Ә.Қастеев музейінде жас мүсіншінің жеке көрмесі өтеді
2024 жылғы 7 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде мүсінші Сарбасов Даниярдың ERKINDIK атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Көрмеге мүсіншінің отызға жуық мүсіндік туындылары қойылмақ.
Жас мүсінші Сарбасов Данияр өзінің ERKINDIK атты алғашқы жеке шығармашылық көрмесін көпшілік назарына ұсынады. Көрменің атауы суретші үшін шығармашылық еркіндіктің, ой еркіндігінің маңыздылығын көрсететін терең мазмұнға ие. Сондай-ақ, көрмеге қойылған осы аттас «Еркіндік» (2020) мүсінінде бір арнаға тоғысқан жылқы мен бүркіттің біртұтас бейнесі еркін қалықтап, осы сезімді ұғынуға жетелейді.
Сарбасов Данияр – талантты мүсінші, тарихи және анималистік жанрдағы көптеген станоктық және монументалды мүсіндердің авторы. Оның шығармашылық ізденістері түрлі бағыттарды қамтиды, реалистік және стильденген тәсілдерімен ерекшеленеді. Көрмеге қойылған жұмыстар 2013-2023 жылдар аралығында сомдалған. Автордың сүйікті тақырыптарының біріне айналған жылқы оның шығармаларының негізгі элементі болып табылады. Мүсінші өз туындыларында жылқы бейнесін: бәйге жылқысы мен асау тұлпардан, Ақан серінің Құлагері мен мифтік жаратылыс – қанатты пыраққа дейін әр түрлі интерпретациялайды. Оның мүсіндеріндегі аттар динамикалық және күрделі қозғалыста өмірге келеді. Автордың өзі айтқандай: «ең қиыны жылқының қимыл-қозғалысын көрсету: олар шапшаң, көз ілеспейтін қимыл. Мен оларды сезім ретінде сомдау керектігін түсіндім. Ол жылқыда басты ұстаным болса, ал адамда ең бастысы – ерік пен еркіндік екені сөзсіз»…
Даниярдың жылқылар мен жануарлар әлеміне деген қызығушылығы соншалық, осы тақырыпта көптеген композициялар жасап, өзін анималист-мүсіншісі ретінде танытып жүр. Сонымен қатар ол скиф-сақ мәдениетін терең зерттеуінің нәтижесінде бірқатар туындыларды өмірге әкелді. Олардың қатарында өзіндік көркемдік шешімімен, пластикалық пішінімен ерекшеленетін «Романтик», «Кербұғы» (2015) және «Талпыныс» (2018) шығармаларында әр ұсақ бөлшекке ерекше назар аудара, егжей-тегжейлі мұқият көрсете отырып аң стиліне қызығушылығы айқындалды. Композициясы еркін және ырғақты теңдестірілген «Туған жер» (2016) мүсінінін сұлбаның айқындылығы мен пластикалық массаларды бөлудегі қатаңдық ерекшелей түседі. Ал, «Жошы хан» мүсіні (2021) – портреттік және анималистік жанрлардың жарқын үйлесіміне жақсы мысал бола алады. Тарихи тақырыптағы осы композицияның басты кейіпкері – жылқының тізгінін ұстаған ер адам, батыр Жошының көркем бейнесі. Жылқы бейнесі, оның тұрған кейпі, мінезі аса шынайы дәлдікпен сомдалған. «Құлагер» (2016), «Жүйрік ат» (2018) «Талпыныс» сынды шығармаларында мүсінші түрлі материалдармен жұмыс жасаудағы шеберлігін көрсетеді. Қола және алюминий сияқты құрылымы әртүрлі екі материалдың байланысы үйлесімді берілуі, автордың жоғары кәсіби шеберлігін көрсетеді.
Көрмеге сонымен қатар «Мейірім» (2022) және «Үміт» (2023) атты ана тақырыбындағы шығармалар қойылған, мұнда ана бейнесі отбасы, ошақ қасын берік ұстаушы ретінде бейнелейтін басты кейіпкерге айналады.
- Автор туралы:
- Сарбасов Данияр 1990 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келді.
- «Шабыт» XVIII Халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің лауреаты және гран-при иегері және Халықаралық TURAN сыйлығының лауреаты.
- 2008 жылы Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА колледжін «мүсін» мамандығы бойынша бітірді.
- 2013 жылы Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА бакалавриатын «мүсін» мамандығы бойынша тәмамдады.
- 2010 жылдан бастап – қалалық, республикалық және халықаралық көрмелердің қатысушысы.
- 2013-2018 жж. – Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА колледжінде оқу шебері болып жұмыс істеді.
- 2018-2019 жж. – ҚазБСҚА-да оқытушы және профессордың ассистенті болды.
- 2019 жылы достарымен бірге «Арт Альянс» ЖШС құрып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде мүсіндік ескерткіштерді сомдауда жобаларды іске асырып келеді.
- 2022 жылдан бері ҚР Суретшілер одағының мүшесі.
Экспозиция ақпан айының 28-не дейін жалғасады.
Көрме жетекшісі – Самал Мамытова