Ұлттық қазына театр музейінде
09.06.2021
816
0

Жаһандану заманында ғасырға жуық тарихы бар М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының өткенін, тамырын тереңге тартқан тарихын халыққа, кейінгі ұрпаққа насихаттауда музей бөлімінің маңызы зор. Музей – ғылыми, мәдени-тарихи орталық.

М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының ішінен 1968 жылы музей бөлімі ашылды. Сол уақыттарда Қапан Бадыров, Нұрмұхан Жантөрин, Сәбира Майқанова, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Асанәлі Әшімов, Есмұқан Обаев, Әубәкір Рахимов бастаған аға-апаларымыз бар күшін салып, жәдігерлердің жинақталуына, көбеюіне, хронологиялық тәртіппен реттелуіне зор үлес қосты. Бүгінде театр музейінен 95 жылдық тарихы бар қарашаңырақтың өнер белестерімен кезең-кезеңімен танысуға болады. Музейде елімізге белгілі өнер тұлғаларының майлы бояумен салынған 40-тан астам портреті ілініп тұр. Актерлердің әр жылдары, әртүрлі қойылымдарда киген сахналық киімдері – баға жетпес байлығымыздың бірі. Музей жұмыс істегелі бері зерлі, асыл матадан тігілген киім үлгілері де жинақталған. Актерлердің марапаттары, медальдары, алғыс хаттары, қолданған бұйымдары сақтаулы. Әр спектакльден түсірілген фотолардың қоры да мол. Фотолар мұрасына үңілсеңіз, сонау театр құрылған жылдардан бастап, күні бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын, режиссерлер, артистер, басшылар, техникалық қызметкерлер, басқа да театрға қатысты бейнелерді көресіз. Олардың шағын өмірбаяны, әр жылдарда қойылған спектакльдердегі рольдері, бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттары мен олар жайлы жазылған ақпараттар, мақалалар, зерттеулер, эсселер мен очерктер, сахна және гастрольдегі, түрлі мәдени шаралар тұсындағы суреттері, драматургтердің сахналанған және театрдың көркемдік кеңесіне ұсынған пьесалары, т.б. жинақталған. Белгілі актерлердің тұтынған заттары, әшекей бұйымдары, кейбір күнделіктері мен қолжазбалары, тілектері де табылады. Соңғы жылдары қорымыз түрлі бейнежазбалармен толығу үстінде. Спектакльдердің бейнежазбасын да сақтап, қажет уақытта пайдалануға мүмкіндік туғызып отырмыз.

Музейдегі ең құнды дүниелердің қатарына қойылымдардың афишаларын жатқызуға болады. Мысалы, 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында қойылған ең алғашқы қойылым — Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақа» пьесасының «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған афишасының көшірмесі бар. Осы құнды дерек қазақ театрының тарихын терең зерделеудің негізі бола алады. Бұдан кейінгі жылдардағы афишалар арқылы қазақ театрының тақырыптық, мазмұндық ерекшеліктерін байқаймыз. Қорымыздағы көзге оттай басылатын тағы бір құнды дүниелер — суретшілердің қойылымдарға дайындаған киім үлгілерінің эскиздері. Оларға қарап отырып, суретшілердің театр әлеміндегі айрықша еңбегіне тәнті болмай тұра алмайсыз.

Суреттер қорын бірер сөзбен сөйлету өте қиын. Мысалы, осы күндері Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қайта оралмаған актерлерді көп жұрт біле бермейді. Мұражайдың бір бұрышына сол боздақтардың суреттері қойылған. Бұл — бүгінгі ұрпақ қан майданда мерт болған азаматтардың есімін оқып, іштей дұға жасаса, еске алса, тарихына ой жүгіртсе деген ниет. Ал кезінде театр сыншыларының көзіне түсіп, өзіне жүктелген рөлдерді ойдағыдай алып шыққанымен, бұл күндері аттары атала бермейтін қаншама актерлер бар. Іздеушісі жоқ болғандықтан, архивтер арасында қаттаулы тұр. Театр тарихын терең зерделегісі келетін жастар болса, сол ұмытылуға айналған есімдер туралы мақалалар жазуына, зерттеу жүргізуіне болады. Өмірден ерте озған, сондай-ақ түрлі жағдайларға байланысты театрдан жырақтап кеткен сан қилы тағдыр иелері туралы дерек іздеген жандарға жол нұсқар ақпараттарды алуға болады.

Қазір музей қорында 200 мыңнан астам жәдігер бар. 2013 жылы театр музейінің 2-залы түгелімен, театр директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбектің басқаруымен комиссия құрылып, жаңаланып көрермен назарына ұсынылды. Музей экспозициясының дизайнері театр суретшісі М.Сапаров болды. Экпозиция құру жұмыстары маған тапсырылды.

М.Әуезов театры жыл сайын «Қара шаңырақ» фестивалін өткізіп келеді. Театрішілік жаңа қойылымдар фестивалі кезінде «Фестивальден фестивальге дейін» деген көрме ұйымдастырылады. Сонымен қатар жыл сайын музей елеулі даталар бойынша, республикалық мерейтойлар кезінде және театрдың Республика көлемінде жоспарланған гастрольдік сапарларында да көрмелер көрсетті. Олар Астана, Қостанай, Ақтөбе, Арқалық, Орал, Ақтау, Павлодар, Семей, Өскемен қалаларында жоғары деңгейде өтті.

Музейдің 2016-2021 жылдар аралығында атқарған жұмыстары:

2016 жылы театрдың 90 жылдық мерейтойына бүкіл театр тарихын 4- кезеңге бөліп көрсетілген арнайы көрме ұйымдастырылды;

2016 жылы ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астана қаласындағы Ұлттық музей ғимаратында «Тарих толқынындағы театр шежіресі» атты көрме жоғары деңгейде өтті;

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты А.Әшімовтің 80 жылдығына арналып өткізілген Бүкіләлемдік I «Астана» театр фестивалі барысында кешенді көрме ұсынылды;

2017 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назар­баев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасының және ұлы жазушы М.Әуезовтың 120 жылдығына орай тұңғыш рет Алматыдағы 8 театрдың басын біріктірген «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты арнайы көрме ұйымдастырылды;

2017 жылы 19-26 желтоқсан аралығында театрдың Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Токио қаласында өткен гастрольдік сапарында «Рухани қазына» атты көрме ұйымдастырып, жапондық көрермендердің театрдың бай тарихымен танысуына мүмкіндік жасалды;

Күллі әлемде белең алған пандемияға бай­ланысты 2020 жылдан бастап «Жәдігер» атты жаңа (онлайн) тарихи жоба жүргізудеміз;

Музей 2020 жылы жас ұрпақтың адамгершілік және рухани–мәдени дамуына бағытталған «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасына ат салысты (Ол үшін Н.Тамабекқызы «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасын асыруға қосқан еңбегі үшін ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Алғыс хатымен» марапатталды):

2021 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық драма театрының 95 жылдық мерейтойына арналған «Киелі қарашаңырақ» атты кешенді көрме ұйымдастырылды.

Театр музейі көрерменнің өнер шаңы­ра­ғындағы уақытын оңтайлы пайдалануы үшін белсене қызмет етіп келеді. Әр күні қойылым көруге келген көрермендердің кемінде тең жартысы бізге келіп, театр­дың тарихымен, бүгінімен танысады.

Н.ТАМАБЕКҚЫЗЫ,
Музей жетекшісі,
Мәдениет саласының үздігі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір