АУҒАНСТАН БҰЛҒАҒЫ: ЕЛІМІЗ ДІНИ РАДИКАЛИЗМ ҚАУПІНЕН ҚАЛАЙ САҚТАНАДЫ?
13.08.2021
1260
0

Ауғанстанда соғыс өрті күн санап күшейіп келеді. АҚШ өзінің әскерін осы жылдың 11 қыркүйегіне дейін Ауғанстан аумағынан әкетуді қолға алғалы бері, тәліптердің қарқыны күшейіп, бірнеше провинцияда өз бақылауын орнатты. Мемлекеттік маңызы бар қалалар мен кенттерді басып алып, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан шекараларына жақын орналасқан аймақтарға шабуылын үдетті. Соның салдарынан шекарадағы ауған әскерлері көрші елдерге – Тәжікстан мен Өзбекстан жеріне босып өткені хабарланып отыр. Талибан қозғалысы – діни радикалды ұйым. Ауғанстан билігі олардың қолына өтер болса, Орталық Азияның тынышы кетіп, жат пиғылды діни топтардың ықпалы артуы бек мүмкін екенін сарапшылар күні бұрын айтып жатыр. Тәжікстан мен Өзбекстан билігі тәліптермен байланысқа шығып, ел шекарасын күзетудің амалын іздестіруде. Тіпті, Ресей, Қытай секілді алпауыт елдер де тәліптердің көсемдерін шақырып, өз мүдделерін ойластыра бастады. Халықаралық сарапшылар көп өтпей Ауғанстан билігі осы діни топтың қолына өтеді деп болжам жасап үлгерді. Егер тәліптер Ауғанстанда өз үстемдігін орнатса, Орталық Азия елдеріне қандай қауіп төнуі мүмкін? Еліміздегі діни топтар арасында алауыздық өршіп, елдің тыныштығын бұзбай ма? Ауғанстан тарапынан болуы мүмкін қатерлерден қалай сақтанамыз? Діни радикализммен күрес жүргізетін құзіретті органдардың қандай қадамға барғаны жөн? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде мамандар пікірін білген едік.

 

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

ЖАТ ПИҒЫЛДЫ ДІНИ ТОПТАРДЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУҒА ТИІСПІЗ

Биыл АҚШ Президенті боп сайланған Джо Байден қыркүйектің биыл 11 күні Америкадағы ғимаратқа террористердің шабуыл жасағанына жиырма жыл толатынына байланысты АҚШ-тың және оның одақтастарының Ауғанстандағы әскерін әкету туралы шешім қабылдады. Шығарылатын әскердің саны 10 мыңға жуық. Қазіргі таңда бұл әскерлердің жарымынан көбі еліне қайтты. Кезінде Кеңес Одағынан кейін тәліптер билікке келген болатын. АҚШ әскері Ауғанстанда 20 жылдай тұрды. Осыған дейін ауған жерінде  Американың 140 мыңдай әскері болған. Бұл көрсеткіш өткен ғасырдың 69-79 жылдары Ауғанстанда болған КСРО-ның әскер санынан бір жарым есе көп. Дегенмен, Кеңес Одағы әскерлері Ауғанстанды өз бақылауында ұстады, ал АҚШ олай жасай алмады. Сондықтан тәліптер қазір күшейіп келе жатыр.  Ауғанстанда қырық шақты провинция бар, соның он шақтысын тәліптер өздеріне қаратып алды.

«Олар неге күшейіп келе жатыр?» деген заңды сұрақ туады.

Біріншіден, тәліптердің қолында КСРО-дан қалған және өзге шетелден, соның ішінде АҚШ-та бар, сатып алған әскери техникалар бар.

 Екіншіден, ауған үкіметінің әскерлері тәліптерге аса қарсылық көрсетпейді: солардың құрамына еніп кетеді, ақшаға сатылады немесе қашып кетеді. Негізінде үкімет әскерлеріне ақша ұсынып қайтарып жатыр. Үшіншіден, тәліптер – тікелей догмалық сипаттағы діни қозғалыс, оларға ауғанның қарапайым халқының да бүйрегі бұрып тұруы мүмкін. Ал америкалықтарды жақтаған, я олардың әскери бөлімдерімен, елшілігімен ынтымақтастыққа келген ауғандықтар елден жаппай қашып жатыр.

         Бірінші басып алған Бағлан провинциясының халқы 100 мыңнан астам және бұл провинцияны басып алғаннан кейін Құндызға жол ашылады, ал Құндыз Тәжікстанмен шекаралас. Тәліптер біртіндеп провинцияларды басып ала беретін болса, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Түркіменстанмен шекараға жуық орналасады. Демек Орталық Азияға олардың қаупі күшейе түседі.

         Бұл – діни қозғалыстардың қаупі ғой. Өзбекстанда «Өзбек-ислам қозғалысы» деген қозғалыс құрылды, әлі астыртын жұмыс істеп жатыр. Діни қозғалыстың ықпалы бізге қарағанда Тәжікстанда тіпті күшті. Яғни тәліптердің Ауғанстанды толық билеп алуы Орталық Азия мемлекеттеріне үлкен мәселе туғызайын деп тұр. Діни қозғалыстар күшейе түседі, сондықтан түрлі діни бас көтерулер болуы ықтимал. Қазақстанның ішінде де діни қозғалыстар бар, олар күш алса, қоғамның тыныштығын кетіреді. Саяси ахуалды шиеленістіреді. Сол себепті де Ауғанстандағы қазіргі саяси ахуал ат үсті қарай салатындай іс емес. Алайда ондағы жағдайды бақылау, ықпалын күшейтпеу тікелей біздің қолымыздан келмейді. Өз басым ауған халқының ішкі талабы, ауған халқының мақсат-міндеттері ең негізгі рөл атқарады ғой деп ойлаймын. Ауған халқы – бостандыққа деген ниеті өте күшті халық. Ресей осы мәселеге араласуға мүдделі, алайда дәл қазіргі уақытта Ресейдің Ауғанстанға әскер жібере қоярлық шамасы жоқ.

Біз қалай сақтанамыз? Ол үшін, әуелі, ҚМДБ біздің Әбу Ханифа мәзхабына байланысты насихатын күшейту керек. Жат пиғылды діни топтар, салафиттік, суфистік, уахабиттік, т.б. ағымдар ауыздықталуы керек және сол діни ағымдарды жақтайтын адамдардың барлығы есепке алыну керек. Онсыз болмайды. Жат діни ағымдардың өкілдері биліктің тармақтарымен байланыс орнатуы мүмкін… Дер шағында осы жұмыс атқарылмағандықтан, кезінде Сирияға, басқа да мемлекеттерге қазақтар барып, үш жүздей адамды әрең қайтарып алған жоқпыз ба? Олардың дені – балалар мен әйелдер. Ал қайтпаған, із-түссіз жоғалып кеткен ер азаматтар қанша екені белгісіз. Қаншасы өлгені тағы да беймәлім. Сондықтан үгіт-насихат күшеюі керек. Абайдың, алаш арыстарының мұрасын негізге алуымыз керек. Бізге осы жетіспей тұр. Біз әлі күнге дейін құр мақтанмен өмір сүріп жатырмыз. Сол мақтанудан, өтірік айтудан құтылсақ, қоғам жөнделеді. Бұл – бір.

Екіншіден, менің ойымша, халықтың жиырма бес пайызы кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Оларға діни топтар «біздің артымыздан ер, ертең сендерге жақсы өмір болады» десе, еріп кетуі бек мүмкін. Кезінде Қазан революциясы солай басталмады ма?! Діни ағымдарға да нақты бағасын беріп, елде қандай діни, этникалық қайшылықтар бар – кемшіліктердің бетін ашып, дұрыс қызмет жасасақ, Қазақстан қауіп-қатерден құтылады деп ойлаймын.

Кеңшілік ТЫШҚАН, дінтанушы:

 БОСҚЫНДАР МӘСЕЛЕСІ ТУЫНДАУЫ МҮМКІН

– Бұл менің көп зерттеп жүрген тақырыптарымның бірі емес. Бірақ соңғы жағдайларға байланысты кейбір мәселелерді айтуға болады. Жалпы тәліптердің негізгі құрамы пуштундар ғой. 1947 жылы Пәкістан тәуелсіздігін алғаннан  кейін бір мемлекет құруға талпыныс жасап, содан ақырындап күшейе бастаған діни топ. Бір жағында пуштундық көзқарас бар, екінші жағында исламдық-радикалдық көзқарас бар. Бізге қаупі сол – олардың негізгі ұстындары, мына біздегі уахабилік, саудиялық радикал-исламистік көзқарас болғандықтан, кейбір жағдайларда ДАИШ тобының идеологиясына жақын келеді. Қазір тәліптерді олармен тату деп айта алмаймын, бірақ кейбір діни топтар содан күш алып, өздерінің билікке ұмтылысы арта түсуі мүмкін. Егер олар Ауғанстанда белгілі бір күшке ие болса, Орталық Азияда өзінің ықпалын күшейту мақсатында трансшекаралық мәселелерді өз қолдарына алуға ұмтылады. Өйткені Орталық Азияда жалпы идеологиялық тұрғыдан негізі ханафиттік деп айтқанымен, кейбір медреселерде саудиялық-уахабилік идеология, яғни қатып қалған фундаменталистік көзқарастар басым. Сондықтан бізге де ықпал жасауы мүмкін.

         Екінші жағынан, олар басқа діни ұйымдармен, басқа радикалды топтармен салыстырғанда Ауғанстан-Пәкістан шекарасынан сыртқа шығып, халықаралық деңгейдегі үлкен проблема туғызуға талпыныстары салыстырмалы түрде төмен деуге болады, Орталық Азияға күшті идеологиялық ықпал жүргізе қояды деп айту қиын. Бірақ бұл жерде тағы бір қорқынышты жағдай: егер тәліптер күшейсе, болмаса Ауғанстандағы билікті қолдарына алса, босқындар мәселесі туындамай тұрмайды. Көп жағдайда радикализм, әртүрлі діни топтардың идеологиясының басқа мемлекеттерге кіріп кетуі мигранттар есебінен болып жатады.  Мұндай жағдайда мигрант түрінде кейбір топтардың пайда болуынан қауіптену керек. Оған толық негіз бар деп ойлаймын.

 

Досай КЕНЖЕТАЙ, дінтанушы:

 МЕМЛЕКЕТ ТӘЛІПТЕР ИДЕОЛОГИЯСЫНАН САҚТАНУЫ КЕРЕК

– Ауғанстан бір ғасырға жуық саяси, геосаяси, идеологиялық күрестердің, соғыстардың ошағы болғаны белгілі. Кезінде Қазан революциясына дейін ол жерде ағылшын күштерінің стратегиялық орныққаны тарихи шындық. Сол кезде Ауғанстан АҚШ пен КСРО, Англия тарапынан саяси соғыс ошағына айналды. Өздеріңізге белгілі, 1979 жылы кеңес әскері ауған жеріне кіріп, 9 жылдан кейін шықты. Ондағы мәселе – билікті қолға алу және геосаяси мәселелер болды. Бірақ КСРО-ның ол жерден қандай жағдайда қайтқанын сіздер білесіздер. Ауғанстан соғысына қатысуы Кеңес Одағының күйреуінің алғышарты деп анықтама беріп, диагноз қойып жатқандар бар.

         2001 жылы Американың қос мұнарасының жарылуына Ауғанстанды кінәлі деп тапты. Соның негізінде АҚШ Ауғанстанды ресми түрде басып алды. Содан бері Ауғанстанда ішкі тұрақтылық сақталмады, тыныштық орнамады.

         Тәліптердегі пуштундардың үлес салмағы 40%. Ол жерде түркі тілдес халықтар бар, олардың санының өзі 40%-дан асады (қырғызы, өзбек, түркімен, әзірбайжаны бар). Ауғанстан кезінде геопозициялық жағынан Оңтүстік Түркістан, яғни діни Түркістан болып танылған.

         Ал қазіргі тәліптер сол КСРО-ның алдында қазіргі Пәкістанның штаб-пәтері ретінде дайындалған. Ол өркениеттік, дінаралық соғыстың жалауын көтерген. Бүгін де сол саясат. Тәліптердің ақидасының мазмұнында сәлафизм бар. Осыдан 5-6 жыл бұрын АҚШ-тың дүниежүзін шулатқан Таяу Шығыстағы ойыны енді Ауғанстанда екінші толқын ретінде қайтадан жаңғырғалы отыр. Ал оның шекаралас аймақтарының бәрі бұрынғы Кеңес Одағынан ыдырап шыққан мемлекеттер. Олар: Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан. Бұл төртеуіне де геополитикалық жағынан өте үлкен қауіп төніп тұр. Жалпы ақида ретінде болсын, саяси, діни идеология ретінде болсын, бұл талибан қозғалысы Ауғанстаннан Орталық Азияға ауысуы ықтимал.

         Ауғанстанның біздің Қазақстанмен, Орталық Азиямен ортақ тарихы баршаға мәлім. Ауған топырағы – қуғын-сүргін болған кезде қазақтардың бас сауғалаған жерінің бірі. Қазіргі таңда тәліптердің ішкі тұрақсыздығының себебінен Ауғанстандағы түркі халықтарының көбісі Иран арқылы Түркияға өтіп жатыр. Ертең Тәжікстан арқылы Орталық Азияға сондай лек ағылуы ықтимал. Бұған дайын болу керек. Экономикалық жағынан, саяси жағынан, құқықтық жағынан. Әсіресе, діни тұрғыдан біздің билікке өте үлкен жауапкершілік артылып отыр.

Әзірлеген Асылан Қуанышұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір