Қазір тойды ұлттық киіммен өткізу – сән!
13.08.2021
504
0

Айгиз Баймұхамедов – 1988 жылы туған башқұрт жазушысы, журналист. Ол – Башқұртстан және Ресей Жазушылар одағының мүшесі, Шайхзада Бабич атындағы Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Башқұртстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Шонкар» («Сұңқар») республикалық жастар журналының бас редакторы. А.Баймұхамедов – қазақшаға аударылған «Тастамашы, ана!», «Ертегісіз өткен балалық шақ», «Көше балалары» кітаптарының авторы. Қаламгердің шығармалары өзге де көптеген түркі тіліне аударылған. Туындылары Қазақстан, Башқұртстан, Татарстан, Бурятия театрларында қойылып жүр. «Тастамашы, ана!» повесі Башқұртстан мен Қырғызстанда оқу бағдарламасына енген.   

Айгиз мырза, «Көше балалары» деген кітабыңызды жазу үшін үйсіз-күйсіз, қараусыз жүрген балаларды іздеп тауып, сөйлескен екенсіз. Осы туындыңыз жөнінде айтып берсеңіз.

– «Көше балалары» повесі атауы айтып тұрғандай, тағдырдың ауыр сынымен көшеде қалған балалар жөніндегі туынды. Әсіресе, 2000 жылдардың басында көшеде қайыр тілеп жүрген балалар тым көбейіп кетіп еді ғой. Олардың әрқайсының отбасының өз қасіреті болды. Міне, осыны оқырмандарға жеткізгім келді. Өмір салтын, мінез-құлқын зерттеу үшін олармен бірге жүріп, әңгімеге тартуға, айтқандарын егжей-тегжейлі есте сақтауға тура келді. Бірақ не үшін әңгіме-дүкен құрып жүргенімді көбіне айтқан жоқпын. Мен өскен балалар үйінің тәрбиеленушілері де жиі қашып кетіп, айлар бойы жоғалып, қайта оралғанда, бастан өткергендерін баяндайтын. Міне, осындай өмір тәжірибесі мен зерттеудің негізінде жоғарыда аталған шығарма туды. Мұны жасөспірімдер қамқор болып отырған отбасын, ата-анасын қадірлеуі үшін жаздым. 

«Тастамаша, ана!» және «Ертегісіз өткен балалық шақ» кітаптарыңызда өз тағдырыңызды бейнелегеніңізді білеміз…

– Үйде жеті бала едік, мен алтыншы перзентпін. Анам қатерлі ісіктен көз жұмғанда, 8 жаста болатынмын. Шешеміздің қазасы әкемізге ауыр тиді. Ол трактор айдайтын. Тұрмысымыз қиын болса да, бізді балалар үйіне беру жөнінде мүлде ойға алған емес. Тракторшының жұмысы машақатты ғой, әкеміз өкпесіне суық тигізіп алды. Сырқат меңдеген дертін анамыздың қайғысы одан сайын асқындырып, қатерлі ісікке айналды. Сөйтіп, шешемізден кейін үш жылдан соң әкеміз де қайтыс болды. Сол себепті, біз балалар үйіне түстік. «Тастамашы, ана!» деген шығармамды мен 22 жасымда жаздым. 5-ші курста оқып жүргенде, «Башкортостан» газетіне жұмысқа қабылдандым. 8 наурыз мерекесі қарсаңында басшы маған өмірде жетістіктерге жеткен әйелдер туралы мақала жазуға тапсырма берді. Әдетте, мұндайда журналистер әртүрлі мамандық иелері жөнінде материал дайындайтынын және олардың бәрі дерлік бірсарынды болатынын жақсы білетін шығарсыз. Неге екенін білмеймін, сол уақытта анамның ажал сағаты, онымен қалай қоштасқанымыздың әр сәті есіме түсе берді. 8 наурыз мейрамы неліктен, қалай, қашан пайда болғанының мәнін іздеп, ойға шомдым. Анамның өмірінің соңғы кезеңін еске алып отырып, бұл мерекенің мән-маңызын жан-жүрегіммен сезіндім. Үйге барған соң, түнімен ұйықтай алмай, «Тастамашы, ана!» кітабының бір үзігін жазып шықтым. Онда бала түсінде әлдеқашан өмірден өткен анасымен сөйлеседі, сырласады, мұңын шағады. Мұны газетте жариялаған соң, редакцияға көптеген оқырман хат жазып және хабарласып, әңгіменің жалғасын жазуымды сұрады. Бәрі де өзімнің бастан өткергендерім болғандықтан, туындыны толыққанды кітап қылып жазып шығу маған қиын болған жоқ. «Тастамаша, ана!» осылай өмірге келді. «Ертегісіз өткен балалық шақты» да кейінірек оқырмандардың өтінішімен жаздым. 

– «Тастамашы, ана!» кітабыңызды қазақшаға ақын, аудармашы Саят Қамшыгер тәржімалады. Бұл туынды Қазақстанда кең тарап жатыр деп айтуға болады. Аудармашының айтуынша, оқырмандармен кездесулерде олар шығарма кейіпкерлерінің (Әлия, Зульфира, Алсу т.б.) одан кейінгі тағдыры жөнінде жиі сұрайды екен. Қазір бауырларыңыз қайда? Не істеп жүр? 

– Иә, Саят Қамшыгердің арқасында қазақ оқырмандары менің туындыларымды оқығандықтан, ол кісіге алғысым шексіз. Әр жақсылықтың қайтарымы болу керек. Сондықтан біз Саяттың үш тілдегі (қазақ, орыс және башқұрт) «Саған» деген жыр жинағын шығардық. Бақытымызға орай, қазір менде және менің бауырларымда бәрі жақсы. Бәріміздің отбасымыз бар, өмірден орнымызды таптық. Зульфираның екі ұлы, ал Әлияның үш баласы бар (айтпақшы, Әлияның есімін қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың құрметіне қойған). Аға-әпкелеріммен мақтанамын. Өмір болғандықтан, кейде арамызда кішігірім түсініспеушіліктер болып жатады. Бірақ, жалпы, біз бір-біріміз үшін таудай панамыз. Өкінішке орай, өткен жылы әпкем Алсу 35 жасында дүниеден озып, қабырғамызды қайыстырып кетті. Салауатты өмір салтын ұстанған ол ештеңеге мұқтаж емес еді. Аяқ астынан қалай кетіп қалды деп сене алмадық… Сөйтсек, дәрігерлер жүрегі тоқтап қалғанын айтты. Балалық шағында көрген қиындықтары мен тартқан қасіретін ішіне жинай-жинай, жүрегі әбден қажыпты. Соңғы уақытта әпкемнің жүрегі әлсіз соғып, қызметін әрең атқарып келген екен.

– «Тастамашы, ана!» кітабыңыз жарық көрген соң, сіз өскен балалар үйі жабылып, директоры қызметтен қуылды деп естідік. Сол рас па?

– Ең алдымен, бұл шынайы оқиғалар негізінде жазылған көркем шығарма екенін айтқым келеді. Қаламгер ретінде кей тұстарын көркемдеген болармын. Бірақ, жалпылай алғанда, ештеңені ойдан шығарған жоқпын. Қалай дегенмен де, балалар үйіндегі нағыз сұмдық деген жәйттарды суреттедім ғой. Мүмкін балалар бұларды білмеуі де керек шығар. Алайда өзім өскен жерді ғана емес, басқа балалар үйіндегі жағдайларды да жеткіздім. Сондықтан бәрі де – шындық, қиялымнан туған дүниелер емес. Сонымен қатар, мен бұл повесті жазғанда, біреуді жазалайын деген ниетім жоқ еді. Бар болғаны былай ойладым: мен көрген сұмдықтарды көрген, мен білетін нәрселерді білетін әрі бұларды бейнелеуге жазушылық қабілеті де жететін адам енді қашан туады? Сөйтіп, повесті жазып шықтым. Балалар үйінде өскен жігіттің тағдыры арқылы жұртты ата-анасын, туған-туыстарын қадірлеуге шақырдым. Әдебиеттің қызметі кек алу немесе шайқасу емес, қоғамды тәрбиелеу ғой. Дегенмен, мен өскен балалар үйін жауып тастағаны рас. Бірақ қазір бүкіл мемлекетте жетім балаларды асырап алуға беру, сол арқылы балалар үйінің санын азайту үшін жүргізіліп жатқан арнайы бағдарлама бар. Яғни, бұған менің қатысым жоқ деп ойлаймын.

– Сонда әлеуметтік жағынан кітабыңыздың қандай пайдасы, жеңісі болды?

– Егер адам кітап оқыса, демек, ойлануды доғармағаны. Бұл біз сызып берген сызықпен жүретін роботқа айналып кетпей, шын мәнінде өмір сүретінімізді, ақыл-ой тұрғысынан жетілу үстінде екенімізді білдіреді. Сонымен бірге, меніңше, оқырман кітап оқыған соң, кейіпкерлерге жаны ашыса, одан сайын мейірімді бола түскені. Адамның ең биік қасиеттерінің бірі жанашырлық емес пе?!

– Қазақтар башқұрттарды бауыр деп есептейді. Башқұрттар өзінің тілінен, салт-дәстүрінен, дінінен ажырап бара жатқан жоқ па деп уайымдаймыз…

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Уфаға келгенде, қазақтар мен башқұрттар түркі халықтарының арасындағы ең жақын ұлттар екенін айтты. Шын мәнінде де, солай. Біздің тұрмысымызда да, мәдениетімізде де, әдебиетімізде де, тарихымызда да ортақ нәрселер көп. Біз мектеп кезінен Асан қайғы, Шалкиіз жырау (башқұртша «йырау») секілді ақын-жырауларды оқып өстік және оларды түркі жұрттарына ортақ тұлға деп санаймыз. Башқұрттар 5 ғасырға жуық Ресейдің құрамында өмір сүріп келсе де, тіліміз бен мәдениетімізді жоғалтқан жоқпыз. Керісінше, жаңғырып жатқандаймыз. Башқұртша кітаптар мен газет-журналдар шығып жатыр; ана тілімізде театрлар, филармониялар, телеарналар, радиолар жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, башқұрт тілі – Башқұртстанда орыс тілімен тең дәрежедегі мемлекеттік тіл. Мектептерде башқұрт тілі оқытылады. Ата-баба тілін білу – жастар арасында сән. «Башқұртпын!» деп мақтанышпен айтатын тұтас буын өсіп келе жатқаны қуантады. Бізде, тіпті, қазір тойды ұлттық киім киіп өткізу де – сән. 

– Қазақстанда болдыңыз ба? Біздің еліміз, халқымыз жайлы пікіріңіз қандай?

– О-о-о, мен Қазақстанды қатты жақсы көремін! Алматы, Астана, Қарағанды, Көкшетау қалаларында болдым. Қаншалықты туысқан ұлттар екенімізді жақсы түсінемін. Көптеген башқұрттың бет-әлпеті де қазақтарға ұқсайды. Бұл ғажайып елге әр сапарым – мен үшін мейрам.

– Қазақ ақын-жазушыларын оқыдыңыз ба?

– Біздің мектептерімізде де, универсиеттерде де Абайдың шығармашылығы оқытылады. Қазақ әдебиетінің классиктерін жақсы білемін. Соңғы жылдары Фариза Оңғарсынованы, Әбіш Кекілбаевты оқыдым. Көзі тірі қаламгерлермен таныстығым үшін тіпті қуаныштымын. Өткенде Есенғали ағай Раушанов қайтыс болғаны жаныма қатты батты, үлкен қайғы… Жақсы араласып тұрушы едік. Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Маралтай Райымбекұлы, Жанарбек Әшімжан… Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Қазақтың ақын-жазушыларымен аралас-құраластығым барын бағалаймын. Ал Саят Қамшыгер екеуміз туған бауырлардай болып кеттік. Қазақтың мықты буыны қалыптасқанына өте қуаныштымын: Мирас Асан, Мирас Мұқаш, Нұрлан Қабдай, Мақсат Рамазан, Бауыржан Қарағызұлы, Қуаныш Оспан, Ерғали Бақаш, Жанат Жаңқашұлы… Олардың көптігі сондай – бәрін бірдей атай алмайсың. Бұл қазақ әдебиеті үшін үлкен бақыт қой! Олармен де әрдайым байланыстамын. Биыл Ақберен Елгезектің повесін, Дархан Бейсенбектің әңгімелерін аудардым. Алдағы уақытта да жас жазушыларды башқұртшаға тәржімалағым келеді.    

– Жазушы болуыңызға кім немесе не әсер етті?

– Адам әлемге айтары болса ғана жазушы болатын шығар. Мен жазушы болуға тырысқан жоқпын. Жай, көрген-білгенімді ішіме сыйғызып жүре алмадым. Қағаз бетіне төгіліп, шығармаға айналды.

– Сүйікті қаламгерлеріңіз кімдер?

– Олар өте көп. Алайда жандүниеме бәрінен де Шыңғыс Айтматов жақын! Әртүрлі тілдердегі бай кітап қорым бар. Тілдеріміз ұқсас болғандықтан, қазақша жақсы түсінемін. Қазақ қаламгерлері туындыларының түпнұсқасын оқимын. Кітапханамда қазақша кітаптар баршылық. 

Қазір бүкіл ғалам үшін қиын кезең. Сіздіңше, адамзаттың қателігі неде?

– Меніңше, тіршілік басталғалы бері жерде ешқашан жеңіл, жұмақ өмір орнаған емес. Шағым айта бергеннен ғұмыр кешу оңай болып кетпейді. Жақсы өмірді өзіміз қалыптастыруымыз керек.   

– Адамзаттың болашағы жөнінде не ойлайсыз?

– Адамдар кітап оқудан қол үзбесе екен. Әйтпесе, басқарылуы оңай зомби-роботтардың буыны келеді. Ондайларға оныншы қабаттан секір десең, ойланбай, секіріп кетер еді. Ғаламтор деген жақсы, бірақ шегімен қолдану керек. Философ Рене Декарттың «Мен ойланатындықтан, өмір сүремін» деуі тегін емес қой.

– Оқырмандарымызға қандай тілек айтасыз?

– Қазақ әдебиеті – көшпенділердің ғасырлар бойғы ғұмыр тәжірибесі мен парасатын сіңірген өте бай мұра. Қазақ және башқұрт әдебиеттерін бүкіл дүние жүзі оқығанын қалар едім. «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандары көп болсын деймін! Бұл басылым оқырмандарға жас дарындардың атын таныта берсін! Йәшәһен ҡаҙаҡ иле, ҡаҙаҡ әҙәбиәте, халыҡтар дуҫлығы! (Жасасын қазақ жері, қазақ әдебиеті және халықтар достығы!)

– Әңгімеңізге көп рақмет!

                                                    Сұхбаттасқан Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір