САРШЫНТАҚТАҒЫ ШАЙҚАС (әңгіме)
Жоңғар ойпатының батыс жиегіне жақындау Шөгей* ауылы Манас дәриясының бойына ірге көмген. Ескендірден тараған әйгілі Дубай, Дулат, Әлібектер (Әкежан) түгел ержүрек батырлар еді. Жиырма жеті жастағы Дубайға Өр Алтайдың Шіңгілідегі* Есағасы Қазыбек руының бір дәулетті отбасындағы сұлуына құда түскен.
Сол Шіңгілдегі Қармақбай деген жомарт бай кенже қызы Кенжегүлді ұзатудың ұлан-асыр тойын жасады. Келінді алып қайтуға Әлібек бастаған ер құда-құдағилар тобы барған-ды. Алайда, Қармекең қызды он бес күннен соң аттандыратын болды. Өйткені ел жайлаудан етекке түсуге тақап қалған. Қыз алғашында салт бойынша туыстарын аралап танысуға үлгермеген еді. Алыс елге кетсе, ол айланып келгенше кім бар, кім жоқ деген тұжырымдары басты шешім болған сияқты.
Осы кезде шөгейліктердің де басы иіліп жерге тиетін қызыл тарысы пісіп, орақ салуға жақындаған. Қыстың қамын ерте ойлау бар дегендей, шаш-етектен шаруалары болғандықтан, құдалары Қармекеңнің рұқсатымен қайтып кеткен-ді. Қалыңдығын алып қайтуға тек Дубайдың өзі ғана қалды.
Олар салқын жайлауда Кенжегүлдің туыстарын аралап, олардың қошеметіне бөленіп, баталарын алды. Атаған құнды дүниелерін атандарына арта берді. Кенжегүлдің туыстары еңбекқор, кісілікті, ауқатты ел екен. Оның үстіне мейірімді Қармекеңді түгел бастарына көтере сыйлап, Кенжегүлін еркелетіп, маңдайынан қақпаған көрінеді.
Өр Алтай елі қауырт жайлаудан түсе бастады. Қармақбайдың тойынған неше түлік малын жылжыта айдауға малшылары да жетіспей, бала-шағасы да мал соңынан аттанды. Сондықтан Кенжегүлді ұзатып апаруға бәрінің де қолы тимейтін болды. Ақыры қоңырау таққан бес атан түйеге бір үйдің жасау-жабдықтарын артып берді. Қыз әкесі мен ардақты анасы ел күзеуге түскен соң арттарынан туыстарын ертіп барып қайтпаққа уәделерін берісті.
Сыңсымасын айтқан текті қыздарын анасы бастатқан жақындары қимастықпен аттандырып жіберді. Дубайға екі қосар ат, тағы екі атанға төрт ағаш күбі артып жетелетті. Сусыз өңірге ілінерде күбі артқан түйелерді шөгеріп, түгел жауырмен су тасып құйып, толтырып алуды қадағалады. Сол судың өздеріне де, ат, түйелеріне де жететінін біліп айтты. Атасы оның қарақшылармен соғыста елін қорғап қалған батырлығына ерекше құрмет ескертті. Сандығына сақтаған шашқа түсетін алмас жүзді, күміс сапты, қоңыр түске боялған өрнекті қынабына салынған жарқылдаған алмас қылышын тарту етті. Қыз анасы да Кенжегүліне алтын сақиналары мен қоса бір күміс сапты жарқыраған ұзын кездігін қынымен беліне қыстырып берді.
Сөйтіп, екі жас түйелері мен құр аттарын жетелеп, Шөгейге тартты. Олар жыла қонып, бір жұмадай жол басты. Жол-жөнекей Кенжегүлдің анасы қуырып, қарынға салып берген май қуырдақ пен ақ жаңқа құрт, қызылсары ірімшік, тары-талқан екі бастың жегеніне жетіп асты. Атандарға артылған ағаш күбілердегі Шіңгілдің мөлдір суы шай қайнатып ішуге, беті-қолдарын жууға, ат, түйелерін суаруға еркін жетіп отырды. Далаға қонғанда, Дубай жүк пен күбі артылған түйелерді шөгеріп, аттарды қаңтарып, суытады. Сосын атандарға желкілдеген тораңғы, сексеуіл, жыңғыл, қараған бүрлерін әкеп алдарына салады. Аттар мен күбісі босаған атанды шөптесін жерлерге алдын арқандап, артын шідерлеп, тұсап дегендей түгел бекітіп отырады…
Төте жолдармен суыт тартқан екеуі Шөгейге елу шақырымдай жердегі Саршынтаққа ілінді. Бірнеше үлкен тораңғының көлеңкесіне атандарын шөгеріп, аттарын байлап тынықты. Шай қайнатып ішті. Май қуырдақтарын, құрт-ірімшіктерін жеді. Иықты келген еңселі Дубайдың қараторы өңі нұрланып, кесемен шай ұсынған аққұба, қара көз қалыңдығынан екі көзін айырмай:
– Мекенге таядық. Бұйырса ел жатарда жетіп қалармыз. Әке-шешем, туыс-туғандарым бар, інілерім Дулат пен Әлібектер деймісің, барлығы думандатып той жасайды. Бетің ашылғасын, жеңгелерім ақ маңдайыңнан сүйеді. Ақ білегіңе алтын сақиналарын салып, үлбіреген құлағыңа сырғаларын тағады. Ауылдағы апалар шашуларын шашады. Ақсақалдар баталарын береді. Екеуміз басымызға үй тігіп, бауырымызға қазанымызды асамыз, – деді, жітірмелете.
– Па, бәрін шұбырттың ғой, өз тойыңды өзің көз алдыңа елестетіп. Тағы не қалды?
– Айтайын ба?
– Айт!
– Алла қаласа, бабаларыма, өзіме тартқан басы бақырдай ұлды боласың!
– Ой-бүй-у, бетім-ай! – деді, екі алақанымен бетін баса қалған Кенжегүл жүзі алаулап, – қайдағыны айтасың, адамды ұялтып.
– Ха- ха- ха!…
– Мазақтай берсең, төркініме қайтып кетем.
– Кетсең, жолда жолбарыс құтқарсын ба?!.
Екі жастың әзілдері жарасып, жүздері бал-бұл жанып, бақыттың басталған қуанышын паш етісуде. Сөйтіп, ширақ қимылдаған Кенжегүл ыдыс-аяқтарын жиыстырып, бір атанға байланған баспаққа апарып салды. Дубай мініп келген торыаттағы ерді алып қойған. Оны өзінің желаяқ көгіне ерттеді. Бабаларынан келе жатқан шойын қаңылтырмен қапталған қалқанын тастамайтын. Оны ер қасына іле салды. Шашақты қаратамақ найзасын қолына алды. Атасы берген алмас қылышын, күміс сапты пышағын кісесіне қыстырды. Кенжегүлдің де алынған ерін өзіне арналған кесірдей сұржорғасына ерттеп, айылын тартып берді. Сөйтті де алдымен оны атына қондырып, атандарының қоңыр бұйдасын ұстатты. Өзі босаған екі атты жетегіне алып, алдыға түсті.
Саршынтақтағы осынау шағын керуеннің салтанаты кімді болса да таңырқатары сөзсіз. Маң-маң басқан адуынды бура сан атандардан бұрлығу байқалмайды. Барлығының тіп-тік қос өркештері баладай. Сыңғырлаған қоңыраулары Жоңғар даласының қуанышы мен жұбаныш күйлерін шертіп бара жатқандай…
Олар сары құмнан бұйрат адыршалар құраған сары жазықтың үлкен шынтағына таяғанда, жан-жақтарындағы тораңғы, сексеуіл арасынан қағылған дабылды естіді. «Бұл не сұмдық? Соғыс үні ғой!» деді Дубай таныс дабылдың қандай жаудыкі екеніне ой жүгіртіп. Сол аралықта жиырмаға тарта моңғол қарақшылары алаңқайға шыға келіп, топтаса қалды.
Екі жылдың алдында ауылды шапқан осы моңғолдардың алдын ораған Дубай, Дулат, Әлібек бастаған он неше батыр мен сайлауыт жігіттер Саршынтаққа олардан бұрын жетті. Жетті де, тұс-тұсқа жасырынып, тосып жатты. Олжалаған малды айдаған моңғол қарақшылары, өздерінің күшіне сенгендіктен бағызор келе жатты. Дубай мен Әлібекте бесатар, Дулатта тоғыз атар бар. Қалғандарынікі найза, қылыш, пышақ, балта сынды қарулар. Бір тәуірі жау көзіне түспей, аралда қалған жақсы аттарды мінген еді. Жауда түгел мылтық бар. Мылтығы бар үш ағайынды батыр үш жақтағы құмнан қарауыл алды.
Мал шаңды аспанға шығара сары жазықпен, батырлардың алдынан өтіп барады. Арттарынан айқайлап мал айдап айқұлақтанған қарақшылар да таяды. Алдымен көз ілестірмей сұлататын өте шапшаң Дубай мен Әлібек мерген бейғам жаудың үшеуін арт-артынан атып, тоңқалаң асырды. Атқан оғы жерге түспейтін сабырлы мерген Дулат есі шығып, жан-жаққа мылтық атып, шегіне бастаған жаудың үш-төртеуін қалпақтай ұшырды. Осы орайда бесатарларынан оқ жаудырған Дубай мен Әлібек жау аттарын ойната, талайын жамсатып үлгерді. Қалған азаматтар оққа ұшқандардың қару-жарақтарын олжалай бастады. Жау қашып құтылғанша 11 адамынан айырылыпты. Сол жолы аман кеткендердің ішіндегісі жуан қара аса әккі, қазақтар қоныстанған жерлерді бес саусағындай білетін қарақшылардың аламаны Мойылты деген болатын. Ол бастаған жау Қара үкір-Қаншоқыдағы* Гоминдаң шеріктеріне арқаланып, солардың айтағымен қанға семіргендер еді.
Дубай Мойылтыны алыстан шырамытты. Жау да екі жасты аңдып, кім екендерін білген тәрізді. Мүмкін әлгінде шайларын ішіп отырғанда жақындап келіп жасырына дүрбілерімен көріп, танып та алған болар. Олар «жекпе-жек!» деп даурықты. Мойылтының нұсқауымен бір жуан ала атқа мінген алпамсадай қарақшы қалқан, найза ұстап, тобынан бөлек алдыға келіп, найзасының үшін көкке қарата шаншып айбар шекті.
Дубай жекпе-жекте қай жақ жеңіліс тапса, шабуылдамайтын далалықтардың ұстанымын жақсы біледі. Cоған сенді. Сонымен, Кенжегүлдің:
– Дуке, сен шықпашы, олар жеңілсе де бізді аман қалдырмайды. Онан да тоғанақтарымызды беріп құтылайық! – деп жалынғанына мойын ұсынбаған ол:
– Олай істей қоймас? Шақырып тұрғанда шықпасам – намыс. Нартәуекел, бір Аллаға аманат! – деді де, «Дайынмын!» дегендей ишарат етті ала аттыға.
Жабайы өскен шашы желпілдеп әзер тұрған ала атты жуан атын тебініп, дауысы жер жара тұра ұмтылды. Желаяқ көгімен тайсалмай, қарсы ұшқан Дубай жалбаңдап келе жатқан оның сол білегін қаратамағымен түйреп өтті. Оған да қарамай долдана шабынған жау Дубайдың жұқалтаң тақыр тайжақыдан тігілген қалпағын шаншып әкетті. Дегенмен оның сол білегін қан жауып, жансызданып бара жатқан сыңайлы. Әлгіндей емес, айқайы да бәсеңдей бастады. Үшінші рет айқасқанда Дубай жауына қолында тек найзасы мен қалқаны ғана бар сияқтанып көрінген. Басқа қаруы барын аңғармаған жалбыр шаш жуан таяғанда, найзасын тақымына қыса салып, алмас қылышын суырып үлгерді. Қалқанмен оның найзасын қаға бере, қылышымен қарнын тіліп өте шықты. Анандай жерге барып атынан құлаған қарақшының боқ қарны ақтарылып қалды.
Жекпе-жекке қанағаттанбаған тағы бір сары ат мінген ұзын бойлысы шықты. Айқас басталып кетті. Одан аман қалуға тырысқан Дубай әдісін ала бастаған соң, ұшырта келген де әлгіндегі әдісі бойынша оның кеудесіне қанжар сұғып үлгерді. Ол да атының басына ие бола алмай лағып, теңселіп барып құлады.
Осы кезде ашуға мініп, астындағы кер атымен олай-бұлай ойқастап, бұрқылдаған Мойылты енді екі қарақшысын қаптатты. Дубай олармен қаша айқасты. Екі жағынан шықпай, бір тәуірі бірінің артынан-бірі құйрық тістесе қуып келе жатқан жаудан ат басын іркіп, баяулата берді. Бұл да оның бір ебдейлі тәсілі еді. Аналар қуып жеттік деп ойлап, арқасынан найза ұратыны анық. Бұл жағдайды жылдам меңгерген ол, атының бауырына түсе қисая қалды. Осы кезде анталаған екеуі де арт-артынан сілтеген найзаларын дарыта алмады. Қолтықтарын қайта жиғанша қатарласа қалған соңғысының сол жақ қолтығынан қаратамағын сүңгітіп жіберді. Жау қорқырап барып, ат жалын құшты. Қайта өршеленген енді біреуінде әлгіндей емес, қорқыныш бар сияқтанды. Оның үрейін тіпті алу үшін ендігі ұранды Дубай шақырып: «Жаубасар! Жаубасар!» – деді бар даусымен. Үрей билеген жауы сасқалақтап жетіп келгенде, қылышпен кеңірдегін бауыздап өтті. Мойны салақтаған ол да сары топырақты «бұрқ!» еткізіп, құлап түсті.
Қалған он неше қарақшы Мойылтының бұйрығымен лап қойды. Осы кезде Дубай Кенжегүлге қарай құйындатып келе жатып, оған барынша айқайлады:
– Маған ілес, тез!
Ұшқыр біткен сұржорғасына қамшы басып, оның артынан тұйғындай ұшып шаңдатып бара жатты. Егер осы екпіндерімен қаша берсе құтылуларынан үміт байқалады. Екпінінен жел боратып бара жатқан сұр ат бір борпылдақтау жердегі борсық ініне қамшылар жақ алдынғы аяғын тығып алып, оңбай омақасты. Анандай жерге ұшқан Кенжегүл орнынан атып тұрып, шаң арасымен атына барып қайта мінбек болды. Алайда, жануардың жіліншігі үзіліп кеткен екен. Орнынан зорға тұрды.
Осы кезде артына қайта қайырылған Дубай Кенжегүлді ат бауырына ала қуалап бара жатқан қарақшыны қуып жетіп, басын қалпақтай ұшырды. Қанқұйлы жау екеуіне төніп келеді. Дубай жастайынан ат жалында өскен қалыңдығын іліп алып, мінгестіріп те үлгерді. Ендігі мәселе тез арада қоршауды бұза қашу. Солай істеді. Зырлаған бойда қаратамағын алдындағы біреуіне шаншыған бетте қоршаудан шыға берді. Өкінішке қарай, қаптаған жаудың лақтырған шалмасының бірі Кенжегүлдің белінен келіп түсті де атынан құлады. Дубай амалсыз жауды айлана шауып, өзіне біткен шапшаңдықтың көмегінде бірнешеуін жаралап, тағы біріне қылышын сұғып қорқыратты.
Кенжегүл беліне түскен шалманы анасы берген, етігінің қоншына тығып алған кездігімен тез қиып жіберіп, кездігін жасыра қойды. Бет-аузын жүн басқан бір қысық көз қарасұр қарақшы оны ат үстінен ұстай алып, алдына өңгеруге еңкейе бергенде жүрек тұстан өткір, ұзын кездігін періп-ақ жібергені! Ана дәмелі еңкейген беті аттан басымен шаншылып құлады да тіл тартпай кетті.
Қарақшының бірі ұстатпай қырғындап жүрген Дубайдың атын қосөкпеден атты. Шаң қауып жығылған ол орнынан жылдам тұрғанымен, найзасы мен қалқанынан айырылды. Оны қайта қолына алуға жау үлгертер емес. Доңызша қорсылдап жүрген Мойылты тірі ұстауға бұйрық берді «барқ!» етіп. Жаудан жарамдылары азайып қалыпты.
Арпалысқан Кенжегүл тағы бірін ауыр жаралап, бой бермей қаша жөнелгенде, ат үстінен жаңағы жалғыз мергені атып қалды. Оқ оның арқасынан тиіп, сәл бүгіліп барды да шалқасынан жығылды. Оны көрген Дубай ат үстіндегі алпамсадай Мойылтыны бар пәрменімен атылып барып қылышпен шапты. Айлалы атаман жалт бергенде, қанжар сол білегін шынтағынан қиып түсірді. Ақыры қаптаған қарақшыларға қайтпас қайраты мен алымды айласына, көз ілестірмес жылдамдығына сеніп, алдырмай жүрген бұл жалынды жас батырды қарасұр мерген аяғынан атып жаралады. Қалғандары қолынан қанжары ұшып кеткен оны аттарынан түсе қалып, бас салмақ болды. Осы кезде ең соңғы қаруы – атасы берген күміс сапты өткір пышағы еді. Сол аяғын сүйрете орнынан тұрып үлгерген ол, күміс сапты пышақты екеуінің кеудесіне сұғып жамсатты. Жаудың қалғаны өлермендене ұмтылып, оны найзалап жықты да, талықсыған орайында байлап алды.
Есін әзер жиған Мойылты да Дубайдың ұсталғанын көрді. Көрді де, оны жұлмалап өлтіруге қатулана бұйырды.
Сол-ақ екен, баскесерлері екі қол, екі аяғынан тұмылдырықтап арқан байлап, төрт атты қарақшы төрт жаққа тартып, Дубайды ат бойы биікте керіп, соңғы бұйрықты күтуде. Әрең сөйлеген Мойылты:
– Батырлардың бөлтірігі, қанша адамымды өлтірдің?! Тартатын сазайың осы болсын! – деді ат үстінде бұйрығын күтіп тұрған қарақшыларына басын изеп.
Төрт атты қарақшы арқандарын тақымдарына басып, аттарын қамшылап, төрт жаққа тарта жөнелді. Жиырма жеті жастағы Дубай батырдың қолы қол, саны сан күйінде жұлынды да кетті!…
Көздерін қан жапқан дінсіз де дүниеқор жау қолға түскен тоғанақтарды жетелеп, атандарға өліктерін артып, аттарды айдап, сол қолынан айырылып қансыраған атамандарын атымен жетелеп кете барды.
Сұмдықты жау кете салып сол арадан өткен жолаушылардан естіп, өкініш өзектерін өртеп, бармақтарын шайнаған інілері Дулат пен Әлібекке күңіренген ел-жұрты қайғыра көңіл айтты.
Аh ұрған інілері бастаған жұрт Дубайдың шашылған сүйектерін тез жинап, шалқалап жатқан Кенжегүлдің мәйітімен қоса түйеге артып әкеліп, арулап жерледі. Оның артта қалған жаужүрек батыр інілері халқын қанқақсатқан Мойылтылардың тұқымын тұздай құртуға бекіді.
Саршынтақ*, Шөгей*, Шіңгіл*,
Қара үкір-Қаншоқы* – жер аттары.
Болат ӘКЕЖАН
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.