Ұтылған шайқас туралы
11.12.2015
2095
0
1444307303_5520jpg_normalӘр жылдың қазан айында Швеция Ұлт­­тық Академиясы әлемнің ең үздік жазу­­шысын таңдайды. Биыл Нобель сый­лы­ғының әдебиет номинациясы бойынша лау­реаты беларусь жазушысы Светлана Алек­­сиевич атанды. Біреулер бөркін ас­пан­­ға атты, енді біреулер сан соғып қал­ды. Жазушының әкесі беларусь, шешесі ук­раин, өзі орыс тілінде жазатыны Комитет сарапшыларына тосындау көрініпті.
Оның орталық тақырыбы – соғыс. Сезім со­ғысы – ой соғысы – идея соғысы – ар со­ғысы. Қаламгердің қырық  жылдан ас­там шығармашылық  жолында – адамға деген махаббат пен ғалам тағдырына деген алаңдаушылығы шығармашылық кредосына айналып үлгеріпті. Шығармагер туын­­­­дыларында белгілі бір образдар жоқ десе де болады. Тек өмірінің жанына бат­қан, азапты кездерін ғана сипаттап берумен шектелетін кейіпкерлер  ғана сөйлей­ді. Ол белгілі бір тақырып төңірегінде әркім­нің көрген-түйгенін жазып алып, әдеби-мо­зайка, әдеби-фреска жасап, құрақ көр­пе құрайды екен. Дәл осы тұсқа кел­ген­де  әдебиетшілердің пікірі екіге жа­рыл­ған-ды. Бірі оны – «деректі-көркем про­за­ның шебері» деп бағасын асырса, екін­шілері – «жазғанында журналистік сарын басым» деген тоқтамға келген. «Цин­ковые мальчики» кітабы жарық көре са­лысымен-ақ жазушының басы дауға қалып, интернационалист-сардарлардың аналары оның үстінен арыз жазып, сотқа сүйрепті. Уәждері – «Ауған соғысына қа­тыс­қан солдаттардың бейнесін аса жа­ғым­сыз жағынан көрсеткен». Қайбір жы­лы ел Президенті Лукашенконың сая­са­тына қарсы шығып, соның салқыны тисе керек, оның кітаптары мемлекеттік бас­палардан шығуын тоқтатыпты. Нобель сыйлығы жазушыға «көпқырлы шы­ғармашылығында қасіретке толы уақыт пен өршіл рухтың ескерткіші іспеттес шы­ғармалары» үшін беріліпті. Алексиевич ел-жер аралап, Әлемнің «ең ыстық нүк­тесінен» кейіпкер іздеуді әдетке ай­нал­дырған-ды. Уақыт сыры,  ғасыр жан­ай­­қайы, адам жанын жегідей жеген дерт автор жолықтырған адамдардың моноло­гында жатқандай. Соғыс жағдайында жүр­гендер үшін өмір мен өлімнің шекарасы тұтасып кеткендей көрінсе керек. Аққан қан мен оққа ұшқан ұлының өксіп жүріп өлігін сүйреген ананы көріп өскен өскелең ұрпақ қалайша қаныпезер, қа­лай­ша тасбауыр болмайды. Ал бейбіт жағ­дай­дағы адам ол бейбақтардың ауыр азабын терең сезіне алмаса керек! Бүгінгі Украина Оңтүстік пен Солтүстік болып бөлін­ге­ніндей, жаһанда қақ жарылды. Бір жақ – Үшінші дүниежүзілік соғыс ашып, адам­затты аяусыз қыруға дайын тұрса, екін­ші жақ – бейбітшілікті көксеп, Көк жү­зінде көгершіндер ұшқанын қалайды. Зор­лық-зомбылық, аштық, жемқорлық, қатыгездік, атыс-шабысты көріп өскен ұр­пақ жүрегінде Жаратушыға деген ма­хаб­батқа, адамға деген сүйіспеншілікке орын бар ма екен?!  Лауреат  өз кітаптарын­да осы бір мәңгілік сұраққа өздігінше жауап іздейді, өздігінше жол салады. Алексиевич Путин саясатын сынға алғаны үшін орыс­шыл қаламгерлерінің қырына ілі­гіпті. Іліккені былай тұрсын, әлгілер топ құрып, жазушының сыйлық алмауына барынша қарсы болған, ал сарапшылар өз шешімін шығарған соң, кертартпа рецензияларды қарша боратыпты. Әді­леттілік кім жақта? Василь Быков пен Алесь Адамовичты өзінің ұстазы санайтын Алексиевич ұлы Достоевскиймен де «дос» екен. Өз жазуына өзек етіп кіш­кен­тай адамның үлкен трагедиясы мен жан тұңғиығындағы тұнық суды лайлайтын шайтанмен үміт пен махаббат арқылы күресу идеясын алыпты. Жазушы лекциясында өзін әлсіз әйел емес, деревнядан шыққан, соғыстан кейінгі кезең тәрбиелеген ермінезді азаматша ретінде таныстырады. Қаламгердің басқа дүниелерінен гөрі рухы асқақ  «Чер­нобыль дұғасында» қайғы-қасірет шек­кен қаншама жазықсыз  жанның үнін, санасын саясат улағандар ести алды ма екен, осы? «Адамзаттың бәрін сүюге» шақырған Абайдың түпкі ойы – адам «жүрек көзін» ашып, Алла алдындағы ісіміз имани-тара­зыға тартылғанға дейінгі уақыт аралы­ғын­да барынша тазару еді  ғой.  Адамзаттық ойдан қазақ та кенде емес. Беделді сый­лық­тың жағрафиялық картасы өзгеріп, Ор­талық Азияға ойысқанын ескерер бол­сақ, Нобель қазақтың қан­жығасын қашан майлайтынын Уақыт мырза шеше жатар. Дегенмен, арзу-ар­манымыз бізге, біз оған жақындай түскен сияқтымыз. Қалай бол­ғанда да бүгіндері Сүлейменнің жүзі­гіне ба­ланған жүлде құтты болсын! Құттықтай отыра, күні кеше тапсырылған  сыйлықтың құрметіне оқыған жазарман лекциясын оқушы назарына ұсынамыз.
Әлібек БАЙБОЛ.

 Светлана Алек­­сиевич

Нобельдік лекция
Мен мына мінбеде жалғыз тұрған жоқ­пын… Айналам толы дауыстар, жүздеген дауыс­тар, олар қашан да менімен бірге. Ба­ла жасымнан бері. Мен ауылда тұрдым. Біз, бала біткен, далада ойнауды ұна­та­тын­быз, ал кешке қарай өз үйлерінің немесе біз­де аталатындай, хаталарының алдына қал­жыраған қатындар жиналатын сәкілер біз­ді магнитше тартушы еді. Бірде-біреуі­нің күйеулері, әкелері, бауырлары болмайтын, соғыстан соң біздің қыстақта еркектер болғаны менің есімде жоқ – Екінші дү­­­ниежүзілік соғыс кезінде Беларусьте май­дан кешіп немесе партизан қа­та­рын­да жүріп әрбір төртінші беларусь жер жас­танды. Соғыстан кейінгі біздің балалық әле­міміз  әйелдер әлемі болды. Менің есім­де бәрінен де қатты қалғаны – әйел­дердің өлім туралы емес, махаббат туралы айтатыны. Соңғы күні сүйгендерімен қа­лай қош­тасқанын, оларды қалай күткенін, әлі күн­ге дейін күтіп жүргенін айтатын. Қан­шама жылдар өтті, ал олар әлі күтулі: «қол­сыз болсын, аяқсыз болсын, тек кел­сін­ші, өзім алақаныма салып жүрер едім». Қол­сыз болсын… аяқсыз болсын… Сірә, мен махаббат дегеннің не екенін бала кү­нім­нен білген сияқтымын… Құлағыма же­тетін хордың бірер ғана мұңды саздары мы­надай…
Бірінші дауыс:
«Оның несін білгің келеді? Ол мұң мен шер ғой. Мен күйеуіммен майданда таныс­тым. Өзім танкіші болатынмын. Берлинге дейін жеттім. Ол әлі күйеуім болмай тұр­ғанда екеуміздің Рейхстаг түбінде тұр­ға­нымыз есімде, маған ол: «Екеуміз үй­ле­нейікші. Мен сені сүйемін» деді. Сол сөз­дерден жаным күйзеліп кеткенін айтпаңыз – біз соғыстың өн бойында кір-қоқыста, шаң-тозаңның астында қан кешіп, тек ба­лағат сөзді естумен жүрдік қой. Мен оған айттым: «Әуелі сен менен әйел жаса: гүл сыйла, назды сөздер айт, сонда мен май­даннан қайтқан соң көйлек тігіп кие­мін», – дедім. Оған өкпелегенім сонша, тіп­ті шапалақпен тартып жібергім келді. Со­ны ол да түсінді, өзінің бір беті күйген, тыр­тық-тыртық болушы еді, солардың ара­сынан сорасының аққанын көрдім. «Жа­райды, саған күйеуге шығайын». Деуін де­дім… бірақ соны айтқаныма өзім сене алар емеспін… Айнала ыс, сынған кір­піш­тер, бір сөзбен айтқанда, төңірегім түгел соғыс…».
Екінші дауыс:
«Біз Чернобыль атом стансасының маңын­да тұратынбыз. Кондитер болып іс­теймін, бәліш пісіремін. Ал күйеуім өрт сөн­діруші болатын. Жаңада ғана үй­лен­генбіз, тіпті дүкенге де қол ұстасып барушы ек. Реактор жарылатын күні күйеуім өрт сөндірушілер бөлімшесінде кезекші бо­л­а қалды. Шақыру түскенде олар үсте­рін­дегі жейделерімен, үй киімдерімен жолға шықты: атом стансасында жарылыс болып жатыр, ал оларға арнаулы киім де берілмеген. Біз солай өмір сүрдік қой… Өздеріңіз білесіздер… Олар түні бойы өрт сөн­дірумен жүріп, радиомөлшерді шектен тыс алған. Таңертең оларды ұшақпен дереу Мәскеуге әкетті. Ушыққан сәуле ауруы… адам небәрі бірер апта өмір сүреді… Менің күйеуім мықты, спортшы болатын, ең соң­ғысы болып, көз жұмды. Соңынан бар­ға­ным­да маған оның арнаулы бөлмеде жат­қанын, оған ешкімді жібермейтінін айтты. «Мен оны сүйемін», – деймін. Оларға солдаттар қарайды. Сен қайда бармақсың?» деседі. – «Сүйемін» деп болмаймын. Олар маған жөнін айтып жатыр: «Ол енді біреудің сүйгені емес, зарарсыздан­ды­рылуға тиісті жәй ғана объект. Түсінемісің?» Ал мен «сүйемін, сүйемін» дегеннен бас­қаны білмеймін… Түнде оған өрт сөндіру­шілердің сатысымен көтерілдім… Немесе түнде есік күзетушілерге жалынып, ақша беріп, мені ішке өткізіп жіберулерін сұраймын… Әйтеуір оны жалғыз тастаған жоқпын, ақтық сәтіне дейін қасында болдым… Ол өлген соң… бірнеше айдан кейін қыз таптым, бірақ оным небәрі бірнеше күн өмір сүрді. Ол… Біз оны соншама аңсап күтіп едік, ал мен өлтіріп алдым… Ол мені сақтап қалды, радиосоққының бар сұмды­ғын өз бойына қабылдады. Қуыршақтай ғана еді… Кіп-кішкентай балапан… Бірақ мен екеуін де сүйетінмін. Сүйіспеншілікпен бі­реуді өлтіруге бола ма? Махаббат пен өлім қатар жүретіні несі? Қашан да бірге болады ғой. Маған оны кім түсіндіреді? Бейіттерінің басында жер тырнаймын да жүремін…».
Үшінші дауыс:
«Алғаш рет немісті өлтіргенім… Ол кез­де он жастамын, партизандар тапсыр­маға барғанда мені де ертетін болған. Әлгі неміс жаралы жатыр екен… Маған оның пис­толетін ала кет десті, жанына жетіп ба­рып ем, неміс пистолетіне екі қолымен бір­дей жармасып, маған кезене берді. Бірақ ол атып үлгерген жоқ, мен үлгердім… Адам өл­тіргеніме қорыққан жоқпын… Соғыста оны есіме алған да емеспін. Айнала толы өл­гендер, біз кілең өліктің ортасында өмір сүр­дік. Ал көп жылдан соң, кенет әлгі не­міс түсіме кіргенде мен таң қалдым. Тіпті күт­пеген жерде… Сол бір түсті көре бердім, кө­ре бердім… Бірде мен  ұшып бара жатамын, ол маған жармасып, жібермейді. Әне-міне көтерілесің… Ұшып бара жата­сың… ұшып бара жатасың… Ол қуып жете­ді де екеу­міз бірге құлаймыз. Әлдебір шұң­қырға құлап бара жатамын. Кейде бір тұр­ғым келеді… көтерілгім келеді… Ал анау жібермейді… Соның кесірінен ұша ал­маймын…
Ылғи бір түс… Ондаған жылдар бойы соңым­нан қалмады…
Сол түс туралы ұлыма айта алмаймын. Ұлым кішкентай болды – айта алмадым, оған тек ертегі оқып беретінмін. Ұлым өсіп еді – бәрібір айта алатын емеспін…».
Флобер өзін қауырсын-адаммын дейді екен, мен де өзімді құлақ-адам дей аламын. Көшеде бара жатсам әлдебір сөздер, сөз орам­дары, көтеріңкі лебіздер құлағыма шалынғандай  болады, сонда мен: қаншама романдар уақыттың қойнына із-тозсыз сі­ңіп кетіп жатады деп ойлаймын. Қараң­ғы­­лықтың құшағына. Адам өмірінің ауы­з­­екі бөлігі бар, оны біз әдебиеттің игі­лі­гіне жарата алмаймыз. Әлгі біз оны баға­лап, оған таңырқап, тәнті болып үлгерген жоқ­пыз. Ал ол мені толайым баурап, тұтқындап алды. Мен адамның сөйлегенін жақсы кө­ре­мін… Адамның жалғыз-жарым дауысын ұнатамын. Ол менің ең сүйікті құштар­лы­ғым мен ынтызарым.
Менің осы мінбеге дейінгі жолым адам­­нан адамға, бір үннен екінші үнге жал­ғасып, қырық жылдай уақытқа созыл­ды. Өзіме бұл жол әмісе жеңіл болды деп айта алмаймын – көп ретте адамнан шошып, күйзелгенім, таңырқап та, аза бойым қаза болып та көргенім бар, естігенімді тарс есімнен шығарып, бейсауат күндеріме қайта оралғым келгені бар. Адамның әде­мілігіне сұқтанып, қуаныштан жылағым келген кездерім де аз болған жоқ.
Мен өзімізді қаршадай кезімізден өлу­ге үйреткен елде өмір сүрдім. Өлімге үй­рет­кен елде. Адам  ойланбастан отқа түсу үшін, өзін құрбан ету үшін өмір сүретінін құ­лағымызға сіңірді. Мылтықты адамды сүю­ге тәрбиеледі. Егер мен басқа бір елде өс­кен болсам, бұл жолдан өтпес едім. Жа­уыздық аяушылықты білмейді, оған қар­сы егуден өту керек. Бірақ біз жанал­ғыштар мен құрбандықтардың ортасында өстік. Ата-аналарымыз қосүрей өмір сүріп, бізге сұмдықтың бәрін айтпағанымен, ал кейде тіпті ештеңе демегенімен, өміріміздің ауа­сының өзі сонымен уланған еді. Жа­ман­дық ұдайы қыр соңымыздан аңдып жүре­тін.
Мен бес кітап жаздым, бірақ өзіме со­ның бәрі бір-ақ кітап сияқты көрінеді. Бір қиялдың тарихы туралы кітап сияқты…
Варлам Шаламовтың: «Мен адамзаттың шынайы  жаңғыруы  жолындағы жеңіліс­пен аяқталған алапат соғыстың қатысу­шысы бол­дым» деп жазғаны бар. Мен сол шай­қас­тың, оның жеңістері мен жеңі­ліс­терінің тарихын қалпына келтірудемін. Жер бе­тін­де Аспан Патшалығын орнат­қы­сы кел­гендердің тарихын, Жұмақты! Күн қа­ла­сын! Ал ақыр соңы телегей теңіз қан­мен, миллиондаған адамдардың өмірін қиюмен аяқталды. Бірақ кезінде ХХ ға­сыр­дың бір­де-бір саяси идеясы коммунизммен (және оның нышаны ретіндегі Кеңес төң­ке­рі­сімен) теңесе алған жоқ, батыс парасатшылары мен бүкіл адам баласына одан мықты және одан жарқын әсер ететін ешқандай күш болған жоқ. Раймон Арон орыс революциясын «ой адам­дарының апиыны» деп атады. Коммунизм туралы ой-пікірдің жа­сы бері салғанда екі мың жылмен өлше­неді. Оны біз Платонның мінсіз және оңды мемлекет туралы ілімінен, Аристофанның «бәрі ортақ болатын» уақыт туралы армандарынан көреміз… Томас Мор мен Таммазо Кампанелладан таба аламыз… Бертінде Сен-Симоннан, Фурье мен Оуэннен кез­дес­тіреміз. Осы армандарды шындыққа ай­налдырмақшы болған орыс рухының да бір қағары бар.
Осыдан жиырма жыл бұрын біз «қы­зыл» империяны қарғап-сілеп, көз жасымызды көл қылып, шығарып салдық. Енді қазір кешегі өткенімізге тарихи тәжірибе ретінде байыппен қарай аламыз. Бұл өте маңызды, өйткені социализм туралы ай­тыстың қызуы әлі басылар емес. Дүниені басқа қырынан көретін жаңа ұрпақ өсіп шықты, бірақ қайтадан Маркс пен Ленинді оқи­тын жастар да аз емес. Орыс қалала­рын­да Сталиннің мұражайлары ашылып, оған ескерткіш орнату көрініс алуда.
«Қызыл» империя келмеске кетті, ал «Қы­зыл» адамдар әлі бар. Жалғасып жатыр.
Менің жақында қайтыс болған әкем өле-өлгенше тақуа коммунист болып өтті. Партиялық билетін қастерлеп сақтайтын. Мен ешқашан да «кеңке» деген сөзді айта алмаймын,  онда  өз әкемді, «туғандарымды» таныс адамдарымды солай атауыма тура келген болар еді. Достарымды да. Олардың бәрі сол жақтан – социализмнен. Ара­ла­рын­да қиялшылдары көп. Арманшылдары. Бүгінде оларды басқаша атайды – құл­дықтың арманшылдары дейді. Қиялдың құлдары. Менің ойымша, солардың бәрі басқа өмір сүруіне болатын еді, бірақ кеңес­тік өмір сүрді. Неге? Осы сұрақтың жа­у­а­бын мен көп іздедім – күні кеше КСРО аталған ұлан-ғайыр елді түгел аралап, мыңдаған үнтаспаны жазып шықтым. Ол социализм еді және жәй ғана біздің өмі­ріміз болатын. Мен «үйдегі», «ішкі» социа­лизмнің тарихын титімдейден тір­нек­теп жинадым. Оның адам жанынан қа­лай көрінетінін құрастырдым. Мені қы­зықтырған осынау шап-шағын кеңістік – адам болды… бір ғана адам болды. Ал шын мәнінде бәрі сонда болып жатады. Со­ғыс  бітісімен-ақ Теодор Адорно: «Ос­вен­цимнен кейін өлең жазу – тағылық» деп қайран болыпты. Бүгін өзім атын ас­қан риза­шылықпен атайтын ұстазым Алесь Ада­мович те ХХ ғасырдың қияме­тінен соң проза жазу күпіршілік деп есептеген. Мұн­да еш нәрсені ойдан шығаруға болмайды. Шындықты бәз қалпында беру керек. «Астам әдебиет» қажет болады. Көзі көр­ген­нің өзі сөйлеуі тиіс. Бірде-бір суреткер нақты шындықты көтеріп тұра алмайды деген Ницшені де еске алуға тура ке­ле­ді. Оған шамасы жетпейтін болса керек.
Мен әркез шындықтың бір жүрекке, бір  ақылға  сыймайтынына  қиналатынмын. Ол өзі біртүрлі шағылған әрі сансыз, алуан-алуан ғой  және дүниеге шашудай-ақ ша­шылған. Достоевскийдің адамзат өзі туралы әдебиетке дәйектеп жазғанынан ар­тық, әлдеқайда көп біледі дейтін пікірі бар. Менің істейтінім не? Мен сезімдердің, ой­лардың, сөздердің әдеттегі қалпын жи­най­мын. Мені адам жанының тарихы қы­зықтырады. Адам жанының қалпы. Әдет­те үлкен тарихтың назарынан тыс қа­ла­тын, ол елемейтін жайлар. Еренсіз тарихпен шұғылданамын. Бұл әдебиет емес, жәй құжат дегенді талай естідім, әлі де ес­тіп жүрмін. Ал бүгінгі әдебиет де­ге­ні­міз не? Осы сұраққа кім жауап береді? Біз бұр­ынғымыздан тезірек өмір сүрудеміз. Маз­мұн форманы тас-талқан етуде. Оны бұ­­тарлап, өзгертуде. Музыка да, сұңғат та – бәрі-бәрі өз жағалауынан асып-төгілуде және құжаттағы сөз құжаттың шеңберінен асып жатыр. Нақтылық пен ойдан шыға­рыл­ғанның арасында шекара жоқ, бірі біріне ауысуда. Тіпті куәгердің өзі риясыз емес. Әңгіме айтқан адам жанынан қосып айтады, ол, мәрмәр таспен арпалысқан мүсінші сияқты, уақытпен тартысады. Ол – актер және туындыгер.
Мені жұпыны адам қызықтырады. Мен оны кішкентай үлкен адам деп атар едім, өйткені қасірет оны зорайта түседі. Ме­нің кітаптарымда ол өзінің кішкентай тарихын айтады және өзінің тарихымен қоса үлкен тарихты қозғайды. Әлі парық­тал­май басымыздан не өткенін және не өтіп жатқанын айтуымыз керек. Әуелі, тым болмағанда сөз етуіміз керек. Өзіміз­дің өткенімізді айқындап алмайынша біз содан қорқамыз. Достоевскийдің «Әзәзі­лін­де» Шатов әңгіме басында Ставрогинге: «Біз енді жан иесі болып дүниеде соңғы рет… шексіздікте тоқайластық қой. Екпін­деу­ді қойып, адам секілді болыңыз! Бір рет бол­са да адамша сөйлеңізші» дейді ғой.
Менің өз кейіпкерлеріммен әңгімем шамамен осылай басталады. Әрине, адам өз уақытынан сөйлейді, оның ешқайдан сөйлеуі мүмкін емес! Бірақ адам жанының түк­піріне жол салу қиынның қиыны, ол ға­сырдың наным-сенімімен, қыңырақу­шылықтарымен және жалғандықтарымен ластанған. Теледидарымен және газеттері­мен. Уақыттың қалай қозғалғанын… мұ­рат­тардың қалай өлгенін парықтау үшін мен өз күнделіктерімнен бірнеше беттерді ал­сам деп ем. Өзім оның ізімен қалай жүр­генімді көрсету үшін…
1980–1985 ж.ж.
Соғыс туралы кітап жазудамын… Неге со­ғыс туралы? Өйткені, біз әскери адам­дар­мыз – біз не соғысумен болдық немесе со­ғыс­қа әзірленіп жаттық. Байыптап қара­са, біздің бәріміз әскерше ойлайтынымызды байқауға болады. Үйде де, түзде де. Біз­де адам өмірінің түкке тұрмайтыны со­дан. Бәрі соғыстағыдай.
Әуелі күдікпен бастап ем. Жә, соғыс ту­ра­лы тағы бір кітап екен… Не үшін?
Журналистік сапарларымның бірінде соғыста санитарлық нұсқаушы болған бір әйелмен кездестім. Соның айтысы. Олар қыста Ладога көлі арқылы кетіп бара жат­қанда жау қозғалыстарын байқап қалып, оқ жаудыра бастаған. Аттар, адамдар мұз астына кете бастапты. Бұл өзі түнде болса керек, әлгі әйел жаралы біреуді ұстап алып, жағаға сүйрей кеткен ғой. «Тырдай жа­лаңаш, су-су біреуді сүйреп келемін, – дейді. – Жанталаста киімі шешіліп қалған ғой деп ойлаймын. Ал жағаға жеткен соң нән бір қартпа балықты сүйреп шыққа­ным­ды бір-ақ білдім. Сол-ақ екен, балағат сөздің жеті атасынан жіберейін – иә, адам­дардың көрмегені жоқ, ал бірақ аңдардың, құстардың, балықтардың жазығы не?». Тағы бір сапарымда атты әскер эскадроны санитарлық нұсқаушысының әңгімесін естідім. Ұрыс барысында ол оқпана шұң­қырға жаралы немісті әкеліпті, тек оның неміс екенін келген соң бір-ақ білген ғой. Аяғын оқ жұлған бейшара әбден қансырап жатқан ғой. Бірақ  ол – жау! Не істеу керек? Жоғарыда өз жігіттері жан берісіп, жан алысып жатыр! Әйтсе де ол әлгі немістің жарасын таңып, ілгері еңбектеп кеткен де ес-түссіз жатқан орыс солдатын сүйреп әкел­ген. Сәлден соң есі кірген ол автоматына жармасып, немісті өлтірмекші болады, ал неміс те есі кірген бір орайында орыс­ты өл­тір­мекке  ұмтылады. «Біресе бі­реуін, біресе екіншісін тұмсықтан қон­жи­та­мын, – деп еске алды санитар әйел. – Аяғы­мыз қызыл ала қан. Тілерсектен қан ке­шіп жүрміз».
Бұл мен білмеген соғыс болды. Әйел со­ғысы. Есте қалғаны батырлар туралы емес. Бір адамдар екінші адамдарды ерлік­пен өлтіргені туралы емес. Есте қалғаны – әйелдердің гөй-гөйі: «Ұрыстан соң даламен келе жатасың. Ал олар пырдай боп қи­рап жатады… Өндірдей жастар, бәрі әде­мі. Шалқалап, аспанға қарап жатқаны. Оларға да, бұларға да жаның ашиды». Мі­не, осы «оларға да, бұларға да» деген сөз­ден мен өз кітабымның не туралы болатынын түйдім. Соғыс дейтіннің – өлім екені ту­ралы, Әйел жадында ол осылай қалған. Жаңа ғана жымия күліп, темекісін тартып отырған адам, бір айналып қарасаң – жоқ. Әйелдер көбіне-көп жоғалтатынын әңгіме қылады, соғыста не нәрсенің де лезде жым-жылас болатынын айтады. Адам да, адам­ның уақыты да. Иә, олар 17-18 жасында майданға өздері сұранып аттанған, бі­рақ адам өлтіргілері келмеген-ді. Ал өлуге әрқашан дайын болатын. Отан үшін. Та­рих­тың сөзін өзгерте алмайсың – Сталин үшін де.
Кітап екі жыл бойы басылмай жатты, ол қайта құруға дейін басылмады. Гор­бачевқа дейін. «Сіздің кітабыңыздан соң еш­кім де соғысуға бармайды, – деп ақыл айтты маған цензор. – Сіздің соғысыңыз сұм­дық екен. Бірде-бір батырыңыздың жо­ғы қалай?». Мен батыр іздеген жоқпын-ды. Мен тарихты оның ешкімге белгісіз куә­гері әрі қатысушысының әңгімесі ар­қы­лы жаздым. Одан жан баласы еш уа­қыт­та ештеңе сұраған емес. Адамдар, жәй ғана адамдар ұлы идеялар туралы не ойлайтынын біз білмейміз. Кім де болса соғыстан соң іле-шала сол соғыс туралы бір әңгімені айтса, ондаған жылдардан соң, әрине, басқа бір әіңгімені айтар еді, өйткені оның зердесінде белгілі бір өзгерістер болады, себебі ол өзінің естеліктеріне бүкіл өмірін салады. Толайым өзін осы жылдар ішінде қалай өмір кешкенін, нені оқып, нені көр­генін, кімді кездестіргенін. Неге сене­ті­нін. Ақыры, өзінің бақытты, яки бақытсыз екенін. Құжат дейтін – тірі нәрсе, ол өзі­мізбен бірге өзгеріп отырады.
Дегенмен, 41-ші жылдың әскери қыз­дары секілді ешбір қыздар енді болмайтынына мен кәміл сенімдімін. Ол «қызыл» идеяның ең асқақтаған, тіпті революция мен Лениннен де асып түскен кезі болатын. Олардың Жеңісі күні қазірге дейін ГУЛАГ-ты көлегейлеумен келеді. Мен сол қыз­дар­ды жанымдай жақсы көремін. Бірақ Сталин туралы, соғыстан соң шырқыраған шын­дықты айтатын жеңімпаздар тиелген составтардың Сібірге жол тартқаны туралы олармен сөйлесуге әсте болмайтын. Өз­гелер қайтып оралып, ауыздарына қақ­пақ қойған еді. Бірде менің: «Біз тек со­ғыста ғана бостан болдық. Алғы шепте» де­генді естігенім бар. Біздің басты капита­лымыз – қасірет. Мұнай да емес, газ да емес – қасірет. Біздің ұдайы өндіретін жал­­ғыз нәрсеміз – сол. Өнебойы бір сұрақ ма­замды алады: біздің қасіретіміз неге бос­тандыққа айырбасталмайды екен? Со­лардың текке болғаны ма? Чаадаев дұрыс айтқан: Ресей – жады жоқ ел, жаппай бейсана жайлаған кеңістік, сын мен рефлексия үшін тұмса сана.
Ұлы кітаптар аяқасты жатыр…
1989 ж.
Мен – Қабылдамын. Енді соғыс туралы жазбасам деп едім. Бірақ, міне, нағыз со­ғ­ыс төріндемін. «Правда» газетінен: «Біз бауыр­лас ауған халқына социализм ор­на­туға көмектесудеміз». Айнала төңірек – соғыс адамдары, соғыс заттары. Соғыс уақтысы.
Кеше мені ұрысқа алмай кетті: «Мей­ман­ханада қалыңыз, бойжеткен. Сосын сіз үшін жауап берер жай жоқ». Мейманха­нада отырып: «біреудің ерлігі мен нар­тәуе­келіне үңілудің адамгершілікке жат­пайтын бірдеңесі бар деп ойладым. Мұн­да келгеніме екінші апта болды, содан бері соғыс – еркектердің мен сырына жетіп бол­майтын табиғатының туындысы дей­тін сезімнен арыла алмай қойдым. Ал со­ғыстың күнделікті тірлігі ғаламат. Өзіме: автомат, мина, танкі атаулы қару біткеннің бәрі әсем дейтін жаңалық аштым. Басқа біреуді қайтіп әдемілеп өлтірсем деп адам ба­ласы көп ойланған ғой. Ақиқат пен әде­мі­ліктің арасындағы мәңгілік дау. Маған ита­льяндық жаңа минаны көрсетті, менің «әйел­дік» әсерім: «Әдемі. Ал неге әдемі?» дегенге сайды. Маған әскери түрде түсін­діргендері былай болды: егер осы минаны былай… мынадай бұрышпен басып кетсе… адам­нан жарты шелек ет қалады екен. Қа­лып­тан тыс нәрсені мұндағылар қалыпты нәр­се деп айтады. Соғыс қой, қайтесің… Жер­де табиғат апатынан емес, тағдырдың жазуынан емес, адамның қолынан өлген біреу жатса, ондай көріністен мұнда­ғы­лар­дың бірде-біреуі ақылынан адаспайды.
«Қара раушанның» (қайтыс болғандар са­лынған мырыш  табыттарды елге әкете­тін ұшақ) тиелгенін көрдім. Өліктерге кө­бінесе қыр­қыншы жылдардағы галифелі ескі әс­кери форма кигізіледі, кейде ондай формалар да жетпей қалады екен. Өзара сөй­лескен солдаттардың: «Тоңазытқышқа жаңа өлгендерді әкелді. Қабанның бұ­зылған етінше иістенеді екен», – дескенін естідім. Сол туралы жазамын. Бірақ үйде­гі­лер оныма сенбес деп қорқамын. Біздің га­зеттер кеңес солдаттары отырғызған дос­тық аллеялары туралы жазып жатыр.
Жігіттермен әңгімелестім, көбі өз ерік­терімен келіпті. Осында сұранған. Көбі ин­тел­лигенттердің отбасынан – мұғалім­дердің, дәрігерлердің, кітапханашылардың  бір сөзбен айтқанда, кітапшыл адам­да­р­дың балалары. Ауған халқын социализм ор­натуына көмектесуді шын ниеттерімен ар­мандаған. Енді өздеріне өздері күледі. Ма­ған күн көзінде жарқырап әуежайдың бір қалтарысында жатқан жүздеген шырыш табыттарды көрсетті. Мені ертіп жүр­ген офицер шыдамай кетті білем: «Мүм­кін мұнда менің де табытым жатқан шы­ғар… Соған салады… Тегі, мен мұнда не үшін соғысып жүрмін?» – деді. Жалма-жан өз сөзінен өзі қорқып: «Оны жазбай-ақ қойыңыз», – деп қосты.
Түнде түсіме өлгендер кірді, бәрі таңыр­­қаған түрмен: «Менің өлгенім қа­лай? Шынымен өлгенім бе?» десіп жүр екен деймін.
Медбикелермен бірге бейбіт ауғандарға ар­налған госпитальға бардым, біз онда ба­лаларға сыйлық апардық. Балалардың ойын­шықтары, кәмпит, печенье. Маған пү­ліш Қонжықтың бесеуі тиді. Госпиталь де­гені ұзынша барак екен, төсек-орын мен ақжайманың орнына – бәрінде бір-бір жа­мылғы. Қолына бала көтерген бір ауған ке­лін­шегі маған жақындап бірдеңе айт­қысы келді, он жыл ішінде мұндағы­лар­дың бәрі шамалы орысша сөйлеуді үйрен­ген. Балаға ойыншық ұсынып ем, ол оны тісімен алды. «Тісімен алғаны несі?» деп таңырқадым. Ау­ған келіншегі сәбидің құйтақандай де­не­сінен жамылғысын сыпырып еді, бал­а­ның екі қолы бірдей жоқ екен. «Бұл сенің орыстарыңның бомбала­ғаны». Мен құлап бара жатыр ем, біреу ұстай қалды…
Мен біздің «Град» («Бұршақ») қышлақ­тар­дың ту-талақайын шығарғанын көрдім. Қы­шлақ сияқты ұзына созылған ауған бейі­тінде болдым. Бейіттің орта тұсында кейуана ауған әйелі дауыс салып жатыр екен. Минск түбіндегі қыстақта үйге мырыш табыт кіргізіліп, анамның қалай аңы­рағаны есіме түсті. Ол адамның да, аң­ның да ащы айқайына ұқсамайтын еді… Қа­былдағы бейітте  өзім  естіген зар-налаға келетін.
Шынымды айтайын, мен бірден ерікті бо­ла қойған жоқпын. Өз кейіпкерлеріме адал болдым, сондықтан олар да маған сен­ді. Әрқайсымыз бостандыққа өз жо­лы­мыз­бен жүрдік. Ауғанстанға дейін мен адам кейіпті социализмге сенетін едім. Ал ол жерден барлық қиял-сағымнан ада бо­лып оралдым. «Кешір, әке, – дедім мен онымен кездескенімде, – сен мені ком­мунистік мұраттарға адал етіп тәрбиелеп едің, бірақ мамам екеуің тәрбиелеген (ата-анам ауыл мұғалімдері еді) күні кешегі кеңес оқушылары бөтен жерде өздеріне бей­таныс адамдарды қалай өлтіріп жүр­генін бір мәрте көргеннің өзі  сенің сөзің­нің бәрін тас-талқан етуге жетіп-артылар еді. Біз – жаналғыштармыз, папа, түсі­не­місің?» Әкем еңіреп жылап жіберді.
Ауғанстаннан көптеген ерікті адамдар қайт­ты. Бірақ менде басқа да мысал бар. Сон­да, Ауғанстанда, маған бір жігіттің: «Сен әйел басыңмен соғыстан не білуші ең? Соғыста адамдар кітаптағы мен кино­дағыша өлетін бе еді. Онда олар әдемі өледі ғой, ал кеше менің досым басына оқ тиіп өлді. Ол әлі он метрге дейін жүгіріп, өзінің миын жинап бара жатты…» – деп айқай­лағаны бар. Ал жеті жылдан соң сол жігіт, Ауған туралы әңгімені майын тамызып айтатын қолы салымды бизнесші маған қайта хабарласып: «Сенің кітаптарың неге керек? Олар тым қорқынышты», – деді. Бұл енді маған өлімнің ортасында кез­десетін, жиырма жасында өлгісі келмейтін емес, мүлдем басқа жігіт еді…
Мен соғыс туралы қандай кітап жазсам екен деп өзімнен сұрайтынмын. Оқ атпайтын, басқа адамға қару жұмсай алмайтын, соғыс туралы ойдың өзінен жаны қина­латын адам туралы жазсам деп едім. Ол қайда? Мен оны кездестіре алмадым.
1990-1997 ж.ж.
Орыс әдебиетінің қызықты болатыны – бір кезде байтақ елдің басынан өткен бі­регей тәжірибе туралы тек сол ғана айтып  бере алатынында. Менен жұрт: сіз неге үнемі қайғы-қасірет туралы жазасыз деп жиі сұрайды. Себебі – біз солай өмір сү­ре­міз. Қазір біз әр түрлі елдерге тарап кет­сек те «қызыл» адам қай жерден де табылады. Сол өмірден шыққан, естеліктері де сол.
Чернобыль туралы жазғым келмей көп жүрдім. Ол жайында қалай жазуды, қандай құралмен жазуды және қай беттен кірісуді білмедім. Еуропаның бір қалтарысында қалған, бұрын ешкім естіп-білмеген дей­тіндей менің кішкентай елімнің аты бар­лық тілдерде аталып жүріп берді, ал біз. Бе­ларусьтар, Чернобыль халқына айналып кеттік. Бейтаныс нәрсеге бірінші болып жанастық. Даусыз нәрсе: коммунистік, ұлттық және жаңа діни тәуекелдерден бас­қа алда бізді одан да қатаң әрі ауқымды, бірақ әзірге көзден таса сын күтіп тұрған еді. Чернобыльден соң әлдененің беті ашылып жүріп берді ғой…
Бір кептер келіп мәшинесінің маңдай терезесіне соқтыққанда қарт таксистің: «Күн сайын екі-үш құс соқтығып өледі. Ал газеттер жағдай бақылауда деп жазуын қой­майды» деп ашына боқтап жібергені есте қалыпты.
Қала парктеріндегі жапырақтар жинап алынып, қала сыртына апарып көміліп жатты. Уланған жерлердің беті қалқып алынып, олар да көмілді – жер жердің қой­ны­на тапсырылды. Отын, шөп көмілді. Жұрт­тың бәрінің бет-жүздері шамалы есең­гіреген кейіпте. Қарт омарташының әңгімесі: «Таңертең баққа шықсам, бірдеңе жетіспейтін сияқты, бір таныс үн жоқ. Бір­де-бір ара көрінбейді… Бірде-бір араның ызыңы естілмейді. Бірде-бір! Бұл не? Не болғаны? Олар екінші күні де, үшінші күні де далаға шықпады… Содан соң атом стан­сасындағы апат туралы хабар жетті, ал ол біз­ден қол созым жерде. Бірақ біз көпке дейін дымды білмеппіз. Аралар білген, ал біз білмегенбіз».
Чернобыль ақпараты газеттерде кілең әскери сөздерден тұрды: жарылыс, батырлар, солдаттар, көшіру… Стансаның өзінде МҚК жұмыс істеп жатты. Жансыздар мен диверсанттар іздестірілумен болды, апат – социализм лагерін әлсіретіп болған батыс арнаулы қызметінің жоспарланған әрекеті екен дейтін алыпқашпа сөз болды. Чернобыль  бағытында әскери техника мен солдаттар ағылды. Жүйе дағдылы ырғақ­пен, әскери тәртіппен жұмыс істеді, бірақ осы­нау жаңа дүниеде су жаңа автомат асын­ған солдат адам аярлықтай еді. Оның қо­лынан бар келетіні – радиомөлшерді алудай алып, үйіне қайтқан соң өлу ғана болатын.
Чернобыльге дейінгі адам менің көз алдымда чернобыльдікке айналып жатты. Радиацияны көре алмайсың, қолыңмен ұстап, иісін сезе алмайсың… Бізді осындай әрі таныс, әрі бейтаныс дүние қоршап ал­ды. Сол аймаққа барғанымда маған жал­ма-жан айтқан ақылдары: гүлді үзуге бол­­­майды, шөпке отыруға болмайды, құ­дықтан су ішуге болмайды… Қайда қарасаң да ажал аңдып тұр, бірақ бұл бір түрлі басқа ажал болатын. Жаңа бетперде киген. Бейтаныс кейіпте. Соғысты бастарынан өт­кер­ген қарт адамдар қайтадан қоныс аударып, аспанға қараумен болды: «Күн жар­­­қырап тұр… Түтін де жоқ, газ да жоқ. Оқ атылмайды. Осы да соғыс па? Бірақ босқын болуға тура келеді».
Жұрттың бәрі таңмен таласа газеттерге шұқшиып, ештеңе таба алмайды – ұс­талған жансыздар жоқ. Халық жаулары ту­ралы жазылмайды. Жансыздар мен ха­лық жаулары жоқ дүние де таңсық. Бір жаңа бірдеңе басталып келе жатты. Ауған­мен одан соңғы Чернобыль бізді бостан адамдарға айналдырды.
Мен үшін әлем кеңейіп сала берді. Ай­мақты мен өзімді беларусь ретінде де, орыс немесе украин ретінде де емес, жойылып кетуі мүмкін биотүр өкілі ретінде сезіндім. Екі алапат бір келді: әлеуметтік алапат – социалистік Атлантида су астына кетті және ғарыштық алапат – Чернобыль болды. Империяның құлауы баршаны дүр­ліктерді: адамдар күніне және тұрмысына алаңлаумен болды: немізге сатып аламыз және қайтіп жан сақтаймыз? Неге сенеміз? Қайтадан қай тудың астына жиналамыз? Немесе үлкен мұраттарсыз-ақ өмір сүруді үйренеміз бе? Бұл соңғысы ешкімге таныс емес, өйткені олайша өмір сүріп көрген әлі ешкім жоқ. «Қызыл» адамның алдында жүз­деген сұрақтар тұрды, соларға ол жа­падан-жалғыз қайғырды. Ол  бостандықтың алғашқы күндеріндегідей ешқашан жал­ғыз болып көрген жоқ-ты. Ме­нің айналам есі кеткен адамдарға толды. Мен оларды тыңдаумен болдым…
Күнделігімді жабамын…
Империя құлағанда біз нені көрдік? Бұ­рын дүние былай бөлінетін: жанал­ғыш­тар мен құрбанға байланғандар – ол ГУЛАГ, аға-інілер мен апа-қарындастар – ол соғыс, электорат – ол технолоиялар, заманауи дүние. Бұрын біздің дүниеміз отырғандар мен отырғызғандарға да бөлі­не­тін, бүгінде славянофилдер мен батыс­шыл­­дарға, национал-сатқындар мен отан­шылдарға бөлінеді. Сондай-ақ сатып ала  алатындар мен сатып ала алмайтындар бар. Осы соңғысы социализмнен кейінгі ең ауыр сынақ дер едім, өйткені жақында ға­на жұрттың бәрі таң болатын. «Қызыл» адам ақыры асүйде отырып арман қылған бостандық патшалығына аяқ басып кіре алмай-ақ қойды. Ресей онсыз-ақ бөлініске түсіп кетті, ол  бәрінен құр қалды. Қорлан­ған әрі тоналған қалпында. Ожар әрі қауіпті күйінде.
Ресейді шарлағанымда не естідім…
– Бізде жаңғырту ату-асу арқылы болуы мүмкін.
– Орыс адамы бай болғысы келмейтін се­кілді, тіпті одан қорқады да. Сонда ол нені қалайды? Оның әманда жалғыз қа­лауы бар: басқа біреу байып кетпесе екен дей­ді. Өзінен аспағанын қалайды.
– Бізден адал адамды таба алмайсың, ал әулиелер бар.
– Біз сабалмаған ұрпаққа жете алмаймыз; орыс адамы бостандықты түсінбейді, оған казактар мен азаптар қажет.
– Орыстың ең басты екі сөзі: соғыс жә­не түрме. Ұрлады, думандатты, қайта жат­ты… шықты да қайта отырды…
– Орыстың өмірі шамырқанған, шарасыз болуы керек, жаны сонда жай табады, өйткені ол бұл дүниелік емес екенін солай тү­сінеді… Неғұрлым лас, қантөгісті болса, оның тынысы солғұрлым ашыла береді…
– Жаңа революция үшін күш те жоқ, еш­қ­андай ессіздік те табылатын емес. Есер­соқтық жоқ. Орыс адамына төбе шашын тік тұрғызатындай идея қажет…
– Сөйтіп, біздің өміріміз жынойнақ пен барақтың арасында сенделумен өтіп ба­рады. Коммунизм өлген жоқ, өлігі әлі тірі.
Еш күмәнсіз-ақ айтайыншы: біз өзі­мізге  90-шы жылдары берілген мүм­кін­дік­тен айрылып қалдық. Адамдар жақсы өмір сүруі үшін ел күшті болуы керек пе, әлде лайықты болуы керек пе дейтін сұ­раққа біз біріншісін қалап: күшті болуы керек дестік. Қазір енді қайтадан күштің күні ту­ды. Орыстар украиндықтармен соғысып жатыр. Өз бауырларымен. Менің әкем – беларусь, анам – украин қызы. Көптеген бас­қаларда да осылай. Орыс ұшақтары Си­рияны бомбалауда…
Үміт кезеңі үрей кезеңімен алмасты. Уа­қыт кері айналды… Уақыт сэконд-хэнд…
Енді мен «қызыл» адамның тарихын жазып біткеніме сенімді емеспін… Менің үш үйім бар – өзімнің беларусь жерім. Әкемнің Отаны, бүкіл  өмірім осында өтіп келеді, Украина, анамның Отаны, менің туған жерім және ұлы орыс мәдениеті – мен өзімді онсыз көзге елестете алмаймын. Бәрі де мен үшін қастерлі. Бірақ біздің заманымызда сүйіспеншілік туралы айту қиын-ақ.
Аударған
Бекболат ӘДЕТОВ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір