ДОМБЫРА – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ БЕЙНЕСІ
Киелілік статусқа ие «домбыра» сөзі індете зерттеуді аса қажет етеді. Оны түсіндіру үшін, әуелгі ілім мен кәдуәлгі ғылымды қамтып зерттеу керек. Бүгінгідей еуропалық-советтік зерттеу методологиясымен домбыраны тек музыкалық аспап дегеннен әріге бара алмаймыз. Мысалы, домбыраның екі ішегі мен қырық пернесін алайық.
Екі ішектің жоғарғысы – еркек (жуан дауыс), төменгісі – әйел (жіңішке дауыс). Қырық перне – қырық баласы. Еркек (отағасы) пен әйелдің (отанасы) үні бір үндіктен шығады. Бұл – ауызбіршілік, берекелі отбасы құндылығы. Еркек бағыт-бағдар беруші, көп сөйлемейді, пернелерді жиі мазаламайды. Барлық қызмет пен тауқымет әйелдің мойнына түседі. Бұдан үнді модельдеу процесі көрінеді. Ондағы музыка, ырғақ, әуен, дыбыс, сыбдыр, табиғат үні – бәрі ымдық жүйесі. Бастапқы ымдық жүйесінде сөз болмайды. Сөз болмаса, ымды қалай ұғамыз? Енді, когнитивті, нейробиологиялық жағына ауысамыз, яғни, логикалық ой ойлау жүйесінің қызметіне жүгінеміз. Ол (музыканы немесе ырғақты ұғу прогресі) әркімде әртүрлі деңгейде болады. Мұның мәні түсінікте жатыр. Түсініктен ой туады. Ойдың терең қабаттарын қозғайтын – сана. Сананың да өзіне тән қабаттары бар. Алайда біз оны еуропалық-советтік ескі тәсілмен ұғуға қауқарсызбыз. Ол таптаурын тәсіл қазақ тілінің қабылетін аша алмай, керісінше салмақ салып, бас көтерткізбей жатыр. Қазақ тілі – жанды тіл, ол уақытқа, ортаға, тарихқа сай өзгереді. Бұл – норма. Ең бастысы, ол тілді қолдану, сол тілде ойлану, сөйлеу, оқу, ұрысу, қалжыңдасу, ойнау, т.б…
Ішекті аспаптар – домбырадан, үрмелі аспаптар – сыбызғыдан, скрипка тектес аспаптар – қобыздан, барабан тектес аспаптар – дауылпаздан, дөңгелекті көліктер – арбадан, сарайлар – киіз үйден пайда болған. Оған сөз де, күмән да, дау да жоқ. Десек те әлі күнге дейін түйіні шешілмеген бір тақырып бар, ол – «домбыра» сөзінің шығу төркіні. Музыкатанушылар мен лингвистердің көпшілігі «домбыра» сөзінің түп-тамырын араб пен парсы тілдерінен іздейді. Композитор Ахмет Жұбановтың айтуынша «домбыра» «дунбаһ» және «бурра» деген араб сөздерінің қосылуынан шыққан…
Домбыра туралы алғашқы ғылыми дерек (әзірше) ұлы ойшыл әл-Фарабидың «Музыканың ұлы кітабы» трактатында «тамбур» деген атпен кездеседі. Музыкатанушылар «Әл-Фараби домбыраның атасы – тамбурды жетілдірді» деп есептейді. Аталған еңбекте сыбызғы, арфа (жеті ішекті), сырнай, керней, қобыз, канун, уд, цимбал (чанг), рабаб, дабыл, даңғыра сияқты музыкалық аспаптар да сипатталған. Онда ғалымның өзі ойлап тапқан, үрленіп ойналатын «қыпшақ» деген аспап туралы айтылады. Соған қарағанда әл-Фарабидың тегі қыпшақ болуы мүмкін. Ақын Мағжан Жұмабайұлы «Түрікстан» өлеңінде:
«Түріктің кім кеміткен музыкасын,
Фараби тоғыз ішекті домбырасын.
Шерткенде тоқсан тоғыз
түрлендіріп,
Жұбанып, кім тыймаған
көздің жасын?!» –
деп жырлағанда, осы аспапты меңзесе керек. Түрік тілдерінің сөздігін жасаған ғұлама Махмұд Қашқари «Диуан-и лұғат ат-түрк» еңбегінде тамбурин, сыбызғы, қобыз, бубен, барабан, қоңырау, т.б. музыкалық аспаптар туралы құнды мәліметтер қалдырған.
Домбыраға ұқсас аспаптың (домбыраның арғы бабаларының бірі) алғаш табылған жері – Алтай, тапқан – археолог Зейнолла Самашев. Тарихи жәдігер сақ дәуіріне сәйкес келеді. Алтайдың сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының үңгірінен табылған домбыраға ұқсас саз аспабын (дұрысы – адырна) түріктанушы Сартқожа Қаржаубайұлы біздің заманымыздың V–VI ғасырына жатқызады. 1986 жылы ғалым Сәбетқазы Ақатаев этнограф Жағда Бабалықұлының көмегімен Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Майтөбе жайлауынан таңбалы тастағы домбыра бейнесін тапқан. Домбыраның артқы фонында билеп жүрген төрт адам бейнеленген. Басына үкі тағылған аспаптың екі құлағы, екі ішегі, ұзын мойны, кеудесі, бетқақпағы бар. Археолог Кемел Ақышев аталмыш петроглифті неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуіріне жатқызады. Қойқырылған қаласының (Түрікстан облысы) орнынан табылған «Қыш тас мүсінге» (б.з.д. ІV–ІІІ ғасыр) шанағы дөңгелек, мойны қысқа, беті жабық аспап ұстаған домбырашы бейнесі түсірілген.
Домбыра тектес шертпелі аспаптарды түрік – томбра, қазақ, ноғай, башқұрт – домбыра, татар, өзбек – думбыра, тәжік – думрак, бурят – домбро, моңғол – домбор, қалмақ – домбр, телеуіт – комыс, шор – қобус, қырғыз – комуз, қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, әзірбайжан – гопуз, алтай – топшур, тува – топшулур, түрікмен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар дейді. Африкадағы Марокко елінің домбыраға ұқсас аспаптарының атауы – гамбри. Украин, беларус, орыс халықтарында домра (үш немесе төрт ішекті), кобза, балалайка, бандура (адырна) аталатын ұлттық аспаптары бар. Домбыраның бұл елдерге түрік тілінен ауысқаны ғылыми тұрғыда мойындалған. Орыс ғалымы В.Платоновтың еңбегінде: «Домра, домбра, думбыра, думбара, думбрак және т.б. қазіргі көптеген түрік, солардың ішінде қазақ, татар, башқұрт, өзбек, қалмақ тілдерінің этнографиялық лексикасында шертіп ойналатын ішекті музыкалық аспаптың атауы ретінде белгілі. Оны миграциялық термин деп қарастыруға болады. Ол
Русьте XVІ ғасырдың бірінші жартысында пайда болған» делінеді. Домбыраны славян елдеріне «скоромохтар» (орта ғасырдағы кезбе өнерпаз) таратқан. Орыс фольклорында «рад скомрах о своих домрах», «у Ерёмы гусли, у Фомы домра» деген жолдар кездеседі. Осы «домрадан» Домрин, Домрачёв, Домрачов, Домрачеев, Домрачиев секілді әулеттік есімдер, Домрянка, Домрачево, Домрино сияқты қоныс атаулары шыққан. Ресейдегі патша сарайында домра тартушыларды «домрачей» деп атаған. Бұл жайдан-жай емес. Егер олардың арасындағы орфографиялық өзгешеліктерді ескермесек, домбыра сол күйінше аталып тұр.
Ескіде домбыраның ішегі ешкінің не кәрі қойдың ішегінен дайындалатын. Қазір оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Сонымен қатар ішек тез шіриді. Бертінде ішек орнына жібек жіп пен қармақбау (леска) тағатын болды. Қазіргі домбыралар құралып жасалады. Бұрынғы шеберлер домбыраны тұтас ағаштан немесе найзағай соққан қарағайдан ойып жасаған. Жай оты түсіп, ішкі жағы үңірейген қарағайдың дауысы айрықша шыққан. Бір қызығы, қарағай ұрғашы және еркек болып бөлінеді…
Көне түріктердің мифологиялық дәстүрінде «рух», «жан», «өмір», «дем» категориялары тіршіліктің ең маңызды сипаттамалары саналады. Сондықтан «домбыра» – арабтың да, парсының да сөзі емес, көне түрік сөзі. Домбыра «дем+бір» деген қос сөзден тұрады. Домбырадан әлемдік тебіреніс термині – «тембр» сөзі шыққан. Бірақ бұл қаншалықты нақты дерек? Ғалымдар не дейді?
Қосымша дерек:
Домбыауыл – домбыра жасайтын шебердің ауылы; Домбауыл батыр – тарихи тұлға; Домбай – домбыраны алғаш жасаған адам; Домбай – жабайы сиыр; Домалақ – жұмыр зат; Домалақ ана – тарихи тұлға; Домбығу – ісініп-кебіну; Домбыаяқ – тобаяқ болып қалған адам; Домбы – өзен атауы; Домбы әулие қорымы – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының шығыс жағында 50 шақырым жерде Домбы өзенінің бойында орналасқан (басында кесене жоқ, қорымның ұзындығы – 20 метр, ені – 2 метр, биіктігі – 1,5 метр).
Айдын Рысбекұлы,
Геральдист