Өнер жолының бастауы – балалық шақта
17.08.2024
130
0

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев 70 жасқа толды.
Бір қарағанда қарпайым ғана өмідің кезекті бір белесі секілді көрінгенімен, жетпіс жыл ғұмыр жолында қуанышы мен өкініші, бақыты мен күйзелісі мол алуан асулардан мойымай өткен, қиындығы мен қызығы мол жылдардың жүгін арқалаған азаматтық болмыс тұр.
Бүгінде Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында режиссерлық еңбек жолын жалғастырып жүрген Бекболат Құрманғожаевты мерейлі жасымен құттықтап, ғибратты әңгімесіне құлақ түрдік. 

Парасат­ты ұрпақ қалыптастыруда ата-әже, әке-ана атқаратын рөл ерекше. Бала кезімнен атамның жатқа айт­қан қазақ эпостарын, Біржан-Сараның айтыстарын тыңдап өстім. Өнерге келемін деген ой болған жоқ. Бала санамда әдемі сөз, орамды оқиғаны атамнан естіп алып, құлағыма сіңіріп өстім. Бір өкінетінім – сол кез­де естігенімді жазып алып қалмағаным. Бала күнімде атамнан естігенімді тез жат­тап алып, заулата айтатынмын.
Әкем – жалғыз ұл. Жалғыздан көрген тұңғыш ұл немере болғандықтан ерке болып өстім. Атам аптасына бір велосипед алып беретін. Бір жері бүлініп, жүрмей қалса, ауылдың кез-келген жеріне тастап кете салатымнын. Үлкен балалар «Бекболат­тың велосипеді қашан жүрмей қалар екен?» деп мені аңдып жүретін. Тамыз айының соңына қарай көк базардың айналасындағы Жібек жолы көшесіндегі дүкендерге мектеп формасын алуға келеміз. Алып болған соң, қазірі Қуыршақ театрының алдымен өтіп, 28 Панфилов атындағы саябақта орналасқан ескі қымызханаға баратынбыз.
Атам белі бүгіліп, еңкейіп жүретін. Бір жолы атамның соңында балмұздақ жеп, қымызханаға қарай келе жатып, қарсы бет­тен ұзын бойлы кісіні көріп, тұрып қалдым. Есімді біліп қалған кезім ғой. Ана кісі маған Қонаев секілді көрінді. Ол кез­де мектеп қабырғасында күллі политбюроны жатқа білетін едік қой. Әппақ френчтегі ұзын бойлы, әдеміше киімді, қолына сән үшін жеңіл балдақша ұстаған кісі тұсымыздан өтіп бара жатқанда жүгіріп барып амандастым. Ол кісі бас изеп, көкбазарға қарай кетіп бара жат­ты. Атама жүгіріп барып: «Ата, ата, Қонаев кетіп бара жатыр», – дедім. Атам: «Қайсы?» – деп бұрылды. Ол кісі де бұрылып, бір-екі минут­тай бір-біріне қарап тұрып қалды. «Ассалауғималейкім, Мәке?!» – деген атам маған ақырын ғана: «Бұл – Меңліахмет көкең ғой», – деді. Екеуі құшақтасып амандасты. Жағдай сұрасты. Мен аузым ашылып қарап тұрмын. «Мынау немерең бе?»… «Иә, жалғыз ұлдан көрген тұңғышым ғой»… Екеуі біраз әңгімелесті. Саябақта жүрген фоторграф жүгіріп келіп, бізді түсіріп алды. Құнт­тамаған нәрсе көп қой. Сол сурет сақталмай қалды.
Сегізінші сыныптан асқанымда, атам қара жұмыстың көкесіне салды. Таңғы төрт­те тұрғызып, сағат бестерде таңғы шықпен шөп шаптыратын. Сағат онға де­йін екі камаз шығатын шөпті орып тастаймын. Атамның отыз сотықтан аса бау-бақшасындағы егу, суару, түптеудің бәрін інілерім өскенше өзім атқардым. Бір үйде міндет­ті түрде бір бие, бір бұзау­лы сиыр, 5-6 қой, бір есекарба болатын. Бәрінің жағдайын жасау менің мойнымда. Белім қатқанша мойнына арқалап, қатқан соң – қара жұмысқа салып өсірді. Өмірде осының бәрі іске асты. Әкем өмір бойы ұстаз болды. Анам 7 бала, атам мен әжем, әкемнің күтімі мен үй жұмысынан қолы босай бермейтін. Әкем өмірі атамның бетіне қарап сөйлеген емес. Жетеуміз де әкемнің бетіне қарап сөйлемей өстік.
2-3 сыныпта оқып жүрген кезімде ауылға кіл әдемі апайлар келді. Кімдер екенін білмеймін. Бала көзбен қарасам да, «сұлулықтарына көз тоймайды». Кластарды аралап жүріп аяқтарымызды шпагатка созғызып, бойымызды, қолымызды өлшеді. Сөйтсек, Алматыдағы Селезнев училищесіне бала таңдап жүрген ұстаздар екен. Әсіресе, бір сұлу апай көздің жауын алды. Бұл кісі – атақты Шара Жиенқұлова екен. Мені бірден таңдап, оқуға шақырды. Атам: «Қой, әулетімізде әртіс бар», – деп, рұқсат бермеді. Айтып тұрғаны – атамның рулас інісі Әбіқан атамыздың ұлы Әнуарбек Молдабеков еді. Әнуарбек Молдабеков ағам Баян жеңешемді ауылға келін ғып әкелгенде, қасына Есболған Жайсаңбаев, Матан Мұраталиев сынды өнер майталмандары ере келіп, ауылды думанға толтырған. Әнуарбек ағамның әкесі мектепте директор болатын. Қуанышбек деген інісі екеуміз есік алдында ойнап отырып, тойға келген артистерге таң-тамаша боп қараймыз. Актрисалар – шетінен әппақ, әдемі. Сол әсер де өнерге деген құштарлықты оят­ты ма, кім білсін. «Қыз Жібек» фильмі шыққанда эпосты жатқа білетін атамды ертіп апарып, көрсет­тім. Соңынан атам: «Жақсы екен. Артистер өте әдемі екен. Біздің Андрей Шегені бабына келтіріп ойнады-ау!» – деп риза болған-ды.
Әулетімізде атаммен аталас болып келетін Айтжан Байғожаев деген туысымыз болды. Өзі – ақын, әнші, соғыс ардагері еді. Ермек Серкебаев екеуі жақын дос, бірігіп Опера театрында либрет­то жазатын. Атама еріп театрға жиі баратынмын. Мектепті бітірген соң Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының Энергетика факультетіне оқуға түстім. Әдемі апайлар аузыма түкіріп кеткен бе, бір жылдан соң оқуымды тастап, Алматы эстрадалық цирк колледжінің хореография бөліміне қайта оқуға түстім.
Бірінші курс аяқталмай жатып әскерге алып кет­ті. Чехославакия жеріне бару бұйырды. Орман іші… Жауын себелеп тұр. Ұшақтан түскен бізді сапқа тұрғызып қойды. Бүкіл Орта Азиядан жиналған жастар… Бұл 1973 жылдың күзі болатын. Пальто киген, шашы селдір кісі бүкіл саптағыларға: «Араларыңда әнші, музыкант, бишілер бар ма?» – деп айқайлады. Қасымдағы он бес күнде танысқан алматылық жігіт­тер қолын көтерді. «Биші бар ма?» – дегенде, мен де қолымды көтердім. Пешенеме өнер жазылған болу керек, Чехославакиядағы әскер горнизонының ән-би ансамблінің бишілер құрамына кірдім.
Әскер міндетін атқарған екі жыл ішінде Мәскеу, Киев, Минск, Новосибирск хореграфия учелищесін бітірген бишілермен бірге жұмыс істеп, тәжірбие жинадым. Әскерден оралған соң, Эстрада бөлімінде оқуымды жалғастырып жүріп, Алматы Жастар балетіне іріктеу өтіп жатыр екен, барып сынақтан өт­тім. Қазақ­станның халық артисі Болат Ғазизұлы Аюхановтың өзі ашқан ұжымына жұмысқа орналастым. Осылайша, үлкен өнердегі шығармашылық жолым басталды. Бала күнімнен сөз қадірін саралап өскеннен бе екен, сахнада қимыл-әрекетпен қоса сөйлегім келіп тұратын. Бала күнімде біздің мектеп айына 1-2 рет оқушыларды Алматыдағы бүгінгі Мүсірепов атындағы Жастар мен жасөспірімдер театрына спектакльдерге апаратын. «Алтын сақа», «Қожа мерген» қойылымдары есімде ерекше сақталыпты. Сол кез­де жап-жас, ке­йін, өзім сахнада, қазақ дубляжында әріптес болған Мәкіл Құланбаев, Қасым Жәкібаев, Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков ағалардың рөл сомдағандарын көріп, тәнті болатынмын. 1976 жылы Жас балет Ирак мемлекетіне атақты «Бағдат жәрмеңкесіне» фестивальге бардық. Бізді Мәдениет министрлігінен Қазақ­станның халық артисі Бәйтен Омаров бастап алып барды. Сонда қазақ тілінен жақсы болғандықтан, ағаның қасында көбірек жүрдім.
Драма өнері тартып тұрғандықтан 1979 жылы М.Әуезов академиялық драма театрының 2 жылдық курсын экстернатпен оқып, Бәйтен ағайдың қолынан диплом алдым. Ол кез­де Бәйтен ағай Әуезов театрының көркемдік жетекшісі болатын. Әуезов театрына жұмысқа қабылдады. Театрдағы тырнақалды рөлім – Мәмбетов ағайымыз қайта өңдеген Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» Люченция образы. Әзекең өзі де бимен айналысқан ғой, маған биден келгендіктен: «Аспанда екі рет айналып барып жерге түс», – деп айқайлайды. Аяғымда – кемі 5-6 килолық батфорд. Талай құлап, «Тағы бір рет құласаң, театрдан шығарып жіберемін», – деген Әзекеңнің айқайынан ышқынып, жанымды салып секіретінмін. Петручионы Әнуарбек Молдабеков ойнады. Әзекең: «Вот, два брата: один – влюбленный мальчик, второй – необузданный дурак», – дейтін еді. 1980 жылы Әуезов театрының кіші көрермен залында Р.Сейтметовтің режиссерлігімен М.Байджиевтің «Қалыңдық пен Күйеу» қойылымында Эрикті екінші құрамда ойнадым. Райымбек ағаның мәдениет­ті түрде актердің ішкі жан-дүниесіндегісін суырып алатын тәсілі қат­ты ұнайтын. Ана рөлін КСРО-ның Халық артисі Х.Бөкеева ойнады. Хадиша апайдан сахналық этика-эстетиканы үйрендік. Тәлім алдық. Әуезов театрында ит-құмырсқадан бастап – Қозы Көрпеш, Кассио сынды алпысқа жуық рөлді сомдадым. Бойымнан режиссерлік мүмкіндікті көрді ме, Ә.Мәмбетов жаңа қойылым кезінде мені көбіне қасына көмекші етіп алатын. Сол жылдардағы режиссерлердің қойылымдарында ойнай жүріп, өзім де режиссерлік тәжірбиені молынан сіңірдім. Актер ретінде отызға жуық режиссердің қолынан өтіппін. Бұл – үлкен мектеп.
1973-жылдары өнерге келдім. Бұл – қазақ театр режиссурасының плеядасы келген кез еді. Көбі білім жолында жүрді. Атап айтсам, Мәмбетовтің ізін ала келген – Қазақ­станның халық артисі Қадыр Жетпісбаев, Виктор Псурманов, М.Байсекенов, Рубен Андресяндар режиссер мамандығын Мәскеуде тереңдетіп оқып, облыстарға тарады. Соцреализм кезі ғой. Ол кез­де драматургия аса талапшыл іріктеуден өтетін. Қазақ кәсіби режиссурасының бірегейі Асқар Тоқпановтың мұрындық болуымен Консерваторияда «Актерлік шеберлігі» кафедрасы ашылды.
Театр – әлемде дүйім жұртқа ортақ жалғыз өнер ордасы. Тілі, діні, дәстүрі бөлек болғанымен барлық ұлт өкілдері бірдей ұғысып, бірдей таразылай алатын бірден-бір алаң – театр. Сондықтан Қазақ­станда да, Англияда да қойылып жатқан Шекспирдің спектаклі сыртқы формасымен бір-біріне ұқсауы мүмкін. Өйткені пьесаның өзегі – адамзат­тың мінез-құлқы, арақатынасы, тартысы. Әр тартыстың негізінде исі әлемдегі адамзатқа ортақ мінез жатқандықтан, қойылымдарда өзара ұқсасық болуы – табиғи заңдылық. Еліктеу – заңдылық. Әйтсе де, заманауи қойылымдарда Еуропаға еліктеудің кері ықпалы болатынын да жоққа шығармаймын. Бұдан сақтану үшін, режиссердің ұлт­тық салт-дәстүрімізге деген махаббаты зор болу керек.
1970-жылдар мен бүгінгі режиссерлердің шығармашылығындағы айырмашылық: ол жылдары бір спектакль жарыққа шығу үшін, кемі, екі жарым-үш ай жұмыс істейтінбіз. Сахнаның жабдықтауы бүгінгідей дәрежеде болмады. Қазіргі техникалық мүмкіндігі дамыған сахнамен салыстырғанда сол кез­дегі режиссерлердің қарабайыр техникалық мүмкіндіктермен қиялын шарықтата отырып жасаған сахналық, формалық шешімдеріне таң қаламын. Осы ағаларымыздың өкшесін басып қазақ театрына Е.Оразымбетов, Е.Тәпенов, Ә.Хұсе­йін сынды тағы бір толқын келді, бұлардың ізін ала Ж.Хад­жиев, Б.Атабаев, Н.Жақыпбай секілді режиссерлер қалыптасты. Қазақ театры режиссураға кенде болмады. Десе де, облыстық театрлар кәсіби режиссерлерге қат болғаны да – ащы шындық.
Шетел драматургиясын кей режиссерлер қазақыландырып жатады. Ол ұлт­тың өзіне тән табиғаты қазақыландырғанға келе ме, жоқ па?.. Қазақ тілінде сөйлегенімен – әр ұлт­тың өз мәдениеті, ұстанымы ерекшеленіп тұрғаны жөн. Әр ұлт­тың драматургиясы арқылы өзгенің танымы мен өз танымымызды салыстыра отырып, көрермен өзіне керегін табуына жол беруіміз керек.
Заманның ағымына сай сахнадағы жұмыс істеу бағыты өзгерді. Спектальдердің қойылу кезеңі қысқартылғаны соншалық, жиырма күнде, әрі кетсе бір айда апыр-топыр қойылым сахналанып жатады. Нарық заманының талабы – қойылымның сапасына тікелей кері әсер етіп жатқаны жасырын емес.
1993 жылы денсаулығыма орай академиялық демалыс алып, содан қайтып театрға оралмадым. Осы аралықта М.Байсеркеновтің қолынан «Актерлік» мамандығынан жоғары білім алдым. Байсеркеновтен алған теориялық білім мен Әуезов театрының алған тәжірбием мен бойыма жинаған нәрім әлі күнге шығармашылық һәм ұстаздық жолымда азық болып келеді. Бойымызға өнердің қай жанры дарыса да, тек қуалайды екен. Атам әкем өмірге келгенше сері болып, ел ішінде өнер көрсетіпті. Әкем, анам, нағашыларым да шетінен өнерлі болған. Қанымда болған соң ба екен, айтып өткенімдей, оқып жүрген политехты тастап, өнерден бір-ақ шықтым ғой.
Өнерде жүрген соң, өмірлік серігімді де өнерден таптым. Жарым – Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі, Шымкент­тің тумасы Нұрзада Ташімова да 34 жыл Әуезов театрының актрисасы болып өнер көрсет­ті. Қызмет бабымен мен Астанаға ауысқанымда, 17 жыл Қуа­нышбаев театрында актриса болды.
Биден ерте кетіп, би өнерінде орындалмаған арманым болған шығар, үлкен қызым Гүлфайрузды би мектебіне бердім. Алматыдағы Селезнев хореография училищесін аяқтады. Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінде 16 жасқа толмай екі партиясын да бірдей билеген алғашқы өнерпаз менің қызым екен. Ол жайында Ресейдің театртанушылары жазды. Астанада Опера театры ашылғанда, Мәскеуде істеп жүрген жерінен 19 жасында елге оралып, әлемдік балет­тік қойылымдарда биледі. 20 жасында «Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Екінші қызым әуелгіде Селезневке оқуға түскен болатын. Ке­йін ойынан айнып, қаржыгер мамандығын таңдады. Балаларымның мамандық таңдауына ешқашан араласпадым, ерікті өздеріне бердім. Себебі мен де өнер жолына өз таңдауыммен, қалауыммен келгенмін.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлт­тық өнер академиясы мен Астанадағы Қазақ Ұлт­тық университетінде көптеген шәкірт тәрбиеледім. Қазақ­станда қалыптасқан театр мектебі ұлт­тық құндылығынан алыстамай, бүгінгі жаңа формаға сәйкес заманауи формат­та, ұлт­тық ұстанымды көрерменге дәріптей білсе деп армандаймын. Онсыз да әлеумет­тік желілерден, ақпарат құралдарынан әлемде, елімізде болып жатқан қантөгіс оқиғаларды көріп, жүйкесі жұқарған көрерменге күйкі тірліктегі лас ахуалдарды сахна арқылы дәріптеу дұрыс емес деп ойлаймын. Оның да көркемдік формасын тауып, ой салатындай деңгейде жеткізген жөн. Кино да, сахна да қанға толып кет­ті. Жаһандану кезінде өзіміздің ұлт­тық қасиетімізді жоғалтып алмауымыз керек.
Алдыңғы буын режиссерлердің шәкірт­тері бүгінде режиссураға жаңа тыныс, жаңа бағыт әкелуде. Атап айтсам, Ф.Молдағали, Ф.Қанафин, Д.Жұмабай, Г.Адай сынды жас режиссерлер жаңа леп, жаңа екпін қосып жүр. Дей тұрғанмен, бұным ескіні аңсау емес – бүгінгі қойылымдарда, әсіресе, төлтуындыларымызға келгенде жаңа формаға салып, ұлт­тың діңгегіне айналған дәстүрімізден жұрнақ қалдырмайтын дүниелер легі сахна төрін басып кете ме деген қорқыныш бар. Бәлкім, текке уайымдайтын болармын. Әйтсе де, бұрынғы режиссерлердің ұлт­тық тектілікке қаншалықты мән бергені көз алдымда ғой. Содан алыстап кетпесек екен. Режиссерлік форманың арғы жағында сахнадағы кейіпкерді жаңа форматқа салып, ішкі жан-дүниесін сыртқы бейнемен алып шығады. Сондықтан көрерменнің есінде қалмайтын біртекті кейіпкерлер армиясы режиссураның мән-мағынасына кері әсер етіп жатыр. Дей тұрғанымен, жас режиссерлер форма мен ұлт­тық кодтың арасын жымдастыра отырып, ұлт­тық келбет­ті жоғалтпайтын, терең мағыналы дүниелер қояды деп сенім артамын.
70-ке келдім деп шалқайып жатпай, театр өнеріне күш-қайратым жеткенше үлесімді қоса беремін деп ойлаймын.

Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы академилық
қазақ драма театрының
әдебиет бөлім меңгерушісі, драматург

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір