Сахара философиясы: «МИДАҒЫ МҰРАҒАТ» КЕРЕМЕТТЕРІ
04.11.2022
642
0

Тағдыр қазаққа архив емес, фольклор берді. Рухани құндылықтарды содан ғана іздейміз, содан ғана аламыз. Сол әрекетіміз қаншалықты ақталып отыр? Рухи әфсананың құндылығы қолда жоқ архивтердің орнын толтыра ала ма? Әңгіме сол турасында.

«Қойдың сүті – қорғасын…»

Алдыңғы жылы Қытайдан келген бір жігіттің қолынан төте жазумен жазылған «Мал өнімдерінің химиялық құрамы» деген кітап көрдім. Қанша сұрасам да бермеді. Тіпті қолыма да ұстатпады. Себебі – кітап өте құнды болатын.
Қазақстанда мұндай қисындағы зерт материалы бар ма, жоқ па, оны кесіп айта алмаймын. Бірақ соның алдында қолыма қой сүтінің химиялық құрамы туралы дерек түскені бар. Онда басқа түліктердей емес, қойдың сүтінде металдың көбірек болатыны тайға таңба басқандай ашық жазылыпты.
Кереметі сонда, ең көп металл қор­ғасын екен! Есіме еріксіз данышпан қазақтың «Қойдың сүті – қорғасын» деген мәтелінің оралғаны.
Шынында да таңғаларлық жағдай. Менделеевтің периодтық кестесін мүлдем естімеген, ғылыми орталықтарды айтпағанда сауат ашатын заманауи мек­тебі де болмаған, деп жүрген Алаш жұр­ты қойдың сүтіндегі ең көп металдың қорғасын екенін қайдан білді екен?
Әлбетте, жоғарыдағыдай өмірлік тәжірибе барысында туған мәтел тегіннен-тегін қисындалмайды. Әрі оның толық дәлелді, аргументті екенін бүгінгі ғылым да көрсетіп отыр.
Мұрағатын миында, фольклорында сақтаған архивсіз ел рухани құндылықтар негізін ауызекі әңгіме-әфсанадан, мақал-мәтелден іздеуге мәжбүр. Әрі жоғарыда көрсетілген жайт оның ішінара (бәлкім, басым тұрғыда) ақталатынының айғағы дер едік.

Қазақ пен «Капитал»

Сөйлер сөздің шешені Қалтай Мұхаметжановқа қатысты бір әңгіме еске түседі. «Жаңа фильмнің» бас редакторы болып жүргенінде жазушыны бас­қа да басылым басшыларымен бірге пар­т­ш­колға курсқа шақырады. Комидео­логияның профессоры: «Маркстың «Капиталын» оқыңыздар», – деп маза бермейді екен.
Сонда Қалтай ағамыз: «Капиталдың» біз оқитын түгі де жоқ. Ондағы тәлімнің бәрін қазақ атам баяғыда-ақ екі ауыз сөзбен айтып қойған…» –депті.
Ол кездің жағдайында бұл – ең жеңілі қызметтен қуылатын, әйтпесе партия билетінен айырылатын жағдай. Бірақ өз-өзіне бек сенімді жазушы міз бақпапты. Зәресі зәр түбіне кеткен профессор аузын аңқита ашып: «Ол қалай сонда?» – дейді.
– «Капиталдың» бірінші бөлімін қазақ «сай-сайға құяды, бай – байға құяды» деген бірауыз сөзбен ғана түйіндеген, – депті Қалекең.
Бір уыс болып бүкшиген профессор даусы дірілдеп тұрып: «ал екінші бөлімін ше?..» дегенді әзер айтқан деседі.
– Атам қазақ «Капиталдың» екінші бөлімін де «кедей – бай болсам дейді, бай – құдай болсам дейді» деген бір мәтелімен тұйықтаған, – депті Қалтай қожа.
Шынында, Қалтай атамыздың бұл уәжіне Маркс түгілі Гегельдің өзі тіріліп келсе де қарсы дау айта алмайтындай жағдай, енді…

Макиавелиді де мұңайтатын тағылым

Ел билеудің пәлсапасы, тәсілі туралы нұсқаулық жазған Макиавели сынды Батыс данышпандары, ұмытпасам Низам әл Мүлік деген сұлтанның бас уәзірі болған түрік кемеңгері, т.б. мықтылар бар. Соңғы дәуірде Макс Вебер, «өркениеттер соғысы» деген қазіргі кезеңнің нақты ақиқатын сипаттайтын термин ойлап тапқан Батыс ғалымы айтылады.
Ел, мемлекет билеу, оны өркендетіп, әл-ауқатын арттыру – кез келген падишах үшін үлкен мәртебе. Әрі өнер. Бес Франция сыйып кететін Қазақстанды тоқымдай ғана ұлы Ли Куан Ю өркендеткен қала-мемлекет Сингапурдың деңгейіне жеткізем, дегендерді де көрдік.
Ли Куан Ю қайда?! Біз қайда?!.
Ретті жерінде анайылау болса да қазақтың тағы да бір мәтелін айтуға мәжбүрміз. «Биті семірген» деген сөз ғой…
Біздіңше, қазақтың ел билеуге қатысты этнотрактаты, нұсқаулығы жоқ. Бірақ оның орнын толтыратын, әлемдегі әр мемлекет басшысы формула етіп ұстау­ға лайықты бір тағылымы бар.
Ол – данышпан Аязби баба тағылымы!
Туа бітті – кедей, соңынан – хан, тағдырдың қалауымен кереғар екі полюстің бірінен екіншісіне өткен Аязбиден кемеңгер, Аяз биден тәжірибелі қандай падиша болуы мүмкін?!
Король де, падишах та елін тақта, жайлы сарайында отырып басқарды. Жегені – алдында, жемегені – артында, халқының жағдайын, тұрмысын білмеді. Жұрттың бәрін өзіндей бақуатты жағдайда деп ұқты.
Рас, үстіне қайыршы киімін киіп, байқатпай ел арасына шығып, ақиқат тұрмысты көзімен көрген Һарон Рашид сияқты халифтер болған. Бірақ кешегі қу кедей, бүгінгі хан Аязбидің бастан кешкенін, білетінін ол да білмейтін.
Билік адамды бұзады деген қағида және бар.
Аудандық газеттің редакторы болы­сымен «походкасы» өзгеріп, талтаңдап жүре алмай қалған сабазды да көріп едік… Билік пен байлықтың жұмырбасты пендені өзгертетіні, бұзатыны рас. Данышпан халықтың «өзің семірсең, паразитің бірге семіреді» деген қисындағы мәтелінен қалай құтылуға, мәртебелі абыройың­ды қайтып аман сақтап қалуға болады?
Оның бірден-бір жолы, емі – алтын тақта отырған Аяз би падишаның алтын сарайының босағасына, өзі күнделікті көріп отыратын жерге іліп қойған, кедей кезінде киген, жұлым-жұлым жаман күпісі, дейді қазақ пәлсапасының тәлімі.
Кемеңгер хан сол күпісіне қарап отырып: «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!..» деп тәубесіне келіп отырады екен жарықтық!
Бүгінгі облыс әкімін айтпағанда, аудан әкімінің алдына адам бара алмайтын, кіре алмайтын жағдайға жеттік. Қазақша бюрократизмде шек жоқ. Рас, президентіміз осы кінаратты жою амалдарын жиі қарастыруда. Алайда «батпандап кірген кеселдің мысқылдап шығары» тағы бар… Қазақ қоғамына «Аяз бидің тағылымды күпісінің» ең кемі 240 дана (Қазақстандағы аудандар саны) символдық нұсқасы керек дер едік!..

«Аяз би күпісі. Скрипка. Кеды» триптихы

Осы орайда қаламгерлер арасындағы бір күңкілді де айта кетуге тиістіміз. Алдыңғы жылы ғайыптан жазушының қызы министріміз болды. Әй, сонда қалам ұстаған қауымның бөркін аспанға атып қуанғаны-ай!
Қаламгер қауымның формация ауысқаннан бергі басты мұңы – шығармашылық қаламақы ғой. Әдебиетшілер «ақ түйенің қарны жарылды, министріміздің өзі – күні кешегі: «алақай, папам гонорар алатын болды! Енді өзім талайдан армандаған әдемі скрипкамды (бұл сөздің ишаралық қана мәні бар, бәлкім, басқа зат болуы мүмкін) сатып алам!..» деп алақанын шапалақтап өскен жазушының қызы! Ақыры қаламақы мәселесін шешетін шығар…» деп үміттенген.
Алайда үміт ақтала қоймады.
Әдебиетшілер арасында мұндай әңгіменің қазіргі мемлекет басшысына да қатысты айтылатынын жасырмаймыз. Кемел ата Тоқаев – қазақ әдебиетінде детектив жанрының іргетасын қалаған дарынды қаламгер. Ол да гонорар алған, сол гонорарды оның да бала-шағасы үмітпен күткен. Алматының баласы алдымен футбол ойнайтын. Доп қуған қабілетті баланың арманы тамаша «кеды» болғанына да ешкім күмәнданбайды. Ал сол «кедыны» алу үшін жазушы әке алдымен мол гонорар алу керек емес пе?..
Міне, дәл осы жерден «Аяз бидің кү­пісі. Скрипка. Кеды» триптихы туындайды.
Айтпақшы, менің немерем де «ата, скрипка алып бер!..» деп жүр. Бірақ қазіргі заман баласы бүгінгі жазушыға қаламақы төленбейтінін, төленсе де оның тәуір скрипка алуға жетпейтінін қайдан білсін…

Диоген мен Жиренше шешен

Эллинистикада азаматтық еркіндіктің бастауы саналатын Диоген философтың қағидасы бар. Диоген жарықтық «адам табиғат пен жаратушыға ғана тәуелді, басқаға, тіпті патшаға да бағынышты емес» деген қағида ұстанған. Ешкімге тәуелді болмау үшін үйсіз-күйсіз философ бос бөшкені тұрақ етіп, соны мекендеген.
Соны естіген жер жаһанның жаулау­шы қожасы жиһангер Ескендір Зұлқарнайын бөшкесінде рахаттанып жатқан философты арнайы іздеп келеді. Сонда Диоген: «күннің көзін қалқаламай былай тұр! Ол сенің меншігің емес!» депті.
Міне, бұл – азаматтың еркіндіктің, тәуелсіздіктің жарқын мысалы.
Ал қазақта Диоген болған ба? Болса ол кім?
Қазір Қазақстанда үйсіздік деген проблема бар, әрі демографиялық жағдайға байланысты ол ушығып барады. Не көп салынып жатқан үй көп. Көбі қаңырап бос тұр. Ақшаң болса ғана аласың. Банктер небір қитұрқы ипотекалық бағдарламалар жасауда. Бірақ проблема – проблема күйінде тұр.
Дәл осы жерде дала философы Жиренше шешеннің тағылымы еске түседі. Жиренше тағылымы «бөшкедегі Диоген» ұстанымынан әсте кем емес, дер едік. Хан алдындағы беделіне қарамастан, сарайда тұрғаннан гөрі «өз үйім – өлең төсегім» формуласын қатаң ұстап, тәуелсіз болуды қалаған дала философы өзі тұрғызған шағын күркесінен сирағы сыртқа шығып жатып: «қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім…» деп тәубе келтірген.
Бұл да далалық пәлсапаның жарқын мысалы.
Міне, ағайын, көзбен көрмеген, құлақпен естіген, атадан балаға ауызша жеткен «мидағы мұрағаттың» абстракциялы «деректерінен» сыр шерттік. Ақиқатында онда да біраз керемет бар сияқты…
Ал сіз қалай ойлайсыз?

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір