Бағалайтын халық, анықтайтын уақыт
04.12.2015
1196
0
709977_962439301_________________Өткен жылдың жазында атақты жазушы Шерхан Мұртазаның үйіне бір топ журналист кірердің алдында подъезд маңайында неге екенін кім білсін, ошарылып тұрып қалғанбыз. Жүзі сұсты, еңселі келген жігіт ағасы да қаламгермен жүздеспекші екен. Алматыда спорт мектебінде оқып жүрген кезінде сонау түкпірдегі Күрті ауданының орталығы Ақши ауылынан шешесінің ай сайын дорбалап тамақ таситынын есіне алып, әңгімелеген уақыттағы ағынан жарылатын мінезі жадымызда өшпестей сақталып қалып еді. Дәл сол уақытта бұл әңгімені айтқан Алматы облысы, Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев екенін білген де жоқпыз. Сол-ақ екен бұл кісіге бір жолығып, емін-еркін отырып, сыр шертіссек, шіркін, деген ынта пайда болып еді.

– Әрбір өмір өткелі мен уақыттың ке­зең­дерін артқа тастаған сайын адамның ой­лайтыны балалық шақ па, әке-шеше ме, бо­лашақ па? Көбіне жаныңа серік болып жү­ретін не нәрсе? Сол серік кейде өзгеріп отыратын сияқты.
– Менің көз алдымда көбіне анамның бейнесі тұрады. Әкем түздің адамы еді. Жетеуімізді әкемізбен қосып, жетектеген сол кісі ғой. Бәрімізді жеткізіп, енді қызық көретін кезінде дүниеден озды. Сол кісіні көп ойлаймын. Ылғи жаныма серік болатын – анамның бейнесі. Бес балам бар, менің әкеме жасағанымды солар маған жасап берсе жетер еді. Әкеміз мінем деген машинасын мінді, тұрам деген үйінде тұрды. Кемпірі өлген соң кемпір алды. Кітабын шығардық, атына мек­теп салдық. Бірақ шешемізге түк істеген жоқпыз. Жазушылар шығармала­рын аналарына арнап жатады ғой. Сол арқылы құрмет көрсетсе де, ештеңе істе­ме­гендей, ана қадірін көп айтады. Бі­реулер көшенің атын береді. Біздің ана­мыз­дың он бала тауып, жетеуін аман өсіргенінен басқа несі бар. Өкімет сол үшін күміс алқасын берген шығар. Өмір бақи бізге алаңдаумен өтті. Адам елуден кейін ойланады ғой. Алды-артына көз тастап, өзіне есеп бере бастайды. Оған дейін адам ешқайда қарамайды екен. Тек қана алға жүруге талпынады.
Біз көп балалы үй болдық. Біріміздің киімімізді біріміз киіп өстік десем, бір досым: «Сендер қайыршы отбасы бол­ған­сың­дар ма?», – дейді. Өмірді түсінбегеннен кейін, тіршіліктің қиындықтарын көрме­ген­нен кейін айтылған сөз шығар. Таза киім кигеніміз болмаса, жамау кидік. Бү­гінгі менің бала-шағам олай киініп жатқан жоқ.
– Өткен күндерден қандай сәттерді са­ғынасыз? Ылғи есіңізде жүретін аяулы кездер бар ма?
– 1981 жылы Сәулет және құрылыс институтына тапсырдым. Әкем жетектеп барды. Қант диабетімен ауырып жүрген кезі еді. Қолымыздағы дорбада шешем пі­сі­ріп берген жұмыртқа. Бала болып бір жетістікке жеткенім – төрт жылдан кейін оқуға түсуім еді. Оқуға түскендердің тізімі ілі­ніп тұратын тақтадан аты-жөнімді оқы­дым. «Адам болды деген осы. Енді қата­рыңнан қалмайсың», – деп әкем өзі түсіп кеткендей қуанды. Ол кезде «Орбита» ықшамауданындағы институт айдалада қалқайып жалғыз тұратын. Әкем екеуіміз көк шөпке отыра кетіп, жұмырт­қаны аршып, нан содасын тұз екен деп батырып жедік. Алып-ұшқан сезімнің әсерінен соның дәміне де назар аудармасақ керек. Дүниеде бала үшін әке үмітін ақтағаннан артық бақыт жоқ шығар. Әке баласына сүйініп отырғанын білдірмесе де, көзін­де­гі ыстық ықыластан шексіз махаббатты оңай аңғартады ғой. Әкем сол кезде ерекше нұрланды, езуіндегі болмашы жымиыс бү­кіл өміріндегі қиын­дықтарды бір сәтке ұмыттырғандай еді. Менің де көңілімнің әке алдында дәл сол кездегідей тоқ болған шағы көп емес болуы керек. Сол сәт мен үшін аяулы шығар.
– Сол жолы оқуға түспеген жағдайда да­лада қалғандай болар ма едіңіз?
– Үш жыл қатарынан медицина инс­титутына бардым. Алдыңғы әпкем сол оқу орнын бітірген. Бір орынға отыздай адам таласады. Бір жылы екінші, бір жылы үшін­ші емтихандарынан құлап қалам. Сол кезде оқуға түсу қиын еді. Үшінші жылы дайындық факультетінде оқыдым. Оған түскен адам өзін студентпін деп ес­еп­­тейтін. Үш ай оқыдым. Одан өзім шы­ғып, кетіп қалдым.
– Неге?
– Менің қолымнан дәрігер болу кел­мей­ді деп ойладым. Ары қарай үш ай оқы­сам, тіс дәрігері мамандығына түсіп тұр  едім. Оқудан қайтып кеткен соң, әкем қатты-қатты сөздер айтып, Т.Бокин атын­дағы совхозда көң ойғызып қойды. Әр түрлі жұмыстар істедім. Совхоз бас­тығы қайда жұмсаса, сонда барасың. Бірақ өзімді жаман сезінген жоқпын. Құрдастарымның біразы әскерге кетіп, оқуға түскендері үшінші курс оқып жатты. Одан төмендеп қал­ма­дым. Қайта әкемнің сол қаталдығы мені жігерлендіре түсті. Қазақ әкесіне тән мі­нез ғой. Кейін алған инженер маман­ды­ғым өмір бақи асырап келе жатыр. Дұрыс таңдадым ғой деп есептеймін.
– Дәрігер болғаныңызда Чехов сияқты жазушы боп кетер ме едіңіз?
– Жоға.
– Мемлекеттік қызметкер ретінде қа­зір сізді қандай мәселе көп ойландырады?
– Елдің тыныштығы. Ең бастысы – осы. Қазақ халқы қырғынды аз көрген жоқ. Қазақ хандығы құрылғаннан бері аққан қан аз ба?! Жиырмасыншы ғасыр­дың өзінде қаншама қазақ осы тыныштық үшін шаһид кетті. Экономикалық қиын­дық­тар өтер. Бірақ бейбітшіліктің жанын­да сол қиындықтар бес тиын.
– Қарапайым  халық  сол  тыныштықтың қадірін біле ме?
– Халықтың көзі ашық. Сырттағы жағдайды бәрі бақылап отыр. Соны тү­сін­геннен кейін тыныш отырған шығар­мыз. Ел басына әлдеқандай ауырлық түссе, оны ең бірінші сезетін халық. Тыныш­тық­тың қадірін де бәрімізден артық сол халық жақсы түсінеді деп ойлаймын.
– Адам танудың осал тұстары көп. Бағы ма, қолпашы мықты ма өсіп кетеді де, шық­қан ортасын ұмытады. Осындай  жағдайлар сізді ойландыра ма?
– Ойландырады. Адам басшы болған соң, психолог болу керек. Баяғыда совхоз бастығы болу үшін адам қаншама сатыдан өтетін. Порторг, бөлім меңгеруші, қа­ра­пайым жұмыскер; орта, кәсіптік, жоғары білімі болу керек болатын. Сол кездің кадрлық саясаты мықты болатын. Кадр мәселесінде сирек шатасатын. Бола сала, туғанын ұмытып жатқандар бар. Қоғам болғаннан кейін әр түрлі адамдар да болады. Үлкен бір романның әр түрлі кейіпкерлері болатыны сияқты. Танудың бір түрі сияқты боп тест шықты. Бірақ адами құндылықтарға келгенде адам танудың қиындағаны рас. Қазір шетел білімін алған жастарға көп арқа сүйейміз. Олар­дан­ қандай нәтиже болатынын уақыт көрсетер.
– Сіздердің балалық шақтарыңыздағы өмірге құштарлық, қызға ғашық болу бү­гін­гі­ден басқа сипатта болды. Ұлттық ерек­шеліктің, дәстүрдің нормалары сақ­тал­­ды. Айтуға ыңғайсыз болса да, ол кезде қыздар жүкті болып тұрмысқа шықпайтын. Сол нормалардың бәрі неге аяқ астынан бас­қа­ша болып кетті. Осыны қалай тоқтатуға бола­ды? Қандай ақыл қосар едіңіз? Адам ре­тінде ойланып көрсек.
– Менің өсіп-өнген ауылымда кешке жастар ақсүйек ойнайтын. Ескі футбол ала­ңы бар еді. Бір жігіт құлаштап сүйек лақ­тырады, қалғандары оны іздеп кететін. Жігіт пен қыз кездесу үшін сол ойын ойналатын. Біз өскен кезде бұл ойын ұм­ыт болды. Шөптің арасынан бір емес, бір­неше сүйек тауып әкелетінбіз. Кез­десу­дің осындай мәдениеті болатын. Қыз­дың жанында жеңгелері жүретін, сөз байласып, табысудан арыға бармайтын. Қазіргідей ысқырып, телефонмен ашық сөйлесу тәрбиеге жат еді.
Ол кезде ауылдың байлығы қарттар еді. Өрістен малды күтіп алу үшін топтасып көшеге шығып, әңгіме дүкен құратын. Үлкендер «балаға обал болады» деп жастардың көзінше былапыт сөз айтпайтын. Қазір ауылда сол қарттар жоқ. Сол өріске шығатын баяғыдай мал да жоқ. Той болса, ауылдағы екі жүз үйдегілердің бәрі баратын. Қаза болса да, солай. Қазір той болса, өз ағайы­нын, көршісін шақырады. Ауыл бая­ғыдай араласпайтын болды. Үлкенге жолап кетсең, аузы былғаныш. Егер жағ­дайы нашар болса, соған біз кінәлі сияқ­ты. 2009 жылы Жамбыл ауданына бірінші рет әкім болғаннан соң мектептегі білім дұрыс жолға қойыл­мағанын байқа­дым. «Неге бұлай?» деп ана мектепке, мына мектепке барам. Ұстаз­дардың бәріне то­пы­рақ шашуға болмайды, әрине. Жақсы ұстаз жоқтың қасы екен. Тоқсаныншы жыл­дары елдің бәрі күнкөріс үшін базарға шығып кеткенде, мықты мұғалімдер де мектепті базарға айырбастап кетіп еді. Солардың  жұмыс­сыз қалғандары мұғалімдік қыз­мет­ке тұрған. Бүгінгі білім деңгейі соның әсері. Бір мек­тепте математикадан дене шынық­тырудың мұғалімі беріп жүр екен. Қазір бір жаман әдет тауыппыз. Нашар мұ­ға­лімді психолог етіп қоятын болыппыз. Нарықтың заманында ата-ананың балаға қарайтын мұршасы болмай кетіпті. Біз май шаммен сабақ оқыдық. Әке-шешеміз ұрсып тұрып оқытатын. Қазір балалардың сабағына қарайтын ата-ана аз. Бала оқи алмаса да, бұзық болса да мектеп кінәлі. Осыдан кейін білімсіз бала шығады, рухани жұтаң ұрпақ өседі. Осының бәрі топтасып келіп, жаңағы сіз айтқан жағдайға душар етеді.
– Қазақты өте қатты сынаған адам – Абай. Және Абайдан артық жақсы көрген жан тағы жоқ.  Сіз қазақтың қай мінезін сынайсыз?
– Жалқаулығын. Содан қазақ атамызды ру-руға бөліп, майдалап  жіберетіндерді суқаным сүймейді. Өз ұлтын жақсы көрмейтін адам жоқ. Бірақ кері тартып тұратын бір жаман мінездері болады. Абайша сынау үшін, халыққа насихат айту үшін өзің дұрыс адам болуың керек. Мен өзім­нің соған қаншалықты моральды құқы­ғым барын білмеймін. Бірақ осы бір жаман мінезін қатты айыптаймын. Өзіңе мын сан мін тіреліп тұрса, біреуді сынау да қиын. Бірақ кейбір ағайын-ту­ған­дар­дың «алма піс, аузыма түс» дейтін мінезде­рін ашық айтатын кезім аз болмайды. Германияда мынандай жағдай қалыптастырылған. Сен жұмыссызсың ба, екі-үш ай жәр­дема­қы береді. Төртінші рет жұмыс табады. Іс­тей­сің бе айлығыңды аласың. Істемейсің бе,  айлық та, жәр­демақы да жоқ. Бізді­кі­лер қазір екеуіне де бармайды ғой. Жұмыс та істемейді. Жәр­дем­ақының құжаттарын да реттемейді. Бірақ мәңгі ақша алып жата бергісі келеді. Бір рет бермесе, үкімет жа­ман, әкімдер жұмыс істемейтін болып шығады. Оны қалай сынамайсың. Жаман әдет­ке қазақ баласы осалдау келеді осы. Арақ болса, біз бірінші ішеміз. Ұрлықты біз бірінші жасаймыз. Сол сынаудан түзе­ліп кеткен адамды тағы көрген жоқпын. Құ­дайдан халыққа рухы мықты, жігерлі перзент бере гөр деп тілеуден басқа жол қалмай қалады кейде.
– Бір режиссер:  «қазаққа қазір талантты адамдардан бұрын, кәсіби мамандар керек. Таланттар қабілетін бұлдап, мінез көр­сетеді. Жұмысқа уақытылы келмей, міндетін дұрыс атқармайды. Ал кәсіби ма­ман­дар таңғы сегізден кешкі алтыға дейін жұмыста отырады. Және жұмыстары да нә­тижелі болады» деп айтқан еді. Осы сөздің жаны бар сияқты. Қазір қазақтың кәсібилігі қай деңгейде?
– Спортшы шықса, бес рет қонаққа ша­қырсаң, алтыншы рет өзі келіп тұрады. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген сөз бар ғой. Не мақтағанды, не сынағанды кө­тере алмай, шырт ете қалатын халық­пыз. Бірақ бүгін білікті мамандар бар. «Болашақ» бағдарламасымен қаншама жас оқып келіп жатыр. Кәсібилікке ақырын-ақырын жылжып келеміз. Ыбырай ата­мыз­дың сөзімен түйіндесек: «Біз бол­ма­сақ, сіз барсыз, үміт еткен достарым, сен­дерге бердім батамды».
– Құлжа трассасымен кетіп бара жат­са­ңыз, жолдың екі шеті түгел тойхана. «Жиыр­ма бес жылда завод, фабрика емес, тойхана салған екенбіз» деген сөзді айтқан әріптесіміздің қынжылысы ойландырмай қоймайды. Өнәркәсіп жағы мандымай тұрған жоқ па? Облыстың жағдайы қалай?
– Биыл 11 айда 396 миллиард теңге инвестиция тарттық облысқа. Жұмыс­сыздық деңгейі бес пайыз болатын. Қазір төрт те жеті пайызға жеттік. Бірінші дағ­дарыс кезінде дүниежүзі тоқырап тұр­ғанда, біз ағысқа қарсы жүздік. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бар. Бұл Елбасының мықты саяси қадамдарының бірі. Үш бағытта жұмыс істейді. Бірінші – бағыты жұмыспен қамту. Екіншісі – шағын несие беру. Үшіншісі – жұмыс істеу қабілеті бар жастарға кәсіби білім беру. Ақшасын төлеп оқытады және жұмыс тауып береді.
Қазір Жаркентте «Крахмал-сірне» зауыты бар. Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен 72 мың гектар жүгері егілді. Келер жылы 80 мыңға жеткіземіз деп жатыр. 4020 гектар қызылша егілді. Облыс әкімі Амандық Баталов бір миллард теңге ақша бөлді. Көксудағы қант зауыты  жұмыс істей бас­тады. Әр өңірді өзінің бағытына жұмыс істету көзделіп, қазір облыс басшы­лығы осыған көңіл бөліп жатыр. Алматы облысында 15 үлкен жүйеқұраушы кәсіп­орындар жұмыс істеп жатыр. Облысты ғана  қамтамасыз етіп қоймай, сыртқа экспорттап жатыр. Талдықорғандағы  «Қай­нар АКБ» аккумулятор зауытының өнімдерін ТМД елдері алады.
– Жұмысшы табы қалыптаспаған ұлт­пыз ғой. Лепсідегі кірпіш зауытының ерек­шелі­гі әлі сақталыпты. Еңбектің қадірін ұмыт­тық. Еңбексіз-ақ өмір сүруге болады де­ген ой туды. Қазіргі осындай түсінікке қалай қарайсыз?
– Оның бәрінің уақытша екенін халық түсінді. Бір кездері егін егетін адам таппай қалдық. Бүгінгі күні қой бағатын адам  жоқ. Бәріміз ет жегіміз келеді. Биыл жайлауда орын жоқ. Баяғыда қой санын елу мил­ли­он­ға жеткіземіз деп жүргенімізде де орын жеткілікті болатын. Малды бағып, оның жүнінен, сүтінен, терісінен, етінен пайда табуға болатынын, са­тып алу, сатудың заманы өткенін түсін­ді.
– 1913 жылдардан бастап қазақтың орыс қалаларында оқыған  жігіттерінің  бәрі өте мемлекетшіл әрі энциклопедиялық білім иелері еді. Олар әлем әде­биетін, өнерін жақсы білді. Оның есе­сіне өз жұртының да өнері мен әдебиетін же­тік меңгерді. Қазір шетелден оқып келген азаматтар өзінің ұлтын білмейді. Қал­ға­нының бәрін білуі мүмкін. Бұл қайда апарады?
– Бұл қиын сұрақ. Жиырмасыншы ға­сырдың басындағы қазақ зиялылары орыстармен бәсекеге түскен шығар деп ойлаймын. Олардан кем болғылары келмегендіктен терең білім игерді. Сол кезде Әлихан, Ахмет сияқты жігіттер де көп болған жоқ қой. Көшпенділер тек қана атқа мініп, киіз үйде жүрген адамдар деп ойламасын деп, алысқа талпынды. Ахмет «Маса» боп ызыңдаса, Міржақып «Оян, қазақ!» деп найзамен түрткіледі. Сұлтан­ма­хмұт «қараңғылықтың кегіне күн болуға» талпынды. Ыбырай мектеп ашты, Абай жол көрсетті. Олар  қазақтың дамуы­на шын ықыласты адамдар еді. Қазір қа­зақ­ты ысырып қойып, батысты білгісі келеді. Шет тілде сөйлеп, соларша өмір сүргілері келеді. Өздерінің түсі­ні­гінде, тек қана «қазақбай» болғы­лары келмейді. Қазақты құртатын сол өзін-өзі білмеу, та­нымау. Егер солар Шо­қаның өмірі мен ғы­лым жолын білсе, сөз­сіз Шоқан болуға құмартатын еді. Оның Петерборда жүрген салтанатты күндерін өз бастарынан кешуді армандар еді. Бір қазақтың баласы Шо­қан­ша Лондонда жүрсе, ғылымын игерсе, ға­лым­дарын мойындатса, жаман болар ма еді?
Қазақша білмейтіндер бар. Тілін біл­ме­геннен кейін ұлтының тарихын, әде­бие­тін қалай біледі.
– Ол кезде Алаш қайраткерлері сияқ­ты адамдар аз болғанымен, тарихта сол азы ғана қалды. Болашақта да бүгін­гі­лер­ден тек қазақты жақсы түсінген, қазақ үшін жаны ауырған азаматтары қалады деп ойлаймын. 
– Дұрыс айтасың. Түбінде абырой ға­на қалады. Жиырмадағы кезім болуы ке­рек. Әкем жоғары басшылықта отырған мемлекет қайраткерімен жолығуға барды. Жанына мені ертіп алған. Ескі «Уазигі» болатын. Сонымен дарылдатып отырып, мемлекеттік мекеменің алдына бір-ақ келдік. Күзетші кіргізбей қойды. Әкем дауласып тұрғанда, бір қайраткер кісі көлігімен шы­ғып келе жатты. Бір кісінің жерлеу рә­сіміне барады екен. Бізді де қасына ілес­­тіріп алды. Әкем ескі машина­сының есігін жаба алмай әлек. Бастық ағамыз: «Күзет тұр, ешкім де көлігіңе тиіспейді», – деді. Жұрт тиісе­тін­дей жағдайы да жоқ еді соның. Сол кездегі ең бай қазақтың жер­ле­уі екен. Дәрігер адам болуы керек, ұмыт­пасам. Бейіттің басына жиналған жұрт жарылып жол берді. Ағамыз топырақ салып тұрып, мені шақырды. Қараңғы көрді нұсқап: «Мат­рас та төсемейді екен ғой», – деді. Осы бір сөз әлі күнге құлағым­нан кетпейді. Егер халыққа қызмет қылмасаң, би­лікке ұм­ты­лып, байлық жинаудан мағына жоқ. Сәкен Иманасовтың: «Ар алдында мен өзімді әрдайым, Дар алдында тұр­ғандай-ақ сезінем» дегені сияқты сезім­де болуымыз керек екеніне көзім жете түседі.
– Қазір Алашордаға, Алаш қайрат­кер­ле­ріне көп көңіл бөле бастадық. Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толу мерейтойы, бұ­йыр­са, ЮНЕСКО көлемінде аталып өте­тін болды. Әлиханның көп айтылатын сөзі бар. «Хан баласында қазақтың хақысы бар. Тірі болсам, халыққа қызмет етпей қой­маймын» деген. Осы принцип бүгін өмір­шең бе? Осындай принципшіл азаматтар бар ма?
– Ондай азаматтар бар. Елбасын қара, жарғақ құлағы жастыққа тимей, халық үшін жүгіріп жүр. Бұрын қазақты ешкім біл­мейтін еді. Қазір әлем назар аудара бас­тады. Баяғыда бір кісі айтып еді. «Спорт деген тек жаттығу емес, елді әлем­ге таныту екен ғой» деп. Кеше ауыр атлетикадан Хьюстонда өткен әлем бірін­шілі­гінде жалпы командалық есепте үшінші орын алдық. Бұл да – мемлекеті­міз­дің үлкен жеңісі. Қазаққа қызмет етіп жүрген азаматтардың аты-жөнін тізіп айту міндет емес шығар. Бірақ көз жұмып, жоқ дей беруге де болмайды. Шүкір, бар ондай азаматтар.
– Әдебиетте, өнерде еленбейтін талант­ты азаматтарымыз бар. Сол сияқты кәсіпте, саясатта білікті азаматтарды пайдаланбау бізді ұлт ретінде дамудан тежемей ме?
– Егер әдейі дұрыс пайдаланбай жатсақ, әрине, ұтыламыз. Оны істеп отыр­ған адам ұтылмас, бірақ қазақ ғылы­мы, қазақ жұрты ұтылады. Бірақ қазіргі кезде білімді адамды тежеп отырғанды көрген жоқпын. Бірді-екілі көзге түсе алмай жүрген жандар бар шығар. Жалпы, білімді, талантты адам өз жолын қашан да табады. Оны бүгін біз бағалай алмасақ, осыдан он жылдан кейінгі жастар, тіпті, одан кейінгі буын жақсы түсінуі мүмкін. Сондықтан қалай да бүгін болмаса ертең, қазаққа пайдалы адам өз дегеніне жетеді. Артық сөйлеп, сау басына сақина тілеген­дер, қоғамға сыймай жүргендер бар шы­ғар. Бірақ бұрынғыдай қудалау, репрессия уақыты емес. Демократияның заманы. Мемлекеттік қызметке кіргің келсе, ең құрығанда сегіз заңды жақсы білуің керек. Әрине, білім деген бірінші кезекте тұр. Одан басқа қиындық жоқ. Білімді жасқа тоқтау жоқ.
– Мемлекет ретінде өнеркәсіп, қор­ға­ныс, бизнес салаларында нығайып төрт ая­ғымызбен тұра алдық па? Ертең бір кезең аяқталғанда, қиын болып қалмай ма?
– Тұрдық. Алға кетіп бара жатырмыз. Қазіргіні осыдан он бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстыра алмайсыз. Өзіңіз де салыс­ты­ры­ңызшы, киім киісімізден, тамағы­мыз­дан. Бірді-екілі кемшіліктер бар шығар. Бір­ақ жаман емеспіз.
– Өзіңіз журналистің баласысыз. Әке­ңіз кітап оқыды. Сіздерді де солай өсірді. Жұмысыңыз қауырт. Кітап оқуға уақыт табасыз ба? Балаларыңыз кітап оқи ма?
– Үлкен үш қызым бар. Үшеуі де кітап, газет оқымайды. Телефонға шұқшияды да отырады. Қазір кітапты қолға алып, парақтап оқудың қасиетін білмейді. Мен жұлмалап оқимын. Тез қарап шығам. Шынын айтайын, тіпті бос уақытым аз. Газетті оқимын. Отырып оқуға уақыт тапшы.
– Жас кезіңізде қаншалықты оқы­ды­ңыз?
– Бір адамдай оқыдым. Біздің жас кезімізде жастардың бәрі солай оқитын. Жалғыз мен оқыдым демеймін. Заман, тәр­тіп солай болды. Менің атымның Махаббат қойылуының өзі сол кітапқа бай­ланысты. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдар» романын оқудың кезегі біздің үйге келгенде, мен туыппын. Әйтпесе ол Сәдуақас пен Айс­ұлудың арасындағы махаббат емес шы­ғар. Ауылда сол бір-ақ кітап екен. Ол жыл­дар ұл баланың атын Махаббат қою қызық қой енді. Кітап оқу бәсеке болатын. Кітап­ханаға барып, кітап оқитын адам аз-ау қазір. Студенттер болмаса, жай адам көп бармайды. Ауылға барсам, әкемнің кітапханасына үлкен кісілер бара­ды екен. Араларында жастар көрінбейді. Біреудің бала-шағасына күліп не қыламыз. Өзімнің балаларымды айтайыншы. «Неге оқы­майсыңдар?» десем, «міне тұр ғой, әке», – деп телефондарын көр­сетеді. Содан оқи ма, жоқ па, анығын білмедім. Бұлар телефоннан оқуды керемет меңгерген бе, әлде рухани байлықтары толы ма, оны мен түсіне алмадым. Ең бастысы, қалып – осы.
– Әдебиет қай кезде де ізгілікті, әділет­ті,  шындықты насихаттайды ғой. Сіз шын­дықты айтуды қаншалықты жақсы көресіз. Туралығыңызды көп айтады. Сол шын­дықты айтудан өзгеге жақпайтын кезіңіз бола ма?
–  Көп таяқ  жеп жүрмін. Әкем: «Құрып қалған мінезім бар. Тік сөйлеймін. Ол бастық па, дос па, қас па, бәрібір. Содан кейін ғой менің өспей қалғаным», – деп күліп отыратын. Мен де тік сөйлеймін. Бұқпантайлап, бұлғақтауды онша жақсы көрмеймін. Айтатын сөзді тура айтып салам, содан көп таяқ жедім. Жаңбыр-жаңбырдың арасынан құрғақ шығатын адамдар болады ғой.
– Сол жақсы ма? Шындықты айтып ап өкінбейсіз бе?
– «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деп жатады. Осы сөзбен ке­ліспеймін. Несіне өкінемін. Әкемнен қалған, Құдай­дың бойға бітірген мінезі. Тік сөйлегеннен мен біреуді жамандадым ба? Ойымды айттым. Адам баласы ойын айту үшін жаралды емес пе?! Сен де ойың­ды айта­сың. Осы мінезімді ел көп сөз қы­ла­тын сияқты. Қарапайым ел жылы қар­сы алады. Сол үшін де жақсы көретін шығар. Бірақ осы мінездің бір жақсылы­ғын көрген жоқпын. «Мен туралы бұлай депсің» дейтіндер де кезігеді. Иә, айттым. Бірақ  жала жапқан жоқпын. Менің бағам, жеке пікірім. Оған кінәлі деп есептемеймін өзімді. Бірақ ер адам, басшы адам солай сөйлеу керек сияқты.
– Сенің қолыңда  жемің барда тауығың, ал сенен де үлкен адам келсе, соның  жеміне ке­тіп қалатын адамдар көп қой. Қазір сондайлар тіпті көбейіп кетті. Осыны мемлекеттік тұр­ғыдан әңгіме қылу, тоқтату деген бола ма?
– Оны заман өзі тоқтатады. Адамның күші жетпеуі мүмкін, бірақ уақыттың үкімі түбі шығады.Әкемнің қоймай айта беретін мақалы: «Біреу қалың беріп қатын алады, біреу жанына барып жатып алады». Біреу жұмыс істейді, оның жа­нындағылар жұмыс істемей де атақ алады. Оны қоғам өзі түзейді. Өмір болғаннан кейін ондай құбылыстар болады. Қашан­нан бергі келе жатқан мінездер мен сөздер ғой. Бәрінен бірден құтылу мүмкін емес. Бірақ уақыт екшейді. Солардың өмірде жолы болғыш келеді тағы.
– Баяғыда бір ұжымшардың директоры айтады екен: «Ертең кімнен жүз сом алып кетсем екен деп оянатын жігіттер бар» деп. Қазір адамдар одан көп алғысы келеді. Қазір елді ойлау аз. Сізді халық ұнатса, жақсылығыңыздың көптігінен шы­ғар. Бірақ ертең ұнатпай қалуы да мүмкін ғой…
– Мен ешқашан өтірік айтпаймын. Тұрмыста өтірік айтатын шығармын. Бірақ халықтың алдына шыққанда бір өтірік айтқан кезім болған жоқ. Бір нәр­сені уәде берсем, соны орындауға тырысатынмын. Аудан әкімі болған кезде облыс басшылығының есігін күзетіп, сол мәселені шешуге ұмтылатынмын. Өйт­кені, уәде берген соң, орындауға тиіссің.
Ал ортам сол баяғыша. Өзгермеген. Ол менің  қателігім де шығар. Баяғыда менің бастықтарым: «Сен неге көшеде тұрған ішкішке амандасасың?» – дейтін. Ол менің сыныптасым ғой. Оның тағдыры солай болған шығар. Ауданның бас архитекторы кезім болатын. Одан қашып кетпейсің ғой. Сондайларымыз әлі бар.
– Ең жақсы көретін қасиетіңіз?
– Іскерлік. Біреудің көзі жақсы, біреудің сөзі жақсы деп жұмысын бағалау дұрыс емес. Нәтижеге қарау керек.
– Ең жек көретін мінезіңіз?
– Алдау. Екі сөйлеу.
– Бақ-ырысты қалай түсінесіз?
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың: «Бақ бағасын білгеннің басында тұрады» деген сөзі бар. Сол рас сөз. Мен қа­рапайым журналистің баласымын. Еңбекпен жүрген жолымның қадірін сезінемін. Адам өз бағасын білуі керек.
– Өмірдің мәнін қалай түсінесіз?
– Ертеде бір кісі үлкен қызметке қолы жетіпті. Әкесі жұмысшы болыпты. Бір жиналыста әкесін үлде мен бүлдеге орап, төрге отырғызып, адамдар жиналғанша өзі шығып кетіпті. Төрде хан баласындай киініп отырған әкесі бай, мырзалар келген сайын орын беріп шетке ығыса беріпті. Баласы келсе, әкесі босағада отыр екен. Қанша жақсы болайын десе де, өмір бойы қадірі болмаған адамның қартайған­да бағасы болушы ма еді. Мен үшін өмір­дің мәні – адам боп қалыптасып, кісі­лігіңді сақтау. Сол өміріңе азық болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен 
Бағашар 
ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.
ПІКІР ҚОСУ