Шеберлік
(ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бекжан ТҰРЫС шығармашылығы туралы бірер сөз)
Бекжан Асаубайұлы Тұрыстың М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет етіп келе жатқанына биыл ширек ғасырдан асты. 1987-1991 жылдар аралығында Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын Шолпан Жандарбекованың шеберханасында «театр-кино актері» мамандығы бойынша аяқтаған ол үлкен сахнаға студент күнінде келді. Қара шаңырақта табан аудармай өнер көрсетіп келе жатқан, көрерменге Қырманбай шал боп танылып, қарапайым қазақ қариясының бейнесін сахнаға мықтап орнықтырған алғашқы кезеңнен бергі уақытта да көпшіліктің ықыласы актердің өнерге деген құлшынысын, жауапкершілігін арттырмаса, аласартқан емес. Б.Тұрыс өнері мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол ҚР еңбек сіңірген қайраткері (2009), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2004), М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты.
Қай актердің де шығармашылығы туралы ой бөлісер әр адам ең алдымен өзінің көрермендік тәжірибесіне сүйенетіні, көрермендік жадын жаңғыртуға ұмтылары хақ. Осы пікірді актер Бекжан Тұрыс шығармашылығына орайластыра тарқатар болсақ, оның отыз жасқа толмай тұрып Т.Нұрмағамбетовтің режиссер Ә.Рахимов қойған «Бес бойдаққа бір той» комедиясындағы бас кейіпкер, атақты Қырманбай шал рөлін орындауының, әрине, жөні бөлек. Дей тұрғанда, актердің алғашқы кезең рөлдерінен – түп-тегі, діл-болмыстары бір-біріне үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын Диуана (Ә.Кекілбаев. «Абылай хан», режиссері Б.Атабаев) және А.Чеховтың «Шағаласында» (реж. Б.Атабаев) өнердегі өзін сүйетін актриса Аркадина үйінің қызметшісі Яков бейнелері көз алдыңызға келіп, Диуананың күңіренген, Яковтың «тамағына бұлбұл қондырып» ән салған дауысы құлақта жаңғырады. Мұндай сезім-ретроспекция актердің әу бастан-ақ қандай рөл орындасын мейлі, сахнаға өзімен ерекше бір аура, көңіл-күй алып шығуға ұмтылуынан, осы жолдағы тынымсыз ізденістерінен туындайтын болса керек.
Жалпы, тынымсыз рухани ізденіс пен рухани сергектік құнарлы ұлттық топырақты негіз еткен актер Бекжан Тұрыстың шығармашылық болмысын айқындайтын ерекшеліктерінің бірі. Көрерменнің сүйіктісіне айналып, өнер жұртшылығының қадір-құрметіне бөленуі де, бәлкім, осы қасиеттерінің арқасы. Өнер айдынындағы ширек ғасыр ішінде ұлттық өнердің ірі тұлғаларымен сахнада лайық серіктес бола білген, рухани тәжірибе жинақтаған ол, бүгінгі таңда ұлттық сахна өнерінің үлкен шеберіне айналды.
Күні бүгінге дейін үлкенді-кішілі алпыстан аса рөл орындаған Бекжан Тұрыс кең планды актер және трагедия, драма, комедия жанрларының қай-қайсысында да суға жүзген балықтай еркін. Ол өз кейіпкерлерінің қай-қайсысының да тек өзіндік жеке өмірбаянын жүлгелейді, характерлік өсуі жолында даралық сипат дарытады. Ең алдымен, әдеби түпнұсқамен жақсылап танысып-талдап, шығарманың рухани кеңістігін игеріп, бойға сіңіреді де, әр кейіпкерінің болмысын, күрделі табиғатын зерттей-зерделей отырып, толыққанды сомдап шығады. Бұл тұста Бекжанның төл әдебиетіміздің өткені мен бүгінін жақсы білетін, ұлттық топырағы құнарлы актер екенін қадап айтқымыз келеді.
Қазақы парасат-пайымы, өрісі кең актер шығармашылығында ол сомдаған ұлттық характерлердің орны бөлек. М.Әуезовтің «Абайында» Көкбай, Сырттан, Баймағамбет (реж. Ә.Мәмбетов), «Айман-Шолпанында» Жарас, «Абайында» шоқтықты кейіпкер Жиренше (реж.Е.Обаев), «Қилы заманында» Жәмеңке, Т.Мәмесейіттің «Бәкей қызында» Шұбараяқ Ораз, А.Сүлейменовтің «Кегінде» Сері (реж. Ә.Рахимов), Қ.Ысқақтың «Жан қимағында» Жүсіп (реж. Б.Атабаев), Шахимарден, Қ.Ысқақтың «Қазақтарында» Әдік (реж. Т. әл-Тарази), И.Оразбайдың «Қорқыт» драмасында Әке (реж. Й.Вайткус)… Соңғы он шақты жыл көлемінде рухани ізденістер аясы кеңи түскен, толысқан актердің «Шәкәрім» спектакліндегі (автор және режиссер Ә.Рахимов) ақын, философ, тақуа Шәкәрім бейнесі – сахналық ғана емес, рухани да үлкен жеңісі. Тарихи кейіпкерлерді сахналар алдында, өзінің айтуынша, тарихты көп қаузап, тарихи шығармалар оқып, фильмдер көретін актердің дайындық барысында Шәкәрім философиясын зерттегені, болмыс-сабырлығының бастау көзін тануға ұмтылғаны көрініп тұрады.
Жалпы, актердің кейіпкерлерінің жан дүниесіне ену, болмысын игеру тәжірибелері қызғылықты болып келеді. Тағы бір атап айтарлығы – ол детальдарға ерекше мән береді. Сондықтан да оның екінші пландағы, тіпті эпизодтық кейіпкерлерінің өзі толыққанды, жанды шығып, көрермен көкейінде жатталып қалады. Мысалы, «Абай» спектакліндегі Жиреншенің Айдар мен Ажар арасындағы сүйіспеншілікке байланысты дауға билік айтатын сахнасын еске түсірелік. Қазақта би біткен шешен. Дегенмен де, Бекжан-Жиреншенің дестелетіп сөйлеуі, сөз саптауы қандай! Қолындағы күміс шақшадан сыздықтатып насыбай атуы ше! Өзі сыр бермегенсігенмен, әбден қансорпасы шыққанын етектей қол орамалымен бет-мойнының терін бипаздап сүрте бергенінен, ең соңында орамалды желкесіне салып алғанынан сезесіз. Бітіспес жаулыққа бет алған Оразбайлар тобының белді өкілі Жиренше осал жау емес, өз уақытының, ортасының мықтыларының бірі. Актер ойыны осыны танытады.
Кең ұғымнан алғанда актер атаулы өз уақытының идеялары, идеалдарын қоғамға жеткізетін, керек десеңіз, насихаттайтын коммуникатор дей аламыз. Осы реттен келгенде, актер Бекжан Тұрыс Т.Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір тойында» Қырманбай (реж.Ә.Рахимов), Б.Мұқаидың «Өмірзаясында» Цезарь (реж. Қ.Сүгірбеков), «Сергелдең болған серілерінде» Нұрбай, М.Сәрсекенің, «Тендерге түскен келіншегінде» Таубай, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Исабек (реж. О.Кенебай), Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Қария (реж. Е.Обаев) сынды замандастар, сондай-ақ, Т.Нұрмағамбетовтің «Қожанәсір тірі екенінде» (реж. О.Кенебай) жинақтық бейне Қожанәсір арқылы сахнадан ұлттық мүдделер туралы толғайды, заманға әр қырынан үн қосады. Бекжанның алғашқы үлкен рөлдерінің бірі – Қырманбай шал мен кейінгі Қожанәсірде үндестік бар. Спектакльдер барысында комедиялық қимыл-қарекеттері көрерменін қыран-топан күлкіге қалдыратын Қырманбай – әулетінің ертеңін, ал, Қожанәсір – халқының, жалпы түркі жұртының болашағын ойлап алаңдайды. Екеуінің де түйіні – «Кімге күлеміз, мырзалар?!».
Комедиялық шығармалар дегенде актердің әлемдік классикадан Мольердің «Ақымақ болған басым-ай!» комедиясында Колен, Ф.Дюмануар мен А.Д.Эннеридің «Дон Сезар де Базан» комедиясында (режиссері Ә.Рахимов) корольдік құсхананың бас күтушісі маркиз де Монтефиоре рөлдерінің де өзіндік шешімдері қызғылықты. Бұл қатарда Шекспирдің «Асауға – тұсауындағы» Слай, Педант (реж. Ә.Мәмбетов), Гогольдің «Ревизорында» Шпекин («Пара», реж. Е.Обаев) бейнелерін де атауға болады.
Актердің соңғы күрделі жұмысы – Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» (реж.Ю.Ханинга-Бекназар) тарихи драмасындағы Хуан уәзір. Бұл – актерді мүлдем жаңа қырынан танытқан рөл. Қулығына құрық бойламайтын, тұла бойына кек тұнған, жауыз, аяр уәзір сырт көзге мәйін, ал, шындығында өте қорқынышты. Гюгоның Квазимодосындай еңкіш, дыбыссыз жүріп, дыбыссыз күлетін оның шын серігі – кеудесін өртеген кегі мен қызғанышы және ділінен хабар берер флейтасы (сыбызғысы). Түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы, отырысы, жалпы пластикасы, тіпті дауысына дейін сыр бүккен Хуан уәзірдің шын бет-бейнесін актер біртіндеп ашады. Оның мың құбылатын дауысы көп жайттан хабар береді. Жалпы, Бекжан Тұрыс кейіпкерлерінің жан дүниесін, мінез ерекшеліктерін беруге, тартыстың шиеленісті сипатын жеткізуге сөз драматургиясын, яғни сөз «әрекетін» мейлінше меңгерген өнер иесі. Сөз құдіреті ата қаны, ана сүтімен сіңген актердің дауысы қазақы мақамды, соншалықты табиғи болғандықтан да қай кейіпкерінің болсын сөз саптауы тыңдаушының құлақ құрышын қандырады.
Осы қазақы мақам, дауыс оның әншілік өнерінің де мәйегі. Ал, әншілік – актер талантының құрамдас бір бөлігі. Оның орындауында әндер – тұтас бір мини-спектакль болып шығады. Әннің бәсі мен бабын білетін ол сахнада Үкілі Ыбырайдың («Үкілі Ыбырай». Ш.Құсайынов, реж. Б.Атабаев), Шәмші Қалдаяқовтың («Сыған серенадасы». И.Сапарбай, реж. Е.Обаев) бейнелерін толыққанды сомдады. Бұл спектакльдерде Бекжан орындайтын Үкілі Ыбырайдың «Шырмауығы», Шәмшінің «Сыған серенадасы» тәж-әндер, сондай-ақ, жеке орындауындағы «Алдай-ау» (авторы Есенқұл Жақыпбек), тағы да басқа көптеген зар-әндері тыңдарман-көрермен жүрегінен орын алған. Олай болары Бекжан ән таңдай біледі және оны көрнекті суреткер А.Сүлейменовтің «Адасқақтағы» бір кейіпкері Ақан сері танымындағыдай «Ән – зар. Зар һәм мінәжат» деңгейіне жеткізе орындайды.
Қалың әлеумет сүйіп тыңдайтын әндерінің таспасын шығарған актер Б.Тұрыс кино мен телевидение саласында да едәуір жұмыс жасады. Кино өнеріндегі еңбектері «Жел адам» – Молда (реж. Қ.Ахметов), «Құрақ көрпе» – Қойбағаров (реж. Р.Әбдірашев), «Махаббат жағалауы» – Автор, «Алтын алқа» – Әкім (реж. М.Бидосов), «Айналайын» сериалы – Шәкен (реж. Б.Қалымбетов, С.Өтепбергенов), «Базарбаевтар» сериалында – Самат рөлдерімен өрнектелсе, кезінде «Хабар» арнасында жүрген «Ұят болмасын» бағдарламасындағы Ақылбай ақсақалы әлі көрермен жадында.
Таза өнер таза жүректен шығады. Театр өнеріне адал, рухани сергек, шыншыл актер Б.Тұрыс сахнада өмір кешудің үлкен шебері. Оның алдағы уақыттарда да небір күрделі, қызғылықты бейнелерді сомдап, қалың әлеуметті мазмұнды өнерімен сусындата берері сөзсіз.
Әлия Бөпежанова.
«Ұлым, саған айтам»
Ердің жасы 50-ге келіп жатқан театрдың талантты артисі, сахна сайыпқыраны Бекжан Тұрыс ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын сергек ойлы азаматтардың бірі ретінде «Ұлым, саған айтам» атты мерейтойлық моноспектакль өткізіп, баласы Мағжан екеуі мәртебелі көрерменіне мағыналы кеш сыйлайды. Өнер қонған жүрегінің шырылы азаматтық көзқарасы болып айқындалған Бекжан бұл кешін әнмен әдіптеп, жырмен көмкеріп, қадіріне бойлаған қазағын Мағжан екеуі қайыра бір серпілтпек. Кеш М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 6 желтоқсан күні сағат 17.00-де басталады. Келіңіздер! Көріңіздер!