Өнегелі өмір философиясы
13.08.2021
1567
0

 «Өмір өткелдері» – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолын арқау ете отырып, әр кезеңдердегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерді терең зерделеген кітап. Осы кітап жайында белгілі жазушы Ахметжан Аширидың  ой-толғанысын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 Ахметжан АШИРИ, жазушы-драматург,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


 Мен Қазақстан  Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Өмір өткелдері» сұхбат кітабын зор қызығушылықпен тез оқып шықтым. Өте маңызды шығарма екен. Бұл кітапта адамдардың тағдыры, моральдық-этикалық тұрмыстық мәселелер  қамтылған. Философиялық ойларға тұнып тұрған кітаптың әр бетін оқыған сайын  Елбасының даналығына таңданумен  болдым.  

Кітап авторының керемет білімділігіне, парасаттылығына, адал да  ойшыл адам екеніне күмән қалмайды. Оның даналық сөзі санада салмақтанып ірілене береді. Сараланып жан біткендей тіріледі. Дүние жүзіне танылған дара тұлға Н.Ә.Назарбаевтың әлем рухани мәдениетінің алтын қорына қосылған кітабын оқыған сайын әрбір сөзі ерекше мәнге бөленіп, бұрынғыдан да баурай береді.

«Өмір өткелдері»  тек  сұхбат кітабы ғана  емес. Онда  бүтін бір тарихи кезеңнің сипаты сараланып, дәуіріміздің бедері айшықталған.  Кітап, расында, қоғамдық-саяси, әлеуметтік бітімі анық, моральдық-этикалық рухани қазынамыздың негізгі арқауы дерлік құнарлы дүние.

Сұхбаттан жер, су, таулар мен ел, ру аттары жайлы деректер  оқи аласыз. Оқырманды, әсіресе Қазақстан жастарын   туған  жерінің тарихын білуге үндей отырып, Елбасы  Қазақстан халқын бақытқа жеткізу жолдары, іс-қимылдары, Қазақстан халқының құтты тұрмысы туралы  ашық айтады. Президент: «Адам баласының бақыты да, құдіреті де, сұлулығы да оның қоғамға, халыққа берген пайдасында», – дейді. Кітапты ой көзімен оқыған оқырман «әділ, дәулет, ақыл, қанағат» деген құнды философияны тани алады! Сұхбат кітабын  халықтың нағыз энциклопедиясы  деп айтуға болады. Мұнда басы артық ештеңе кезікпейді.

«Көрнекті журналист, тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бергі сенімді серіктерімнің бірі Сауытбек Әбдірахмановқа бірлесе атқарған жұмыс үшін разылығымды білдіруді парыз санаймын», – деп өзімен сұхбат жүргізген қаламгер рахметін айтады. Сауытбек Әбдірахмановтың сұхбаттасу барысында  қойған сұрақтары мен тақырыптары өте мазмұнды да маңызды өрбіді. Бұдан бұрын Елбасының  «Ғасырлар тоғысында», «Әділеттің ақ жолы», «Қазақстан жолы» сынды экономика, саясат мәселелері көтерілген кітаптарын оқығанмын. Бұл еңбектер де  маған ерекше әсер қалдырған еді.

Сауытбектің  Тұңғыш Президентке адам, заман, қоғам, өз өмірі туралы емін-еркін баяндауға мүмкіндік берген  сұхбат жанрын  таңдағаны өте орынды. Әрі  сұхбат оқуға ыңғайлы  әрі тартымды болып жазылған. «Өмір өткелдері» негізінен ғұмырбаяндық шығарма екен. Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағы, мектептегі жылдары, Днепродзержинскіде оқыған кездері, Теміртаудағы қажырлы еңбек жолы, Қазақстан магниткасындағы партия ұйымын басқаруы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, Үкімет басшысы болған өмір мектебі – бәрі-бәрі толыққанды қамтылған.  Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының әр белесінде оның иығына түскен өте ауыр жауапкершіліктің  салмағын жас ұрпақтың сезінетіні күмәнсіз. Әр оқырман Елбасының  кітабын парақтап тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихының ең бір қиын да жарқын сәттерін еске түсіреді.

«Өмір өткелдері» кітабының:  «Ұшқан ұя ұлағаты», «Құрыштың құйылуы», «Тәуелсіздің табалдырығында», «Конституция үшін күрес», «Шегараны шегендеу», «Сыртқы саясат соқпақтары», «Тар жол, тайғақ кешу», «Нұрлы жол», «Астана – елдік ерлігі» тарауларында Елбасы мен мемлекеттің өрлеу жолы кезең-кезеңімен баяндалған. Сұхбат қайсы бір кезеңдердегі қоғамның саяси көңіл-күйін түсінуге, өмірдің , адам санасының өзгергенін түйсінуге жетелейтін  дәріс оқулығы екен деп қуандым!

Кезектен тыс Президенттік  сайлауда (26 сәуір, 2015 жыл) Қазақстан халқы бүкіл әлемге өзінің кемеңгерлігін көрсетті. Президент сайлауында да бүкіл халықтың таңдауы бір кісіге түскен еді.

Кітапта сол жолы инаугурацияда сөйлеген сөзі былай жазылған: «Өмірін халқының бақытты жолына арнаған жанға бұдан зор құрмет болмайды. Мен үшін ел сенімінен асқан мәртебе жоқ, сол сенімді ақтаудан артық бақыт жоқ. Сол себепті мен Қазақстанның жарқын болашағы жолында қандай тәуекелге де дайынмын». Бұл  – ел сүйген ұлы тұлғаның шын жүректен шыққан сөзі. Сұхбатта айтылатын өзекті ойлар, серпінді көзқарастар, еңбек пен парасаттылықтың жемісі, алға ұмтылу жастар үшін де, кез келген оқырман үшін де өмірлік сабақ болмақ. Жастардың тәрбие алатын рухнама кітабы деп айта аламын. «…Біздің еліміздің болашағы жас қазақстандықтарға арнап әңгімелеп шықтым!» – дейді  Елбасының өзі де.

Иә, Тұңғыш Президенттің өмірлік тәжірибесі көп, ой-өрісі кең, инсанды  өмір-ғұмыры бізге үлкен өнеге. Оның туған жері – таулы аймақ, жігіт, азамат болып қалыптасқан  жері – дала!.. Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың мақал-мәтелдерін, нақыл сөздерін әңгіме барысында  өте орынды қолданады екен.  Таудың биіктігі мен даланың кеңдігі Елбасының ақыл-ойына, мінезіне ықпал етпей қоймаса керек. Ол  өзі өскен өлкенің сұлу табиғаты, көркем жерлері жайлы да керемет әңгімелеп береді.

 «Қарғалы, Ұзынағаш, Қарақыстақ, Қастек, Жиренайғыр, Ырғайты деген өзендер; Қарақия, Ақтасты, Сары жасық, Суықтөбе деген таулар – талай-талай оқиғаларға күә болған қасиетті жерлер. Мен туған Үшқоңырдың жанындағы сайлардан өтсең, әрі қарай Қарасаз, Үлкенсаз, Кішісаз, Ботасаз, Құлансаз деген неше түрлі жайлаулар жалғасып кете береді», – дейді Елбасы, оқырманның туған жерге деген сағынышын үдетіп. 

Нұрсұлтан Әбішұлының тағы бір ерекше қасиеті –  даналығы, қай жерде жүрсе де  туған ауылын сағынатыны. Сұхбат кітабын оқи отырып, жас ұрпаққа, балаларымызға, немерелерімізге ата-ананың перзенті үшін қазына екенін, үлкендердің қадір-қасиеті жайлы әрқашан айта жүруге тиіспіз деген ой келеді. Сұхбатты оқыған сайын адам өздігінен дара тұлғаға айнала салмайтынына әбден көзім жетті. Оны өмір сүрген орта, заман, қоғамның өзі және замандастарының арманы мен тілегі қалыптастырады  екен. Болашақ көшбасшы туып, есейіп, қоғам сырын, халқының мұң-мұқтажын ойына түйе жүріп, қайраткерлікке тәрбиеленеді. Өмірін туған халқына, оның мүддесі жолында қызмет етуге арнайды. Қоғам қызметін ел тілегімен ұштастырып, ұлттық рухпен көріктендіреді; азаматтық биік мұраттарымен нұрландырады. Сөйтіп өз мерейін де, ұлттың мәртебесін де көтереді. Ұлт мүддесін бәрінен де жоғары қоятын, шын отаншыл, патриот, ұлт қайраткері осылай туады. Н.Ә.Назарбаев Қазақстан үшін осындай үлгідегі көсем басшы болып шықты. Оның тәуелсіздік жолындағы күрестерде көрсеткен қажыр-қайраты, елді соңынан ерте білу қабілеті сұхбатта терең  ашылады.

 «Өмір өткелдерінде» Н.Ә.Назарбаев  көп ұлтты ортада өскенін, осы ерекшелік  өз өміріне, азамат, саясаткер ретінде қалыптасуына тек қана жақсы жағынан әсер еткенін ерекше көңіл күймен айта келіп, ауылда бірге тұрып, бірге оқып, ағайындай аралас-құралас  болып  кеткен жандар жайында: «Шамалғанда алуан түрлі ұлт пен ұлыстың басы түйіскен еді… Жер аударылған балқарлар, шешендер, немістер, месхет түріктері, қарашайлар, курдтар. Солардың бәріне қазақтар үйінен ығысып орын тауып, баспана береді. Біздің үйдің бір қанатында балқарлар тұрған еді», – дейді. Қазақ қандай мейірімді еді десеңізші!

Абай айтқандай, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деген  осы емес пе!

«Қазақ елінің  ең қиын кездерде ауызбіршіліктен айрылмағаны –  бауырмалдық  сезімнің адамдар бойында сақталғандығынан» деген ойды меңзейді Елбасының әр сөзі.  Осындай ізгі қасиеттің негізінде ол Қазақстандағы сан түрлі ұлт пен ұлыстың басын қосып ҚР Халқы Ассамблеясын құрды.  Бүгінде осынау  ұлттар мен ұлыстар мемлекет құрушы, елді ұйымдастырушы ұлт қазақ халқымен бірге Мәңгілік  Елін,  Отанын, жері мен  шекарасын, достықты, жер  қазыналарын, ауызбіршілікті қорғап келе жатқаны дүние жүзіне аян.

«Достық үйін салған кім? Достық шаңырағын биік көтерген қай батыр? Қандай мейірімді ұлт екен?» деп,  ертең дүниежүзі  халқы сұрайтыны хақ!

Сұхбатта бірнеше тіл білудің пайдасына ерекше мән берілген: «Қостілді қатар игергеннің пайдасын өмір-бақи көріп келемін. Бұл арада мәселе тілді білуде ғана емес. Тілді білу діл білуге бастайды. Ділді, яғни жүректі білу адамды тануға, халықты тануға бастайды».

Сұхбатта ұстаздары, өндірісте бірге жұмыс істеген достары, партия қызметкерлері, сондай-ақ күнгейі де, көлеңкесі де көп, күрделі тұлғалар жайлы да әсерлі сыр шертілген.

«Өмір өткелдері» кітабының және бір ерекшелігі – құндылықтарға,  қол еңбегі мен ой еңбегі хақындағы ой-толғамдарға, шығармашылық еңбекке кеңінен тоқталуы деп білемін. «Ешқашан адастырмайтын, ешқашан қателестірмейтін, әрқашан абыройға бөлейтін бір жол бар. Ол жол – еңбек жолы… Мен өз басым өмір бойы еңбекті ту етіп ұстап келе жатқан адам ретінде халқымды да осы жолға шақырамын!.. Біз үшін еңбек – шешуші ұлттық фактор. Қандай ұлт бола алатынымызды, қалай жұмыс істейтініміз айқындайды. Еңселі елдікке еңбек жеткізеді». Ұлт көшбасшысы тәуелсіз елді дамыту үшін еңбектің маңызын міне осылай, ерекше мәнді түйін жасайды…

 «Өмір өткелдері» сұхбат кітабының басты ерекшелігі неде? Жауап біреу: ақиқатты жазған.  «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат!». Елбасының бұл ақиқат  сөзі іс жүзінде де  солай болды.

«Қазақстандықтардың құқықтық теңдігін қамтамасыз ете отырып, ұлтаралық келісімді сақтау, саяси тұрақтылыққа мемлекеттік саясаттың басты қағидаты ретінде басымдық беру өте маңызды», –  дегені де – ақиқат!

Семей полигоны туралы сұхбатта Елбасы  былай дейді: «28 ақпан күні Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты алдында митинг болып, оны Олжас Сүлейменов басқарды. Олжас құрған, біз қолдау көрсетіп отырған «Невада-Семей» қоғамдық  қозғалысы көп шаруа атқарды… 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойдым… Сөйтіп біз 40 жылдан астам уақыт бойы қазақ жерін тітіркентіп келген тажалды тұншықтырып тындық!». Бұл да – нағыз ақиқат! Бұл қаһармандық шындықты  қазақстандықтар ешқашан ұмытпайды.

Ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған байтақ жерімізді тәуелсіздіктің арқасында заңдастырып, шекараны шегендегеніңізді – ұрпақтарымыздың алаңсыз өмір сүруіне кепіл болар  баға жеткісіз бақыт сыйладыңыз деп қуанамыз! Бұны  Мәңгілік Ел құрудың үлкен қадамы деп түсінеміз! Осының бәрі өздігінен келмегенін, қаншалықты күшті, ақыл мен  даналықты талап еткенін  де ашық жазған.

Қай ел үшін де жолдың орны бөлек. Бұрын Қазақстан жерінде бір-ақ теміржол – Түрксіб салынған еді. Бұны барлық  қазақстандықтар біледі. Қазір теміржол, автомобиль жолдарының көптеп  салынып жатқаны– Қазақстандықтарды шаттыққа бөлеуде. «Қорғас-Жетіген», «Алматы-Қорғас», «Алматы-Қапшағай», «Астана-Бурабай», «Астана-Қарағанды», «Бейнеу-Жезқазған», «Хромтау-Алтынсарин», «Шар-Өскемен», «Сексеуіл-Бейнеу» сияқты теміржол, автомобиль жолдары – халықтың еркін жол  жүруіне, экономиканың ілгеруіне бастайтын негізгі тетіктердің бірі.

Елдің даму жолы мен Елбасының ғұмыр жолына негізделген «Өмір өткелдері» кім-кімді де терең ойға қалдырмай қоймайтыны анық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір