Жеті жұрттың тілін біл
05.05.2024
311
0

Мен өзге қазақстандықтардан еш өзгешелігім жоқ деп ойлаймын. Павлодар облысындағы Ақсу қаласында туып-өстім. Көпшілік сияқты мектепте оқыдым. Ата-анам – қарапайым еңбек адамдары. Қазақ тілін үйренуге анамның ықпалы болды деп есептеймін. Оның үстіне, кішкене кезімнен көптеген достарым қазақ балалары болды. Олармен сөйлесіп жүріп, ойнай жүріп қазақшаны қалай меңгергенімді сезбей де қалыппын. 

Мектепте бәріміз қазақ тілін пән ретінде оқыдық қой. Әйтсе де, студенттік кезде, күнделікті өмірде достармен, айналаңмен қазақша сөйлесудің маңызы зор болды. Ең әуелі тілдік кедергі өзің боласың. Қысылмай, қымтырылмай сөйлеп кеткенде тілдік кедергі өзінен-өзі жойылады. Көрші елде жоғары оқу орнында оқып жүргенде де жерлестерімнен еш алшақтаған жоқпын. Қайта олармен бірге шаралар ұйымдастырып, шетелде оқитын жастардың елімізде өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасауға тырыстық. Ол бастамалардың кейіннен өзіме көмегі көп болды деп айта аламын.
Салыстырмалы түрде қарағанда, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келе жатыр. Осы күні кеңсе қағаздарының басым көпшілігі қазақша жүреді. Бәрі бір күнде бола қалмайды емес пе, яғни, қазақша сөйлеп кетуге әуелі әркім жеке шешім қабылдауы керек. Ал оған уақыт керек екені даусыз.
«Жеті жұрттың тілін біл» демей ме қазақ. Алғашқы кезде қазақша сөйлегеніме аңтарылып қалатындар көп болатын. Қазіргі кезде қазақша сөйлеп тұрғаным ешкімге таңсық болмай қалды. Демек, мен қалыпты түрде өз тілімде сөйлеп кеттім деп есептеймін. Қазіргі ақпарат заманында тіл білудің артықшылығы орасан зор десем артық айтқандық болмас. Дегенмен, біздің елде ол артықшылық емес, қажеттілік болуы тиіс. Өз еліңде өз жұртыңның тіліңде сөйлеп тұру бақыт деп санаймын.
Мемлекеттік тілдің болашағы зор деп ойлаймын. Мемлекеттік тілде сөйлеу брендке айналуы тиіс. Сондай болғанда бүкіл қазақстандықтар қазақша сөйлеп кететін күн де алыс емес сияқты. Ол үшін қазақ тілінде сапалы контент керек деп есептеймін. Қазір тілдік орта бар, оқулық бар, қажеттілік бар. Тек ниет керек. Ниет болса кез келген тілді үйренуге болады.
Менің айналамда бәрі қазақша сөйлейді. Кейде араластырып сөйлейтіндер кездесетіні бар. Бірақ сөйлесе келе олар қазақша білетін болып шығады. Сондықтан замандастарымды мемлекеттік тілді меңгеруге шақырар едім!

Максим СПОТКАЙ,
Қазақстан халқы
Ассамблеясының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір