ӨНЕРДЕГІ «МЕН» мен ӨМІРДЕГІ «МЕН…»
13.06.2023
263
0

Кеше ғана Айгүл Иманбаева­ның «МЕН» деген концертін көрдік. Әлбет­те, жақсы концерт. Қарындастың ел алдына «мен» деп шығуына толық лайықты шара болды. Айгүлдің дарынына әсте шүбә да, күмән да жоқ қой. Әншінің «мен» деуіне толық негіз бар деп тұжырымдадық.
Өнердегі «меніңе» нақты өмірдегі «менің» сәйкесіп, дарының қарымыңа
үйлесіп тұрғанға не жетсін, шіркін!


Жалпы, «мен» деу тұрғысында екі­ұдай пікір, көзқарас бары да белгілі. «Меннің» орысшасы – «Я». «Я» – альфавит­тегі ең соңғы әріп» дейді орыс ұлтының мәтелі. Демек, «мен» – бір жағынан пендешілік, менмендіктің белгісі.
Алайда әдебиет­те «поэтикалық мен» деген жағымды ұғым тағы бар. «Мен» деуге лайықтылар болады, татымайтын лайықсыздар болады. Негізгі мәселенің өзі де сонда.
Әрине, өнер адамында шығармашылық шабыт, өз дарынына деген сенім болуы керек. Онсыз дарын, қабілет­тің қанат­тануы мүмкін де емес.
Таяуда бір әдеби ортада әңгіме болды. Әлдекімдер қабілет-қарымы ортадан да төмендеу біреуді жер-көкке сыйғызбай мақтап жат­ты. Өз шамасын білетін әлгі байғұс басында аздап ыңғайсызданып, қысылғандай рай байқатқан.
Алайда ұра берсе, сайтан да өледі, жөнсіз, қисынсыз мақтаудан ең соңында басы айналып, өз кемеңгерлігіне өзі сеніп қалғаны… Отырыс соңына қарай ол да «мен ғана!», «мен!» деп сөйлеуге көшкен…
Әрине, әдеби ортаға ондай кінәрат таңсық емес. Ондайды жиі көреміз, жиі естиміз. Тіпті ондай пендешіліктің екінің бірінде болуы да мүмкін. Оны да салауатпен баса алатындар бар, баса алмайтындар бар.
Тіпті кейде өңкей данышпан мен кемеңгерлердің арасында жүргендей өзіңді тым қораш сезінетін мүшкілдеу кезің де болады. Ал ұдайы өзіңді «данышпандар» мен «асып туғандар» әлемінде жүргендей сезінудің не екенін білесіз бе?
Өңкей өзгеден «асып туғандар», өзінен басқаны мойындамайтындар мен мақтаншақтар ортасын айтамыз.
Алдымен «мен» деп сөйлеуге немесе жазуға мұршаң, қарым-қабілетің жетуі керек дер едік. Алайда өз қарымын біліп, өзін де, өзгені де мойындататындар бар. Бірақ көп емес…
Мәселен, алдыңғы жылы Мағауин «Мен!..» деген эссе жазды. Оған ешкім күмәнданған да, қарсыласқан да жоқ. Себебі Мағауин шығармашылығы соған лайықты еді. Оның әдебиет­тегі қабілет-қарымын ешкім жоққа шығара алмайтын.
Мағауиннің «мен» дейтіндей толық жөні бар дейді әдебиет­тегі ортақ пікір. Өйткені жазушы бір ғана алпысыншы, жетпісінші жылдардағы «Мұрагер», «Әйел махаббаты», «Көк мұнар» шығармаларымен ғана «мен» деп сөйлеп, «мен» деп жазатын деңгейге жет­ті. Теңдестері одан төмен түсіп жат­ты.
Демек, мақтаныш пен беделдің де қисыны бар, реті бар.
Сөйтіп, Мағауин «Мен!..» деді, оған біреулер «әй, сен!» деді. Бұл ыңғайдағы «мен» мен «сеннің» мәнін әдеби орта жақсы біледі. Ол да – әдебиет­те, өнерде бар құбылыс…
Ақыры «мен» деуге толық лайықты ұлт­тық жазушы Мағауин өзіне «сен!..» деп кеудеден итерген қоғамнан шетелге «қашып құтылды». Себебі ондай қабілет­ті қаламгер біз сөз етіп отырған «данышпандар әлемінде» жүре алмайды.
«Данышпандар әлемі» – шын данышпан үшін – харам, күнәһар орта.
Әдеби ортаның қалыптасып үлгерген ортақ бір пікіріне жүгінсек, өзі өмірі «мен» демесе де «мен деуге» лайықты бір тұлға бар. Ол – Тынымбай Нұрмағанбетов. Өз басы ұдайы «Бөрібайдың тұмағын ит алып қашқан» әлемде жүретін Нұрмағанбетовты «данышпандар әлемінен» сирек, өте сирек көреміз. Мағауин сияқты ол да ортадан саяқ. Әдеби ортаға қосылмайды, «мен» деген ыңғайда сөз айтқанын да естімеп­піз.
Шынтуайтында, Мағауинсіз, Тынымбайсыз ортаның кейде ортақолдау көрінетіні, олқылау сезілетіні де рас. Есесіне мен деуге лайықсыз болса да «мен!» деп сөйлейтіндер көп.
Әлбет­те, әр қаламгердің, әр өнер адамының дербес қолтаңбасы болады. Мәселен, Ақан мен Біржанды, Роза мен Мақпалды салыстыруға болмайды дер едік. Әрқайсысы бір-бір әлем осы қайраткерлер «мен» деп кеуде қақпай-ақ, ешкім мақтамай-ақ өз құрмет­терін алды. Бірақ өз шамаларын, қабілет-қарымын білді. Мақтанса да ретімен мақтанды.
«Сайраған орта жүздің бұлбұлы едім» деген Ақан да, «Аққуға әнін қосқан Біржан едім» деген Біржан да, «Мен» деп эссе жазған Мағауин де қисынсыздыққа барған жоқ. Өз дегендеріне өздері лайықты болды.
Бұл жердегі гәп – өнерге, өмірге деген көзқараста болса керек деп топшылаймыз. Дәл осы жерде аса дарынды сатира классигі Үмбетбай Уайдиннің бір сөзі еске түседі.
«Жазған жақсы ғой, күліп отырасың» деуші еді жарықтық Үмбетбай ағам. Сөйткен Уайдиннің «күліп отырып жазған» юморескалары бүкіл елін күлдірді. Өзі бірге күліп, бірге қуанды. Бірақ өмірден «мен» демей, кеуде қақпай кет­ті. Бірақ өзінің сатира әлеміндегі орнын сезіп, біліп, соған көзі жетіп кет­ті.
«Қарапайымдылық адамды сәулет­тендіреді» дейді Қожа Хафиз. Осы бір тамаша мәтелдің қисындылығын біз осы Үмбетбай ағамыз сияқтылардан көрдік.
Өнерде ұлы құбылыстың болмауы мүмкін емес. Әлі де болуы ықтимал, кәдік. Алайда соны түсініп, қабылдайтын ортаның болмауы мүмкін.
Әдебиет­те, өнерде жаңғырығы бүгінгі күнге дейін келіп жеткен классицизм деген ағым бар. Яғни белгілі бір өнер туындысының белгілі бір ортаға лайықталып жазылуы, яки орындалуы.
Демек, өнердің табиғатын ортақ орта, қоғам қалыптастыру керек дер едік. Проблеманың өзі де сонда. Қоғам түсінбесе, қабылдамаса, құр қоқиланғаннан не пайда, не қайыр?!
Әлбет­те, ондай жетістікке жету үшін алдымен шын дарын мен оның дарынды туындысы керек. «Мен» дегенмен, көрерменді «итпен қуып әкеліп» шығармашылық кеш өткізгенмен бәрібір шынайы мәртебеге қолжеткізу мүмкін емес.
Басқаша айтқанда, әдеби қоғамға «мен!» деп кеудеқаққаннан гөрі «мен!» деуге лайықты шығарма керек дер едік.
Қазіргі көркем прозада (астын әдейі сыздық) өзіне теңдесер мықты аз ғой, Тынымбай ел таныған, жап­пай мойындаған дарынымен әдеби ортаға неге қосылмайды, неге араласпайды деген ой келеді. Демек, оның профитанымы, дүниетанымы қазіргі қайсыбір әдеби түсінікке сәйкеспейді деген сөз. Қажетті деңгейдегі әдеби машықтың әзірге қалыптаспауы да мүмкін. Керісінше, кері кетуі де ықтимал…
Жарқ еткен проза, жарқ еткен поэзия қайда? Әдеби әлемде жеке дара жарқ еткен жұлдыз жоқтың қасы. Неге? Руханият, танымдық руханият неге қалыптаспай тұр? Шын шедеврге шөліркеп жүрген жәй бар. Бірақ шөл қандырар кәусар жоқ.
Ағайын, мақала қазір белең алып тұрған өнердегі «мен!» мен өмірдегі «мен­­ге» орай жазылды, қабылдау, қабыл­­­­­­дамау­ды падиша көңілдеріңізге қалдырдық.

Мақаланың авторы:
«Мен» – Өмірзақ МҰҚАЙ…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір