Қиналғанда қазақ тілі көмекке келеді
01.08.2021
411
0

Қазақ тіліне жетік Лола аспаздық өнерді де жан-жақты  меңгерген. Сұхбат барысында Лола АНАТОЛЬЕВА қазақы ортада өскенін айта отырып, қазақ тілінде сөйлейтін достарының көп екенін де тілге тиек етті. 

 – Алдымен өзің жайлы қысқаша айтып өтсең. Қайда тудың, қайда өстің, қайда және қай тілде білім алдың?

– Есімім Лола, Анатолий мен Зувайданың қызымын. Жасым 21-де. Әкемнің ұлты орыс, шешем  өзбек. Жамбыл облысының Тараз қаласында туып, Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылында өстім. №1 Орджоникидзе мектеп-гимназиясында орыс тілді сыныпта білім алдым.

— Орыс сыныбында оқысаң да қазақша жақсы сөйлейсің, тілді қалай меңгердің?

— Қазақ тілін керемет білемін деп айта алмаймын, әлі күнге дейін қазақшамды жетілдіру үстіндемін. Дегенмен бұл тілді кішкентай кезімнен бастап үйрене бастадым. Аулада, көшеде қазақ балаларымен араласып, кейін мектепке барып, тіл үйренуге деген қызығушылығым пайда болды. Тіпті тілдік олимпиадаларға қатысып, өзімді-өзім жетілдірдім.

— Қазақ тілін үйрену қиын дейтіндер көп. Бұған не дейсің?

— Қарап тұрсаң әр тілдің өзіне тән ерекшелігі мен үйрену қиындығы бар. Бірақ қазақ елінде тұрып, сол халықтың тілін білмеу, түсінбеу қателік деп есептеймін. Ал қазақ тілін үйрену қиын дейтіндерге айтарым, оңай нәрсе жоқ. Бірақ адам баласы үйренемін деп талпынса, алынбайтын қамал жоқ. Қазақ тілінде сөйлейтін адамдармен барынша көбірек араласып, білмей, қиналған сәттерде солардан сұрап, үнемі тілдік ізденісте жүрсе өте оңай дер едім. Ең бастысы, туып-өскен жеріңе, сол жердің иесі – қазақ халқына, тіліне құрмет көрсете білу қажет.   

— Қазақ тілін білу сізге қандай мүмкіндіктер берді?

— Адаммен қатынас құралы ол – тіл ғой. Ал осы басты құрал менде бар деп айта аламын. Қазақ тілін еркін меңгергенімнің арқасында өзімді кез келген ортада еркін сезінемін. Мына қазақ достарым не айтып жатыр екен деп түсінбей, оқшауланып қалмаймын. Елімізде білім алу болсын, мамандықпен жұмысқа тұру болсын тіл білгенімнің арқасында маған бәрі оңай сияқты. Басқасын айтпағанның өзінде, қазақ тілінде еркін сөйлей алғанымның өзі бір мүмкіндік.

— Дос, таныс, әріптестер арасында қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері бар ма?

— Әрине бар. Туып-өскен жеріміз нағыз қазақы орта болғандықтан, менен басқа да өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде жетік сөйлейді. Меніңше, бұл заңдылық. Әттең, үлкен қалаларда қазақтардың өздері өзге тілде шүлдірлеп жүргенін көрсем, қарным ашады. Өздері сыйламаған тілді өзгелер қалай үйренеді деп те ойлайтын сәттерім бар.

— Отбасыңыз туралы айтсаңыз. Үйіңізде қазақша сөйлейсіздер ме?

— Шағын ғана отбасымыз бар. Әке-шешем шаруа адамдар. Өзім дизайнермін. Әрине, бәріміз үйде қазақша сөйлесеміз. Әкем орыс болса да кейде ойымызды орысша жеткізе алмай жатамыз. Осындай кезде көмекке қазақ тілі келеді.

— Сұхбатыңа көп рақмет. Ісіңе сәттілік тілеймін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір