Фараб жерінде ерекше фотобайқау өтті
03.04.2023
360
0

Наурыз айының жиырма бірі мен жиырма үші аралығында Түркістан облысына қарасты Отырар ауданында ұйымдастырылған республикалық фотобайқау аяқталды.    

Фотобайқау Ұлыстың ұлы күні Нау­рыз мерекесі қарсаңында, «Деректі фото» курсы аясында «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі (төрағасы белгілі фотограф Асылхан Әбдірайымұлы), соның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультеті мен «National Geographic-Qazaqstan» журналының және Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың ұйытқы болуымен өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша «Деректі фото» курсының басты мақсаты – фотоөнерді жалпақ жұртқа таныстыру, осы салаға қызығушылығы бар жандарды қанаттандыру, қазақ фотоөнерін әлемдік деңгейге көтеру болып табылады екен. Фотобайқаудың әлемге әл-Фарабидей ойшылды сыйлаған Отырарда өтуінің өзі тегіннен-тегін емес. Бұл жайында Алматы қаласынан келген «Aspan Production» графика дизайнері, режиссер Тілек Рысбек те сөз етті.
– Әл- Фараби – әлем философиясында өзіндік орны бар ұлы тұлғалардың бірі. Оның Аристотельдің «Метафизикасын» аударуы әлем философиясындағы елеулі оқиға. Отырар экспедициясында Отырар қаласындағы үлкен бір ауқымды кеңістік әл-Фарабидің туған жері деген болжамды айқындай түсетін секілді. Осыған дейін оны парсы ғалымдары Ауғанстан жерінде, Фәриабта туған десе, көптеген зерттеушілер оның Фараб қаласында өмірге келгендігін айтады. Негізі менің байқағаным, әл-Фараби атымен аталатын ұлттық жоғары оқу орны, көше, мекемелер баршылық. Яғни біз оның тек атын ұлықтаумен шектеліп келеміз. Ал осы сапарымыз арқылы біз әл-Фарабидің рухани әлеміне, біліміне саяхаттадық десек те болады, – деді ол.
«Деректі фото» курсына қатысып, іріктеуден өткен талапкерлер үш күн бойы аудан орталығында тойланған Нау­рыз мерекесін, одан бөлек, Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы сынды тарихи-мәдени орындарды, Арыс жағалауы сияқты көрікті жерлерді, музейлер мен ескерткіштерді күні-түні әртүрлі ракурс­та түрлі тәсілдермен түсіріп жарысты.
Байқау аясында назар аударарлық тағы бір жайт – фотографтар туындысын өзара талдайтын «Сын сағаты» болды. Бұл фотоөнер өкілдерінің шеберлігін шыңдауда көп кездесе бермейтін тәжірибе.
– Отырар қаласында керемет «Сын сағаты» өтті. Басында байқау деп айтылғанмен, біз бұны өзара тәжірибе алмасу деп есептедік. Себебі біз бұл жерде білмегенімізді үйреніп, білгенімізді бөлістік. Байқаудың Отырарда өтуінің өзі орынды шешім болғандай. Отырар қаласы – талай тарихи оқиғаның куәгері. Ұлы Жібек жолынан өзге мемлекеттермен қалай байланыс орнатса, бұл шараның осы жерде өтуі де қазақ фотоөнерін әлемдік деңгейге бағыттау­ға жол бастағандай, – дейді «Аманат» партиясының «Жастар рухы» ЖҚ фотографы Мейірбек Тажкуранов.

Назерке
Альбертқызы 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір