«ХАН КЕГІ» ДРАМАСЫ және БОПАЙ ХАНЫМ БЕЙНЕСІ
«ХАН КЕГІ» ДРАМАСЫ және БОПАЙ ХАНЫМ БЕЙНЕСІ
Қазақтың үш ханын өмірге әкелген алтын құрсақты ана
Танымал ақын Светқали Нұржанның (Айт-Ман) «Хан кегі» дастанының негізінде жазылып,сахналанған «Хан кегі» драмасы 2018 жылдың наурыз айынан бері Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында қойылып келеді.
Қойылымның режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мерғалиева. Өзінің шығармашылық ғұмырында ұлттық және шетелдік қаламгерлердің туындыларына негізделген 80-ге жуық қойылымды сахналап үлгерген театрдың өнер ұжымы аталған тарихи-драмалық шығарманы өте үлкен шеберлікпен сомдап шықты. Әсіресе тарихи тұлғалар – Әбілқайыр хан, Бопай ханым, Барақ сұлтан, Неплюев, Тевкелев образдары тарихи шынайылығымен көрермен көңілінен орын алды. Драманың аты айтып тұрғандай, шығарманың басты концепциясы – Әбілқайырдай ұлы тұлғаның жаудан емес, өз қандасынан, қазақтан мерт болуының саяси және психологиялық астарын ашу, қан төгіп, жұртын бүліншілікке салмай, елдік салтын сақтай отырып, «ханның кегін алудың» жолын көрсете білген Бопай ханымның ақыл-парасатын, биік тұлғасын таныту. Біздің мақаламыздың мақсаты да – осы шығарма арқылы бұрынғыдан да айқындала түскен Бопай ханым бейнесі туралы пікірімізбен бөлісу.
Халқымыздың тарихи тағдырына тікелей ықпал еткен қазақ ханымдарының бірі әрі бірегейі – қазақтың бас ханы Әбілқайырдың жұбайы Бопай ханым туралы деректер 1731-1750 жылдар аралығындағы қазақ хандығына қатысты Ресей империясының саяси құжаттарында кездеседі. Әбілқайыр ханның саяси билігін талдаған зерттеу еңбектердің қай-қайсысында да Бопай ханымның есімі Әбілқайыр ханмен қатар айтылады. Орыс патшайымынан бастап, оның елшілері мен әкімшілік қызметкерлеріне дейін Бопай ханымның пікірімен, көзқарасымен санасып, кейбір жағдайда қазақ ханымының өтінішін жерге тастамай, қолдау көрсетіп отыруы Бопайдың тек Әбілқайырдың ақылшы, дана жары ғана емес, қазақ халқының мүддесі үшін күрескен саясаткер ретінде де теңдессіз бағалы тұлға екендігін танытады.
Бопай ханымның көркем бейнесі Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарында, Т.Ахтановтың «Ант» драмалық шығармасында, сондай-ақ С.Нұржанның (Айт-Ман) «Хан кегі» дастанында қазақтың қайсар қызы, отбасын ғана емес, бүтін елді ұйыстырушы абзал ана, Әбілқайырдай арыстан тұлғаның сүйіп алған жары, қолдаушысы, жоқтаушысы, Ресейдей алып империямен тайынбай тайталасқан айлалы саясаткер, Нұралы, Ералы, Айшуақтай хандарды тәрбиелеп қазаққа сыйлаған алтын құрсақты ана ретінде тұлғаланған.
Бопай ханымның шынайы тарихи тұлғасы Ә.Кекілбаевтың аталған романдарында айқын көрінеді. Бопайдың Әбілқайырға жар болу оқиғасы да бұрын-соңды көркем шығармаларда кездеспейтін тосын әрі тылсым құбылыстармен сипатталады. Жазушы Бопай қыз туралы ел арасында қалыптасқан аңызы мен шындығы аралас әңгіме-деректерді барынша мол пайдаланған. Соның бірі – Бопайдың қыз кезінде арқасы бар, көріпкел, сынықшы, ерекше жаратылыс иесі болғандығы туралы әңгімелер. Бопай мен Әбілқайырдың бір-біріне жар болып табысуына Бопай бойындағы тылсым қасиет себеп болған. Жазушы Ә.Кекілбаев ел аузында жүрген осы оқиғаның сырын: «Иә, ол бір ұзын хикая… Кейбіреулер бұның иығын оздырам деп дабырайтып айтар дақпырт. Кейбіреулер бұның шамына тием деп шымшылай айтар шындық. Ол есіне түскенде бұл, расында да, жалданбай жабыланып, айдынданбай аласарып қалады…» – деп, Бопайдың ішкі күйзеліс күйімен астарлап сипаттайды.
Бопай мен Әбілқайыр ханның отбасын құру хикасын баяндаған тарихшы И.Ерофеева тұңғышы Нұралыны Бопай оң жақта отырғанда көтерген дегенге меңзейді. Ә.Кекілбаев «Елең-алаң» романында «Содан екі жыл өткізіп, Нұралыға жерік болды…» – деп арнайы айтып өтеді. Тарихи деректерде 1710 жылы Әбілқайырды Кіші жүздің ханы етіп сайлайтын Қарақұм Құрылтайында Әбілқайыр мен Бопай отау құрып үлгерген. Ал Нұралының дүниеге келген жылы – 1711.
Бопайдың кісілік келбеті оның отбасындағы жарына көрсеткен құрметі мен ізетінен көрініс береді. «Содан бері қаншама жыл өтсе де, хан ие екеуі бір-бірінің өткен-кеткенін де, не істегелі жүргенін де тінткілеп көрген емес. Сұраспай білісіп, үндеспей ұғысатынды үрдіс тұтты», – дейді жазушы. Бопайдың ішкі жан-сарайының сұлулығымен қоса сыртқы келбетінің де келістілігі жазушының қаламынан тыс қалмайды: «Шалбарланып, бұрымына бұрымқап салып, басына түлкі тымақ киіп, қолына дойыр қамшы ұстаған сымбатты қыз тостағандай ала көзін төңкере қарап кіріп келгенде шынында да сұсты еді», – дейді. Ал Джон Кэстльдің бетпе-бет отырып, қыл қаламмен салған суретіндегі Бопай бейнесін Ерофеева: «На этом рисунке ханша Бопай изображена в полный рост, держащей за руку своего самого младшего сына Адиля. Мы видим здесь ее слегка склоненное в полуобороте нежное округлое лицо с подчеркивающим его женственность фигурным изломом тонких темных бровей и маленьким, изящно очерченным ртом, привлекающее к себе внимание своей отстраненной задумчивостью и несколько грустным выражением больших затуманенных глаз», – деп сипаттайды.
Соғыста олжалаған қалмақтың сұлуын үстіне әйел қылып алғанда да, көңілін тарға салмай, кеңге салған Бопай туралы: «Отауын өзі тігіп, төсегін өзі салып берді. Үйіндегі жиһаздың салихалы кісілерге лайық сарала, қоңыраласын өз төрінде қалдырып, қызғалдақтай құлпырған жасқа лайық қызылды-жасылдысын соның төріне көшірді. Күндесіндей емес, ұзатар қызындай қып күлтелеп ұстап отыр», – деп суреттейді. Осы тоқалдан туған ұлды: «Қазір екіге шығып, Әділмен бірге таласып еміп жүрген ерке күшік – сол Шыңғыс», – деп таныстырады. Ерофееваның тарихи деректерге сүйенген еңбегінде Әбілқайырдың қалмақ-торғауыт тоқалынан – Шыңғыс деген ұлының болғандығы, Бопайдан туған ұлдың кенжесі – Әділ екені жазылған. Сондай-ақ, Ерофеева Джон Кэстль салған суреттегі Бопайдың жетегіндегі сәби – Әбілқайыр мен Бопайдың кенже ұлы – Әділ еді деп көрсетеді. Олай болса, Ә.Кекілбаев сомдаған Бопайдың көркем бейнесі оның шын өмірі туралы тарихи деректерден алшақ кетпейді. Жазушы тарихи жазба деректер мен ауызша деректерді көркем шығармасына арқау еткен. Ол Әбілқайыр ханның алғашқы қосағы туралы: «Бұдан бұрын төре тұқымынан алған әйелі бала үстінен өлгесін екі-үш жылдай тұл жүріпті. Сосын бұл тап бопты», – деп жазады. И.Ерофееваның еңбегінде ханның бірінші әйелі туралы: «Первой женой Абулхаира (или байбише) была некая безымянная казашка, на которой он женился при невыясненных обстоятельствах еще в свои юные годы. Самое ранее упоминание о ней встречается только в известном «Журнале» А.И.Тевкелева за 5 октября 1731 года при описании первого свидания российского посланника с Абулхаиром в его летней ставке на р. Иргиз. Хан тогда рассказал своему собеседнику, что во время джунгарского нашествия и завоевания г. Туркестана были захвачены в плен «контайшой» его мачеха и жена, которых до сих пор не может выручить из джунгарской неволи. Позднее реальный факт существования у Абулхаира этой малоизвестной байбише подвердил в своих донесениях Коллегии иностранных дел и оренбургский губернатор Неплюев, упоминавший в 1749 г. о дочери хана от «его первой, уже умершей, жены», выданной замуж за султана Младшего жуза Жанибека», – деп нақты деректермен дәйектелген. Романда тағдырдың талайымен Бопайдың қолына түскен ауру жігіт: «Өкпелеме… Табамын…» – деп әлдекімге үздіге сөйлеп жатады. Бопайдың ішкі монологы арқылы автор: «…Мынау ыстық құшақ, әлгі бір үзілген сөз – бәрі де бұған емес… Бәрі де бұл дүниеде жоқ-бары белгісіз бөтен біреудің сыбағасы…» – дейді. Әбілқайыр хан мен Бопай ханым туралы арғы-бергі тарихи деректерді бес саусағындай білетін жазушы қалай болғанда да шындықтың аулынан ұзай алмаған. Егер әйелі бала үстінен қаза болса, жігіттің «Өкпелеме, табамын» деуі екіталай. Бұл жерде жарынан қапияда айрылған, мүмкін жауға алдырған, құтқара алмағанына қатты опынған, күйінген азаматтың бебеулеген жан даусы бар.
«Ананың қапасынан қас надан боп туатын ешкім жоқ..»
Тарихи тұлға ретінде Әбілқайыр ханның осы уақытқа дейін өзінің толық бағасын ала алмай келгені жасырын емес. Оның билікке келген кезі қазақтың басынан бағы тайып, алмағайып заманаға тап болып, не әрі, не бері болудан басқа амалы жоқ, қысталаңда тұрған шағы еді. Халықтың тағдырын тақта отырып, есіліп билік айтқан, көсіліп көсемсіген хан емес, желдің өтінде, жаудың бетінде беттесіп, белдесіп жүріп теңдік сұраған, кейде айла-әрекетке де баруға мәжбүр айбатты әмірші ғана шеше алатын заман туды. Халқын осындай өткелектен алып шығу үшін Жаратушы қазаққа Әбілқайырдай көсемді берді. Бірақ халық барлық уақытта оның бағасын біле алмады. Ә.Кекілбаев Бопайдың ішкі түйсігі арқылы мына жолдарды айтқызады: «Ананың қапасынан қатыгез, қас надан, топас, зұлым боп туатын ешкім жоқ. Бәрінің алдын суытып, ішін мұздататын, қолын арамға, пейілін теріске бастайтын ағайын деп аталар, жұрт деп аталар, кейде тіпті халық деп аталар кенеусіз қара тобырдың керең көңілі, кенде ықыласы, кейде тіпті көпе-көрнеу зорлығы, қағажуы… Мынадай түр десең түр, тұлға десең тұлға, кісілік десең кісілігі бар азамат бұл қазақтың арасында қай бір айдарынан жел есіп жүреді ғой дейсің? Әлгі бір тоң боп қатқан тұңғиық дерт те сол көптің қақ-сұғынан шығар…».
C.Нұржанның «Хан кегі» поэтикалық драмасы Бопайдың қазақ жұртының бас ханымы ретіндегі кісілік бейнесін, саяси тұлғасын шырқау биікке көтерген, сол арқылы бүкіл қазақ әйелдерінің, аналарының мерейін аспандатқан бірден-бір сахналық көркем туынды деуге негіз бар.
«…Орныма қай балам лайық?»
Бірінші көрініс хан мен ханымның оңаша диалогынан басталады. Оңаша отауында жарының аяғын жуып отырған нәзік жанды, ізетті әйел мен ханның кеңес салар ақылманы дана әйелді қатар көреміз.
Құйып ап атау-кере – торсыққа дәм,
Аттанып кетіп едің – жол шықты аран.
Ақ Еділ – Өр Алтайдың арасында
Бір төбе қалды ма екен сен шықпаған?!
Хан болдың Хиуаға да, башқұртыңа,
Табынды олар-дағы тас тұрқыңа…
Тақымың тақтан емес, аттан тозды,
Табам деп жайлы қоныс қасқа ұлтыңа!
Қасқа ұлтың – дала-дидар, ғаршы-бітік,
Жұртына кетті тастап қанша ұлытып.
Сүрінген кем жеріңді тергеп, тінтіп,
Кетеді еңбегіңді тарс ұмытып… –
деп, қарашасы ұқпаған ханды жанымен түйсінген, соның жолында қандай тәуекелге де бара алатын бақилық жарды көреміз. Әбілқайыр ханның: «Бәтима! «Жан барда – жазым бар». Бастан жығам аумай тұрып Қалға сайласам деймін. Мен олай-бұлай болып кетсем, орныма қай балам лайық? Сен не дейсің?» – деген сауалына:
«Нұралыны хан қойсаң –
ат үстінен сиерсің,
Ералыны хан қойсаң –
мауыты шекпен киерсің,
Айшуақты хан қойсаң –
жауыңа күнде тиерсің!»
Қожахмет пен Әділді
Кезекпе кезек сүйерсің…» –
деп жауап беру үшін үш күндігін ойлайтын әйел заты емес, қырық жылғыны алдын-ала болжап білетін көреген болу қажет екені сөзсіз. Бопайдың ана ретінде ғана емес, көреген саясаткер, көріпкел сәуегей ретіндегі ерекше болмысын тарихтың өзі дәлелдеді. Бес ұлдың үшеуі қазаққа хан болды. Әрқайсысының қандай хан болғанына халық өзі баға берді.
Бопайдың ханым ретіндегі қайсар образы, әсіресе, Барақ сұлтанның сатқындығынан мерт болған қазақтың Бас ханының кегін қайтару, Барақ сұлтан сияқты елдің бірлігін емес, өзінің күйкі тірлігін ғана ойлайтын басбұзарларды елден аластау жолындағы әрекеті барысында айшықтала түседі. Барақ сұлтанды ауыздықтау жөнінде орыс әкімшілігіне бірнеше рет хат жазып, елші жібереді, олардан белді әрекет болмаған соң, өзі қимылға көшеді. Ханның кегін қайтарар өр рухтың, қайтпас намыстың, аршылдықтың иесін іздегенде өзінің төркіндеріне арқа сүйейді.
«Ерке өсті бес бөрінің ортасында…»
Бопай ханымның шыққан тегі туралы екі түрлі көзқарас болды. Бұл туралы қазақ тарихшыларының өздері: «Бопайдың өзі он екі ата Байұлының адай бөлімінен. Бүгінге дейін оны төре тұқымынан, Дербісәлі сұлтанның қарындасы екен деп жазып келгенімізбен, оның замандасы әрі Әбілқайыр хан отбасымен тығыз араласқан А.И.Тевкелевтің мұрағаттағы жазбасындағы құжаттарға сүйене келе, адай батыры Мырзатайдың қарындасы деп тиянақтаймыз», – деп жазды. Әбілқайыр хан туралы бірден-бір көлемді ғылыми еңбектің авторы И.Ерофеева Бопай ханымды төре тұқымынан деп, Бопайға дейін Әбілқайырдың әмеңгерлікпен алған, кейін жоңғар шапқыншылығы кезінде жастай қайтыс болған бәйбішесі адай руынан еді деп көрсетеді. Т.Ахтановтың драмасында Әбілқайыр ханның бәйбішесі Бәтима (Бопай) Кіші жүздің Әлім руынан деп көрсетілген. Ә.Кекілбаев пен С.Нұржанның жоғарыда аталған шығармаларындағы Бопай ханым адайдың батыры Сүйіндіктің қызы ретінде суреттеледі. С.Нұржанның «Хан кегі» дастанында Бопай мен Әбілқайыр ханның бас қосу хикаясы бас-аяғы 5 шумақ жырда ақындық тілмен, абыздық ділмен көркем суреттеліп өтеді:
…Қызы еді тентек елдің – Адай деген,
Туғызған теміржұлын талай берен.
Тұқымы «көк найзалы Табынайдың» –
Әруағын Ер Сүйіндік – қалай дер ең!..
Ерке өсті бес бөрінің ортасында
Екі қыз – әпекесі Қанай менен.
Кең Үстірт – құла майдан, жан-жағы сор,
Жантағы – суға қанық, қаңбағы – шөл…
«Қызымды берем «Бара бәйбішеге!» –
Деп батыр отыратын, – арманы сол.
Ақыры орындалды сол арманы,
Құдайдан шын тілесең, болар-дағы…
Мертіккен Әбілқайыр тап болып ед
Жүргенде аңды қуып сонардағы.
Тастаған ит-қиянның жотасына із
Мейманға (мал жоқ болса) ет асыңыз!..
Жары өлген жалғызсүрей жадаукөктің
Мертігін салып берген «оташы қыз»…
«Оташы» – Бопай еді осы отырған,
Сонымен әке арманы қоса тынған!..
Кеткен-ді ханға «Бара бәйбіше» боп,
Айрылып «хан» дегенде ес-ақылдан!
Адайдың көк найзалы Табынайынан туған Ер Сүйіндіктің оташы қызы, Әбілқайыр ханның сүйген жары Бопай туралы ел аузындағы аңыздаулардың дерегі осындай. Қазақ бәйбішенің орнына бәйбіше болып келген әйелді «бара бәйбіше» деп атаған. Әбілқайыр ханның қайтыс болған бәйбішесінің орнына барған Бопай ханымның да Ордадағы орны – бара бәйбішелік. Қысқа да нұсқа поэтикалық баяннан Бопайдың асыл тегін де, Әбілқайырмен табыстырған тылсым болмысын да ұғып үлгереміз.
«Адайға олай-бұлай күн туып тұр…»
Ә.Х.Марғұлан «көшпелі академия» деп бағалаған Алшын Меңдалыұлының «Адай шежіресінде» Бопайдың туысын Адайдың Тобыш тармағынан таратады. Адайдың «екі жақты, бір тілдінің биі» аталған Қарпық бидің Бопайдың апасы Қанайдан туған жиен екенін айтады. Әбілқайырдың кегін қуып Орта жүзге барғандардың бірі деп осы Қарпық биді атайды. Адайдың бес тақтағының бірі – Абыл жырау Тілеуұлы Баймағамбет сұлтан Айшуақовқа арнаған толғауында:
Арғы атаң хан Нұралы, сұлтан Есім,
Ақсұңқар алған аңын тірі жесін.
Жиенді-нағашылы адам едік,
Бір демеп көтере гөр, сүйектесім.
Арғы атаң – хан Нұралы, сұлтан Есім,
Ақсұңқар алған аңын өзі жесін.
Әлемге ай мен күндей ортақшыл бол,
Тілесе тілегіңді ел тілесін…
Көрерміз, бұ заманда қайдам, сұлтан,
Бопайдың сүткенжесі Айшуақ хан.
Бай-екем болса ақылды бір алуан –
Кәпір мен мұсылманның бабын тапқан… –
деп, Баймағамбет сұлтанның адайға жиен екендігін есіне салады. Тағы бірде қолайына жақпай қалған сұлтанды Абыл ақын:
Бопайдан туған атаң Айшуақ хан,
Табаның таймай тұр-ау мінген тақтан.
Дәлірген тажал сынды дәрежеңді
Деп жүрсің Құдай қорып, Қыдыр баққан, –
деп шенейді. Жалпы Әбілқайыр ханның ұрпақтарын жиен деп атау ғасырлар бойы адайлардың үрдісінен қалмай келе жатқаны ауызша жеткен тарихи деректерден белгілі. Кіші жүздің Әлім тайпасына жататын рулар мен Адай рулары арасында жанжал туып, екі жақ төрелік сұрап Есім сұлтанның алдына барғанда, Сүйінғара батыр бастаған ел ақсақалдары жаңадан сөз ұстап жүрген жас Абыл жырауды да ерте кетеді. «Есім сұлтанға барып сәлемдесуге шатырға енген Адай жақсыларының соңын ала Абыл да кіріп, сәлемдесу кезегі келгенде:
– Ассалаумағалейкум, сұлтан Есім,
Ақсұңқар алған аңын өзі жесін.
Адайға олай-бұлай күн туып тұр,
Осы жол демеп жібер, сүйектесім… –
деп, қол алысады. Астарлы сөзбен Есімнің Адайға жиен (Есімнің атасы Әбілқайыр ханның бәйбішесі Бопай ханымның Адайдың қызы екенін меңзеп отыр) екендігін есіне салып, келгендер атынан адайларға араша түсіп, қолдау көрсетуін сұраған емеурін білдіреді. Ақсақалдар атынан айтылған аталы сөздің мәніне түсінген Есім сұлтан мына жас жігіттің өткірлігіне ырза болып, адайларды әлімдерге ауыр құн төлеуден аман алып қалады.
Олай болса, автордың Бопай ханымның төркіндері туралы ойы тарихи деректермен сәйкес келеді.
«Бұдан асқан «хан-талапай» бола ма?!»
Сонымен Бопай ханым төркіндеріне сәлем айтып, кенже баласын жөнелтеді. Автор өзінің сүйген жарынан, халқының Бас иесінен қапияда айрылып, қасіреттен қан жұтқан ханымның аузына: «Екі жылдан бері әкеңнің кегі алынған жоқ! Бұдан асқан «хан-талапай» бола ма?! Күллі дүниенің құйыны бізді ұрғылап, «үйірмекіл» ойнатып тұрған жоқ па?! Ойын бітті, балам! Бұл іске тәуекел деп өзім кіріспесем болмас! Желідегі бозша нарды жетегіңе алып, нағашыларыңа бар! Жиын отырсын, алдымен бара жатқаныңды айтып хабар жібер. Барған бойда, сәлеміңді аттан түспей беріп, нарды шөгермей, тұрған күйі қанжарыңмен шалып жібер! «Жүрегінен оқ тиген өлі марал осындай сәлем айтты!» – деп, кідірмей қайтып кет!» – деген сөздерді салады.
Бопайдың ханымдық болмысы, текті табиғаты тек қазақты ғана емес, орысты да таң қалдырудан танбағанын автор кейіпкер диалогы арқылы шебер бере білген. Неплюевке: «Сайтан алғыр! Бұратаналардың арасында бұндай да қатын болады деп кім ойлаған?! Әбілқайыр ханның түбіне жеткенімізге екі жыл болды. Бірақ мына қабылан қатыны талап-хат жазуын тоқтатар емес. Не жазу керегін де жақсы біледі!
…Бұл өзі қайдан шыққан қатын? Нәсілі қарасүйек деп естіп ем ғой?» –деген шарасыз сауал қойдыртып, Тевкелевке: «Бопай – Жемнің аржағында, Аралға дейін көшіп-қонып жүрген қырық мың үй Адай деген жаужүрек рудың қызы. Ғафу етіңіз, қарасүйек дегеніңіз қалай болар екен?..
…Адайлар – өздерін Нұрдан жаралғанбыз, атамыз Қызыр деп есептейтін көрінеді. Бопайдың өз атына арнайы ханымдық мөр ұстайтыны да тегінің тегін еместігін білдірсе керек… Әбілқайырдың өзі әлме-талма тұстарда осы қайынжұрты мен Жетіруға арқа сүйепті», – деп жауап бергізу арқылы автор С.Нұржан Бопайдың тегі туралы бұл уақытқа дейін орыс-қазақтың ортасында түрліше айтылып келген жорамалға жауап береді әрі Бопай ханымның өр рухты әйел, көреген саясаткер ретіндегі образын танытады.
Өзінің сүйген жарынан, елінің бас иесінен қапияда айрылып, қасіреттен қан жұтқан ханымның сатқын, қанішер Бараққа шығарған кесімі де екінің бірінің ойына келе бермейтін тосын әрі өнегелі астары терең қадам. «Қанға – қан, жанға – жан» деген кекшіл тілектен ада, басына қайғы түсіп, қандасынан сатқындық көргенде де елдің бірлігі мен бүтіндігін ойлаудан бір танбаған Бопай-Ана, Бопай-Жар, Бопай-Ханым өзінің биіктігін, тектілігін көрсетеді.
Тарихи құжаттардан алынған деректі фразалар
Қандай шығарманың да көсегесін көгертіп, көңілін ашатын оның тілі екені сөзсіз. Осы орайда «Хан кегі» драмасының тілдік шұрайы өз алдына бір дүние. Біріншіден, автор әр кейіпкерді қоғамдағы орнына, мінез-құлқына, өмір сүрген дәуіріне сай сөйлете білген (Абылай хан мен Бопай ханым, Неплюев пен Тевкелев, Неплюев пен Барақ сұлтан). Кейде тарихи тұлғалардың аузына олардың тарихи құжаттарда мөрленген сөз-ләмін салып отырады. Мысалы, Неплюевтің: «Да-а-а! «Былай алғанда, киргиз-кайсактар Ордасы түкке де тұрмайды. Ол Әбілқайыр сияқты адам билегенде ғана ғаламат күшке айналып шыға келеді…» Сондықтан бізге мұндай адамның керегі жоқ…» – деген диалогындағы тырнақшаға алынған сөйлемдер, Барақ сұлтанның аузымен айтылатын: «Күбірнатыр мырза! Сіздің менімен, яки Барақ сұлтанмен дос екендігіңізді біздің қырғыз-қайсақтар жақсы біледі…» – деген жолдар – тарихи құжаттардан алынған деректі фразалар.
Екіншіден, сол дәуірге тән, қазіргі уақытқа дейін көнекөз қарттардың аузында қолданылып келген бағзылық қолданыстарды алады.
Бопай ханымның тарихи-көркем тұлғасы сонау XVIII ғасырдың көмбе көмей жырауы Абылдан бастап заманының заңғар қаламгерлері Т.Ахтановтың, Ә.Кекілбаевтың, солардың сара жолын тың поэтикалық мінездемесімен жаңғыртқан С.Нұржанның шығармалары арқылы ұрпақтан-ұрпаққа, заманнан заманға жалғасып келеді. Ел мен жерді, дос пен жарды сатуға жаны қас Бопай-Ананың:
Жуынғай деп, көгім – нілмен,
Арылғай деп, көңіл – кірден,
Құтылғай деп, жерім – зілден,
Кезем қырды, тау ішін.
Ұйықтамайды менің мүрдем!
Ей, ұрпағым, естимісің –
Бауыздалып желіп жүрген
Боз маяның дауысын?.. –
деген Аманат-зары әлі де қазақ жерін кезіп жүргендей…
Бибіайша НҰРДӘУЛЕТТЕГІ,
ф.ғ.д., профессор
ПІКІРЛЕР3