БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ
22.06.2021
3185
2

«Аласа таулар аясында» – жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері, филология ғылымының докторы Нұрдәует Ақыштың өмірбаяндық романы. Роман өмірбаяндық болған соң, әрине кейіпкері – өзі. Кітап не туралы? Өкініші, қиындығы көп балалық шақ туралы. Кемпірқосақ бояулы балалық шақ бұл романда шұғыла шашып, нұрланып тұрған жоқ, аспалы, бау-бақшалы әсем көпір ойың тұрмақ түсіңе де кірмейді. Бұл ен далада үнемі жабырқап жүретін «негр» бала – Нұрдәулет туралы. Оның шыр етіп жерге түскеннен, жоқ есін білген 3 жасынан бастап тыншымаған жан дүниесінің ақтарылуы.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА

«Ішкі жағы шикі кірпіштен не тастан домбаздап қаластыра салған қазақы үй. Күнбатыс жақ қабырғадағы кір-қожалақ оймақтай терезе сырттағы жарықты өлшеп қана жібергендіктен, үйдің іші алакөлеңкелеу», – дейді. Кір-қожалақ, оймақтай терезе – кейіпкердің сезімі секілді. Кейіпкер тұсауы енді кесіліп, тілі былдырлап шыға бастап, аяғын енді басқан кезден сыр-сұхбатын бастайды. «Болар бала кәкәсінен» дегенді қазақ осындайда айтатын шығар. Шығармада оқиға тұтастай жүйеленіп, бірінен-бірі өрбіп берілмейді. Күрке ішінде күн кешкен қара баланың тіршіліктің құм қайрағында қайралуы қысқа ремаркада айтылады. Оқып отырып жанын қорғауға саялар жалғыз панасы – әкесі Бәбихан екенін ұғасың. «Соның бәрінде де әкем кеудеме су бүркіп, ұшықтап: «Қарғама шипа бере гөр! Сақтай гөр қарғамды!..» – деп, бір Аллаға жалбарынып жататын», – дейді. «Қартайған кезде көрген жалғыз ұлы болғасын ба, әкем мені көзден таса қылмауға тырысады», – деген ойды баса айтады.

«Көзімді ашқалы түйсініп, сезініп келе жатқаным – атамның өзіме деген айрықша ықылас-пейілі. Қойнына салып, мойнына мінгізіп, алдына отырғызып, тістелеп жүріп өсірді. Қасынан бір елі тастамады. Қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқыттырған жоқ. Тіпті саусағымды қыбырлатып, қара жұмыс та істетпеді», – деп жазады әңгімесінің басында. Осы қылығы үшін Бәбихан қарияны ауылдастары, туыстары кінәлайды да:
«– Бұл болмайды ғой, Бәбе. Үйрет мына баланы. Тіпті еңкеймейді ғой, еңкеймейді. Жұмысқа осы бастан үйренбесе, буыны қатып кеткен соң бітті, – деген Қапыш апамның күйіне сөйлегені естілді.

– Қартайғанда көрген жалғыз ұл… Буыны қатпаған»… деген тәрізді бірдеңелерді айтып, жігерсіздеу үнмен ақталып жатты».
Жүрегің шым ете түседі. Осы әңгі­мелер­дегі жай-жағдай осылай, мүмкін сәл өзгешелеу қалпында әркімнің-ақ басынан өткен секілді. Соғыс жылдарынан енді ес жиып келе жатқан заманның кейіпсіз кейпіндегі тіршілік қай бір мардымды бола қойсын. Жылтырағы жоқ дүниенің аянышы көп сықпыты көпке ортақ болды ғой. Мұндай тіршіліктің тауқыметінен біреулер бар болады, біреулер жоқ болады.

«Аласа таулар аясындағы» кітаптың кейіпкерлерінің көзін ашып көргенінің бәрі қиындық екен ғой деп ойлайсың да, «оның еңкеймейтін емендей болып қалыптасуының ем-дәрісі не болды екен?» деген ойға қаласың. Тар есіктегі көш кең кеңістікке қалай шықты? Адамдықтан қалай ауытқып кетпеген? Жазушы – кейіпкер: «Менің әкемнің өзінің де тіршілікке қыры жоқ еді. Өмірдің қанша қиындығын көрсе де әкемнің осындай епсіз, икемсіз болып өсуі мен үшін түсініксіз-ақ. Ал осындай икемсіз кісінің қартайғанда көрген жалғыз баласы қара жұмысқа қырсыз болса, несі таң…» – дей келе жасы ұлғайған әкесін құр кеудесін сүйретіп жүргендей етіп суреттегенімен, әке + бала тағдыры оқиғаның басынан аяғына дейін арқау жіптей тартылып отырады. Әкесінің ішкі қуаты, адамдарға деген бауырмалдығы, күйбеңдеп жүріп елеусіз ғана айта салған ақылы кейіпкердің ақиқаттың ауылында жүруінің бірден-бір себепкері болғандай. Қыбырлаған, жыбырлаған дүниенің ішінен тұнық нәрсені көруге, таршылыққа етін үйретпей, санасын таза ұстауға қарапайым тіршілігімен өнеге болған әкеге деген ескерткіші ғой деп есептеймін жазушының бұл романын. Мен солай ұғып, солай қабылдадым.

Анасыз үй қаңыраған айдала секіл­ді. Өкпеңді қысып, тесіп жіберетін мұң, қайғы. «Анам – өзімен-өзі сөйлесіп отыратын, тіршілік тауқыметімен, ой-қиялдан қажып, жүйкесі жұқарған адам. Бір қызығы, былайша жақсы көріп, анда-санда басыңнан сипағанымен, бізге, балаларына онша мейірлене бермеуші еді. Көзімізді ашқалы басқа ештеңе көрмегесін бе, шешеміздің бойындағы кейбір оғаштау мінез-құлықты солай болуға тиісті құбылыстай қабылдап жүріппіз», – деген сөйлемдерін оқыған соң, тамағыңа тас тығылғандай кітаптан басыңды көтеріп, «ары қарай анасы туралы тағы не жазып қояр екен?» деп үркектей бастайсың. Жазушы осы тұста оқырманын да аямайды. Боямасыз шындықты лақ еткізеді. Бойыңды тітіркендіреді. Жүрегіңді селт еткізеді. Әдебиеттегі абсолюттік шындық деген осы ма? Сәл-пәл бүркемелеп, сәл-пәл қырнап, жұмсартса, онда оқырманды алдағандай бола ма?

…Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатының», Ақберен Елгезектің «Болмай қалған балалық шағының» бір-бірімен кездейсоқ бір байланысы бардай дәл осы тұста ойыңа орала кететіні несі екен?

«Аласа таулар аясында» тұрып бақыт­сыздау (өз суреттеуі бойынша) балалық шағына көз жіберетін Нұрдәулет Ақыш кейде қайдағы-жоқты айтып, жүрегіңді лоблытады. Тағы да өзін сөйлетейік: «Бүгінгі оқырмандар бит дегеннің не екенін шамалап түсіне алса да, сіркені біле бермеуі мүмкін… – деп айтып келіп, – Бит – жорғалап жүретін тірі жәндік, оны сыққан кезде көбінен қан шығады. «Әбден тойып алғанын қарашы өзінің» деп кіжінеді бит сығушы. Ауыл адамдарының арасында «бит қарау» деген салт (әдет шығар) болатын… бит қарау процесі онша қиын емес, киімнің тігістерін қуалап жүріп отырсаң болғаны. Көзі нашарлау көретін егде кісілер бит­терін «көзің өткір ғой» деп жас балаларға қаратады. Ал егер бит тым көбірек болса, онда киімді сол теріс аударылған күйі отқа қақтайды. Сонда ыстықтан бит те, сірке де бытырлап күйе бастайды», – деп әңгімесінің басын бір қайтарып қояды. Мен сөйлемдерді қысқартып алып отырмын ғой, толық оқысаңыз, жазушы құдды бір бит маманы секілді. Қазіргі жастар бұл тұсты оқымауы да мүмкін, ал оқи қалса, «динозавр дәуіріндегі балалық шақ қой» деп қабылдап, күлуі мүмкін.

Биттен кейін құрттап кеткен еттен жасалған тамақты айтады. Кәдімгідей стресс аласың. Жазушыға бәрі бір – қиялы, қоспасы жоқ өз тағдыры. Оқырманның көңілін табайын деп тыраштанбайды. Жылап оқысаң да, күліп отырып оқысаң да – өз еркің. Бұдан алпыс, жетпіс жыл бұрынғы ауыл өмірінің шындығы. Тек өзіміз еске алғымыз келмей кірпиязданатынымыз болмаса. Кеңестік кезеңнің әлеуметтік ақиқаты ептеп-ептеп естен шығып бара жатқаны болмаса…
Кәмпиттің атын естігені болмаса, таңдайына татып көрмеген баланың өмірі кіл сұрықсыз суреттерден құралмаған. Жақсылық нұрын себелеген сәттері де бар. Ол – жүректе махаббаттың оянуы. Қыздың күлкісі, судың сылдыры оны енжар, керенау қалыптан жұлып алып басқа күйге түсіреді.

«Мені елітіп бара жатқан – әңгіменің мазмұны емес, сол алакөлеңкедегі арудың өзі, бүкіл болмысы. Осы жасыма дейін нақ осындай сұлу қызбен кештетіп оңаша қалып көріппін бе, мен байғұс? Құлағымның шыңылдап, жүрегімнің атқақтай соққаны несі? Мынау салқын бөлменің ішінде қараптан қарап пысынап бара жатқанымды қара. Бұл мен бұрын-соңды басымнан өткеріп көрмеген бір рахатты сәт еді», – дейді ғой. Бірақ бұл сезім де кейін көңілінде өкініш болып қалады.
Жаңа образ, мінезге еліктеуді қазіргі балалар мультфильмнен алса, жазушы жазып отырған кезеңнің балалары газет-журналдан, кітаптан алатын. Өздері қара танымайтын әке-шеше бала-шағасының басына жатарында кітап не нан жастап қойып: «Түсіңе не кірді?» – деп сұрап жататын. «Нан кірді» десе, өз наныңды өзің тауып жейтін боласың деп, «кітап кірді» десе, сол сәтте баласы оқымысты болып кеткендей қатты қуанатын. Бәбихан әкесі де мектепке бармаған Нұрдәулеттің жастығының астына газет жастап қоятын болған. Ырымдады ма, әлде бейсана қалыпта солай істеді ме, ол жағы онша мәнді емес.

«Шынтақтап басымды көтере баста­ға­ным сол еді, жастығымның астынан әлдене сытыр-сытыр еткендей болды. Ақырын ғана сипалай бастаған менің қолыма іліккені – бүктеулі газет, кәдімгі газет. Ұйқылы-ояу қалпымда әлгіні жазып жіберіп, қа­рай бастадым. Әріптерін танымасам да, әр жерінде салынған суреттері қызық. …Әкемнің осы бастап берген тірлігі менің өмір бойғы рухани азығыма айналды. Осы­дан былайғы балалық шағым газет-журнал, кітап парақтаумен өтті», – дейді әдебиет пен ғылымның телқоңыры Нұрдәулет Ақыштың кейіпкері.

Бұл романдағы Қайсар атасы, Ердәулет, Бақдәулет бейнелерінен адамды Алла қалай әр түрлі етіп жаратса, сол әр түрлілік олардың сөйлеген сөздерінен, қимылдарынан, әрекет­терінен аңғарылып тұрады.
Әдебиет бизнеске айналған кезде осы кітап сұранысқа ие бола ала ма? Қажетті уа­қытта керекті жерде тұра ма? Қазіргі оқыр­манның көңіл-күйін дөп баса ала ма? Бестселлерге айнала ма?» деген сұрақтар қаумалайды.

Кітаптағы жеке-жеке эпизодтар комикс­ке сұранып тұрған секілді. Болашаққа ұмтылу үшін өткеннің ізін білу артықтық етпейді. Сол кезеңдегі балалық шақтың суреттері толығымен қамтылған. Бұл – жарнама емес, у-шу, жарнама өтімі кем дүниелерге жазылады.
Қазір оқитын кітаптар тізімі ұсынылып жүр, ол тізімді шынайы білгірлер іріктей ме, әлде бір жерге аты бір ілініп алса, одан түспейтін авторлардан тұра ма, оны білме­дік. Меніңше, біреуді ұсыну да, біреуді оқуға тиым салу да керек емес. Әркімнің өз қалауы білсін. Тек айтпағымыз, «Аласа таулар аясында» – романы оқуға тұратын жақсы кітап.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА

ПІКІРЛЕР2
Аноним 29.06.2021 | 01:01

Рецензия әділ талдау жүйесінде жазылыпты. Ұнамды-ақ. Туынды жарық көрген бе, әлде енді жарық көре ме?
Нұр дос, роман жарық көрсе, бір данасын сақтап қоярсың. Ауылда кітап дүкендерінің жоқтығы өзіңе аян ғой.

Аноним 08.07.2021 | 14:58

Нурдаулет аганын Кай шыгармасын да Оз босым кызыгып окимын.Ойткени оларда кызыкты окигалар болады.Шыгармасынын ишине кирип кеткенди боласын,ен сонында озиннинде асерленип калганынды байкайсын.Енди осы китапты тауып алып окуым керек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір