Деректану ғылымының білгірі
29.10.2022
751
0

Тарихымыздың іргесі болып саналатын дерек­тану ғылымының негізін қалап, қазақтың ұлттық тарихының болашағын тереңнен барлап, ұлт тамырына қан жүгірткен – Қамбар Махамбетұлы Атабаев туралы сөз қозғағымыз келеді.

Деректану ғылымының теориялық-методологиялық негіздерін жетік меңгеріп, Франция, Германия, Австрия, Испания, Ресей мен Украинадағы бұл ғылымның даму бағыттарын зерделей келіп, Қазақстандағы деректану мектебінің қалыптасып, даму ерекшеліктерін зерттеп, негізгі әдістемесін қалыптастырды. Сонау ежелден бүгінге дейінгі әр бір тарихи кезеңдегі пайда болған деректің өзіне тән ерекшелігіне сай пайдалану әдістемесінің формуласын жасап, нақты қолдану жолдарын көрсетті. Деректанудың заңдылықтарын, әдістері мен принциптерін, ішкі және сыртқы сын, деректерді классификациялау, шынайылық деңгейін анықтау мәселесінің бүге-шүгесін келешек кәсіпқой тарихшы мамандарға үйретіп, шәкірттер дайындады.
Әсіресе бүгінде қазақ тілі, ұлттық сана, ұлттық рух мәселесі маңызды болған тұста деректанулық терминдер мен ұғымдардың қазақ тілінде қалыптасуына аса мән беріп, қазақ тіліне аударылған ғылыми терминдердің мән-мағынасын жан-жақты ашып берді. Әр түрлі кезеңдерде пайда болған деректерді: фольклор, жылнама, ежелгі дәуір әдебиеті, Орхон-Енисей жазбалары, мерзімді басылымдар, заманхат, саяси қуғын-сүргін құжаттарын, заң актілерін және т.б. дерек ретіндегі маңызын, құндылығы мен түпнұсқалығын, зерттеу жолдарын және тиімді пайдалану методтарын жүйелі түрде көрсеткен болатын.
Шлецер, Шлеймахер, Нибур, Фон Ранке, Бернгейм, Ланглуа, Сеньо­бос, Карамзин, Татищев және т.б. тарихшылардың еңбектеріндегі деректерге қатысты айтылған ойларын, жасаған ғылыми тұжырымдарын ой елегінен өткізіп, Қазақстанда деректанудың пайда болуын, қалыптасып, дамуын салыстыра талдап, жан-жақты ашып көрсетті. Қазақ зиялыларының өмірі мен қызметін зерделей келе, олардың деректану мектебін қалыптастыруға қосқан үлесін негіздеп берді. Қазақстанда деректану ғылымының бастауларын сонау Ш.Уәлиханов, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Е.Бекмаханов, О.Сүлейменов және т.б. ғалымдар мен зиялы қауым мүшелерінің, жазушылардың еңбектерінен тауып, олардың көзқарастарында, зерттеу әдістерінде деректанудың негізгі әдіс-тәсілдерін көрсете білді.
Қ.Атабаевтың «Деректану негіздері», «Қазақстан тарихының деректанулық негіздері», «Деректану», «Деректану пәнін оқыту методикасы», «Ұлт және тарих», «Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дере көзі (1870-1918 жж)» және т.б. еңбектері мен екі жүзден аса ғылыми-теориялық және түйінді мәселелерге арналған мақалаларының келешек тарихшылар үшін құндылығы жоғары екендігінде дау жоқ. Әсіресе Алаш зиялы қауым өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын, баспасөздің қалыптасу­ын зерделеп, бүркеншік аттардың кімге тиесілі екендігін деректанулық талдау негізінде анықтап берді.
Қ. Атабаев мерзімді басылымдардың дереккөзі ретіндегі маңызына ерекше тоқталып: «Қоғамда болып жатқан әр алуан, ірілі-ұсақты уақиғалар туралы дер кезінде оқырмандарына мәлімет жеткізу міндетін атқаратын мерзімді басылым, уақыт өте келе баға жетпес құнды деректер көзіне айналды. Халыққа болған оқиға туралы жедел ақпарат таратқан мерзімді басылым, сол оқиға туралы өз бойына қажетті мағлұматтар да жинайды, сөйтіп уақыт өте келе өзі де тарихи дереккөзі ретінде ғылымға қызмет етіп, оқиғалардың кейбір қырларын ашуға көмектеседі», – деп атап көрсетті. Зерттеу еңбектерінде газет не журнал белгілі бір мерзімділікпен өткенді өз бетінде бейнелейтін, сондықтан олар қоғам өмірінің өткені жазылған өзіндік күнделік міндетін атқарады. Демек, уақтылы шығып тұрған газеттер өткеннің белгілі бір кезеңдегі үздіксіз даму тарихын қалпына келтіруге көмектесе алады деп деректік маңызын көрсеткен. Оның топшылауы бойынша, газет материалдары өзінің құрамы жағынан әр алуан болып келеді. Онда ақпараттық мәліметтермен қатар, өзінің мазмұны жағынан әр түрлі жанрларға жататын жеке адамдық деректер: хаттар, күнделіктер, естеліктер, т.б, ресми құжаттар, статистикалық мәліметтер, көркем шығармалар, т.т. кездеседі.
XX ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің мерзімді басылым беттеріндегі мақалаларын талдай келе, автор, «…тарихи шындық қазақ баспасөзі тарихын қайта қарауды талап етеді. Ешкімге жалтақтамай, алдына өз ұлтының, өз елінің аласапыран оқиғаларға толы, ХХ ғасырдағы тарихын білу мақсатын қойған зерттеушілер үшін тарихи шындықты білу аса қажет. Тек сол жағдайда ғана зерттеуші мерзімді басылымды тарихи дерек ретінде дұрыс пайдаланып, одан объективті мағлұмат ала алады», – деп, объективті тарихи мәліметтерді мерзімді басылымдарды талдау арқылы алуға болатынын негіздеген болатын.
Деректану ғылымының Қазақ­станда қалыптасуын жасаған ұлттық негізде сіңірген ғалымның еңбегін ескерер уақытқа жеттік-ау.

Н.А. ТАСИЛОВА,
тарих ғылымының кандидаты,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Тарих факультеті
Қазақстан тарихы кафедрасының
қауымдастырылған профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір