Азиялықтардың ДНҚ-сының кілті – Қазақ жерінде
10.08.2021
1548
0

Адамзат тарихының қилы-қилы тұжырымдар мен тосын пайымдарға толы болатыны әмбеге аян. Ғасырлар көшінде бой түзеген түрлі кезеңдердің ақиқаты шынайы зерттеу жұмыстары негізінде айқындалмақ. Атақты қытай антропологы, мәдениеттанушы ғалым, Фудан университетінің профессоры әрі ғылым жөніндегі проректоры Жин Ли сұхбат барысында археогенетика ғылымының негізгі нысанасы  жайлы сөз қозғап, адам генетикасының қаншалықты маңызға ие екенін дәйектейді. 

 Популяцияны зерттеу болашаққа жетелейді

 – Өткен жылы Фудан университеті мен Қазақ білім Академиясы бірлесіп «Алтын Орда – 750 жыл: Еуразия кеңістігіндегі этностардың қалыптасуының негіздері» деп аталатын онлайн-форматтағы ғылыми симфозиум өткізді. Аталған форумның өтуіне өзіңіздің тікелей мұрындық болғаныңызды білеміз. Генетиканы зерттеуші ғалым ретінде айтыңызшы, Еуразия көшпенділерінің тарихын зерттеуде археогенетика ғылымы бізге не береді?

Мен генетиканы зерттеп, оның негізгі мәселелеріне назар аударамын. Яғни, жеке адамдардың генетикалық объект ретіндегі ерекшеліктері мен фенотиптік (адамның морфологиялық ерекшеліктері мен функциялары) айырмашылықтарының байланысы неде? Біздің фенотипімізді анықтайтын биологиялық механизм қандай? Генетиканың негізгі мәселесі болып саналатын осы тектес сұрақтарға жауап іздеп келемін. Осы тұрғыдан айтқанда, популяцияны зерттеу – жақсы бастама әрі  болашаққа жетелейтің ғылым. Өйткені әрбір адамның өзіне тән ұлттық-генетикалық ерекшеліктері бар. Тап сол секілді, халықтар арасындағы генетикалық айырмашылықтарға да жете мән беруіміз керек.

 Халықтар арасындағы генетикалық айырмашылыққа ғылыми талдау жасау арқылы адамдардың сыртқы бейнесінің, ішкі әлемінің,  т.б. өзгешеліктерін немесе ұқсастықтарын анықтай аламыз. Әлем  ғалымдары тек популяциялық сипаттағы айырмашылықтарға назар аударып қана қоймай,  адамдардың генетикалық айырмашылығының  денсаулыққа қалай  ықпал жасайтынын да зерделейді. Сол ізденістің арқасында төмендегі сұраққа жауап іздейді: неге кейбір ұлттарда болатын ауру өзге  ұлттар арасында сиректеу кезігеді?

1994 жылдан 1996 жылға дейін  АҚШ-тың Калифорния штатындағы Пало Альтода орналасқан Станфорд университетінің генетикалық  зертханасында докторлықтан кейінгі зерттеулерді жүргізгенімде, осы университеттің атақты профессоры Luigi Luca Cavalli-Sforza-ның еңбегімен кеңінен таныстым.  1990-жылдардың басында адам геномын зерттеуді ұсынған ғалым адамдар арасындағы түрлі айырмашылықтарға баса назар аудару керектігін де айтқан болатын.  Дегенмен бұл жақсы бастаманың әлем кеңістігінде ары қарай кеңінен насихатталмағаны өкінішті. Содан бері 30 жылға жуық  уақыт өтті, осы кезеңде ғалымдар генетика туралы көптеген  оңтайлы нәтижелерге қол жеткізгенін білеміз.

«Адамзат қауымдастығының  әртүрлі кезеңдегі  бастан өткерген тарихи оқиғалары олардың айырмашылықтарына қалай әсер етті?»  деген мәселе тұр. Генетикалық зерттеу саласында: «Инсан әуелі Африкада пайда болған», –  деген тұжырым қалыптасып отыр. Сондай-ақ:  «Бұл  Еуропа мен Азия халықтарының ата-бабаларын қалыптастырған Таяу және Орта Шығыстағы (оның ішінде Орта Азиядағы) адамдар арасындағы генетикалық дифференцияның пайда болуына жеткізді», –   дейді зерттеушілер.

Алайда осы жерде туындайтың бір сұрақ: олар әлемнің әртүрлі жерлеріне көшіп, соңғы 40 мың жыл ішінде қалай өмір сүрді? Біздің жауап – қысқа да нұсқа. Адам баласына қоршаған орта, қоршаған ортаға бейімделу секілді факторлар  әсер етті. Мұнда олар табиғи ортаға бейімделу арқылы табиғаттың сүзгісінен өтті. Яғни, адамзат қоршаған ортаға бейімделу арқылы генетикалық айырмашылығын түзіп  отырған.

Неге инсан қауымындағы айырмашылықтарды зерттеуге қызықтыңыз?

Адамның генетикасын зерттеген шақта әуелі қауымдар арасындағы айырмашылықты анықтап алған жөн. Мұны (қауым ара алшақтық) басты білім деп білеміз. Бұл – менің жеке адамдарға қарағанда қауымдар арасындағы айырмашылыққа назар аударғанымның басты себебі

Тарихқа дейінгі және тарих кезіндегі  инсанның (тарихты жазу қалыптаспаған кез бен жазба ескерткіштер пайда болған кезең) генетикасын зерттеу арқылы біз өте көп ақпаратқа қол жеткіздік. Мен қауымдар арасындағы өзгешелікті зерттеу жұмысын 1994 жылдан кейін қолға алдым. Сонда байқағаным, Еуропа, Америка  және Африка популяциялары туралы көптеген зерттеу еңбектері  жарық көріпті. Алайда, бір қызығы, сол жарық көрген еңбектер арасында Азия халықтары (әсіресе Шығыс Азия мен Орта Азия) туралы зерттеулер өте аз. Бұл Азияда ғалымдардың жетіспеуінен және ДНК үлгілері қорының  жоққа жақындығынан туған олқылық шығар деп топшыладым.

Адамзат көші-қонының тоғысқан тұсы – Орта Азия  

Батыс ғалымдарына  Азия елдерінің  топтық ДНК-сын білуге не кедергі болды деп ойлайсыз?

Азия халқының ДНК үлгілерін жинау қызметі Батыс ғалымдары үшін өте қиынға түсті.  Қауымдастықтардан құралған  топтардың ішіне кіріп, олардың ДНК үлгілерін жинау – оңай жұмыс емес.

Станфорд университетінде жүргенде мен Азия тұрғындарын жүйелі түрде зерттеу біздің ғалымдардың күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің  бірі екенін терен түсіндім. Қазір бұл нысананы  Фудан университетінің ғалымдары жүйелі түрде зерттей бастады. Ең алғашқы нәтижелеріміз Ұлттық ғылым Академиясының еңбектері болып табылатын PNAS-да (Proceedings of the National Academy of Sciences of United States of America/Америка Құрама Штаттарының ұлттық ғылым академиясының еңбектері) жарияланды (Chu қатарлы, 1998: 8). Сол кезде біз спутникпен азиялық тұрғылықты елді жүйелі түрде картаға түсіріп үлгердік. Біздің байқағанымыз, оңтүстікте өмір сүрген азиялықтар мен солтүстік аймақтың  тұрғындары  арасында тұрпаттық айырмашылық бар болып шықты. Бұл ретте маған келген ой: Азия құрлығында өмір сүрген халықтың ДНК-сын толық зерттеуге оқталған екенбіз, онда оны ашу кілті сөзсіз Солтүстік Азия мен Орта Азия аймағында жатыр.

Орта Азия ежелден бері адамзаттың көші-қон жолындағы үлкен бір қиылыс болып есептеледі. Мұнда  қоныс аударған қауым өкілдері  топ-тобымен келіп, тығыз орналасқан. Бұл жердегі осы бір қызықты да күрделі үрдісті анық зерттеп алғанда ғана біз Шығыс Азиядағы халықтардың генетикалық құпияларын толық ашатын боламыз. Бір ғана мысал келтіре кетейін,  Бейжіңнің ескі тұрғындарының, яғни «көне бейжіңдіктердің» ДНК-сында қытайдың басқа өңірінің тұрғындарымен  салыстырғанда Хуанхэ өзені (Сары өзен) бойын жағалай қоныстанған «таза хан ұлтының»  элементтері төмен. Бұл жерде көзге ұрып тұрған мәселені байқадыңыз ба? «Бұлардың («көне бейжіңдіктер») арғы ата-бабалары кім болған  және олар қайдан келіп қоныстанған?» деген сұрақ бірден көтеріледі. Өзіңізге мәлім, бұл жер Юань, Мин және Чин билік құрған кезде сыртқа есігі ашық қала ретінде әйгіленді. «Жібек жолының» бойымен мұнда ұлты, сипаты  әртүрлі адамдар ағылып келіп жатты. Демек олардың қатарынан мен қазақ пен ұйғырлардың да  арғы аталары болғанын  анық көріп отырмын.

Ұйғырлар Шыңжаңдағы этностардың ең үлкен тобы болғанымен, ықпалы сол аймақтың шекарасымен ғана шектелді.  Ал қазақтардың ұлт тарихына  жасаған ықпалы ұшан-теңіз. Себебі қазақтар – Алтай тіл жүйесіне қарайтын түркітектес этникалық топтағы  басты ұлттардың бірі. Бұл халықтың  Орта Азия тарихында өте маңызды рөл атқарғаны белгілі. Шын мәнінде, түркітілдес  халықтардың  Еуразия даласында біршама ДНК үлгілерін  қалдырғанына ешкім шек келтірмейді.

Қазір ертедегі адамдардың генетикасына физикалық антропология негізінде  зерттеу жасауға мүмкіндік бар. Мысалы, Фудан университетіңдегі зертханамыздың жас маманы Сун Чанг осы күндері Еуразияда табылған бас сүйектерді жүйелі түрде зерттеуде. Ол бас сүйектердің кескінін салыстыру  арқылы ежелгі ұлттардың қозғалысының бағытын және олардың қалай аралас болғанын анықтауға кіріскен.

–  Сөзіңізді бөлейін. Әйгілі қазақ антропологы Оразақ Смағұлов археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ежелгі адамдардың бас сүйегінің кескінін салыстыра зерттей келе, Орта Азия жеріне моңғолоид нәсілінің келіп қоныстануын біздің дәуірдің арғы-бергі тұсында  Теріскейден жеткен «Теріскей ғұндарымен» байланыстырады.

 Ғұндарды ауызға алғанда Шыңғыс хан бастаған моңғолдарды да ұмытпауымыз керек! Неге десеңіз, бұл екі халықтың  Батыс елдерін үрейде ұстағанын әрі айналасына үлкен ықпал жасап қана қоймай, жергілікті нәсілдердің өзгеруіне айтарлықтай әсер еткенін  білеміз. Түркі халықтарының таралуы Шығыс пен Орта Азия тарихына генетикалық негізде терең із қалдырды.

Біздің болжамымыз бойынша, түркілердің шығу қайнары қиыр шығыстағы Хинган тауы (Ресей федрациясының қиыр шығысындағы Станово́й тау жотасы – ЖЖ) болуы бек мүмкін. Хинган тау сілемінде мекендеген халық  табиғи апаттардың, климаттағы өзгерістерден туындаған қысымның салдарынан өздеріне жеткілікті қорек іздеумен оңтүстікке қарай қозғалған.  Түстіктегі жергілікті  халықтың тығыз орналасуына байланысты онда салынған Қытайдың Ұлы қорғаны мен билік тарапынан көрсетілген қарсылыққа ұшыраған ел мидай созылған батыстағы Еуразия даласына қарай шұбыра жол тартады. Ол жақта ауылшаруашылығы  айтарлықтай (Шығыстағыдай) дамымаған, яғни ол жерде еш кедергі болмағандықтан түріктердің арғы аталары Батысқа қарай ойысады. Міне, осындай себеппен жергілікті халықтың қасына барып тағы бір ел ел тұрақтанады.  

Сондықтан ұйғырлар мен қазақтардың ДНК-сын зерттей отырып, менің ойымша, екі мақсатқа қол жеткіземіз: біріншіден, түркі тілінде сөйлейтіндердің түпкі негізі кімдерден бастау алады? Екіншіден, түркілер қалай жер-жерге таралған? Қазба жұмыстарының дәйегіне сенсек, Шыңжаң жеріне адамзат баласы 4-5 мың жыл бұрын табан тірепті. Уақыт өте халықтардың бұл аймаққа қоныс аударуы жиілей түкен. Қазіргі генетикалық болжам бойынша, ол жерге адамдар екі бағыттан келген, яғни Шығыс пен Батыс жұрты өзара осы тұста тоғысқан. Шыңжаңда қауымдардың тоғысуы осынша тығыз болған екен, оның арғы жағында орыналасқан Қазақстан жерінде адамзаттың бұл тоғысуы тіпті де ертеректе басталуы  әбден мүмкін емес пе?

Біз адамзат баласының көшіп-қону процесін  «қойы қоралас, ауылы аралас» түсінігі бойынша қарастырып келдік. Сонымен қоса «Жібек жолы антропологиясын зерттеуді» де маңызды бір арна ретінде қараймыз.

– Жоғарыда  Ресей ғалымдарының Орта Азия елдеріне жүргізген ғылыми зерттеулері жайлы айтып қалдыңыз.  Сіз тілге тиек еткен ғалымдардың Қазақстанда жасаған жұмыстары жайындағы мақалаларын талдап оқып шықтым. Олардың айтуына қарағанда, ДНК-ның үлгілерін жинауға  кейбір қазақ тайпаларынан, мысалы, Орта жүз – қоңырат тайпасынан үлгі беруге 2 адамнан ғана тартылған. Ең көп сынама тапсырғандар – Жошы ханның ұрпақтары (төре руы).  Онда  да, қателеспесем,  бір мәрте  үлгі алу науқанына тек 100 адам ғана тартылыпты. Ал генетика ғылымында белгілі бір тұрақтағы елден (ұлт, тайпа немесе жергілікті тұрғындар) биологиялық үлгіге (қан, түкірік және дәрет т.б.) тартылған  адамның саны 1000-нан жоғары болуы керектігі айтылады.  Осы рас па?

–  Жоқ, ол міндетті емес! Бір немесе екі адамнан  алынған ДНК сараптамасы да шешуші  нәтиже көрсете алады. Меніңше, сіз сөз еткен ғалымдардың жұмысына техника мен қаражаттың жетіспеушілігі кедергі жасаған болар. Мысалы, сіз сонша қаражат шығарып адамдардан биологиялық негіздегі мол үлгі (қан, түкірік және дәрет) жинап алдыңыз дейік, оларды сақтап қою үшін  зертханаңызда орын болуы мүмкін бе?

 Қазақстанның тұңғыш антропологы Оразақ Смағұловтың этникалық краниология саласындағы зерттеу қортындысына тоқталсам (Исмагулов, 1970: 33-38, 43, 46). Себебі сол зерттеуінде О.Смағұлов Кеңестің әйгілі археологы А.Н.Бернштамның жасаған тұжырымын қолдап: «Моңғолоид тектес халықтардың көші-қонын б. д. І ғасырда Жетісу өңіріне қоныс аударып келген ғұндар бастаған», – дейді. Бұл тұжырымды өзге ғалымдар да растады.

Осы бағыттағы деректер сіздің: «Орта Азия Шығыс пен Батыстың аралығында көшіп-қонған халықтардың тоғысқан жол қиылысы», –  деп айтқаныңызды  дәлелдейді.

Доктор Сун Чанг  Еуразияны ертеде мекен еткен халықтардың қайтадан өз аймақтарына көшу барысын зерттейді. Меніңше, әуелгі Шығысқа қарай жол тартқан қауым Еуропадан шықпаған, олар Таяу Шығыстағы Қос өзен алқабынан қозғалған еуропеидтер болған. Бұл көш осыдан 5 мың  жыл бұрын жүрді. Содан кейін олар екіге бөлініп, бір бөлегі ақырын қозғалып шығыс Сібірде орналасқан Афанасьев пен Андронов тектес жерлерге, екінші топ бүгінгі Ауғанстан жеріне жеткен. Кейіннен кейбір топтар кері қайтып, Орта Азия жерінде тоғысып, Тарым жазирасында шығыстан сол жерге келген моңғолоид нәсілдес  халықтармен араласып кетеді.

Демек, осыдан 4200 жыл бұрын Шығыста өмір сүрген  жергілікті моңғолоид халықтарында егін шаруашылығының, бидай мен күріш егу әдістерінің дамуына байланысты адамдардың жан саны да күрт өскен, соның нәтижесінде олар Батысқа қарай жылжып, Тарым жазирасына жетті.  Шыңжаң расында да Шығыс пен Батыстың тоғысқан қиылысы болған.

Ғылым дегеніміз – ғылым

–  Сұхбатымыздың басында сөз еткен мадиярларға қайта оралсақ. Сыртқы бейнелеріне бір қарап-ақ олардың ақ нәсілден екеніне ешқандай күмән келтірмейміз. ДНК үлгілерінің құрамында да Шығыс азиялықтардың гені кездеспейді. Венгр ғалымдарының ескі қабірлерден (VI-VIII ғасырлар) қазып алған 200-ге жуық адам қаңқасына жасаған ДНК зерттеулері олардың 40%-ы шығыс Еуразиядан шыққанын анықтап отыр. Демек бүгінгі мадиярлардың оқымыстылары мен жай халықтың санасындағы «мадиярлар ғұннан тараған»  деген түсініктері расқа айналуда. ДНК-ны терең зерттеу жұмыстары  ел саясатына ықпал ете ме?

Дәуірлер  көшінде  халық ретінде басымыздан көптеген оқиғалар өтті. Тарихқа жанаса ма, жоқ па, оған қарамастан кейбір оқиғалар адам қолымен қайта жасалып жатады (рефакторлау). Ол  ғасырлар бойында  орын алған оқиғаның  бір қырын  ғана көрсетуі мүмкін. Көбіне шын тарихтан  алшақтатып жіберетін де – осындай жалаңдық. Біздің ғылыми  тобымыз бұған баса назар аударады. Ғылым дегеніміз  – ғылым, оны саясат немесе басқа  бір мақсатты негізге алып айналдыруға болмайды. Мысалы,  генетика саласына ұлтқа сипаттама беретін құрал ретінде қараудан аулақпыз. Атап айтқанда, ДНК үлгілері арқылы  бір халықты екінші бір халықтан жоғары қоюға мүлде қарсымыз. Әсіресе, қазіргі қоғамда  ұлттық ерекшелікті анықтап, одан саяси ұпай жинауға мүлдем қарсы болуымыз керек. Себебі саясаткерлердің алға  қоятын мақсаты көбіне бір жақтылы жалаң мақсатқа жету ғана екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан гендік технологияны, биологияны және тарих саласын адамзатты өлшеу эталоны ретінде қарастыруға жол бермеу қажет.

Халықтың  генетикалық портреті арқылы тағы қандай қорытындылар жасауға болады?

Әңгіме басындай айтқандай, халықтың тарихын зерттеумен қатар, ұлттың денсаулығы мен жергілікті ауру түрлеріне де мән береміз. Мысалы, Қазақстанда өңештің қатерлі ісігі дертінің таралу көрсеткіші  жоғары екенін білеміз. Не себепті? Өйткені түркі халықтарында өңеш қатерлі ісігі ауруының жоғары деңгейде тұрғанын зерттеу жұмыстары дәлелдеген. Бұл тек ас құрамына немесе қоршаған ортаның ластануына ғана байланысты  емес, меніңше, ол генетика  саласымен терең  астарласып жатыр. Сонымен қоса қазақтарда гипертониямен (қан қысымымен) ауыратындардың саны мол, ал қант ауруымен науқастанатындар азырақ.

Тағы бір айтатын дүние, мекен, тұрақ ауыстырғанда адамдардың тек жаңа ортаға  үйлесімді болған гендері ғана дамып, басқасы  табиғи түрде келесі ұрпаққа берілмейді. Біз  сыртқы бейнеміз арқылы не үшін бір-бірімізге ұқсамаймыз?  Неге біздің денсаулығымыз әртүрлі? Мысалы, жоғарыда айтып өткендей, кейбір ұлттардың ұрпақтары белгілі бір  аурумен жиі ауырады, ал ол ендігі бір ұлттарда мүлде сирек кезігеді, мұның себебі неде?   Генетикалық айырмашылықты фенотиптік айырмашылыққа қалай аудару керек?  Міне, осы сауалдарды алға тарта отырып,  фенотипті зерттеуді басты мақсатымызға айналдыруды көздеудеміз. Ашылар жаңалықтар да алдағы уақыттың еншісінде.

– Әңгімеңізге рақмет!

 (Сұхбат ықшамдалып алынды)

 Сұхбаттасқан Жігер ЖӘНӘБІЛ

 Қытай тілінен аударған Сержан СӘРСЕНБАЙҰЛЫ

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір