Тұтас елдің тұғыры
05.07.2021
651
0

«Қала салған халық – өркениетті халық» деген ұғым бар. Қазақ даласында ежелгі қалалар көп. Тарих қойнауына көз жіберсеңіз, жүздеген қалалардың атақ-даңқы алысты шарлағанын көресіз. Ал Тәуелсіз елдің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының бүгінгі дамуы – архитектуралық ерекшелігі мен мәдени-рухани, саяси-әлеуметтік аурасы көз сүйіндіреді. «Бағаналы орда – басты орда» деген атқа лайық сәулеті мен дәулеті артып келеді.

Қала мәдениетсіз дамымайды. Мәдени кескіні жұтаң шаһардың болашағы бұлыңғыр. Әсіресе, астана – тұтас халықтың қайнар бұлағы, рухани тұмасы болуға тиіс. Нұр-Сұлтан қаласы елдің рухани орталығына айналды ма? Осы сұрақ төңірегінде қаламгерлер пікірін білген едік.

 

 

Сұлтан ОРАЗАЛЫ, жазушы

 Азат елдің айбары

 Өмірде естен кетпес, нысаналы күндер болады. Келе-келе ол күн –еліңнің де тағдырлы сәтін еске салады. Сондай күннің бірі – 1994 жылдың 6 шілдесі еді. Еліміз жаңа ғана тәуелсіздік алып, әр ай, әр күніміз жаңалыққа толы, азат елдің әр ұланы өзін ұлы мемлекетінің бір тетігімін дейтін асқақ сенімнің жетегінде жүрген шақ. Сол күндері парламент жиыны өтіп жатқан. «Шілденің алтысында ел Президенті өте маңызды мәлімдеме жасайды екен» деген сөз тез тарап кетті. Мен Тіл комитетінің төрағасы болғандықтан парламент пен үкіметтің жиындарына жиі шақырылып тұратынмын. Қажет жиындарға еркіңмен баруға да шектеу жоқ. Жұрт әртүрлі болжам жасап жатты. Соның ең көп айтылғаны – астананы көшіру мәселесі. Әрине бұл – елін сүйген әр қазақтың жүрегіне жақын, бейтарап қалдырмайтын, көңілін алаңдататын, тағдырлы шара. Парламенттің іші ығы-жығы, гу-гу әңгіме, түрлі болжам айтқан депутаттар әр тұста топ-топ болып жиылып тұр екен. Қызу әңгіме парламент басшысы Әбіш Кекілбаев Президентке сөз бергенде ғана сілтідей тынды. Нұрсұлтан Әбішұлы сол жолы Астананы Ақмолаға көшіру туралы, оның мақсаты мен себептерін, экономикалық, саяси мәнін, артықшылығы мен қиыншылығын, стратегиясы мен тактикалық жолдарын асқан ыждаһатпен, қызу-құштарлықпен, бұлжытпас дәлелдермен баяндап берді. Алматының тарихи рөлін, оның келешек статусын да ұмытқан жоқ. Бұл – бұрыннан көкейде жүрген, бірақ шешілуі қиын, түйіткілі көп мәселе еді. Жаңалықтың залға әсер еткені соншалық, алғашқыда үнсіз қалған депутаттар, кенет шошып оянғандай мінберге дүркірей ұмтылды. Өрекпіген ашулы сөздер де, ызалы, өшпенді пиғылдар да, күдік пен пендешілік те, бұдан «түк шықпайды» дейтін немқұрайдылық та, бұғып, артын бағып, тасадан аңдып отырған тақыстар да бар еді. Ұзаққа созылған қызылкеңірдек даудын соңында Нұрекеңнің мысы жеңе бастады. Соңында бүкіл елімізге әйгілі шешім қабылданды. Қазір, міне, көзіміз жеткендей, бұл – Тәуелсіздіктің ұлы жеңісінің бірі әрі бірегейіне айналды.

Астана – қазаққа ежелден таныс, қастерлі ұғым. Бұл сөздің қазақ тілінде әлімсақтан бері қолданылып келе жатқаны – соның дәлелі. Әртүрлі дәрежеде, түрлі кезеңде ел ордасына айналған Суяб, Тараз, Түркістан, Сығанақ, Сауран, Отырар сияқты қалалар ескі замандардан бері ел есінде сақталған. Екі мың жылдық тарихы бар Самарқан, Ташкент те бізге астана ретінде жат емес. Ал бертіндегі Орынбор, Қызылорда, Алматы – қазақ мемлекетінің іргесін бекітіп, ел болып ұйысуына, өнері мен мәдениетінің, экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, тұтас бір дәуірдің куәгері ретінде тарихта қалды.

Жаңа заман туды, ғасырлар  бойы аңсаған азаттыққа қол жетті, «Ақмола – ел астанасы» деп жарияланды. Сол кезде Сарыарқаның төсіндегі, ерке Есілдің жағасында, бұрындары Қараөткел деп танылған шағын қала – Ақмола «мына дәуірлеген заманда ел ордасы болуға жарай ма?» деген күдік те, үміт те, үрей де бойымызда бар еді. Өзім куә болған Жоғарғы Кеңестің сессиясында айтылған: бұл қадам – ел экономикасын тұралатады, теріскейдегі өктем көршіміздің көңіліне келеді, рушылдық тартыс күшейеді, ел ішіндегі орыс тілділердің шамына тиеді, азаттықтан айырылып қалуымыз мүмкін т.б. әрбірінің астарында бомба жатқан қыздырма сөздер дәуірлегені де рас.

1997 жылы шілде айының орта тұсында сол кездегі премьер-министрдің орынбасары И.Тасмағанбетов бастаған бір топ мәдениет пен өнердің басшылары Ақмолаға келдік. Мақсатымыз – болашақ мәдени орындардың жай-күйін анықтау. Көргенімізм – ойлағаннан да аянышты еді. Көшелерін шаң, батпақ басқан, асфальты бар орталықтағы бірер көше болмаса, көпшілігі қабырғасы белуарына дейін жерге батып кеткен тоқал тамдар тізбегі болатын. 1965 жылы желтоқсан айында осы қалада бір мәрте болғаным бар. Онда қазіргі Конгресс-холлдан басталатын жалғыз-ақ көше көзге шалынған-ды. Ал тоқал тамдар қалың қардың астынан қарауытып, көшенің екі қапталын жал-жал қар-қорғаны көміп тұрған. Бұл – қыс айы еді. Енді, міне, шілдедегі кейіпі одан көп өзгермепті. Іске татыр үш-төрт қана мәдени ғимараттар есепке алынды, қалғандарын қайта жөндеу қажет. Көргенімізді үкіметке жазып бердік.

Ұлы көш басталды. Қайсар шешім, қатал тәртіп, шоқтай ұйысып алып, үлкен іске бел буған халық пен азаматтар, алдымыздағы қиындыққа да, қиқар сөздерге де қасқая қарсы тұрып, барлық іске тұлға болған Елбасы. Осы адамның табандылығы, көсемдігі, ұйымдастырушылық қабілеті жүрегімізге сенім ұялатты.

Мен Астанаға 2000 жылдың маусым айында Авторлық құқық жөніндегі комитеттің ұжымын басқарып, көшіп келдім. Міне, содан бері осы қаланың тұрғынымын.

Әр қала тірі организм сияқты. Өсіп, өнуі адам өміріне ұқсайды. Дүниеге келіп, тәй-тәй басқан алғашқы қадамы, балаңдық, жастық дәуірі мен есейіп, кемелденген шағы. Кейбір астаналар бұл кезеңнен ондаған, тіпті, жүздеген жылда әрең өтсе, қазақ астанасы айналасы бір ұрпақтың көз алдында қаланып, сәулеті мен салтанаты әлемге танылды. Бұрын ен даламыздың әр түкпірінде бабаларымыздан қалған бірен-саран ғимараттар мен мазарларды білсек, қазір бір қаланың өзінде қаншама ғажайып құрылыс сәулет өнерінің қайталанбас үлгісі ретінде көз тартады: Бәйтерек, Хан Шатыр, Опера және балет, драма театрлары, көк аспанға найзадай шаншылған тағы да басқа биік ғимараттар – соның айғағы. Мен – әлемнің отыздан астам елін көріп, ұсақ-түйекке таңырқай қоятын жастан өткен адаммын. Бірақ өзімнің астанамды аралаған сайын жаңадан салынған көрікті үйлерді, гүлге бөленген алаңдарды, әлемнің басқа өңірінен әкеліп жерсіндірген сирек ағаштар мен бұталарды көріп көңілім өседі. Кең сахараның ортасында бой түзеген бұл қалада қазір әлемдік мәні бар іс-шаралар жиі өтеді. Аты жер-жаһанға танылған саяси қайраткерлер, ғалым-жазушылар, өнер майталмандары әсем астанамызды көріп, келбетінен ұлттық нақыштармен қоса, әлемдік сәулет өнерінің озық үлгілерін де танып біледі. Әрине, еліктеу де, көшіру де, қайталау да жоқ емес. Бұл, әсіресе, Астананың балаң шағында етек алды. Мысалы, Қытай қалаларына еліктеп салынған, көшелерімізді көлденең керген кемпірқосақ тәрізді құрылыстардан арылдық. Жеңіл-желпі әйнек үйлер де азайып келеді. Астанаға ұлы Абай келіп төрге шықты, Жамбыл өз орнын тапты, осы қаланы қорғап елі үшін арыстанша алысқан Кенесары, ұлы қолбасшы Бөгенбай ескерткіштері, Бауыржан, Рахымжан, Талғат бейнелері ең көрікті жерлерге орнықты. Бір кезде Иманжүсіп, Ғазиз ақындар өмір кешкен қаланың рухани әлеуеті де Астанаға тән биікке өрлеп, жүздеген жазушылар мен композиторлар, театр саңлақтары шоғырланды. Ең бастысы – тұңғыш рет тұрғындарының жетпіс пайыздан астамын қазақ халқы құрайтын төл Астанамыз бой көтерді. Бұл – ұлттық дәстүр мен әдет-салтты өркендетіп, елдік рухты жас ұрпақтың бойына терең сіңіруге мүмкіндік береді. Қысқасы, 1994 жылы 6 шілде күнгі Нұрсұлтан Әбішұлының армандаған ойлары мен биік мақсатының жүзеге асқанының белгісі – бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы. Иә, біздің астанамыз осылай – Нұр-Сұлтан деп аталады. Бұл – ерін сыйлаған елінің құрметі. Бұл – «Мемлекет құруда да, Астана салуда елім соңымнан ерді. Осыдан артық бақыт бар ма?» — деген ұлы қайраткерге лайық құрмет.

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ,  ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚЖО Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры

ӘДЕБИ  ЕЛОРДА

         «Тың игеру» желеуімен жырым-жырымы шыққан Сарыарқа төсі қазақ елінің астанасы көшіп келгелі қайта құлпырғандай. Көздің жауын алатын  көрікті ғимараттарымен көз тартатын Нұр-Сұлтан қаласы руханият пен мәдениеттің де мәртебелі мінберіне айналған. Кешегі Кенесарының қолындай көшпен бірге әдебиеттің  майталман өкілдері де астананың белдеуіне ат байлады.

Шерхан ағалар бастатқан, абыз Әбіш қостатқан қазақ сөз зергерлері лек-легімен көш бұйдасын осы мекенге созған. Парламент мінберінен Фариза апамыздың да жарқын дауысы естілді. Кәкімбек ағамыздың биязы үнінен Сарыарқаның самалы есті. Қазақ тарихын түп тамырынан қопарған тарихшы, жазушы Қойшығара ағамыздың да қарымды қаламы қалғымады. Ноғайлы заманынан керуен тартқан Әнес Сарай ағамыз томдықтарын осы қалада қалыңдатты. Қазақтың тарихи санасын ұлттық тұрғыда қалыптастыруға қажырлы еңбек сіңіріп келе жатқан  Әкім Тарази ағамыздың Роза жеңгеміз құйған шайы Есілдің жағасында бал татыды. Парасат майданында Төлен ағамызбен қапталдасып Қажығали ағамыз да тар кезеңдерден тарих айтты. Академик Рымғали Нұрғалиұлы шәкірттерін ғылымның тереңіне тартты. Құнанбай шақшалы Ақселеу ағамыздың аңызға бергісіз әңгімелері естіген жұртты ұйытты. Торғайдың топжарғаны Серік Тұрғынбекұлының саңқылдаған дауысы Сәкен мұражайынан естіліп жатты. Еркежирен шабысты Несіпбек Айтұлы ағамыздың қара өлеңдегі екпіні қайыра соққан дауылдай Қараөткелді гулетті. Алаш арыстарының ақиқатына бойлап, шәкірттеріне дулыға кигізіп, «Ұраным – Алаш» деген Тұрсын Жұртбай ағам да «Отырар кітапханасын» осы қалада жаңғыртты. Ұларүнді Ұлықбек ағамызды астанаға жиналған жас ақындар Сыртқы істер министрлігінің сыртынан күтіп алып, арқа-жарқа жыр оқитын. Ал осы көшті бастап келген Елбасы Н.Назарбаевқа Ақмоланың кілтін Астана қылып ұсынған жергілікті көрнекті ақын Нұрғожа Оразов болатын.

Сәкен көшесіндегі ақын мұражайы қаламгерлер бас қосатын орынға айналды. Кейін Еуразия ұлттық университеті ректоры Мырзатай ағамыз айналасына айтыс ақындарын топтастырып, қызметке алып, зиялы қауым өкілдерінің басын білім шаңырағында үнемі қосып жүрді. Қазіргі Ұлттық академиялық кітапхана да қаламгер қауымның ат байлар мекені іспетті. Қанатын кеңге жайған  Қазақ театры да қалам ұстаған жандардың бір серпіліп, дем алар, әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесер шаңырағындай менмұндалайды. Арман қала – Астанада қала әкімдігі 1998 жылдан бастап ұйымдастырған өнердің өрелі додасы – шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалі тұрақты түрде өтіп келеді. Байрақ тіккен байтағымызға еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жастар шоғырланды. Әдеби орта қалыптаса бастады. Дарындылардың буын-буын шоғыры молайды. Болашағын Елордамен байланыстыратын оқу бітірген қаламы қарымды жастар Астана тұрғынына айналып жатты.

Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының жүз елуге жуық мүшесі Есілдің жағасында, Нұр-Сұлтан қаласында мамыражай тірлік кешіп жатыр. 2019 жылға дейін Жазушылар филиалының жеке ғимараты болған жоқ. Президент әкімшілігіне жазған хаттарымыздың нәтижесінде қала әкімдігі қазіргі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, қаламгерлер қауымына ұсынды. Қазақстан Жазушылар одағының басшылығындағы өзгерістерден кейін Елордада «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты халықаралық форум өтті.  2019 жылғы шілдеде қала күніне орай ұйымдастырылған «Еуразия астаналарының қаламгерлері» атты халықаралық әдеби форум астанамыздың әдеби имиджін қалыптастыруға белгілі деңгейде өз үлесін қосты. Тәуелсіздік алғалы тұңғыш өткізілген қаламгерлердің «Азия форумы» халықаралық әріптестікті нығайтуға күш салды. Сол форум аясында Жазушылар одағының басшылығының ұсынысымен Нұр-Сұлтан қаласында, Абай көшесінің бойында «Қаламгерлер аллеясы» ашылды. Осы аллеяда Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды қазақтың үш арысының көрікті ескерткіші бой көтерді. Бүгінде аллеяда Елордада тұратын 150 ақын-жазушының өз аттары жазылған ағаш егілген. Қала күні  қарсаңында аллеяда Алаш арыстарының ескерткіштері қойылмақ. Әр апта сайын қаламгерлер мен оқырмандардың  кездесуі ұйымдастырылып тұратын қаламгерлер аллеясында «KITAPQALA» атты  жаңа орын бой көтерді, алда ашылуы болмақ! Шұбар шағын ауданындағы Жазушылар үйінде үнемі әдеби кездесулер, кітаптардың тұсаукесерлері өтіп тұрады. Еліміздің әр өңірінен Елордаға келген зиялы қауым өкілдері Жазушылар үйіне ат басын бұрып тұрады. Жазушылардың қалалық филиалы әкімдікпен бірлесіп «SAMURYQ» атты әдеби-көркем журнал шығарып отыр. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев пен поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға сол жағалаудан жеке-жеке даңғыл ашылды. Алаш арыстарына, өмірден өткен қаламгер Ақселеу Сейдімбекке мектеп аты берілді. Биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай қала әкімдігінің қаржыландыруымен «Нұр-Сұлтан кітапханасы» сериясымен отыз жас ақын-жазушының кітаптары жарыққа шықпақ. Елорда қаламгерлері маңызды шаралардың қай-қайсысында да  белсенділік танытуда. Қазақ халқының тағдырына қатысты Мемлекет басшысының саяси шешімдеріне де өз үндерін қосып, халықтың пікірін жеткізуде тартынып қалған емес. Қаламгер қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Елорда қаламгерлері руханият жолында, ұлттың ұйысу бағытында қажырларын таныта бермек!

 

 

        Нұрлан ҚАЛҚА, ақын

ӘЛЕМ ЖҰРТЫН СҮЙСІНТКЕН АЛАШТЫҢ АРУ АСТАНАСЫ…

1997 жылғы 10 желтоқсан өміріме үлкен өзгеріс енгізді. Бұл күні – еліміздің астанасы  ресми түрде Алатаудан Сарыарқаға қоныс аударса, дәл сол күні маған сол кездегі жаңа астанамыз Ақмоладан сүйінші хабар жеткен-ді. Дәл сол күні үміткерлерге жарияланған конкурстан өтіп, мемлекеттік қызметке кіргенім жайлы бұйрыққа қол қойылды.

1998 жылы қақаған қыста, жылдың басында Ақмолаға көшетініміз белгілі болды. Біздің мекемеден 25 адам алғашқылардың қатарында астанаға сапар шектік. Кейбір әріптестеріміз «Ақмолада қыс қатты, қатып қаламыз. Жаз шыға барармыз» дегендей түрлі алып-қашпа әңгімеге ерік беріп, әрі-сәрі күй кешіп, жұмыстан шығып, кейбірі жұмыс ауыстырып, қалып қойды. Ал біз Елордаға келіп, баспаналы болдық. Баспанамыз құт болып, ата жолын жалғап, қара шаңырақ иесі болады дейтін атұстар дүниеге келді.

Жанарымыз бен Айданамыз Елбасы батасын беріп, лентасын қиған, әл-Фараби шағын ауданындағы №38 қазақ мектеп-лицейін бітіріп, бірі филолог, бірі заңгер мамандығын  алып шықты. Бүгінде отбасылы, кішкентайларын өсіріп, ел қатарлы еңбек етіп жүр. Баламыз жоғары білім алуда. Шүкіршілік.

Шамамыз келгенше, Астанамыздың рухани орталыққа айналуына үлесімізді қосуға тырыстық. Публицистикалық мақалаларым мен өлеңдерімде астананың өсіп-өркендеуі, елордалықтардың ерен еңбегі, мемлекетіміздің өсу жолдары, еліміздің жетістіктері мен толайым табыстары көрініс тапты.

«Астана – жыр-шуағым» атты жинақ құрастырып, қазақ ақындарының бас қаламыз  туралы өлеңдерін, поэма-дастандарын және қазақ композиторларының әндерін кітап етіп шығардық. Кітап Елбасына табыс етілді.

Кітаппен танысып шыққан Нұрсұлтан Әбішұлының алғысын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұд Базарқұлұлы Қасымбеков арнайы қабылдап, маған жеткізгенін әрдайым мақтаныш тұтамын.

Иә, астана шабытымызға шабыт қосып, талай жырымызға арқау болды.

Астанам бағым, баспанам,

(Берейiн өзiм бастап ән).

Тәуелсiз қазақ ордасын,

Жырлауға асық жас қалам.

 

Елiмнiң басты қаласы,

Елордам әсем, қарашы!

Жерұйық iздеп сабылмас,

Арманшыл қазақ баласы.

 

Жұмақ-ау Есiл жағасы,

Арқаның кербез даласы.

Әлемнiң жұрты сүйсiнген,

Астана – ғасыр қаласы.   

Елбасының астананы көшірер кезінде айтқан: «Қазақ – қонақжай халық, қазақтың бір отбасы астанаға көшсе, ертең артынан туысы, бауыры іздеп барады. Сөйтіп, астанада қазақ көпшілік болады әлі. Астанаға қолдары жетпейтін болады әлі», – деген сөзі жадымда жатталып қалыпты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қала болашағы жайлы  көрегенділікпен дәл айтыпты.

Қазіргі уақытта астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы – дүние жүзіне танымал, ірі халықаралық іс-шаралар жиі өтетін, экономика мен бизнестің, мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің, спорт салаларындағы озық бастамалардың қайнаған ортасы, саяси мәмілелер жасалатын өркениет ордасы, тыныштық салтанат құрған «Бейбітшілік қаласы».

Лайым, түтініміз түзу шығып, халқымыздың ырыс-ынтымағы артып, еліміз күн өткен сайын өркендеп, мемлекетіміздің мәртебесі биік бола берсін.

Астана күні құтты болсын, ағайын!

 

Т о л ы м б е к  ƏБДІРАЙЫМ, ж а з у ш ы

КӨП ШЫҒАРМАЛАРЫМ ЕЛОРДА ДА ЖАЗЫЛДЫ 

        Тəуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміз үшін  оңай болған жоқ. Экономикалық тұрғыдан да, басқа жағдайдан да қиын жағдай қалыптасқаны жасырын емес. Осындай кезде ел астанасын Алматыдан арқа төсі – Ақмолаға көшіруге біреулер сенді, енді біреулер күдік келтірді. Елбасының бұл идеяны алғаш рет көпшілікке, Жоғарғы Кеңестің 1994 жылғы 6 шілдеде өткен Пленарлық мəжілісте жариялағаны белгілі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездегі батылдығына, ой-тұжырымдарына қарасаңыз, ата жұрт, туған жері үшін қабырғасы қайысқан, жанын шүберекке түйген перзенттің шешіміне айрықша тебіренесіз.

           Соның нəтижесінде, айналасы 23-24 жыл мұғдарында ел астанасы адам танымастай жайнап, жасарып, көздің жауын алатын ақ шаңқан ғимараттар, кең даңғылдар мен əсем көшелер бой көтерді. Жаңа астанамызды қазір жарты əлем біледі десем, артық айтқандық болмас. Елорда десек – Қазақстан деп білеміз. Елорда десек – жаңарған, өркениетке қадам басқан əдемі қала деп білеміз.

Елбасының Тəуелсіз Қазақстанды орнықтырудағы тарихи рөлі ұшан-теңіз. Оған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төмендегі сөздері дəлелді деп ойлаймын. «Мен өз халқымның жолында басымды бəйгеге тіккен   адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бір де бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тəуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тəуекелге де барамын. Ары үшін жанын садаға ететін қазақтай қасиетті халықтың, осы елдегі сан түрлі ұлттың баласының басын қосып басшылығына жүру тұрмақ, қосын тігіп, қосшылығында жүрудің өзі жаныңды тербейтін бақыт емес пе? Артымда асқар Алатаудай, алып Арқадай, айдыны Атыраудай айналайын Алашым тұрғанда… қандай қиындықтан қайтармын…». Бұл сөздерге түсінік беру міндет емес деп есептеймін.

 

Əлбетте, бас қаламыздың тарихи-əлеуметтік, философиялық, руханият тұрғысынан алғанда артықшылықтары сол – небір халықаралық деңгейдегі қадау-қадау, ауқымды форумдар, конференциялар, түрлі деңгейдегі іс-шаралар жиі өткізілетіні белгілі. Мəселен,  2019 жылы ғана Еуразия жазушыларының, одан соң қыркүйек айында Азия жазушыларының үлкен форумы өтті. Маңызы зор мұндай іс-шараларды тізбелей берсек, сөзіміз ұзап кетеді…

        Адам өмірі сияқты, əр шаһардың да өзіндік тағдыр-талайы, өсу-өркендеу жолы болады. Менің байқауымда, Елордамызда бүгінге дейін салынған ғимараттарда ұлттық нақыш аз. Ендігі тұрғызылатын құрылыс барысында осы жағы басты назарда болу керек сияқты. Əйтпесе, ана елден бір көшірме, мына елден бір көшірме қаптап кетті. Бас қаламыз Жапония елі сияқты арал үстінде салынған жоқ қой. Тым-тым биік тұрғын үйлердің, тым-тым зəулім ғимараттардың қажеті бар ма, өзі?!            

     «Көш жүре түзеледі» емес пе? Мəселен осыдан он-он бес жыл бұрын, шынында Бас қаламыздың рухани-мəдени жағынан кемшін түскен жері болды. Бірақ келе-келе ол олқылықтың орны толды. Жаңадан салынған Опера жəне балет театры – XXI  ғасыр талабына толыққанды жауап беретін өте сұлу, өте ғажап ғимарат. Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық драма театрының сəулетті, жаңа ғимараты да көз тартарлық көркемдікке ие. Алдыңғы жылы Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалына қаламыздың дəл ортасынан əдемі ғимарат берілді. Яғни, жүз елудей Жазушылар одағының мүшелері кездесетін, əртүрлі деңгейдегі кештер мен жиналыстар өткізетін өз ғимараты бар. Ал, сол жағалауда «Бəйтерек» кешені қасына орын тепкен Академиялық ұлттық кітапхана ғимараты қандай əдемі. Оның дəл қасынан 2018 жылы Балалар кітапханасы ашылды. Мұнымен қоса, біртіндеп зиялы қауым, әдеби және ғылыми орта да қалыптасып келеді.       

       Мен 1997-2003 жылдары, қазақ əдебиетінің қара шаңырағы – «Қазақ əдебиеті» газетінің Астанадағы меншікті тілшісі болып жұмыс істедім. Яғни, бас қаламызды сонау Ақмола кезінен жақсы білемін. Кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы менің жеке шығармашылығыма тиісті деңгейде өз үлесін қосты. Осында, 2001 жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өттім. Бүгінге дейін мемлекеттік тапсырыспен тоғыз жинағым жарық көрсе, соның сегізі Елордамызда жазылды. Осының бəрі менің өмірімнің үлкен белесі һәм жетістігі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір