«БОЛМАҒАН БАЛАЛЫҚ ШАҚ»
03.04.2023
3090
2

Белгілі ақын Ақберен Елгезектің қаламынан туған «Болмаған балалық шақ» повесі қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық болып келген еді. Өз өмірін бүкпесіз ашып, балалық шағында бастан кешкен тағдырын еш бояусыз ақ қағазға түсірген автор көпшіліктің таңданысын да туғызбай қоймады. Осы шығармасымен өзімен тағдырлас өрендерге өз тағдырының қожайыны болар сәулелі, шуақты күндер туатынын жеткізуді мақсат тұтқан жазушы шығармасы сахнада көрермен көзайымына айналып та үлгерді. 21 наурызда Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында алғашқы таныстырылымы өткен қойылымның әр шығарылымы аншлагпен өтуде. Екінші тынысы ашылған туынды жөнінде қойылым режиссеры мен кейіпкерлерді сомдаған актерлардың, театр сыншысының пікірін назарларыңызға ұсынамыз.   

ҚОЙЫЛЫМ АРҚЫЛЫ ӨТКЕНІМІЗГЕ САЯХАТ ЖАСАДЫҚ

Фархат МОЛДАҒАЛИ, режиссер:

      2021 жылы «Болмаған балалық шақ» повесінің желісімен жазылған спектакль Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының репертуарына қосылады деген шешім қабылданды. Сол жоспарды, мақсатты жүзеге асырудың сәті, міне, осы жылы түсіп отыр. Нағыз біздің театрға лайықты қойылым болып шықты. Алғашында спектакльді кіші залға қоямыз деп ойлаған едік, алайда репетиция барысында көлемді, ауқымды дүние екеніне көзіміз жетіп, үлкен залға ауыстырдық. Автормен кездесіп, повеске сахналық жаңа сипат енгізетінімізді айтып, рұқсатын алған болатынбыз. Ақберен аға рұқсатын беріп, біздің жұмысымызға мүлде араласпады, яғни автор тарапынан «былай, жасаңдар, былай сөйлетіңдер» деген секілді нұсқаулар көрсету болмады. Қойылымды көпшілікпен бірге келіп, премьерасында бір-ақ көрді. Бұл біздің еркін жұмыс жасауымызға үлкен ықпал етті. Повестің инсценировкасын жазу қарсаңында шығарманы бірнеше мәрте қайталап оқыдым. Мазмұны өте бай. Актерларды да қарым-қабілетіне, табиғатына қарай таңдап, рөлдерін үлестіріп бердім. Бәрі де жанын салып дайындалды. Қойылым арқылы өткенімізге саяхат жасадық.
Спектакльдің басты қасиеті неде десеңіз, туындыға ең бірінші бәріміздің бойымызда бар сағыныш арқау болған. Ол – анаға, әкеге, балалығымызға деген сағыныш. Екінші, қойылымнан прозалық шығарманың – повестің драматургиялық жанрға қалай айналғанын көруге болады. Үшінші, кейіпкерлер болмысымен, туынды мазмұнымен бітеқайнасқан актерлық құрамның өнері де көрермен қауымға бөлек әсер сыйлары сөзсіз.

АНА ТАҒДЫРЫН АРАШАЛАП АЛУҒА ТЫРЫСТЫМ

Ақмарал ДАЙРАБАЕВА, актриса (ана рөлін сомдаушы):

Мен бастапқы кезде «Болмаған балалық шақ» қойылымына бекітілген актерлар құрамында болмадым. Ақберен ағамен өзіміз отбасы болып араласамыз. Қойылым біздің театрда сахналанатынын айтып, өзінен сүйінші сұрағанмын. Сонда ол кісі: «Ақма, сен ойнайсың ба? Сені көрген сайын анама ұқсататын едім», – деп айтып қалды. Мен рөлде ойнамайтынымды айтып, бұл тақырып жабылған. Ана рөлін Сания Ерзат,
Динара Шымырбаева, Нұргүл Мыңғатова секілді әріптестерім сомдайтын болып ұйғарылған. Айлар өте келе Сания Ерзат Америкаға сапар шегіп, Динара басқа қойылымға ауысып, орындарына ойламаған жерден мені шақырды. Алғашында сенер-сенбесімді білмедім, қатты қуандым.
Спектакльде өз рөлімді ойнауды ойламадым, өмір сүрдім. Ана кейіпкерін сомдаудың әсері бөлек қой қашанда. Көкейімде «Оның орнында мен болсам, қайтер едім?» деген сұрақ тұрды. Мен барынша ана тағдырын ақтап алуға тырыстым. Өзім өмірде балаларыма қаталдау болғаныммен, іштей елжіреп тұрамын. Қабақтарына кірбің түсіргім келмейді. Режиссер берілген образ бойын­ша: «Балаға қатты мейірім көрсетпеңіз», – десе де, табиғатыма қарсылық таныта алмадым.
Бұл қойылым мені бір сатыға есейт­ті, ақылыма ақыл қосты, ойландырды, толғандырды. Өзім әкемнен 16 жасымда айырылып калғандықтан, бір шетінен сағынышымды шектемей, шеше образына сүйене отырып, тығылмай, ұялмай жылап та алдым. Басты кейіпкер – бала Ақош тура өзімді айнадан көрсеткендей болды. Үйде оныншы болып өмірге келген бала едім. Еркек-шора қыз атанып, 11 сыныпты бітіргенше әкемнің қасында ұйықтап, жанынан бір елі қалмайтын ерке қызы болып өстім. Мектеп бітірген жылы әкем қайтқанда, ес-түссіз күйде,1 аптадан астам іштей тынып, тілсіз қалған едім. Сол сәттердің бәрі көз алдымнан қайта өткендей болды.

 

БАЛА АҚОШ ҚИЫНДЫҚ КӨРСЕ ДЕ ҚАЙЫСПАДЫ

Жақсылық ТҰРЛЫҒАЗЫ, актер (бала Ақоштың рөлінде):

Маған бұл рөл бір жыл бұрын берілген болатын. Яғни бір жыл бұрын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесінің желісімен жазылған қойылым театрда сахналанатыны туралы шешім шығып, Ақбереннің – Ақоштың рөлін маған тапсырды. Репетиция жұмыстары басталғанға дейін, шығарма желісі ойым­да жүріп, өзімнің образым миымда әбден пісіп, жетілді десем болады.
Кішкентай Ақош, кітапты оқыған оқырмандарға да жақсы таныс, қандай ауыр кезеңдерді басынан өткерсе де, ішкі тазалығынан, жарқын өмірге деген құштарлығынан, жақсылыққа деген құлшынысынан ажырамады, белсенділігінен танбады. Қанша қиындық, қаншама қорлық көрсе де, әкесінен айрылып, анасынан тірідей жетім қалса да, өмірге налып, біреуді кінәлап, әлсіздік танытпады. Мен сомдаған, мен туындының өн бойынан көрген Ақош – осындай. Сондай-ақ менің кейіпкерім әр қиындықтың артында бір жақсылықтың барын балалық шақтан-ақ біліп, түйсініп өскен. Шығармада бала апасынан: «Апа, менің папам Құдай ма?» – деп сұрайтын тұсы бар. Сонда апасы: «Жоқ, сенің папаң Құдай емес, бірақ сен – Құдайдың баласысың», – дейді. «Құдайдың баласы» деген ұғымды жанына желеу еткен бала Ақош – Ақберен Елгезек бүгінде ел азаматы, халқының қадірлісі болып қалыптасты.
Қазір бала жаста болмаған соң, репетиция кезінде бұл рөлді ойнау әрине өте қиын болды. Бірақ режиссердің нұсқауларын, тапсырмаларын орындап, образға бейімделіп, барынша алып шығуға тырыстым.

 

ҚАЛАҢ ДА –
АҚБЕРЕННІҢ ҰСТАЗЫ…

Руслан АХМЕТОВ, актер (Қалаң рөлінде):

Мені бұл рөлге көркемдік кеңес, режиссер бекіткен болатын. Әрі өмірде болған оқиға, әрі жағымсыз кейіпкер, қойылымдағы образымнан аздап сес­кенгенім рас. Ақберенге: «Ақберен, мына рөлден соң Қалаңның туыстары келіп өзімді сабап кетпесін», – деп қалжыңдаймын. Актер болғандықтан, қандай кейіпкерді де шынайы сомдап шығуға міндеттіміз. Өмірде әртүрлі өгей әкелер бар ғой. Қолындағы тәрбиелеп жатқан балаға асқан мейірімділікпен қамқорлық көрсететіндер де, Қалаң секілді оспадарлары да кездесіп жатады.
Спектакль сахнаға үлкен дайындықпен шықты. Репетиция кезінде повесть мазмұнына қарай Қалаң тарапынан түрлі деңгейдегі «әлімжеттіктер», яғни ұрып-соғулар ойластырылды. Алайда бұл спектакльді үлкендермен қатар балалар да көретінін, әлгіндей күш көрсеткен әрекеттер ерсілеу шығатынын ескеріп, біразын қысқартып, жұмсартып ұсындық. Мастардың қилы-қилысын бала кезімізде көрдік қой, қай-қайсысы да қорқынышты әсер ететін. Ал өгей әкенің мас болып келуі – балаға екі есе қорқынышты.
Бәлкім, өзім ойнаған рөл болғандықтан ба, Қалаң да Ақберенге бір ұстаз болды деп ойлаймын. Шығарма авторы – Ақбереннің өзі де: «Кейін, қайтыс болғаннан соң Қалаңның бейітінің басына барып кешірім сұрап, рақмет айтқаным бар. Мүмкін сондай тәрбие де керек болған шығар маған. Балалық шақта көрген ұрыстан, ұрудан үлкен сабақ алдым, өмірдің кей тұстарында қорғаныш болды», – деп айтқан еді бір сөзінде.
Жалпы, мұндай жағдай, өкінішке қарай, көп отбасында бар трагедия. Біз де әр кейіпкердің жан дүниесін, жай-күйін сезініп жұмыс жасадық. Репетиция кезінде өзіміздің де, тәжірибеден өтуге келген студенттердің де, сырттай тамашалап тұрған театр қызметкерлерінің де жанарын жас жуатын. Қойылымның күлетін тұстары да кездеседі. Спектакльді жылап жүріп, күліп жүріп, көрерменге жеткіздік. Көрермен де үлкен тебіреніспен қабылдады.
Әр бала өз отбасында, өз ата-анасының аялы алақанында тәрбиеленсе екен, ешбір бала біреудің қолына жәутеңдеп қарап қалмаса екен деп тілеймін. Ата-аналар аман болсын.

 

БҮГІНГІ КҮННІҢ ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫБЫН АРҚАУ ЕТКЕН ҚОЙЫЛЫМ

Назерке РАМАЗАНҚЫЗЫ, театртанушы

Кез келген дəуірді алсақ та, ақын-жазушылар тіліне тиек еткен өзекті тақырыптың бірі – жетімдер тағдыры. Бұл тақырып əлем əдебиетінде үлкен орынға ие екендігін: ағылшын жазушысы Чарльз Диккенстің «Оливер Твистің басынан кешкендері», «Дэвид Копперфилд», француз жазушысы Виктор Гюгоның «Аластатылғандар» тəрізді көлемді туындылары дәлел бола алады. Сонымен қатар, американ жазушысы Джек Лондонның «Жолдан тайған», орыс қаламгерлері А.М.Горькийдің «Жетімек», А.С.Серафимовичтің «Торғай түн», А.Чеховтың «Ванька», «Ұйқы келеді» əңгімелері мен дат жазушысы, ертегіші Ганс Христиан Андерсеннің  «Шырпы сатқан қыз» әңгімесін айтуға әбден болады.  Ал, қазақ əдебиетінде де жетім балалар туралы қалам тербеген жазушылар аз емес. Тоқтала кетсек, М.Əуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім», С.Дөнентаевтың «Көркемтай», Қ.Кемеңгерұлының «Жетім қыз», «Момынтай» əңгімелерін және А.Елгезектің «Болмаған балалық шақ» прозасын жатқызуға болады.

Адам өмірінде ең тәтті өмірлік кезең – балалық шақ. Ата-анаға еркелеп, асыр салып ойнайтын, қызыққа ешбір тоймайтын сәттер әрбір баланың маңдайына жазылмағаны рас. «Болмаған балалық шақ» шығармасы жетімдіктің тауқыметін көп тартқан баланың тағдырынан сыр шертеді. Туындыдағы бүкіл оқиғаны автор өз өмірінен алған. Дегенімен біреуді мақтау немесе даттау үшін емес. Өзімен тағдырлас жандарға демеу болып, өмірдің өткінші сынақтарына төтеп беру мақсатында қолына қалам алып тебіренген. А.Елгезек: «Бұл шығарманы жазудағы мақсатым – екеу. Біріншісі – мына ұланғайыр Отанымыздың бір түкпірінде менімен тағдырлас бала болса, осы хиқаятты оқысын. Балалық шағының әр күні ауыр өтіп жатса, бұл күйзеліске толы күндердің өтетінін білсін. Алда оны тек сәулелі, шуақты күндер күтетінін ұғынсын. Ол болашақта жеңімпаз болатынына, өз тағдырының қожасы болатынына шүбәсі болмасын деп жаздым. Екіншіден, бұл хиқаятты жетім баланы бауырына басып, тәрбиелеп отырған үлкендерге арнадым: балаға мейірімді болыңыздар, ағайын! Жылы сөздеріңізді аямай, жылы қабақ танытыңыздар жаутаңкөз тағдырларға» — деген екен. Расында да, өмірдің ащы сынақтарына толыққанды отбасынан шыққандардың өзі төзе алмай кететін жағдайларда, арқасүйер ешкімі жоқ жетімдердің халі тым мүшкіл екеніне көзің жеткізетін бұл шығарманың көтерер жүгі ауыр.

Үстіміздегі жылдың 21 наурызында Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында белгілі ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» атты проза жанрында жазылған алғашқы туындысының премьерасы болып өтті. Инценировка авторы және режиссері – Фархат Молдағали, қоюшы-суретшісі – Нұржан Сәменов, киім үлгілерінің суретшісі – Алма Сырбаева, композиторы – Ербол Нариманұлы, саунд-дизайнер – Әлібек Қарабалин.

Спектакльдің ауыр атмосферасын шымылдық ашыла салысымен сезіну қиынға соқпайды. Әкесінен жастайынан айрылған Ақберен – Жақсылық Тұрлығазыны алда не күтіп тұрғанынан бейхабар күйін актердің бет-әлпеті мен қимыл-әрекеттерінен байқауға болады. Себебі, ол төрт жастағы кішкентай ғана ойын баласы. Туған ағасы Данышпан – Ернат Күншібаевпен тандемде өтетін сахналарында да, аңғал, ағасын сыйлайтынын байқатады. Алайда Данышпан Семей палигонының әсерінен зардап шеккендіктен өз еркімен қарапайым тірлікке араласа алмайтын, қорғансыз, ерекше бала екенін актер Е.Күншібаевтің бойынан көруге болады. «Құдықтан су әкеп берші» — деген ағасының соңғы өтінішін Ақбереннің – Ж.Тұрлығазының қабылдамауы, ағасын өзі сияқты сау көруінен, оның балалығы бойынан әлі тарамағанын аңғаруға болады. Ағасының өлімі Ақберен мен отбасына оңай тимегендігін режиссер трактовкасынан байқаймыз. Мизанценалары нақты, сахнада басы артық декорация қолданбағандықтан кеңістікті ұтымды игерген.

Оқиға басты кейіпкер Ақбереннің айналасында өрбитін болғандықтан, актер бастан-аяқ сахнадан түспей,  роль орындауы нанымды. Көрермендер онымен бірге күліп, бірге мұңға батып отыруы Ж.Тұрлығазының роль ерекшелігін аша білуінде деп білеміз. Оның анасын актриса Нұргүл Мыңғатова шынайы қазақ әйелінің бейнесін жасай алғанын баса айта кеткен жөн. Себебі, басынан қаншама қасірет өтсе де мойымай, ұстамдылық пен сабырлылықты бойына жалау еткен ол қайтадан тұрмыс құрса да, балаларына қамқор болуға тырысады. Алайда, Қалаңның – Руслан Ахметовтің мінезі ауыр, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей адам болғандықтан өз үйіне өзі жат болып кетеді. Күйеуінің сөзіне қарсы келмей, қайта құрған отбасын бұзбауға барын салады. Баласынан алыстап жүрегі ауырса да бойындағы басты қасиет – төзімге бойын жеңдіретінін актрисаның көзіндегі мұңнан, айтқан сөздері мен сахнадағы іс-әрекетінен айқын байқалады.

Ақбереннің өмірінен ойып орын алатын қойылымдағы тағы бір кейіпкер – оның апайы Маржан – Мөлдір Қосынқызы. Анасы тұрмыс құрғалы сағыныштан жарылайын деп жүрген Ақбереннің аз уақыт болса да жұбанышына айналған, оқуға кеткен апайының оралуы. Қойылымда осы бір сәт өте әсерлі берілген. Інісінің «бар өнерін» апайы көріп шаттанады. Тіпті Ақберенді достары іздеп келсе де, оның  әпкесінің қасынан бір адым қалмауы үлкен сағыныш пен жан дүниесінің жалғыздығынан хабардар етеді. М.Қосынқызы мейірімді әпке. Оның інісіне қалай да болса көмектескісі келіп, қасынан табылуы шынайы. Алайда ол студент, уақыты келіп қалаға қайтатын күні тақалғанда актриса бойынан шарасыздықты байқаймыз. Кетер кезінде байқатпауды жөн көруі де сондықтан. Оның бәрімен қоштасқан сәтінде Ақбереннің көрпенің астында жатып алып, құдайдан тілек тілеуі аянышты шыққан. Оның тілегі орындалып, төбесі көкке жетейін деп қалатын сәті жүректе жылулықты оятады әрі нанымды.

Жетім баланы бауырына басып, «құдайдың баласы» атаған әжесінің – Тынышкүл Сұлтанбердиеваның ролі баланың өміріне орасан зор әсер еткенін айтпасақ та түсінікті. Режиссер актрисаны таңдауда жаңылмаған. Әжесінің қауқары барда баланы тұмсықтыға шоқтыртпай, қанаттыға қақтыртпай күн кешеді. Алайда бойынан әл кете бастағаннан соң, өзге адамдардан болмашы дүниелер үшін сөз естіп, тіпті тоқпақ алатын сәттерде әжесі-Т.Сұлтанбердиева араша бола алмайтынын актриса айынынан көрерменге айқын сезіледі.т Сол сәтте анасын шақыртып, баланы тірі жетім етпей қасына алып, қамқор болуын  сұрайтыны да бекер емес. Келесі сахнада, үлкен қорған болған әжесінің қасынан ұзаққа кету Ақберен үшін оңайға соқпағанын, Қалаңның – Р.Ахметовтің үйіне келгенде қорғанышының жоқтығы қатты байқалады. Жетім бала өгей әкесінің қатал тәрбиесін алып, ерте есейіп кеткені сахнадағы актер Ж.Тұрлығазының ойынынан аңғарылады. Әке орнын баспақ түгел, баланы қызметші көретін ол қиыншылықтарды қолдан жасап береді. Ақбереннің- Ж.Тұрлығазының сол жерде еден жуушы қырғыз әйел Мәстенмен  – Жібек Бектемірмен достығы оны бір өлімнен құтқарғандығы айқын. Қалаңның Р.Ахметовтің ішіп ап келіп, баланың қолын белдікпен байлап, пышақ сұқпақшы болған сахнасында еріксіз көзіңе жас келеді. Сол сәтте Мәстен –  Ж.Бектемір құтқармаса, Ақберендей ақынды біз бүгін білмейтін де ма едік. Алланың құдыреті шексіз екендігіне тағы да көз жеткізесің. Мәстен бейнесін Ж.Бектемір өмірден баз кешкен, туғандарына жете алмаған қайғысы-мұңы көп кейіпкер ретінде көрсете білді.

Ақбереннің балалық шағының куәгері, досы – Олешка-Ұлжан Оразаева кейіпкері. Ол да Ақберен тәрізді пәк бейне. Қолындағы барын бөлісуге дайын тұратын адал дос екенін актриса бойынан тазалықты көре алдық. Ақбереннің әкесі қайтыс болғанда да, өзге де оған қиын болған шақтарда қасынан табылатын жалғыз жақын досы. Одан өзге де мектепті оқыған шақтарда достар кезігеді, бірақ Олешканың орны бөлек екені саханадан айқын байқалады.

Аталмыш минималистік қойылым көркемділігімен, екпінге құрылған актерлер ойынымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, жарықтың қойылуы эстетикалық тұрғыда орындаушылардың бейнесінің тереңдей түсуіне рең беріп, композитордың әуенімен әуезді әрленген. Режиссер Ф.Молдағали пьесадағы шындықты толықтай сахнаға шығаруды көздегені аңғарылады. Осындай жетімдер тақырыбын театр сахнасына шығару үлкен жетістік деп білеміз. Көрермендер ыстық ықыласпен қабылдаған қойылым форматы жағынан ықшам, бас-аяғы жұмыр, сәтті сахналанды. Бір сағат қырық минутқа созылатын туындыны көрермен көзайымына айналары сөзсіз.

Спектакльдегі өзге кейіпкерлерді орындаған актерлар құрамы (Тілеукеш – Нұрбол Құмарша, Бақыт – Ернар Амандық, Шынар – Назерке Қуанышқызы, Гүлғайша – Ұлдана Ботабекова) көркемдік тұтастық сақталып, басынан аяғына дейін әрекетке құрылған оқиға желісін барынша шынайы аша білген.

Қорытындылай келсек, қойылымның негізгі айтар ойы – Ақберен Елгезектің өмірден көрген тауқыметі, арпалысқа түскен бақытсыз күндері мен қиялы сахнадан көрініс тапқан. Осынау өмірде ерте есейіп, қиындықтарды жеңуін шығармаға арқау еткен. Сол арқылы «жетім» балаларға өмір санақтарынан сүрінбей өтуге шақырады. Бүгінгі таңда бұндай тақырыптың көтерілуінің маңызы зор.

 

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІРЛЕР2
Аноним 19.02.2024 | 11:18

Өте керемет жазылған шығарма.

Аноним 19.02.2024 | 11:18

Көзімежас келді

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір