Әлі де әр қазақ осы елдің тағдырына жауапты
15.03.2022
1082
0

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы, ә дегеннен аңыз тұлғаға тән құрмет мінберін көргіміз келді. Көп ұзамай «Ахмет – ұлт ұстазы» телехикаясы жарыққа шыққанда, сол үмітіміз ақталғандай күй кештік. Телехикая басталғаннан-ақ ұлт зиялыларының атмосферасын сезініп, фильм ішіне ене түстік. Заманның сұрапыл дауылы мен ұлт зиялыларының әуезді сазы еркімізді билеп, туындының соңына дейін тапжылмай көруге бейіл ауды. Кітаптан оқыған сом бейнені экран ішінен қайта тапқандай болдық. Жемісті еңбек еткен түсіру тобына деген алғысымызды білдіре отырып, «Ахмет – ұлт ұстазы» телехикаясының режиссері Мұрат Есжанды әңгімеге тартқан едік.

Актердің ойынынан гөрі болмысына көбірек мән берем

– Мұрат мырза, «Ахмет – ұлт ұстазы» телехикаясын көре отырып, бойымыз шымырлап, рухымыз көтерілді. Телехикаяны түсірерде нені басты мақсат етіп алдыңыз?
– Ахмет Байтұрсынұлының сан қырлылығына, жан-жақтылығына ежелден тәнті едім. Сол ішкі таңданысымды көрерменге сезіндіре алсам деген мақсат болды. Тергеуші Саңғытовтың сұрағы – біздің сұрақ, бүгінгі ұрпақтың сұрағы. «Өміріңіздің бәрі қуғын, түрме, айдау. Сонда осының бәріне қашан, қалай үлгердіңіз?» Телехикая барысында осы сауалға жауап берілсе деп ойладым.
Ахаңның қай сөзін алсаңыз да, әрекетке шақырады. «Бай болуға кәсіп керек. Білімді болуға оқу керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек». Немесе «Біреу жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады». Яғни «тынбай әрекеттену» идеясын негізгі ұран етіп алып шығу ойда болды.
Бұларға қосымша, сол қиын кезеңді, қуғындау мен тергеу барысын, сатқындық пен адалдықтың табиғатын ашуға тырыстым.
– Ахмет образы сәтті шығыпты. Ұлт ұстазының болмысын ашуда қандай да бір қиындықтар болды ма?
– Тарихи тұлғаның көркем образды ашуда көбіне естеліктер және сол тұлға туралы прозалық шығармалар көмекке келеді. Біздің жағдайда мұның екеуі де жоқ. Елу жылдан астам уақыт атын атауға тыйым салынған адам туралы қайбір мардымды естелік бола қойсын? Ахаңдар ақталып, үрей бұлты сейіліп біткен уақытта көзін көрді, естелік айтады деген адамдардың өзі арамыздан кетіп қалды емес пе? Қолда бары – Гүлнәр Міржақыпқызының «Шындық шырағы» кітабындағы өз естеліктері мен Ботагөз Асқарқызының айтқандары. Ахаң атылғанда он төрттегі бала болған Самырат Кәкішевтің «Ахаң туралы ақиқат» кітабы. Ал көркем кітап жазатын жазушыларымыз да әлі күнге ол тақырыпқа қалам тарта қоймапты.
Қайта Рабиға Сыздық апамыз бастаған ғалымдарымызға мың алғыс. Білуімше, Ахмет Байтұрсынұлын зерттеуді алғаш бастаған сол кісі. Содан беріде қаншама тарихшылар, тілшілер ұлт ұстазының өмірін, мұрасын, қоғамдық қызметін зерттеді. Алаш қозғалысы туралы, «Қазақ» газеті туралы кітаптар жазды. Міне, сол ғалымдар сөйлеткен деректердің негізінде оқиға құрауға, кейіпкеріміздің болмысын ашуға тырыстық.
Кино теориясында кейіпкер образын таңдау жасату арқылы ашу деген бар. Көбіне сол әдіске жүгіндік.
– Телехикаядағы Міржақып, тергеуші Саңғытов рөлдерінен шынайылық әрі шеберлік байқадық. Жалпы, актер таңдауда қандай да бір принципке сүйенесіз бе?
– Кейбір режиссерлер актердің шеберлігіне көбірек сүйеніп, кастингте ойынына қарап жатады. Мен үшін ойнай алу қабілетінен гөрі актердің өмірдегі болмысы маңызды. Соған көбірек мән берем. Мысалы, Саңғытов рөліндегі Нартай Сауданбекұлы – өзі де көп оқитын, жазатын актер. Күнделікті қарым-қатынаста-ақ тік мінезі, «ішкі тергеушілігі» байқалып тұрады. Жәй сұрақ қойса да, өңменіңнен өткізіп қарайды. Байғали ағаның да басқа адамдармен сөйлесіп тұрғанын сырттай түсіріп алып, жәй әңгіме айтқызып көріп, жазатын-сызатын, ән шығарып, өлең айтатын қасиеттерін ескеріп барып бекіттік.
Актерді ойнатуда Альфред Хичкоктың бір сөзі менің жұмыс істеу принципіммен дәлме-дәл келеді. Ол кісі: «Мен актерге қалай ойнау керек екенін айтып бере алмаймын, бірақ мен қалай ойнамау керек екенін нақты білем», – дейді. Яғни актерлерге еркіндік бере отырып, артығын алып тастай отырып, өзімнің ойымдағы ойынды шығаруға тырысам.
Көптеген қазақша фильмдер мен сериалдарға қарап отырып қарның ашатын нәрсе – қазақы үн, интонация және үндестік заңдары сақталмайды. Меніңше, интонация – актерлік ойынның ажырамас бөлігі. Соған мән бермеген соң да бізде «қазақтың актерлері аузын ашқан жерге дейін жақсы ойнайды» деген қыжыртпа қалыптасқан. Көп ретте актердің кінәсі жоқ. Оның аузына салып тұрған сөз қате болса, интонацияға мән беріп жатқан режиссер болмаса, бәрін актерге жаба беруге де болмайды ғой.
– Телехикая қанша уақытта түсірілді?
– Үш ай сценарий жаздық, екі ай дайындық, бір ай түсірілім, екі ай монтаж, бас-аяғы 8-9 ай кетті.

Елге не керек –Ахаңдар соны істеді

– Телехикаяны түсіру барысында өзіңізге қандай тағлым алдыңыз?
– Түйген, түсінген нәрсе өте көп. Біреуін ғана айтайын. Ахмет, Міржақыптардың өміріне үңілгенде байқағаным – олар әдебиет үшін әдебиетпен, ғылым үшін ғылыммен, саясат үшін саясатпен айналысқан жоқ. Елге не керек, соны істеді. Әлихан Бөкейханұлының айтатыны бар: «Мәдени жұртта көркем кітап жазып отыратын Ахмет, Міржақып газеттің қара жұмысына жегіліп отыр» деп. Өйткені халқының жағдайы тұлғаларды соған мәжбүрледі. Одан бергі жүз жылда өзгеріп кеткен ештеңе жоқ. Тағдырымыз әлі де қыл үстінде. Әлі де санаулы қазақ осы елдің тағдырына жауапты. Өнер тудырам, айды аспанға шығарам, әлемді аузыма қаратам деп емес, қай жыртыққа жамау болам деп жұмыс істеу – бәріміздің міндетіміз. Барлық салаға қатысты айтып отырмын. Ахаңдардың өмірінен түйген бір байламым – осы.
– Кино түсіру барысында режиссер иығына ауыртпалық түсетін жер – қай тұс?
– Режиссер үшін әрбір көрініс, тіпті әрбір кадр – күрес. Уақыт та, қаржы да саған қарсы жұмыс істейді. Сол үшін көп компромиске баруға тура келеді. «Бір шумақты баптау үшін он шумақты өшірдім» деп Күләш Ахметова апамыз айтпақшы, бір көріністің мүлде түсірілмей қалмауы үшін екінші бір көріністің бір қайнауын құрбан етесің. Сәт сайын туатын сан түрлі сұраққа жауабың дайын болу керек. Мен үшін ең қиыны – сол қысылтаяң уақытта шешім қабылдау. Мына көрініс маған ұнап тұр ма, ұнамай тұр ма? Ұнамаса, қалай ұнайтын етуге болады? Миыңда осындай сұрақтың мыңы тұрады. Әрбір эпизод – түсіріп жатқан дүниеңнің ең маңызды нүктесі секілді көрінетіні тағы бар. Бір айлық түсірілім басталғанда бір ай бойы тоқтамай жүгіретін марафонға шыққандай боласың. Командаңда қырық адам болса, олардың көпшілігі үшін бұл – кәдімгі күнделікті жұмыс. Феллини айтқан ғой: «Режиссер Колумб секілді. Ол Америка ашсам дейді, ал команданың үйге қайтқысы келеді».

Кино мен көрермен екі жағада жүр

– Шетелде оқып келген маман ретінде, қазақ киносының бүгінгі халі жөнінде не айтасыз?
– Қазақ киносы мен қазақ көрермені – екеуі екі жағада жүр ғой. Өзім де сол саланың босағасында жүрген соң, сапа мен шама туралы айтпай-ақ қояйын. Мені мазалайтыны – қазақ киносын ұйымдастыру, үйлестіру мәселесі.
Қайбір жылы Әділхан Ержановтың халықаралық жарыстардан жүлде салған бір фильмі прокатқа шығыпты деп кинотеатрға бардық. Төрт-ақ адам отырдық. Фильмнің көрсетілімі екі-ақ күн жүрді. Жақында Болат Қалымбетовтің «Мұқағалиы» шықты деді. Жұрт қайдан көруге болады деп сұрап жүр. «Амре» (Әміре емес, Амре) қанша күн болды прокатта? Бұрынғы «Қазақфильмнің», кейінгі бірнеше жылдағы ұлттық киноны қолдау қорының фильмдері қайда? Отыз жылда өкіметтің ақшасына түсіріліп, жұрт жаппай барған фильм болды ма?
Айтайын дегенім, бізде мемлекеттің қаржысына түсірілетін дүниелер көбіне автордың жеке шығармашылық мұқтаждығын қанағаттандырумен және шетелдегі фестивальге қатысумен шектеледі. Сосын кім кінәлі, оны көрмейтін көрермен кінәлі болып шығады. Маркетинг жасалмаса, жарнамасы жүрмесе, көрермен сұранысы ескерілмесе, әрине, бір күннен кейін прокаттан түсіп қалады. Оларды сұрап жатқан да, сынап жатқан да ешкім жоқ. Рахат.
Сынның астында қалатын – баяғы өз ақшасына кино түсіретіндер. Қоянбаевтар, Адамбайлар. Оларды түсінуге болады. Кем дегенде салған қаржысын қайтарып алу керек. Сол үшін кәдімгі бизнестің шартын сақтауға мәжбүр. Арзанға түсіреді. Онысын төпелеп жарнамалайды, алдымызға тосады. Бәріміз көріп аламыз да, сыбаймыз келіп. Өз ақшасы – өз еркі. Сынауға қақымыз жоқ. Ұнамаса, барма. Ал біздің салықтың ақшасына түсіріліп жатқан фильмдер қайда? Кім жоқтап жатыр оларды?
Негізінде, керісінше болуы керек. Мемлекеттің қаржысына көрерменге қажет, халықтың рухани шөлін қандыратын кино түсірілуі керек. Өз авторлық көзқарасыңды әлемге паш еткің келсе, өзің ақша тауып түсір. Мысалы, АҚШ-та солай ғой. «Независимое кино» («Indie films») деген ұғым бар. Шағын студиялар өздері қаржы тауып түсіріп, өздері фестивальдарға барып жатады.Менің бұл сөзіме кейбір әріптестер келіспеуі мүмкін, бірақ кейінгі кезде осындай ойға тоқтадым.
– Алда тағы да зиялы тұлғалалар жөнінде кино түсіру жоспарда бар ма? 
– Киноның басқа өнер түрлерінен айырмасы – қаржыға тәуелділігі өте жоғары. Ойың, мақсатың болады, бірақ оның жоспарға айналуы үшін басқа адамдардың, я мекемелердің жоспарына қарау керек болады. Қазақ тарихының жоңғар шапқыншылығынан басқа кезеңдері туралы да көптеп фильмдер түсірілуі керек деп есептеймін. Түсірілуге тиіс тұлғалар да өте көп. Бірінші кезекте Міржақып Дулатұлы туралы және ХХ ғасыр басындағы қазақ байларының рөлі мен тағдыры туралы дүние жасасам деген ниетім бар.

Әңгімелескен
Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір