ХАН КЕНЕНІҢ БЕЙНЕСІ
12.07.2024
114
0

сомдалған «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогия ұлт рухын шыңдайды

Қазақтың соңғы ханы Кенесары мен оның арғы-бергі заманы жайлы Әділбек Ыбырайымұлының кітабы қолыма тигенде «көркемдік шеберлігі мен стильдік ерекшелігі қаншалық деңгейде?» деген оймен, біраз қарап отырдым.

«Семсер жүзіндегі серт»… Оқи келе шығарманың бұлай аталуының мәнісін ұқтым. Кенесары да, оның ұлы Сыздық та қалың бұқара үлкен міндет артқанда еліне мінсіз қызмет етуге, халқының қас жауын аямай қанға бөктіруге ант етіп, семсердің жүзін сүйіп, сертін бекіткен екен. Осы ант пен серт оларды алған бағытынан бұлтармай, ата-баба аманатына қылаудай қиянат келтірмей, ұлт пен ұрпақ алдындағы борыштарына өмірлерінің соңына дейін адал болуға жетелеп отырады. Қатер мен қауіп үйірген сын сәттерде де серт – хақ жолынан тайдырмады. Тіпті, қас-қағым өмірдің ар жағында өлім тұрғанын ұмытып, Отаны мен туған жерін дұшпаннан арылтуға жанын салды.
Міне, осы бір бабадан балаға мирас болып келе жатқан табандылық пен жау­жүректік – перзенттің халқына деген кіршіксіз махаббатын көрсетеді. Елін, жерін басқыншы ақ патша империясының ашкөздігінен арашалаған Кенесары-Нау­рызбай ақиқаттан айнымады, ажалдан қорықпады. Ел мүддесі үшін өмірін құрбандыққа шалған хан Кене қалың елі қазағының жүрегіне жерленген…
«Төл әдебиетімізде еліміздің ХІХ ғасырдағы басынан кешкен кезеңін бейнелеген туындылар жоқ» десек, асылық болады. Алайда, кешегі күнге дейін Кенесары басқарған халық майданының хронологиялық легін сақтап, оқиға неден басталып, қалай өрбитінін және немен аяқталатынын желісін үзбей жеткізген шығарма, шынын айту керек, жоқ еді. Жалпы, ақырғы құрылған хандық дәуірдің соңғы тұстарын тілге тиек еткен туынды ұшыраспаған. Бұл трилогия І. Есенберлиннің «Қаһар» романының жалғасы іспетті. «Қаһар» – Торғай, Мұғалжар аймағындағы оқиғалармен шектелсе, мұнда Жетісу, Алатау етегі, тіпті Тұран өңірін тұтас қамтиды. Туындыдан тәуелсіз ой-сана мен дербестік мінез көрінеді. Әрі, үштомдық – рухани қазына қоржынына тәуелсіздік жылдары түскен сүбелі еңбектердің бірі.
Кітапта жоңғар шапқыншылығы, патшалық империя басқыншылығы, қытайдың ықпалы, қырғыз халқымен арадағы қатынас, Қоқан, Хиуа хандығы, Бұхар әмірлігі сияқты өзбек мемлекеттерінің іс-әрекеттері ұғынықты, тартымды сипат­талған. Осылардың ортасында қазақтың жанкешті тұрмысы мен қаһармандығы, күрескерлігі бейнелі суреттелген.
Кешегі кеңестік кезеңде орысияның озбырлығын жаба-тоқып, олардың тарапынан тек шарапаты ғана тигендей, барлық айып-анжыны өзімізге аударып, құрдай жорғаладық. Өйткені қожайынына құрақ ұшып, жалпақтау – бодан жұрттың бойындағы «негізгі қасиеті» еді. Осы бір құлдық ұрып, төменшіктеу мінез-құлқымызға әбден сіңіп, тарихтың «таңбалы» тұстарын да, күндегі тірліктегі ақиқатты да бетке айтуға жүрегіміз дауаламады. Міне, азаттықтың айғағы – ұлттық тарихи сана бой көтерді. Оған дәлел – осы «Семсер жүзіндегі серт».
Жолбарыс жүректі Кенесары қазақ елінің болашағы үшін ғана емес, тұтас Тұранның тәуелсіздігін түпкі мұраты етіп атқа қонды. Оның айнымас мақсатына бет алған жолда қырғыз туысқандардың қолынан ажал құшқаны жалпақ жұртқа аян. Алайда, ағайынның көңіліне қарағандықтан бұл жайында сыбырлап қана ерін ұшымен білдіріп, өз үнімізге өзіміз тұншығып келдік. Мүмкін, бойымыздағы ел арасына іріткі салмауды көздеген қанғасіңді ата-баба дәстүрінің бекемдігінен, әлде басқа жайт, әйтеуір, Кенесарыға байланысты «қырғыз тақырыбы» көпе-көрінеу көмескі қала берді. Ел арасында оны «егжей-тегжейлі білсек» деген ішкі құмарлық арта түсті. Осы тұрғыдан алғанда трилогия – тарихи ақиқаттың қоймасын ашқан тұңғыш туынды. Олай дейтініміз, Майтөбедегі қырғын ғылыми тұрғыда там-тұмдап жазылғанымен, көркем әдебиетте әлі толық көрініс таппаған еді.
Мұнда қазақ-қырғыз арасындағы жаугершілікке қатысты көптеген жаңа деректер әрі әдеби, әрі көркемдік таным аясында барынша кеңінен қамтылған. Қырғыз бен Кенесары хан соғысының бұрын былайғы жұртқа онша мәлім емес қырлары жақсы көрсетілген. Оқиғасы мен сюжеті бебеу жанға бұрау салмай қоймайды. Әйткенмен, бір ұлтты – көтеріп, бір ұлтты – кемсітпеген. Автор кісілік этиканың да, ұлттық ар-намыстың да шегінен шықпайды. Кенесарының жауы – қырғыз халқы емес, отаршылдардың сойылын соғып жүрген ұлт сатқындары. Олардың ішінде билік басындағы кейбір қазақ төрелері де, қырғыздың бай-манаптары да бар. Кітаптың соңына қарай ырысын ымырадан тапқан, туысқан қос елдің бейбіт тұрмысы баяндалады.
Халық жадындағы Кенесары образы Ілияс Есенберлиннің «Қаһары» арқылы қалыптасты. «Семсер жүзіндегі сертте» хан Кене өзінше типтенген. Оның тұлғасы мен басқарған майдандардың ұлт-азаттық сипаты тәуелсіздік идеясымен ұштасып жатады. Бас кейіпкердің жағымдылығын асырам деп, бірыңғай мақтауға жол берілмеген. Мейлінше ақиқатын айтуға тырысқан. Басынан кешкен жайларды, шайқастың алдына көлденең қойылған көптеген кедергілерді, орын алған оқиғаларды дәйекті түрде дәл береді. Романда соғыстағы сәтсіздіктердің де себептері дұрыс түсіндірілген.
Кенесарының ұлдары Сыздық сұлтан, Тайшық, Ахмет төрелер жайында бұрын қалам тербелмеген еді. Сыздықтың атын ғана атағандары болмаса, оның қаһармандық бейнесін, ішкі мақсат-мұратын, халықтық болмысын бұл уақытқа дейін ешкім көркем дүниеге ұластырып, образ жасамаған. Романда бұлардың бейнесі мазмұнмен қабыса, уақыт ағымымен астасып кеткен.
Көтерген жүгі қаншама ауыр болғанымен шығарма жеңіл оқылады. Дәуір көрінісі айқын бейнеленіп, тартымдылығымен баурап әкетеді. Кейіпкерлер мінезі мен психологиясы әр ал­уандығымен мазмұнын байыта түседі.
Мәселенки, бірінші кітап «Арланның азуы» – Кенесары ханның тағдырына үкімін айтып, қолын қанға малған Орманбет манаптың ат аяғы жетер тұсқа сауыншылаған шешесінің асынан басталады. Тезек төренің ықпалындағы ығай мен сығайлар қотарыла барады. Ас үстінде Сүйінбай ақын Қатағанмен айтысып, соңында оны жерге кіргізгендей етіп жеңуімен аяқталады. Осы екі арада қазақтың бүкіл тарихы автордың кестелі тілімен көз алдан өтеді… Абылай кезіндегі қырғыздың ұлы жүзге көрсеткен құқайлары мен салған ойраны – қазаққа жасаған шабуылдары жан-жақты суреттеледі. Қазақ сарбаздарының басынан мұнара тұрғызған қанды қасап, одан кейінгі «Жайыл қырғыны» оқырманның есін алып, үйіріп әкетеді.
Негізгі оқиға өрбіп отырған мезеттегі қазақ елінің көне тұрмысы мен сыртқы көрші-көлеңмен қарым-қатынасы шынайы жазылған. Жалпы, ілгері тарихқа панорамалық кескін беріп, шолу жасалған. Сол арқылы оқырманды басты күрделі оқиғаларға әзірлеп әкеледі.
Екінші кітап «Серт» – Кенесары қозғалысымен ниеттес болған орта жүз матай руының биі Дөсетұлы Тәнекені таныстырудан басталып, соңында Тәнекенің қырғыз манаптарынан Кенесары-Наурызбай қазасының кегін қайтарған әрекетімен аяқталады. Осы екі арада түгелімен Кенесары көтерілісінің ерлік даңқы мен трагедиялық тағдыры баян етіледі. Осылайша автор туындының көркемдік кілтін дұрыс таба білген. Тарихи шындықты айту – реніш тудырмаса керек. Оның үстіне, Кенесары мен Наурызбайдың қырғыз манаптарының қолынан ажал құшқаны, арадағы өзара шапқыншылық жағдайлар айтылмай жүрген жайт та емес.
Рас, Кенесарыдан қырғыздар көрген құқайды, қазақ елінің ішіндегі ақ патшаға бетін бұрған екі жүзді төрелердің ауылдары да басынан кешті. Сатқындарды жаныштаймын деп халыққа да зауал әкелетінін іштей білетін хан Кене жазалау шараларын сөзінен тайып, теріс айналған жылпостардың еліне жасады.
Үшінші кітап «Рух» – хан Кененің он төрт жастағы ұлы Сыздықтың ауылдарына қауіп үйірген қоқан әскеріне қарсы аттануымен басталып, ата-баба рухының аяққа басылмауы үшін болат семсерін бойынан тастамай, дұшпанымен аяусыз шайқасып өтуімен жалғасады. Ешқандай арнайы білім алмаған сардар соғыса-соғыса «сахара генералы» деңгейіне көтеріледі. Қазақ даласы мен Орталық Азияны отарлаушы империялық ақ патшаның генералдарын бықпырт тигендей жасап, бірнеше дүркін соққы беретіні – қазақтың «қасқадан қасқа тумаса да төбел туады» дегенінің айғағы секілді көрінеді.
Жалпы, мұнда қазақ елінің орыс отаршылдығына қарсы көтерілісі кеңінен қамтылған. Кенесарының мұрагері – Сыздық сұлтанның сол күрестерге қолбасылық етіп, шайқасты үздіксіз өрбітуі әсерлі суреттеледі. Сыздық образы арқылы ата-баба аманаты мен перзент парызы, нақтысын айтқанда, ұдайы еркіндікке ұмтылған қазақ халқының жанкешті қаһармандығы бейнеленген. Ақырында күрескерлік тұтас бір құрлықты алып жатқан темір құрсауды тас-талқан еткен қасиетті Желтоқсан оқиғасына келіп тіреледі. Кенесары ханның өлер сәтінде:
«Рухымды менің оятар,
Қара жер-бесік тербетсе», – деп айтқанындай, шырқырап елінің болашағын қорғаған Желтоқсандағы жастардың азалы үні қара жерді тербеді. Қазақ даласында хан Кененің Рухы ояна бастады. Оның «Сендермен бірге жүрегім» дегеніндей, халқының жүрегіне жерленген қайсар тұлға, үш ғасырдай езіп-жаншылған қазақтың санасына Тәуелсіздік сәулесін себезгілетті. Көк Тәңірідей киелі аруағы елінің десін жүргізіп, сесін арттырды.
Осының бәрі тартымды тылсым дүниеге айналып, жаныңды баурап, құлқыңды алып, үйіріп әкете береді. Трилогияның өн бойында Кенесары тұлғасы мен Тәуелсіз мемлекет құру мақсат-мұраты алтын арқау болып тартылған.
Көркем әдебиет қоғамда тарихи сана қалыптастыруда елеулі рөл атқарары мәлім. Бізде тарихи тақырыпқа арналған прозалық туындылар жеткілікті. КСРО-ға бейімделіп жазылған тарихты мойындамаған І.Есенберлин, М.Мағауин,
Ә.Кекілбаев сияқты қаламгерлер, тотолитарлық жүйенің өзінде шығармалары арқылы дербес көзқарастарын таныта алды.
Әділбектің де жеті ықылым дүниеге бет бұруы сол дәстүрлі үрдісті жаңа заманда сабақтастыру. Әдебиетіміздің заманауи тарихи романдармен толыққанын қалайтынымыз да белгілі. Ә. Ыбырайымұлы романы қазақты ғана емес, түркі тілді туысқандарымыздың да оқырманын өз сиқырымен баурайтынына сеніміміз мол. Өйткені төл тарихымызбен қатар, тұтас Түркістан миллетінің шежіресін қозғаған аясы кең. Сондықтан оның өзге де көршілес туысқан халықтарға қатысы бар, отаршылықты бізбен қатар басынан кешкен жұрттың бәрі тартынбай оқиды.
Жақсылыққа қуануды ұмытқан сәтте, ардың ісі әдебиет те бұзылады. «Семсер жүзіндегі серттің» соңғы бетін жапқанда бұрынғыдай саясаттың қолбаласы болмаған қазақ романының жаңаша бітімін көріп, бойымды қуаныш сезімі керней, төңірегіме марқая қарадым. Кенесары мұрат тұтқан тәуелсіздік рухымен оянған буын келе жатыр. Үш жүз жыл ұрпақты ділінен ажыратып, ұлттық құндылықтарынан тұттай жасаса да, бұл – ес пен сестің қанша ғасыр өткеніне қарамай бабадан балаға ауатынының көрінісі. Тілінен айрылған тобыр, отаршылар отықтырып тойындырған обыр қанша бұлқынғанымен ұлттық ділдегі бүтін бұқара оларды бауырына басып, байырғы болмысына сіңдіріп әкетеді…
І. Есенберлиннің дәстүрімен үш томдық тарихи туындыны тәуелсіздік ой-сана тұрғысынан Әділбек Ыбырайымұлы қағазға түсірді. Ол және Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты алуға әбден лайық. Әрі, Мемлекеттік сыйлықтың Кенесары хан сияқты мемлекетшіл тарихи тұлға туралы роман-трилогияға берілуі – Тәуелсіздік мұратымен сай келеді.

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір