«ТУҒАН ҚАЛА»: ТЕЛЕАРНАДАҒЫ ЖАҢА ЖОБАНЫҢ МАҢЫЗЫ
13.08.2021
471
0

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, жекелеген жұмыстар атқарылып жатыр. Аталмыш мерекеге орай «Хабар» телеарнасында «Туған қала» тележобасы жарық көрді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп қадап айтқан болатын. Біз тілге тиек етіп отырған телебағдарламаның да мақсаты сол – еліміздегі қалалардың өткеніне көз жүгіртіп, бүгінгі тыныс-тіршілігіне қанығу; сәулеті мен дәулетін дәріптеп, әлеуетін камера тілінде әдіптеу.

Ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр далада орналасқан қалалар – сол аймақтың бет-бейнесі. Әр қала тұрғындарының жады мен ескірген күнпарақтарында қалған уақиға – ел тарихы. «Туған қала» телебағдарламасының маңызы да осы тұста айқындалады: туған қаласының және қазақ даласындағы әр қаланың тарихын біліп, бүгінін бағамдай алатын өскелең ұрпақ ертең ел тұтқасын ұстайтын нағыз патриот азамат һәм кемел келешектің кепілі болмақ. Туған жерін риясыз сүйетін кісі ғана туған еліне риясыз қызмет қылатыны айқын.

Қала берді аталмыш телебағдарламадан біз күтетін нәтиже – ішкі туризмнің одан әрмен дамуына қосыла-тұғын қомақты үлес. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент – үш ірі мегаполистен бөлек, Атырау, Ақтау, Түркістан, Талдықорған, Қостанай, жалпы еліміздегі ірі қалалар мен облыс орталықтарын, моноқалаларды жинақы таныстырып, шаһарлардың ең шұрайлы, шырайлы, әсем жерлерін тарихымен әдіптейді. Гүлзарлар, ескерткіштер, тарихи ғимараттар, субұрқақтар, спорт кешендер, мәдени нысандар – бәрі де камераның қырағы көзінен таса қалмаған.

«Туған қала» тележобасы қалалардағы тұрғындардың саны мен жер көлемі және өндірістік-кәсіптік ерекшеліктеріне тоқталып қана қоймай, ондағы басты нысандар мен ескерткіштердің мәні мен маңызын, символдық мағынасын, тарихи мазмұнын қысқа да нығыз сюжет арқылы ашып көрсетеді. Мемлекеттік тілде жүргізілетін осынау тележоба мұның барлығын құр баяндап өтпей, қуатты Қазақстанның алған бағыты – мәңгілік, тірегі – жан-жақты дамыған, өркениетті қалалар екенін технологияның мол мүмкіндігі арқылы жеткізбек.

Бабаларымыздың қанын төгіп, жанын беріп қорғаған, аяулы да асыл арманына айналған Тәуелсіз Отанының түйір құмына дейін сіз бен бізге аманат. Тәуелсіз Отанның көркеюіне, қарыштап дамуына, әлем алдындағы абыройының арта беруіне тамшыдай болса да үлес қосу – біздің қасиетті парызымыз. Осы Қасиетті Парызды өтеу жолында алған білімді, қолдағы өнерді, бойдағы нәрімізді сарқып беру аздық етеді, еліміз жөнінде, туған мекеніміз жайында қаныға беруіміз қажет. Ол үшін «Туған қала» секілді телебағдарламалардың көп болуы аса қажет деп білеміз. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөзінде: «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады», – деген болатын. Ойымыздың түйіні де осыған саяды.

Ө.ӘРІПБЕК

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір