері еді.
Осы күнде теоретик-ғалым Досмұхамед Кішібекұлы 800-ден астам еңбектің авторы, соның ішінде 70 кітап, монография, кітапша, әдістемелік әдебиеттер бар. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылы Республика Білім және ғылым министрінің тікелей тапсырмасымен өз тарихымызда тұңғыш рет жоғары оқу орындары студенттеріне арналған қазақ тіліндегі философия оқулығы дайындалып, оқушы қауымның қолына тиді. Бұл – қазақ елінің рухани-мәдени өміріндегі үлкен бір жетістіктің, серпілістің көрінісі еді. Оқулықтың авторлары Досмұхамед Кішібеков пен оның шәкірті Ұлықпан Сыдықов болатын. Содан бергі уақытта бұл оқулық он рет қайта басылып шығып, Қазақстан жоғары мектебінің студенттері мен оқытушыларының игілігіне айналды.
Қазір өз ұлы, зерделі ғалым Тимур Кішібековпен бірге «Ғылым тарихы мен философиясы» пәні бойынша оқу құралы 4 рет қайта басылып шықты. 19 философия ғылымының кандидатын, 5 ғылым докторын дайындап шығарды.
Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық политехникалық университетінде тапжылмай жарты ғасыр қызмет атқарған ол, ұлттық ғылымымызға философия саласы бойынша барынша үлес қосты.
Досағаң үнемі ізденісте жүретін ғалым. Ұлтымыздың тарихына, әдебиетіне, мәдениетіне, өсіп-өркендеу жолына қатысты мыңдаған дерек көздерін, алуан түрлі басылымдарды, ой-пікірлерді саралап, өзінің ұзақ өмірден түйген пайымдарын ұштастыра отырып, қадау-қадау маңызды еңбектер жазды. Мәселен, оның кезінде бүкіл зиялы қауымды елең еткізіп, үлкен пікірталас тудырған көшпелі қоғам туралы еңбегі немесе ұлттық идея, ұлт менталитетіне (діліне) арналған зерттеулері кімді болса да бей-жай қалдырмайтыны анық. Ол ұзақ ғұмырында еш уақытта қаламы қолынан түспеген еңбекқор, өзіне биік талап қойғыш, әр іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын ғалым. Досағаң осы күнге дейін студенттерге, магистранттар мен докторанттарға жоғары ғылыми теориялық және әдістемелік деңгейде дәріс оқып келеді. Оның дәрістері ылғи да мазмұнды, өмірден алынған сан алуан мысалдармен өрнектелген, тартымды, қызықты. Сондықтан да Досағаңның дәрісін тыңдаудың өзі жастар үшін үлкен мәртебе.
Отан алдындағы зор еңбегі үшін Досмұхамед Кішібеков бірқатар жоғары марапатқа ие болды: «Халықтар достастығы» орденi, «Құрмет» ордені, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс үшін» медалі, «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 70 жыл» медалімен, академик Н.И.Вавилов атындағы медаль, Ы.Алтынсарин атындағы медаль, «Айрықша еңбегі үшін» медалі, «Еңбек ардагері» медалі, т.б.
Досмұхамед Кішібекұлы елінің адал ұлы, ұлт патриоты, мықты идеолог ретінде өзінің көптеген еңбектерінде әрбір Қазақстан азаматын Отанды сүюмен ғана шектеліп қалмай, оның гүлденуі, көркеюі үшін тынымсыз күресу керек қажеттігіне бағыт сілтейді. Қоғамдық өмірдегі қайсыбір қиын мәселелер барысында да пікірталастарға қатысып, орайлы мәселелерді шешуге өз сөзін өткізе білді. Үлкен ұстаз, ғұлама ғалым Досмұхамед Кішібекұлына мерейтой қарсаңында денсаулық, шығармашылығына табыс тілейміз!
Ұлықпан Сыдықов,
философия ғылымының докторы,
профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары
академиясының академигі.
Ғайни Котошева,
философия ғылымының докторы,
профессор, ҚР Ұлттық жаратылыстану
ғылымдары академиясының академигі.