ӨНЕРДЕГІ БАСТЫ ШАРТ – РУХАНИ ТАЗАЛЫҚ
09.07.2021
663
0

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы  Салиха Қожақова   қарашаңырақ театр сахнасында 40-тан астам басты рөлді  орындап, көптеген фильмдерде («Менің атым Қожа», «Ән қанатында», «Долана», төрт бөлімді «Шоқан Уәлиханов», «Бес ағайынды» және т.б.)  негізгі образдарды сомдады. Осы жылы мерейлі сексен жасқа толғалы отырған талант  иесімен өмір мен өнер жайлы, өнердің негізгі миссиясы туралы әңгімелестік.

– Салиха апай, өмірлік серігіңіз, қазақ өнерінде өшпес із қалдырған Есболған аға (ҚазКСР Еңбек сіңірген әртісі Жайсаңбаев Есболған Ботабайұлы (1940-1983 жж))  өмірден ерте өтіп, 40 жасыңызда үш ұл баламен  қалдыңыз. Қандай қиындықтарды бастан кешіп, қандай тар жол, тайғақ кешулерден өткеніңізді әріптестеріңіз жақсы біледі. Дегенмен театрды тастамай жүріп, балаларыңызды жеткіздіңіз. Әрқайсысы – жоғары білім алған, бүгінгі таңда елге сыйлы азаматтар, сізге немере, шөбере сыйлап отыр.

– Иә.

– Енді бүгінгі таңда 80 жастың сеңгіріне аяқ басып жатырсыз. Өткен күндерге көз тастаған сәттеріңізде не ойлайсыз? Қандай сезімде боласыз?

Адам баласы жасы ұлғайған сайын ойшыл бола ма деймін. Әр нәрсе еске түседі. Балалық шағымдағы суреттер көз алдымнан тізбектеліп өтеді. Әкем соғысқа кетіп, содан оралмады. Анамыз тылдағы өмірдің барлық бейнетін тартты. Арба айдады, шөп шапты. Бізді тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай, қарнымызды ашырмай өсіріп келе жатыр еді. Әттең, дүниеден ерте өтіп кетті. Сонымен шерлі жетімдіктің дәмін татып, талай қиыншылықты бастан кештім. Үш еркек баланы жалғыз қалай жеткіздің дейсің, барлығы сол көзді ашқаннан көрген нәрсеміз ғой, адал еңбек ету, ешнәрсеге мойымау, қайсар болу тәрізді қасиеттерді Алла сол бала кезден серік етіпті. Басқаша ғұмыр кешуге мүмкіндік бермеді.

– Ол заманда қазақ үшін әртіс болу деген мақтан тұтатын мамандық емес еді. Әсіресе қыз бала үшін. Сіз бұл мамандықты қалай таңдадыңыз, өнер жолына қалай келдіңіз?

Актерлықты ол кезде мен білмейтінмін. Кішкентайымнан ән айттым. Мектепте хорды да, әнді де мен бастайтынмын. Құйқылжытып, мәнеріне келтіріп айтатынмын. Жетім бала ерте есейеді, ән орындағанда  түбіне дейін түсініп, жүрегімнен өткізіп шырқайтынмын.

Мектепте жүргенде Алматыға бір слетке келіп «Паровоз, паровоз» деген әнді орындадым, онымды радиодан берді. Сарнап тұрып айтатынмын, құлақты жарып жіберетінмін. Сөйтіп, шағын ғана ауылымда «Әнші қыз» атандым. Бәлкім соның буы болар? Әртіс болам дегенім жоқ, Алматыға әншінің оқуын іздеп келдім. Бірақ құжат қабылдайтын уақытты білмеймін, мен келгенде барлық оқу орны студент қабылдауды тоқтатыпты. Сонымен ауылға оралғым келмей Алматыда бір дүкенге еден жуушы болып орналастым. Бар тапқан-таянғанымды пәтерақыма беремін. Сөйтіп жүргенімде ауылдан әпкем келді. «Қайт та қайттың» астына алды. Мен: «Ауылға бармаймын», – деп азар да безер болдым. Сөйтіп, екеуміз көшеде келе жатсақ, қарсы алдымызда хабарландыру тұр: «Қазақ академиялық драма театрының жанындағы студия конкурстық негізде студенттер қабылдайды», – дейді. Жалма-жан құжаттарымды жинап, сонда тапсырдым. Көзді ашып-жұмғанша өттім де кеттім, сөйтіп Ә.Мәмбетовтың шәкірті болып шыға келдім. Сол студияны 1960 жылы бітіріп, М.Әуезов театрына жұмысқа кірдім. Бірге бітірген тоғыз қыздан мен ғана қалдым осы театрда.  Содан бері осы қарашаңырақтан алыстаған жоқпын.

Өзіңіздің еңбегін ерекше бағалайтын,  «осы кісінің спектаклінде ойнасам» дейтін режиссерыңыз бар ма?

Болат Атабаев пен Әзірбайжан Мәмбетов. Ол екеуі екі түрлі мінездің, екі түрлі әлемнің адамдары болғанымен, менің өнердегі өмірімде үлкен із қалдырды. Әзірбайжан Мәмбетов студиядан бастап ұстазым болды, содан соң театрда өзінің қанатының астына алып, үнемі қарайласып жүретін. Мен Есболғанмен отбасын құрғаннан кейін, балалар дүниеге келді. Өнер жолын ұстанған әйел «бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейді» деп жатады. Айтуға оңай. Сөйтіп, есім шығып, сабылып жүргенімде көзінің астымен бағып қарап, бәрін сезіп-біліп отыратын ұстазым актриса ретінде өшпеуім үшін барын салған сияқты. Шолпан Жандарбекова, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева тәрізді тек мықтылардың екінші құрамына салып отырды. Солардың техникасын, дауыс мәнерін қайталап жүріп, біраз шеберлікті бойыма сіңірдім. Өнерімді ұштауға ықпал еткен екінші адам – Болат Атабаев. Ол театрға келе салып, біздің оқшау, өзінше бұйығып жатқан әлемімізге серпін бергендей еді. Таудың саф самалындай тыныс  ашар жақсы жаңалықтың нышаны болды. Ол неміс тілін меңгерген, көзі ашық, Мәскеу, Еуропа театрларын зерттеген адам. Бізді, ескіше, пафоспен ойнайтын актерларды сілкілеп, дәстүрлі актердан заманға сай сахнада өмірдің өзіндей шынайы ғұмыр кешетін актерларға айналдыру жолында жанкешті күресті бастап кеп жіберді. Театрға Болат келгенде, әсіресе, үлкен апайлар қатты қиналдық. «Әндетпей сөйле, әндетпе», – деп қақсайтын да отыратын.  Дегенмен Болатты М.Әуезов театрындағы ғана емес, жалпы қазақ театрларындағы жаңашылдықтың басы болды ма деп ойлаймын.

Енді қазір «осы режиссердың спектаклінде ойнасам екен» деп армандайтындай қылшылдаған жас емеспін. Қазір біз бұл дүниеге қонақпыз. Өзімнің театрдағы қазіргі рөлдерімді алып жүрсем, соған тәубе деймін. Театрдағы режиссерлар ішінен Әубәкір Рахимов дүниетаным жағынан өзіме жақын. Бір ойнасам, Әубәкірдің спектаклінде ойнар едім.

Өнерге, театрға енді келіп жатқан жас өрендерге қандай ақыл-кеңес, өсиет айтар едіңіз?

Өнерге келуді Алла екінің бірінің маңдайына жаза бермейді. Ол да бір бұйрық. Жұрттың алдында, халықтың назарында жүргеннен кейін оның өзіндік үлкен жауапкершілігі болады. Айтқан сөзің, жазған жазуың барлығы тек дұрыс жолға, имандылыққа бастап тұруы керек. Сонымен бірге сенің осы түзу сөзіңе жұрттың сенуі үшін өзің шынымен сондай үлгілі адам болуың керек. «Молданың жасағанын жасама, айтқанын жаса» деген мақалды халық  шариғат талаптарын ауызбен айтып, өміріне енгізе алмаған молдаларды әжуалап шығарған ғой. Халықтан көреген, дана ешкім жоқ. Сен оны алдап кете алмайсың. Ол сенің туған анаң сияқты, әрбір деміңді сезіп тұрады. Сондықтан өнер адамы бірінші кезекте рухани таза адам болуы керек. Бұл  ең маңызды, бірінші шарт. Өнерге енді аяқ басып жатқан жастарға «тек адал қызмет ете бер» деп ақыл айтамын. Адал еңбектің өтеуі қашанда келеді. Өзім өмір бойы осыған сендім. Сене де беремін.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан  Мадина ОМАРОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір