«ШЕРИАЗДАН ЕЛЕУКЕНОВ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ»
24.10.2024
522
2

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ғылым комитеті, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және  өнер институтының ұйымдастыруымен «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында 2024 жылдың 24 қазанында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, жазушы, педагог, журналист, баспагер, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шериаздан Рүстемұлы Елеукеновтің 95 жылдығына арналған «ШЕРИАЗДАН ЕЛЕУКЕНОВ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияға өтті.

Конференция мақсаты: Ш.Елеукеновтің зерттеу еңбектері мен көркем шығармаларын зерделеу, әдебиеттану, әдеби сын, журналистиканың өзекті мәселелерін талқылау.

Конференцияда Шериаздан Рүстемұлының қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі жан-жақты айтылды:

«Шериаздан Елеукенов Абайдың эпистолярлық романы туралы» Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебайұлы ДӘДЕБАЕВ;

«Академик деңгейіндегі профессор» – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Бәбиханұлы АҚЫШ;

«Шериаздан Елеукенов және әдеби сын» Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ;

«Ш. Елеукенов еңбек жолы мен шығармалаы хақында» – «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Өміржанұлы ЖАҚЫП;

«Ғалым Ш. Елеукенов және Алаш арыстарының әдеби мұрасы» Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Балтабай ӘБДІҒАЗИҰЛЫ;

«Ш.Елеукеновтің тәуелсіздік кезеңіндегі поэзия туралы пайымдаулары» – ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ;

«Межкультурное взаимопонимание как ведущий концепт научного наследия Ш.Р. Елеукенова» – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Сыртқы әдеби байланыстар және аналитика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Светлана Викторовна АНАНЬЕВА;

«Ш. Елеукеновтың фольклортанулық көзқарастары» Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Болат­ Сағынбекұлы ҚОРҒАНБЕКОВ;

«Ғалымның тәуелсіздік кезең әдебиеті туралы зерттеулері» – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Жұмабердіқызы ОРДА;

«Ардақты әке туралы естелік» – физика-математика ғылымдарының докторы Дастан Шериазданұлы ЕЛЕУКЕНОВ қатысып, баяндама жасады. Конференцияға жұмысына белгілі ғалымдар, ғылыми, ғылыми-білім беру және өзге де ұйымдардың мамандары, докторанттар, магистранттар, студенттер қатысты.

Шериаздан Рүстемұлы Елеукенов – әдебиеттанушы-ғалым, сыншы, жазушы. 1929 жылдың 3 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Аршалы ауылында дүниеге келген.

1951 жылы Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін ШҚО «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі (1951-59), ҚазМУ-да аға оқытушы (1959-63), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратында нұсқаушы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары (1967-71), Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетітінің төрағасы (1971-86), Қазақстан Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры (1986-1988) қызметтерін атқарды.

Ш.Р.Елеукенов тарихтағы «ақтаңдақтарды» жою, ұлттық әдеби мұраны түгендеу, бұрын ұлтшыл атанған, сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған ақын, жазушылардың   шығармаларын қайта қарап жариялау жөніндегі Орталық Комитет құрған комиссия төрағасының орынбасары ретінде Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов секілді саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, заңсыз айып тағылған аса көрнекті ақын-жазушылардың асыл мұрасын халқына қайтару ісінде үлкен жұмыс жүргізді.

Алаштың аяулы тұлғалары Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтардың  өмірі мен шығармагерлігі туралы зерттеуге алғашқылардың қатарында кірісті. «Мағжан» монографиясы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақ ПЕН-клубының Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық сыйлығына ие болды.

Ш.Елеукенов педагогика саласында да көп жыл тер төгіп ұстаздық етті. Журналистика, кітаптану  курстарынан, әдебиет тарихынан сабақ оқыды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жаңадан Баспа және редакциялау кафедрасын ашуға мұрындық болды. Студенттерге оқылған дәріс негізінде «Кітаптану негіздері» (1997), «Қазақ кітабының тарихы» (1999) оқулықтарын жазды.  «Мағжан Жұмабаев» (1990, 1991),  «Әдебиет және ұлт тағдыры» (1997), «Сұлулыққа іңкәрлік» (1999), «Еуразиялық бойтұмар» (1996), «Ғасырмен сырласу» (2004), «Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде» (2006), «Тәуелсіздік биігінен» (2007), «Казахская литература: новое прочтение» (2007), 6 томдық томдық шығармалар жинағының авторы ретінде танымал.

Нұр Мағазбек
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының баспасөз хатшысы

ПІКІРЛЕР2
Аноним 24.10.2024 | 23:44

🙋🏻‍♂️

Аноним 26.10.2024 | 13:52

Бауыржан Жақыптың мемлекеттік сыйлық алмай қалғаны өкінішті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір