Сайвали Хайдаралиұлы: Қазақтың қазақ тілін білмеуі – өзіне сын
10.08.2021
480
0

 Өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Туып-өскен жеріңіз, оқыған-тоқыған орныңыз қандай?

– Менің аты-жөнім Шоев Сайвали Хайдаралиұлы. Туған жерім Тәжікстан Республикасының Қорған-Төбе облысы. Сол елден ата-анам бала күнімде Қазақстанға қоныс аударды. Яғни балалық шағым қазіргі Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, Атакент кентінде өтті. Ауыл мектебінде орыс тілінде білім алдым. Жоғарғы оқу орнын да орыс тілінде оқыдым.

Қазақша жақсы сөйлейсіз. Орыс тілінде білім алсаңыз, қазақ тілін қалай жетілдірдіңіз?

— Рас, орысша оқыған адамдардың көбі сол тілдің ыңғайымен кетіп қалатынын көріп жүрміз. Бұл біріншіден, мемлекеттік тілді құрметтемеу. Екіншіден, қоғамның, ортаның қазақ тілін керек етпеуі деп ойлаймын. Меніңше, жұмыс орнында болсын, қоғамдық түрлі қызмет саласында, кез келген сауда орны, мекемелерде мемлекеттік тілді білуді міндеттеу, тіпті, мәжбүрлеу керек сияқты. Сонда ғана тіл дамиды, оған деген көзқарас өзгереді. Ал, өзіме келсем, туған жерім қазақ ауылы болғандықтан, ауыл балаларымен қазақ тілінде араластық. Бір сөзбен айтқанда, қазақша өстім.

Үлкен қаланың музейлерінде қызмет етіп жүрсіз. Жұмысыңыз ұнай ма? Көңілге не түйдіңіз?

— Иә, әрине! Жұмысым өзіме өте ұнайды. Бұл салада бірнеше жылдан бері қызмет етіп келемін. Ең алдымен, осында жүріп көп тәжірибе жинақтадым, сонымен қатар, жас мамандармен етене жұмыс істеудемін. Алматы қаласының мәдениет саласына аз да болса үлесім тиіп жатқанына қуаныштымын. Музей деген кешегі тарихтың айнасы ғой, осында жүріп, қаланың, халықтың арғы тарихымен де жан-жақты танысудың мүмкіндігі туды. Әттең, қазіргі індетке байланысты музейлерімізге адамдар аз келеді. Көп жұмысты онлайн істеуге тура келіп тұр. Соған қарамастан, әр жәдігерді көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, көпшілікпен байланысты үзбей отырмыз.

Осы жасыңызда нені мақтан тұтасыз, қандай іске өкінесіз?

— Ең үлкен мақтанышымотбасым, бала-шағам, достарым және әріптестерім. Өмірге деген өкінішім жоқ, мен бақытты жанмын!

Музей қызметкері ретінде, ұлт тарихына, болашағына қандай баға берер едіңіз?

— Қазақстан азаматы ретінде қазақ елінің жарқын болашағына сенемін, ол үшін қазіргідей қиын сәттерде бір-бірімізге демеу болып, әрқайсысымыз отандастар үшін жауапкершілікті сезінсек екен деймін. Бір шаңырақ астындағы көпұлтты мемлекетімізде ауызбіршілік пен татулықта өмір сүріп келе жатырмыз. Ары қарай да бірлігіміз мығым болса екен деген тілектемін.

Қазақ тілін үйрену қиын дейтіндер көп. Бұған не дейсіз?

— Қазақ тілін үйрену түк те қиын емес. Ең бастысы – ниет. Жоғарыда айтып өттім, тұрып жатқан еліңнің, жеріңнің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сыйлау өз алдына, жақсы білу керек. Бұл сол ұлтқа құрмет қана емес, өзіңе деген құрметің деп білем.

Қазақ тілін білу сізге қандай мүмкіндіктер берді?

— Ең бастысы, достарым өте көп, тіпті алған жарым да қазақ ұлтынан. Әрине, жұмыс екі тілді болғандықтан, қазақ тілін білу маған үлкен мүмкіндіктер берді. Соның арқасында кез келген ортада өзімді еркін ұстай аламын.

— Дос, таныс, әріптестер арасында қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері бар ма?

— Иә, бар. Жақын төрт досым бар, әзірбайжан, түрік, өзбек ұлтынан. Бәріміз де қазақ тілін еркін меңгергенбіз. Бір-бірімізбен қазақша сөйлесеміз.

Отбасыңыз туралы айтсаңыз. Үйде қай тілде сөйлейсіздер?

— Біздің үйде бәрі аралас. Жарым қазақ деп айттым ғой. Қазақ, орыс, тәжік тілдерінде қатар сөйлесеміз.

Өз тілін білмейтін немесе сөйлегісі келмейтін отандастарыңызға не айтасыз?

— Әркім өзінің ана тілін білуі қажет және «Тілге құрмет, елге құрмет!» деген ұлы сөз бар, өзің туып-өскен елдің тілін білу сенің міндетің деп санаймын. Әсіресе, кейбір қазақтардың қазақ тілін білмеуі өзіне сын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір