ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНЫҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЮДЕ
17.06.2024
747
0

Елімізде ғылым саласын дамытуға бағытталған жұмыстар көптеп атқарылып жүр. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы Ғылым ордасында ғалымдармен кездесіп, қордаланып қалған мәселелерді қозғаған болатын. Ол өз сөзінде: «Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда.

Салаға бөлінетін қаржы да ұдайы артып келеді. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Мамандарды шетелде тағылымдамадан өткізуге де ерекше көңіл бөлінген. Биыл Ұлттық ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Қазақстан – Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс. Оған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Мақсатқа жету үшін жасанды интеллектіні барлық салаға жылдам енгізу қажет. Біз осы көштің басында болуымыз керек.
Бүгінде біз қолда бар алтынның қадірін түсіне алмай отырмыз. Қазақстан әлемде табиғи уран өндіру бойынша бірінші орында. Біз оның игілігін көруіміз қажет. Қазірдің өзінде елімізде энергия тапшылығы айқын сезіліп жатыр. Тағы 30 жылдан кейін еліміздің алдында көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсаты тұр. Бұның бір жолы атом энергетикасы болуы мүмкін, – дей келе, АЭС-тің салынуын немесе салынбауын жалпыұлттық референдум арқылы халықтың өзі шешетінін еске салды. Сондай-ақ Президент: «Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған. Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет бөлетін қаржының барлығы талан-таражға түспей, тек қана құрылысқа жұмсалуы керек», – деп, көптің көкейінде жүрген тағы бірқатар түйткілді мәселелерді айтып, шешу тетіктерін де нақтылап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай тағы бірнешеуі ашылмақ. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Өткен жылы 284 ғалым баспаналы болса, биыл дәл осындай қуанышқа 200 ғалым ие болмақ. Бұл қатардағы бірнеше ғалымға пәтер сертификатын Президенттің өзі табыстады.
Мемлекетімізде ғылымның қарыштап дамып жатқанын дәлелдейтін жайлар көп. Жоғары оқу орындарының студенттері де түрлі техникалық жаңалықтар ашып, білімдері мен тәжірибелерін сынап жүр. Мәселен, Сәтбаев университетінің SURT студенттік командасы (Satbayev University Racing Team) 2-9 шілде аралығында Индонезияның Ломбок аралында өтетін «Shell EcoMarathon» жарысына қатысады. Бұл жоба энергия үнемдегіш инновациялық шешімдерді іздеп табуға бағытталған. Айта кетейік, SU Racing Team командасы TOQ деген атпен төртінші арнайы көлікті құрастырған.
«EcoMarathon Shell» – «Shell» компаниясы Азия-Тынық мұхиты аймағы мен Таяу Шығыстың студенттік командалары үшін жыл сайын ұйымдастырылатын жарыс. Мұнда командалар өздері жасаған инновациялық көліктерін ұсынып, энергия үнемдейтін көлік атағын алу үшін таласуға мүмкіндік алады. Жарысқа Азияның түкпір-түкпірінен 100-ден астам команда қатысады екен. Марафон 1939 жылдан бері Детройт, Лондон, Сингапур және Рио-де-Жанейро қалаларында өткізіліп келеді. Сәтбаев университетінің студенттерінен құралған команда бұл байқауға «Shell Kazakstan» компаниясының қолдауымен барғалы жатыр. 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір