Ғылымға көмекке инвестиция келмек
29.07.2024
43
0

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, ғылым саласына тартылатын инвестицияның 70 пайыздан астамы жеке сектордан, трансұлттық корпорациялар мен жекелеген өнімдерді өндіруде көш басына шыққан компаниялардан түседі екен. Ал елімізде ғылымға инвестиция тарту мәселесі қай деңгейде? Отандық компаниялар мен өндіріс орындары ғалымдарымыздың ашқан жаңалықтары мен өнертабыстарын пайдалана ма? Жеке секторды ғылымға қаржы салуға ынталандыратын мемлекеттік тетіктер бар ма?

Бәрімізге белгілі, бұл күндері ғылымы дамыған елдердің экономикасы да қарыштап дамып жатыр. Бір кездері Қаныш Сәтбаевтай ғұламаның ықпалымен отандық ғылымның барлық саласында ілгерілеу орын алып, әлемдік деңгейдегі жаңалықтар ашылғаны да жасырын емес. Қазақ ғалымдары тіпті Айға ұшырылған Лунаходтың құрылысына қатысып, физика-математика, машина жасау, геология-минерология, тау-кен ісінде ғаламат жобалар жүзеге асты. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы саласында да іргелі істер бой көрсетті. Ғалымдарымыз төрт түліктің оннан астам жаңа түрін шығарып, өсімдік және егістік дақылдарының әр өңірдің табиғатына тән бірнеше түрлері дүниеге келді. Микробиология, вирусология, медицина саласында да ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар мен сүйінші сұрауға тұрарлық жетістіктерге қол жеткіздік. Алайда 90-жылдардағы тоқырау мен тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қаржылық қиындықтар ғылым саласын да айналып өтпеді. Мемлекет қолдауынан айырылған ғылыми-зерттеу институттары мен іргелі орталықтар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс ажырап, нарық ыңғайына бейімделген өнеркәсіптер шетелдік жабдықтарға тәуелді бола бастады. Фундаменталды ғылымнан ажырамаған, өнертабыстары мен ғылыми жаңалықтары әлі де өзінің өзектілігін жоймаған ғалымдарымыз күнкөріс қамымен шетел асты, ғылымнан қол үзіп, қарапайым тұрмыс кешуге мәжбүр болды.
Дегенмен, нарық заңдылығы өмірімізге дендеп енген инновация мен технологияның ғылыми жетістіктерсіз дамымайтынын, ғылымға көңіл бөлмеген елдердің шетелдік өнімдерге тәуелді болатынын дәлелдеп отыр. Еңсесін тіктеген еліміз соңғы кездері ғылымға бет бұрып, ғалымдардың жағдайын жасауға барынша көңіл бөлуде. Соны бір дәлелі – жақында қабылданған «Ғылым және технологиялық сая­сат туралы» заң жобасы. Заң жобасында ғылыми кадрларды даярлауда жағдай жасау, ғалымдарды, әсіресе жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау пакеттерін кеңейту, ғылымды басқару жүйесінің құрылымын жетілдіру, ғылым қорының функцияларын күшейту, ғылыми дәрежесі бар қызметкерлерді ынталандыру секілді өзекті мәселелер қарастырылған.
«Біздің университетте жас ғалымдардың бірнеше стартаптары бар. Егер оларды дұрыс жарнамалап, инвестиция тартар болсақ еліміздің экономикасына да серпіліс, жас ғалымдарға үлкен мотивация болар еді. Өзім айналысып жатқан жоба жайлы айтар болсам, менің зерттеу тақырыбым түйе сүтінен жасалатын балмұздақ жасау. Ғылыми негіздері дайын. Барлық жағынан зерттеп, бұл өнімнің адам денсаулығына өте пайдалы екенін дәлелдеп шықтым. Енді бұл жобаға да қызығушылық танытатын отандық және шетелдік компанияларды табу керек. Осындай ғылыми жобаларды қаржыландырып немесе инвестиция салуға дайын компаниялардың назарына ұсынып отыратын арнайы орталық болса бізге үлкен көмек болар еді», – дейді жас ғалым, Алматы технологиялық университетінің оқытушысы Айдана Есенова.
«Ғылыми жұмыстарға инвестиция тарту үшін өндіріс орындары оларға қызығушылық танытуы керек. Ондай мүмкіндік, қажетттілік біздің елде әзірше жоқ. Себебі, қазіргі уақытқа дейін олардың басым көпшілігі тек бүгінгі күннің мәселелерімен ғана өмір сүруге мәжбүр. Алдағы күннің дамуын ойлап, соған қажетті арнайы қаражат бөліп отыруға мүмкіндіктері келе бермейді. Оның үстіне мәжбүрлеп, алға сүйреп отыратын бәсекелік те болмаған соң, жаңалыққа ақша шығаруға аса құлқылы емес. Олар үшін шет елдің тәжірибеден өткен, жұмыс істеу қабілеті анықталған дайын технологиялары мен қондырғыларын сатып алған әлдеқайда тиімді. Ал ғалымдар ұсынып отырған жаңалықты толық түрде меңгеру үшін тағыда қаншама уақыт, қаражат жұмсау керек. Онда да нәтижесі болама, болмай ма, белгісіз.
Ғылыми жұмыстар нәтижелерін өндіріске енгізу мәселесімен дүние жүзінің озық елдеріндегідей ғалымдар емес, арнайы дайындалған мамандар, менеджерлер айналысуы керек. Өйткені ғалымның, өнертапқыштың негізгі мақсаты – ойлап табу, зерттеу, жасаған нәрсені іске асыруға болатынын дәлелдеу. Ал арнайы менеджерлер екі жақтың да мүмкіндігін есепке алып, жаңалықты өндіріске енгізе алады, делдал ретінде пайда табады», – дейді ҚР еңбек сіңірген өнертапқышы, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры Қасымбеков Жүзбай Қожабайұлы.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, енді елімізде ғылымға көмекке келген инвесторларға 150 пайызға дейін салықтық жеңілдіктер беріледі. Егер жекеменшік компания, жекелеген инвесторлар отандық ғылыми-зерт­теу институттарымен, жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтармен, ғалымдармен келісім-шартқа отырып, өздерін қызықтырған жобаларға инвестиция құятын болса, сол инвестицияға 100 пайыз, шығарылған өнімге 50 пайыз салық төлемейді екен. Израильде бұл көрсеткіш 250 пайызға жеткен. Әлемдегі дамыған елдердің барлығы да ғылымға инвестиция салу үшін бизнесті үлкен салықтық жеңілдіктер арқылы қызықтыруда. Демек, біздің елде де алдағы уақытта ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстарды қолдап, қаржы салатын инвесторлар қарасы қалыңдай түседі деген сөз. Оған тек ғалымдарымыз дайын болса болғаны…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір