КҮЙ – ҚАЗЫНА, РУХАНИ ӘЛЕМ
10.08.2021
1360
0

 Әр дәуірдің өзіне тән күй өнерінің классигі болатыны белгілі. VII ғасырдағы қобыз күйінің  классигі – Қорқыт ата ( түркі халқына ортақ ұлы ойшыл, жырау)  десек, ол біздің жыл санаумыздан бұрынғы  III-II ғасырларда дүние жүзіне үстемдік құрған сақ, ғұн, қыпшақ дәуіріндегі  домбыра, қобыз, сырнай, сыбызғылармен орындалған мифтік сарындағы «Боздала», «Бозайғыр» күйлерінің мәнерін ұлғайтып, өз күйі – «Өмір жырын» қобыз күйіне сіңіріп, жаңаша тудырды.  Түркі халықтарына ортақ күй мұрасы  ретінде  «қоңыр күй» стилін жасап, адамзат баласына күй өнерінің жаңа соқпағын салып берді . Арада он төрт ғасыр өткенде, ХХІ ғасырда қазақ күй өнерінің әлемдік классигіне Секен Тұрысбек айналды.  

  Секен қазақ даласының күйшілік дәстүрін терең зерттеп, Ертіс пен Еділдің, Алтай мен Атыраудың арасында өткен ғұлама күйшілердің мұрасын жалғастыра отырып, Арқадағы «шертпе күй» дәстүрін қалыптастырған, Тәттімбет, Құрманғазыдан келген Арал, Ақтөбе өңірлеріне тән «төкпе күйді»  қанаттандырған, Қазанғап, Сыр Сүлейі Төремұраттың «Сыбызғы күйлері», Қаратау дәстүріндегі «шертпе күй» мен «төкпе күй» өнері, Жетісу дәстүріндегі  ежелгі жыр, ертегі сюжеттер желісіне құралған күйдің теріс бұраумен  жасалған ерекшіліктерін бойына сіңіре отырып, қазақ күй өнерінің  тың, жаңа композициясын қалыптастырды. Оны одан ары байытып, жаңа ғасыр музыка  жауһарларынан сусындатты. Күйдің дыбыс, ырғақ, тербеліс, ритмдеріне гитара, пианино, жетіген, қобыз сынды саз аспаптарын қосып, оркестрлік шеберлікпен мәнерлеп ойнау арқылы қазақ күйлерін әлем сахнасына алып шықты. Соның нәтижесінде әлем жұршылығы Секен күйлерін телефон қоңырауларына, диктофанға (Detofan),әртүрлі бейне таспаларға жазып алып, үнемі сүйсіне тыңдап  жүретін болды.

 Мен Секен күйлерінің танылуы мен таралымын зерттеу мақсатында арнайы тілшілерді ұйымдастырып, мемлекеттің іші-сыртындағы мыңдаған адамдарға Секен күйлері жайында сұрақ-жауап қойғыздым. Олардың көпшілігінің телефон қоңырауынан «Ақжауын» мен «Көңіл толқыны» күйлерінің күмбірлеп тұрғанын өз құлағымызбен естіп, куә болдық. Олар «Ақжауын»  мен «Көңіл толқыны» күйлерін рахаттана тыңдайтындарын мақтанышпен айтып жеткізді. Демек өнердің өсу жолы – қиын да, күрделі жол. Алдыңғы өнерпаз шыққан биіктен, кейінгі өнерпаздың жеткен шыңы жоғары тұрамаса, өнерде өсу болмайды.    

 Әлем классигіне айналған Бетховен XVIII ғасырда Германияның  философиясы, әдебиеті мен өнерінің  гүлденуіне үлкен үлес қосты. Дүние жүзі ғалымдары оның «Лунная» сонатасы және «Крейцерлік» сонатасын «Әлем музыкасының классика үлгісі» деп бағалады. Айрықша оқшау құбылыс: Гегель, Шиллер, Гете қатарына көтерді. «Ол – табиғат адам алақанына салып берген қайталанбас тұлға, тума талант» деп танылды. Сол сияқты қазақ даласына ХХІ ғасырдың еншісі етіп біздің халықтың бағына күй пірі – Секен Тұрысбекті сыйлады. Оның  «Ақжауын», «Көңіл толқыны», «Күлтегін», «Бесік күйі» туындылары тұтас түрік және әлем халықтарының ортақ құндылығына айналды.  Дүние жүзі қазақ күйіне айрықша назар аударып, классикалық музыка деңгейінде тани бастады. Секеннің бұл күйлері жарыққа шыққалы да қырық жыл өтті. Азия, Еуропа  құрлықтарындағы радио және телеарналары табиғат, жаратылыстану, ауа-райын таныстыру хабарларында «Ақжауын», «Көңіл толқыны» күйлерімен  көзайым көрістерді әрлеп таныстыра бастады. Осыдан-ақ қазақ күйлерінің әлдеқашан «брендке» айналғанын түсіну қиын емес. Секен күйлерінің ұлттық дүниетанымы, философиясы, эстетикалық талғамы әлем классикасының өнер кәусарынан бастау алады. Тарихи тағылымдардан тамыр тартады. Оның он бес күйінің мазмұнында байтақ бай даласының теңдессіз сұлулығын суретейді. Адам баласының жарқын образын сомдайды. Секен күйінен тыңдарман кино көреді, тағылым оқиды, философиялық ой түйеді. Оның философия, эстетика, психология  ғылымының маманы екендігі өзінің туындыларынан танылып тұрады. Секен аз ғана уақытта өз өмірін өнерге, өнегеге, үлгіге айналдырды. Халқымыздың «Өнер тұлғасы» болып қалыптасты.

 Мен Қазақстан Ассамблеясының төрағасы, бірінші Президент – Елбасының   орынбасары, Қазақстан Республикасы  Президенті Әкімшілігінің  Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі болып мемлекеттік қызмет атқарып жүрген кезімде, Жапония мемлекетінің Токио қаласына іс-сапарға барғанымда, Қазақстанның концерт үйірмесіне қосып Секенді де алып бардым. Секеннің «Ақжауын», «Көңіл толқыны» күйлерін Жапония халқы  ыстық ықыласпен тыңдады. Концерт соңында адамдар таласа-тармаса сахнаға шығып, Секеннің қолын алып, құшақтап көрісті,естелікке суретке де түсті. Бастарын иіп, үлкен құрмет білдірді. Оған қызыға қарап, таңдай қағып таңырқасты. Бұл құрмет – Секенге ғана жасалған құрмет емес, тәуелсіз қазақ мемлекетіне, қазақ халқына жасалған  өте зор құрмет еді. Мен сахнада отырып қазақ күйлерінің, әсіресе, Секен күйлерінің мұншалық күш пен қуатқа ие екеніне көзім толық жетті.

 Ат жалында туып, түйе қомында өскен, тақымы тастай қайсар қазақтың,  түп атасы көк түрік мемлекеті дәуірінде ұлы даланы қорғаған батыр бабаларымыз, батысы Қара теңіз, Донай алқаптарына дейін, оңтүстігі Перғана ойпаты мен Иран үстіртіне, солтүстігі Сібір мен Байкалға, шығысы Табығаш алқабына (Қытай жері Көккөл) дейін ат тұяғымен дүбірлеткен, дүниенің төрт бұрышын дүр сілкіндіріп, ұлы дала төсінде қуатты мемлекет құрған ұлы халықтың ұрпағымыз. Түгі түспей тұсап жатқан, құс қанатын талдырған тағдырлы даламызды сыртқы жаулардан қорғап, аман алып қалған қаһарман, парасатты халықпыз. «Қазақ» атын тарих тақтасына қашап жазған өнерлі де өнегелі ұлтпыз. Секен күйлері осы тарихи  көріністерді көш керуеніндей тізбектеп, бейне бір тау көшіп жатқандай көз алдыңнан өткізеді. Жапон халқы да талай тамырлы тағдырын күй толғағынан танып, көзіне көп дүниені түнеткен болса керек.  

 Өнерде шекара болмайды. Өнер тілін, әсіресе, күй тілін жер бетіндегі саналы адам терең түйсініп, үн ырғағымен ұғады. Ортақ сезіммен  қабылдайды. Себебі музыка – адам  жанының құпия үні. Дыбыс, ырғақ, тербеліс арқылы көркем көрініс жасап, ғажап үн толқынымен сыр сезімді толқытады. Ақылға ақыл, сезімге сезім қосады. Ойды оймен сапырып, қиялды қанаттандырады.     Жапония халқы «тайкондау» (тхэквондо) өнерін көрсету жарыстарында, барабан  (Вадаико) соғып, шабыттандыру үшін әртүрлі жанрда музыка әуендерін қолданады. Ал біздің қазақ халқында байырғы соғыс жорықтарында жауынгелерге шабыт беріп, жігерлендіру үшін барабан соққан. Жапонияның барабан соғуы мен қазақтың барабан қағудағы мақсаттары бірдей. Бәлкім осы барабанды «Біздің қазақтан алған ба?» деген бір шүңет ойға кенеле берем. Түпсіз ой ирімі мені ары қарай тарихи оқиғаларға сабақтай берді. Қазақ халқы мен жапон халқының бастарынан  өткізген  қанды  оқиға көз алдымнан қара бұлттай зу ете қалды. 

Совет дәуірінде қазақтың ұлы даласында атом бомбаларын сынақтан өткізу үшін арнайы шұрайлы жер бөлініп, «Семей ядролық полигоны» ашылды. Бастапқыда адамдар мен жануарларға және табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Артынан көзден жасырып, жер асты сынағына көшті. Атом жарылыстарының ауыр болғаны соншалық, Семей маңындағы радияциялық әсер аймағында тұратын бес мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. АҚШ авиациясы 1945 жылы Жапонияның Хиросима қаласына бірінші атом бомбасын тастады. Қала құрылысының күлі көкке ұшты. Жүз қырық мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты, тірі қалғандары өмір бойына мүгедек болып қалды. Ес-ақылын жиғызбай, сол жылы тоғызыншы тамызда Нагасаки қаласына екінші атом бомбасы тасталды. Бұл жолы қала жермен жексен болды. Жетпіс бес мыңнан астам адам қаза тапты, қисапсыз жан мүгедек болып қалды. Хиросима мен Нагасакиге атом бомбаларын тастау – күллі адамзатқа, Жапония халқына қарсы жасалған ауыр қылмыс еді. Осыдан кейін жер шарындағы күллі адам баласына ядролық қару моральдық және писихологиялық жағынан өте қатты кері әсер етті. Соғыс зардабының жүрекке салған жарасы ғасырлар бойына жазылмады…

 Міне, Секеннің «Ақжауын», «Көңіл толқыны» күйлері – күллі әлемдегі қорқынышты адам санасынан жою, жер бетіндегі тозақ отын өшіру,  адамдарды аласапыранға салатын лас нәрселерден аластау, біржола тазартып тастау арқылы бейбіт әлем жасау, адамдарды сұлулық пен ізгілікке жетелеу екендігігі айқын көрініс еді. Жапон халқы Секен күйлерінің  терең философиялық иірімін таныды. «Біздің елге періште күйші келді» деп қабылдады. Мен қатарымда отырған  жапон академигі Дайсукеге аудармашы салып сұрағанымда, ол: « Қазақ халқы – әлемдегі дана, ұлы халық. Сіздерің ата-бабаларыңыз Көктүрік тұқымынан тараған, Шыңғыс хан қыпшақ даласын билеп тұрған  кезде  біздің мемлекетке жорық жасады. Тәңірі жар болып, топан су соғысқа  бөгет болды. Екі елді қырғын соғыстан аман алып қалды. Бұл – Көк Тәңірінің көмегі еді. Сіздердің мемлекеттеріңіз әлем территориясында тоғызыншы орынды иелейді. Ата жұртын Қытай мен Ресей держеваларына жұттырып жібермей, бес мың жыл бойы көзінің қарашығындай аялап, қорғап сақтап қалды. Қазақ халқы жеті ата араламай,  қыз алыспайды. Бүгінгі күнге дейін жаны мен тәнін таза ұстаған, генін өзгертпей сақтаған текті ұлт. Бұл – әлем адамдары қабылдайтын академиялық ғылым. Қазақ тілінің грамматикасы – жапон тілене жақын туыстас тіл. Бай тілдер тобына жатады. Қазақтың түп аталары Көк Түрік өз кезінде жарты әлімді бағындырып, аузына қаратқан ең құдіретті мемлекет болған. Қытай мемлекеті сіздерден именіп, ұлы қорған соғып қорғанды. Осман империясы түркі териториясынан бөлініп барып, өз алдына мемлекет құрды. Қазақ жері – тұтас түрік халқының өніп шыққан төркіні…» – деп бір тыныстап алды да, Секенге қарап: «Секен – осы ғасырдың Бетховены!» — деп қадап айтты.  Осы кезде менің қасымда Секен де, Жапонияда тұратын Қазақстанның бас елшісі Ақылбек Камалдинов те бар еді.

 Ол бізді бастап жүріп Жапонияның жоғары дәрежелі мемлекет қайраткерлерімен  кездестірді. Жапонияның тарихи музейлерін аралатты. Олардың ғылым, мәдениеттегі жеткен жетістіктерінен біз үйренетін көп нәрсені көкейімізге ұялатты. Келелі сапарымызға куә болды. Ол қазір Канада мемлекетінде елшілік қызметте, ұлтжанды, білімді азамат. Қазақстан мен Жапонияның саяси және мәдени қатынастарына елеулі еңбек сіңіріп келеді. Жапон академигінің сөзінен кейін ол да, мен де риза болдық . Менің нағашы ағам Ақселеу Тарақты Сейдімбековтың «ХХІ ғасыр – Секен ғасыры» деп  Қазақ әдебиеті газетінде жарияланған мақаласы есіме түсті. Расында Секен – күйші ғана емес, таңғажайып талант. Оның  күйлері күллі адам баласының көкірек көзін ашады, бойына күш-жігер бітіреді. Мен осыдан бастап өзім күйші болмасам да, Секен шығармашылығына ден қоя бастадым.

 Биыл Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл. Осы жылдарда қазақтың спорт саласынан жүздеген бокс саңлақтарымыз әлем аренасында қазақ жалауын желбіретсе, Димаш күллі әлем аспанында қазақ әнін әуелетті. Секен қазақ күй өнерін халықаралық аренаға алып шықты.

         Менің мұны айтып отырғанымның себебі, қазір ғаламтор ғарыш әлемін бір ғана жүйеге байлап, сол арқылы біз ашық әрі еркін ақпарат алып отырмыз. Төркүл дүниедегі жаңалықтарды әлем адамдары күн сайын, сағат, минут сайын көріп, біліп отыр. Секен күйлерінің әлемге тез, кең тарап, күн сайын «Ақжауын» оркестрі дәрежесінің көтерілуіне техниканың орасан көмегі тиуде.

 Мен осы орайда бір ұсынысты ортаға салайын. Қазақ тарихы – күй тарихы.  Қазақ халқын одан ары ұлы  ұлт ретінде әлемге танытамыз десек, «Қазақ күй ТV» каналын ашып , ғаламтор арқылы күй шежірелерімізді үгіттеуіміз керек. Біздің Секеннен басқа да жүздеген әлемге танытуға болатын  күйшілеріміз, музыканттарымыз  бар.  Оларды «Қазақ күй TV» телеканалы арқылы ғарыш әлеміне көтере алатынымызға көзім жетеді.

 Секен Жапония секілді басқа елдерге де барып домбыра тартса, бәрі уыздай ұйып, тебіреніспен  тыңдайды. Еш жатырқамайды.  Өйткені оны күнде ғаламтор желісі арқылы YouTube, Google, Facebook желілерінен көріп, күйлерін тыңдап, қазақ күйінің талғар табиғатын танып отыр. «Қазақ күйі –ғылым, музыка жаһары, адам баласына ортақ рухани қазына» деп бағалап отыр. 

 Қазақтың күй тарихы – бес мың жылдық халық өмірінің төл тарихы. Бұл –  бүгінгі жазба деректерде дәлелденген шындық. Бәлкім одан да ұзақ ғасырлар болуы мүмкін. Адам адам болып жаралғалы, халық болып ұйысып, қоғам болып құралғалы, оның күй өнері өзімен бірге өмір сүріп келеді. Күйсіз қазақты тану мүмкін емес. Күй  – ұлт өмірінің шарайнасы, рухани әлемі. Сондықтан күйді Менделеев таблицасындай зертегенде ғана күй мен қазақ  айырылмас егіз ұғым екеніне әлем халықтарының көзін жеткізуге  болады.

 

 Философия ғылымдарының докторы, профессор:

Жұматай Әлиев

  1. 06. 2021 Сиыр жылы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір