Қуат АХМЕТЖАНОВ: ҚАЗІР АУДИОКІТАПТЫҢ ТЫҢДАРМАНЫ ӨТЕ КӨП
Соңғы кездері әлеумет арасында түрлі әлеуметтік желілер арқылы аудио-видео сілтемелер тарату үрдісі белең ала бастады. Әсіресе «Whats App». Мазмұнды, мәнді, мағыналы дүниені көпшілікпен бөлісудің еш сөкеттігі жоқ қой, әрине. Оның үстіне өзің оқыған, тыңдаған, ұнатқан дүние болса. Тыңдарман қауым әр шығарманың соңын «Мәтінді оқыған Қуат Ахметжанов» деп аяқтайтын диктордың жағымды, қоңыр дауысымен осындай аудио әңгімелер арқылы таныса бастады. Тіпті құлағымыздың үйренгені сонша, қазақи құнарлы әңгімелерді ести қалсақ, оқып жатқан Қуат емес пе екен деп елеңдеп қалатын болдық. Кезекті нөмірімізде ұялы телефонға телмірген ұлтты өзінің сапалы контентімен қуантып жүрген Қуат Ахметжановты әңгімеге тартқан едік.

– Қуат мырза, «қазір кітап оқитын адам қалмады» деген сөзді көп естиміз. Дегенмен, көрсеткішке сүйенген заман ғой. Сіздің ютуб арнаңыздағы оқыған әңгімелердің көрсеткішін қарасақ көңіл қуантады. Әр әңгіме 20-30, 50-60 мыңдап тыңдалады екен. Демек оқырман бар. Оқырман тыңдарманға айналған сияқты. Оны уақыттың тығыздығымен байланыстырайық. Қалай десек те әдебиет сүйер қауым ғой. Жалпы осы аудиокітап жасау идеясы қайдан келді?
– Аудиокітап жасау бала кездегі арманым болды. Жастайымыздан радио тыңдап өскен ұрпақтың өкіліміз. Әнуарбек Байжанбаев, Сауық Жақанова сынды аға-апаларымыздың дауысы арқылы қазақ шығармаларын құлағымызға құйдық. Содан бастап өлеңдерді нақышына келтіріп оқуды әдетке айналдырдым. Сөйтіп, Семейде университет қабырғасында жүргенімде жүргізуші болдым. Содан радиодағы жарнамаларды оқи бастадым әрі кәсіби мамандармен жұмыс істегім келіп, арман қуып Алматыға бардым. Алайда бірден жолым болмады. Радио мен телеарналар жұмысқа оңайлықпен қабылдамады. Бір күні дубляжға актерлер керегін жарнамадан көзім шалып, «Хабар» агенттігіне қоңырау шалдым. Іле-шала редакцияға барып, кастингтен өттім. Бұл жолы жолым болып, бес минуттық деректі фильмдерді дыбыстай бастадым. Біраз уақыт өткен соң «Ва-Банк» атты телехикаяны дыбыстау жүктелді. Бұл жоба сәтті шығып, телехикая көрерменнің сұрауы бойынша төрт қайталанып қойылды. Осыдан кейін сұраныс арта бастады. Телеарна мен радиода біршама қызмет атқардым.
Бір күні марқұм жазушы Талғат Кеңесбаевқа «Олар екеу еді» деген кітабын дыбыстауды ұсынып едім, ол кісі маған Рақымжан Отарбаевтың шығармаларын оқуды қолқалады.
Содан ең алғаш рет Рақымжан Отарбаевтың «Актриса» атты әңгімесін дыбыстадым. Бұл жұмысым автордың көңілінен шығып, басқа шығармаларын дыбыстауға тапсырыс берді. Осыдан кейін басқа да авторлардың туындыларын дыбыстауды қолға алдым.
Әсіресе 2020 жылы бүкіләлемдік пандемия басталып, бәріміз үйде оқшауланып қалған кезде аудиокітаптарды көбірек жасауға ден қойдым. Содан бері аудиокітап тыңдармандары қалыптасып, YouTube арнамда жарты миллионға жуық тыңдарман жиналды. Алдағы уақытта аудиокітаптарды дыбыспен әрлеп, тыңдармандар құдды бір кино көріп отырғандай әсер қалдыратындай етіп жасасам деген ниетім бар. Бірақ ол көп уақытты қажет етеді.
– Қазақ ғаламтор кеңістігі бос жатқан 2013 жылдары тіркеген ютуб арнаңызға осы күнге дейін 1391 видео жүктеп, 484 мың жазылушы, 89 миллион 915 мың қаралым жинапсыз. Бұл – қыруар еңбек. Іргелі ұйымдар жасай алмайтын шаруаны бір өзіңіз атқарып отырсыз деуге болады. Қаржы мәселесін қалай шешіп жатырсыз?
– Қаржы тек YouTube арнамның монетизациясы мен әртүрлі деректі фильмдерді тапсырыспен дыбыстау арқылы түседі. Шыны керек, бұдан қыруар қаржы тауып жатырмын деп айта алмаймын. Үкімет тарапынан немесе кәсіпкерлер тарапынан әзірге еш қолдау көрсетіліп жатқан жоқ. Бұл ретте жазушыларға үндеу тастағым келеді, яғни Үкімет тарапынан яки жекелеген меценаттардың демеушілігімен кітаптарын шығаратын жазушылар кітаптың тек қағаз нұсқасын емес, аудио нұсқасын қоса шығаруды да қолға алса деген ойым бар. Өйткені қазір аудиокітаптың тыңдарманы өте көп.
– Расында, әлем елдері аудиокітапты ертерек қолға алған екен. Біздің елде де осыдан он шақты жыл бұрын жекелеген кітап сайттары әдеби шығармалардың аудионұсқаларын жасауға талпынған болатын. Кейіннен қаржы мәселесі қолбайлау болды ма, сол жобалар тоқтап қалды. Ал сіздің ютуб арнаңыз намыстың, қайраттың, әлде әдебиетке деген шексіз махаббаттың арқасында дамып отырған секілді. Кейде бұдан да жалығып, жауып тастасам немесе сатып жіберсем деген ой келмеді ме?
– YouTube арнамды сатып алу жөнінде ұсыныс жасаған адамдар болды. Бірақ бұл менің сүйікті ісім болғандықтан, бұдан еш уақытта жалыққан жоқпын. Керісінше, халықтың бата-тілегі, алғысы күш беріп, сапалы контенттерді жасауыма құлшыныс артады. Халықтың батасынан артық не бар?!
– Жақында ғаламторды ақтарып отырып «Қуат Ахметжановтың оқуындағы аудио кітап флэшкасы сатылымға шықты» дегенді көзіміз шалып қалды. Демек, әуестікпен басталып, әдемі жобаға айналған бұл сала өзін ақтай бастады ғой?
– Шүкір, жаман емес. Бірақ мен саудагер емеспін ғой. Мақсатым ақша табу болмағандықтан, авторлық флешканың сатылымына аса ден қойған жоқпын. Оны көбінесе сыйлық ретінде беріп жатамын. Дегенмен шығармашылыққа жанашыр інілерімнің бірі сол флешкадағы аудиокітаптарды жинақтап, жабық телеграмм ашып қойды. Сұрап жатқан тыңдармандарға сол жабық телеграмм арна ақылы негізде ұсынады. Одан бөлек, тегін телеграмм арнам да бар. Инстаграм аккаунтымда да аудиокітаптарды көпшілік тегін тыңдайды. Жалпы, көпшіліктен мектеп ашу, дауыс қою сияқты түрлі ұсыныс түседі. Алайда уақытым негізінен шығармашылыққа жұмсалатындықтан, ондай ұсыныстарға қол тимейді. Өйткені «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» дегендей, бірыңғай табыс табуға мойын бұрсақ, шығармашылық кенжелеп қалуы мүмкін. Бастысы, елге пайдамыз тисе деген ниет қой. Дегенмен өзіміздің бағыт бойынша әртүрлі жоба-жоспарымыз бар. Шығармашылық тобымызбен тапсырыспен кәсіби түрде деректі фильмдер түсіреміз. Шығармашылық тобымызда кәсіби мамандар, соның ішінде редактор, маркетолог, дыбыс режиссері, видеографтар жұмыс істейді.
– Қаржыны жекелеген авторлар бере ме, әлде жарнамадан түсе ме?
– Жекелеген авторлардан қаражат жағы сирек түседі. Жалпы, Ұлттық арнаның ресми дауысы ретінде келісімшартпен жұмыс істеймін. Одан бөлек, жоғарыда айтқанымдай, тапсырыспен деректі фильмдер түсіреміз. Жарнамалық роликтерді дыбыстаймын.
– Министрлік тарапынан қазақ классиктерінің туындыларын аудиокітапқа айналдыру бойынша ұсыныс түспеді ме?
– Әзірге министрлік тарапынан ондай тапсырыс түскен жоқ. Егер, әрине, ондай ұсыныс түсіп жатса, құба-құп.
– «Қазіргі таңда оқырманды ырым-тыйымдар, салт-дәстүрлер, аңыз-әңгімелер көп қызықтырады» депсіз бір сұхбатыңызда. Жалпы дыбыстайтын шығарманы қандай критерийлер бойынша таңдайсыз? Авторлармен байланыс, авторлық құқық мәселесін қалай шешіп жатырсыз? Өйткені кейбір баспалар авторлардан жариялау құқығын сатып алып қойып жатыр дегендей…
– Жоғарыда айтқанымдай, пандемия кезінде салт-дәстүр туралы аудиожазбалар, әсіресе WhatsApp желісі арқылы көп тарады. Негізінен күнделікті тұрмыста қолданылмайтын, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту мақсатында оқып отырамын. Әр шығарылымдағы пікірлерді мейлінше қараймын. Сол бойынша көпшіліктің ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, шығармаларды таңдауға тырысамын. Авторларын тауып, міндетті түрде қоямын. Авторлар қуана келіспесе, ренжімейді. Егер авторы табылмаған жағдайда материалдың қай жерден алынған дереккөзі көрсетіледі.
– Көп тыңдалатын әрі оқырман тарапынан сұранысқа ие қаламгерлер бар ма?
– Әрине, бар. Солардың қатарында Сәуле Досжан, Ұларбек Дәлей, Рақымжан Отарбаев, Самал Зікірияқызы, Ұларбек Нұрғалымұлы, Есболат Айдабосын, Жадыра Шамұратова және өзіміздің классик жазушылар ерекше сұранысқа ие.
– Қазақтың «Алтын дауыс» иесі атанған Әнуарбек Байжанбаев ағамызды жас кезінде Сәкен Сейфуллин құшақтап тұрып: «Мен естіген ғажап үніңді дамыта бер», — деп батасын берсе, Биағаң – Бейімбет Майлин «Мырқымбайын» оқытатын көрінеді. Бәрі де Әнуарбектің саңқылдап тұрған дауысына қызықса керек. Жалпы дауысты күтіп ұстаудың, баптаудың да машақаты жетерлік қой ия?
– Әрине, дауысты күтудің маңызы зор. Сондықтан суық тигізбеуге, артық ауырмауға тырысамын. Дегенмен пандемия кезінде коронавируспен ауырып қалғанымда да жұмысты тоқтатқан жоқпын. Сол кезде аудиокітаптарды дыбыстамасам да, Ұлттық арнадағы міндетімді орындап, жарнамаларды үздіксіз оқып отырдым. Айта кету керек, бізде кезекті демалыс деген жоқ, басқа қалаларға немесе шетелге шықсам да микрофонымды өзіммен алып жүремін. Өйткені қазір тапсырыс берушілер апталап күтіп отырмайды.
– Шығарманы таңдап алған соң мәтінмен қанша уақыт жұмыс істейсіз? Қандай мәтіндер оқығанға ыңғайлы?
– Егер материал көңілден шықпаса, оны ақылы негізде де оқымаймын. Ал егер көңілге қонымды шығарма болса, оған тіпті бір күнімді де арнауға бармын. Ондағы кейіпкерлердің образын келістіріп, өз қиялымда саралаймын. Бір күнде кітаптың 40-50 бетіне дейін оқуға мүмкіндік болады. Жалпы, қазіргі таңда оқырман қауымның талғамы жоғары. Сондықтан қарабайыр дүниелерді оқуға келмейді. Ондай шығарылымдарға сын пікірлер де көп жазылады. Сондықтан мейлінше шығарманы талғаммен таңдауға тырысамын. Бастысы пайдалы әрі қызықты шығарма болса, мәтіннің құрылымы аса маңызды емес. Көбінесе жылқы, ауыл, зобалаң заман туралы тақырыптар жақсы тыңдалады.
– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Ісіңіз ілгері баса берсін.
– Рақмет!
Сұхбаттасқан Д.НАЗАР
ПІКІРЛЕР11