«Дина» драмасы сахналанды

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ақын, драматург Маржан Ершудің «Дина» драмасының премьерасы өтті. Қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш күйші-композитор Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығына арналған қойылымды режиссер Алмат Шәріп сахналаған. «Дина шешей» атанған ерекше шығармашыл тұлға, XIX–XX ғасырлардың куәгері Дина күйшіге арналған бұл деректі қойылымда күй алыбы Құрманғазының төл шәкірті, ес білгеннен домбыраны бауыр басқан Дина анамыздың тағдыр жолы, күйшілік өнеріндегі ізденістері шебер суреттеледі.
Жұртшылық жылы қабылдаған қойылымға оның авторы Маржан Ершу қатысты. Ол шығарманың Дина күйшінің күреске толы өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында жазылғанын атап өтті.